“Біздің елде Конституция бойынша да, заң бойынша да карантин кезінде сайлауды өткізбеу немесе басқа датаға ауыстыру туралы ештеңе айтылмаған. Сондықтан сайлау өз уақытында өтеді”, –  дейді ОСК мүшесі Серік Сыдықов.

Соған қарамастан, сарапшылар сайлаудың электронды дауыс беру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Партияішілік іріктеу өткізген “Nur Otan” партиясы Қазақстанда электронды дауыс беру мүмкіндігін жалпы ұлттық деңгейге қайта көтерді. “Nur Otan” партиясының келтірген мәліметтеріне сүйенсек, праймериз кезінде партия мүшелерінің 84%-ы, яғни 662  мың адам  дауыс берген. Осы процестің басым бөлігі электронды түрде өткен екен. Партияның баспасөз мәліметтері тек интернетке қол жеткізу мүмкін болмаған ауылды жердегі 80 мың адам өз таңдауын дәстүрлі дауыс беру тәсілімен, яғни қағаз бюллетеньдерді пайдалану арқылы жүзеге асырған. Алайда, праймеризге қатысқан кейбір нұротандықтар осы электронды дауыс берудің күмәндануға негіз болғанын айтады.

Қалай дегенмен де, электронды дауыс берудің әзірге құқықтық негізі жасалмаған, пандемия кезінде тиімді тәсіл десек те, көптеген сайлаушы бұған сене бермейді. Сонымен сайлауда электронды дауыс беру әдісі пайдаланыла ма, жоқ па, әзірге айқын емес. Әзірге ОСК басшысы бұл әдістің пайдаланылмайтынын кесіп айтты.