/

Думан ҚАБДЫҒАЛИЕВ, саясаттанушы: Қырғызстанда сайлау қайта өтуі мүмкін…

2355 рет қаралды
фото: Азаттық рухы

Қырғызстандағы жағдайды әркім әртүрлі бағалайды. Тіпті кәнігі саясаттанушылардың өзі біраз абдырап қалғаны анық. Осы ретте саясаттанушы Думан Қабдығалиевтің пікіріне құлақ асуды жөн көріп отырмыз. 

–  Қырғызстандағы жағдайды не деп бағалайсыз, охлократия ма демократия ма, мүмкін екеуі де емес шығар?..

– Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Демократия деп нақты айтуға келмейді, охлократия деп те айта алмаймыз. Өйткені қазіргі заманда тек қана охлократиялық жолмен өмір сүретін мемлекет жоқ. Дегенмен мұны демократия мен охлократияның комбинациясы деп айтар едім. Бұл дегеніміз Қырғызстан қазір өтпелі демократиялық кезеңді бастан кешіріп жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек өтпелі демократиялық кезеңнің кей тұсы  охлократиямен қатар жүреді. Охлократия кезінде билік тобырдың айтқанымен жүреді, тобырдың шетелдік немесе ел ішіндегі қаржы көздерінен ақша алып билікті өзгертуі охлократияға тән құбылыс. Сол себепті бұл – охлократияның элементі бар демократияның өтпелі кезеңі.  

Митинг парламент сайлауы әділетсіз өткенін заңды жолмен дәлелдей алмаған соң өтті ме, әлде митингке шығу халықтың әдетіне айналып кетті ме?

– Менің ойымша, Қырғызстанда билікке таласудың әртүрлі әдіс-тәсілдері қолданылып жатыр. Кей жағдайда ақшаға дауыс сатып алу бар, кей жағдайда бұқаралық-медианы пайдаланып үгіт-насихат кезінде бір партия екінші партияның бағдарламасын қатты сынау бар. Мұндай тәсілдердің ең ұтымдысы – халықты көшеге шығару. Оппозициялық партиялар өздері дауыс жинай алмағанда, күші жетпеген жағдайда халықты көшеге шығаруды әдетке айналдырып алды. 2005, 2010 енді міне 2020-жылы да осы әдет қайталанып отыр.

– Кішкентай мемлекеттің ішінде осынша көп партияның болуы ненің белгісі?

Біріншіден, Конституция бойынша Қырғызстан көппартиялы мемлекет. Яғни, әрбір ерікті азамат белгілі бір қол жинап, барлық регламентті орындаған жағдайда партия құруына болады. Осыны пайдаланған сол елдің азаматтары партия ашқан. Сайлауға 16 партия қатысты. Партия көп болғанымен неге саяси күш жоқ дегенге келсек, мәселен Қазақстандағы Nur Otan партиясымен салыстырсақ, ол өзге партиялармен салыстырғанда өте танымал. Мұны ең алдымен тұлғалармен байланыстыруға болады. Мәселен, Қырғызстанның президенті Сооронбай Жээнбеков ешқандай партияға мүше емес (оны өзі де айтады), ондағы биліктегі белсенді, атақты тұлғалар да партиялардан өз еркімен бас тартқан. Ал бұл Қырғызстандағы партиялардың бірдей деңгейде екенін, олардың мүмкіндіктерінің де біркелкі екенін көрсетеді. Демек, қандай да бір партияда басым тұлға болмаған соң, басым түсіп жатқан партия да жоқ. Сол себепті кішкентай мемлекет болса да партия саны өте көп және Орта Азиядағы өзге елдерге қарағанда Қырғызстанда сайлау өте тартысты өтеді.

– Митинг соңы тәртіпсіздікке ұласуына не себеп деп ойлайсыз?

– Митинг соңы тәртіпсіздікке ұласатынын біраз сарапшылар болжаған болатын. Тіпті сарапшылар тұрмақ, оппозициялық партия өкілдері сайлау қорытындысы әділетсіз болса, біз қалаған нәтиже болмаса біз халықты көшеге шығарамыз деп хабарлама таратқан. Демек, бұл болжанып қойған дүние. Менің ойымша, мұның басты себебі оппозициялық партиялардың парламентке іліге алмауы. Ал «Биримдик», «Мекеним Кыргызстан» партияларының биліктің саясатын қолдайтыны белгілі. Өздері көп дауыс жинай алмаған соң оппозициялық партиялар бірігіп, халықты көшеге шығарды.

 – Осы тәртіпсіздіктің болуына тұрғындардың әлеуметтік жағдайының төмен болғаны әсер  етуі мүмкін бе? Кей деректе кей партияның дауыс жинау үшін ақша таратқаны айтылып жатыр?

– Әрине, қай елді алсақ та халықты митингіге шығуға итермелейтін нәрсе – халықтың әлеуметтік жағдайы. Көп жағдайда халық екі себеппен митингіге шығады. Біріншісі – саяси күштердің ақша арқылы шығаруы, екіншісі – халықтың жағдайы тым нашар болғандықтан бірдеңені өзгерту үшін тұрғындар өз еркімен шығады. Ал кешегі Қырғызстандағы жағдайда осы екі себеп те бар. Оның үстіне Қырғызстанның экономикалық жағдайы тұрақты  емес. Кейбір деректерден кей партиялардың дауысты сатып алып жатқанын білдік. Бұл технология Қырғызстанда әлі де бар деп есептеймін. Бұл 1990 жылдары Қазақстанда да болған, сол себепті оны жоққа шығара алмаймыз.

Бұл елдегі саяси элитаның халықты сендіре алмауына не себеп? Кейбір мамандар саяси элита қалыптаспаған дейді, сіз қалай ойлайсыз? – Қырғызстанда саяси элита қалыптасқан, дегенмен олар бірін бірі шектеп тұрады.  Демек, ол елде мықты тұлға, мықты күштер әлі де жоқ. Кландық жүйе яғни, бір тұлғаның президент болып, өзінің жақындарын билікке жақындату Орта Азияда бар нәрсе. Алайда Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевтің Қырғызстанда осындай жүйе қалыптастыру туралы ойы жүзеге аспады. Ол бұрынғы екі революциядан белгілі. Сәтті өткен революциядан соң бұл адамдар шетелге қашуға мәжбүр болды. Содан кейін Қырғызстан билігіне 2010 жылдан бері Роза Отынбаевадан кейін Алмазбек Атамбаев, сосын Сооронбай Жээнбеков келді. Мұнда саяси элитаның қалыптасуына негіз бар қалыптасып та келеді. Бірақ, өте ерекше бедел жинаған саяси элита қалыптаса қойған жоқ.

–  Саясаттанушы ретінде әрі қарай не болады деп ойлайсыз?

Бір екі аптаның ішінде мемлекет басшылары парламент сайлауын қайта өткізу туралы шешім қабылдауы мүмкін. Және оған мемлекеттік саясатты қолдаушы да, оппозициялық партиялар да қатысады деп ойлаймын. Өткен екі төңкеріс те президентке қарсы болса,  бұл жолы Сооронбай Жээнбеков бейтарап ұстанымды сақтап отыр. Сол себепті бұл революцияны парламенттік революция деп есептеледі. Жаңа сайлау болады және сол сайлаудан соң үкіметке оппозициялық партия өкілдері мүше болады деп ойлаймын.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі