///

Шөкеевтен Көлгіновке дейін жыры бітпеген LRT: оның құрылысы жалғаса ма?

4910 рет қаралды
фото: The Astana Times

Кеше, бірқатар интернет басылымдар LRT-ге қатысты “ақша жымқыру ісі” бойынша алдын ала тыңдау өткенін хабарлады. Нақтырақ, айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алғашқы жеңіл рельсті транспорт жүйесін салу кезінде анықталған қаржы жеу ісіне байланысты сот басталған. Процесті судья Қажымұқан Мекемтес жүргізіп жатыр. Алғашқы сот отырысы 29 қазанда өтеді.

Жаза-жаза жауыр болған тақырып десек те, LRT төңірегіндегі дауды зерттей келе, біршама лауазымды тұлғалардың алдынан өткен жоба екенін байқап, LRT-ға қатысты қызықты деректерді тағы бір шолып өтуді жөн көрдік. Мәліметтердің барлығы да ашық ақпарат көздерінен алынды.

LRT-нің тарихына көз жүгіртпес бұрын, айта кетейік бұл іс бойынша бірнеше айыпталушы бар: олар Нұр-Сұлтан қаласының алтыншы шақырылымындағы мәслихаттың бұрынғы хатшысы Жанат Нұрпейісов, қалалық көлік және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, “Астана Innovations” компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшім және төрт кәсіпкер, еншілес компания басшылары Дәурен Әбдіхамитов, Ұлықбек Ачилов, Тимур Касабаев, Дулат Мүсенов. Оларға “ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету” және “өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жұмсау” баптары бойынша айыптар тағылған.

Осыған дейін істі тергеген жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі “ақша жымқыру схемасын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, “Астана LRT” компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұйымдастырған” деп мәлімдеген еді. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.

«Әп-әдемі ән еді, пұшық айтып қор қылды»

LRT – жоба емес том-том «жырға» айналды демесеңіз, әлемнің түкпір-түкпірінен табылатын жеңіл рельсті транспорт жүйесі.  Дәл қазіргі сорайған бағандардың үстінен EXPO қалашығы мен әуежайдың, одан әрі «Нұрлы жол» темір жол вокзалының арасын байланыстырып, арлы-берлі пойыздар ағылып жатқанын көзге елестетіп көріңізші. Вагонның ішінде Нұрсұлтанның әдемі ғимараттарына, әсіресе «Абу-Даби Плаза» қонақ үйіне тамсана көз салып, кетіп бара жатасыз…

Әу бастағы жоба бойынша,  дәл қазір сіз бен біз дәл осылай армандап отыруға тиіс емес едік. Қызды-қыздымен бір кездегі жобаны үйлестірушілер 2017 жылы EXPO көрмесінің қарсаңында LRT-ні қолданысқа бермек болған.

Одан кейін, 2020 жылдың 1-қыркүйегінде қолданысқа беру туралы да мәлімдемелер жасалған. Қайдам… 2020 жылдың қазанында аяқталды, тек LRT емес, LRT-нің айналасындағы дауға қатысты тергеу ісі…

Ашық, ақпарат көздерінен тапқан мәліметтерге сүйенсек, LRT тарихы сонаау 2005 жылы басталған. Сол кездегі қала әкімдігі тұңғыш президент Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындау барысында қызу құрылыс жүріп жатқан қаладағы транспорт инфрақұрылымы мәселесін шешу үшін жаңа транспорт түрі керек екенін айта бастады.

2006 жылы сол кездегі қала әкімі Өмірзақ Шүкеев жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін ұсынды. Ал, өзі сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып кете барды.

2008 жылы қаланың сол кездегі әкімі Асқар Мамин LRT жобасынан бас тартып, BRT (Busrapidtransit) – жүрдек автобустар жүйесін салуды ұсынды. Өкінішке орай, Мамин бастамасын жүзеге асыруды енді қолға алғанда, сол жылы Астанаға әкім болып Иманғали Тасмағамбетов келді.

Тасмағамбетовке BRT-ден гөрі LRT ұнамды болып көрінсе керек, ол LRT саламын деп тіпті бірқатар нақты шешім қабылдады. Ол «Astana LRT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды, компания акцияларының 100 пайызы әкімшіліктің иелігінде еді, компания көп ұзамай LRT құрылысына тапсырыс беруге кірісті.

Сөйтіп, Франция үкіметі жобаны жүзеге асыруға 570 мың еуро грант бөлген. Ал, жобаның алғашқы кезеңінде мердігер ретінде француздың “Alstom” компаниясы мен тағы екі қазақстандық фирма бекітіледі.

2011 жылы қала күнінің қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде, алғашқы тасын қалап, LRT құрылысын бастап берді. Ал, жоба құны 2,3 мрлд доллар деп бағаланды. Мұның өзі жобаның толық шығынын жаппайтын сома болатын, сол кездегі есептеулерге сәйкес.

Қош делік, осылайша 2013 жылға дейін қосымша қаржыландыру көзін іздеу басталды. Қазақстан тарапы қаржы бөледі деп үміттенген Азия Даму банкі жобаның тым қымбат екенін алға тартып, жобаны қаржыландырудан бас тартты.

Сол кездегі ел билігі тым қымбат жобадан бас тартып, балама жолдарын қарастыруды ұсынды. 2014 жылы сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов BRT салсам қайтеді, ол біршама арзандау ғой деп, сол жобаны ойластырмақ болған кезде, «Астана» қаласына әкім болып Әділбек Жақсыбеков келді. Ол бірден әу баста Тұңғыш президент ұсынған жоба LRT-ні салайық деп ұсынды. Назарбаев оның ұсынысын қолдады.

Жақсыбеков әкім болған соң, екі айдан кейін орынбасары болып тағайындалған Нұрәли Әлиев «Астананың жаңа транпорт жүйесі» деген жобаны таныстырды. Сонымен LRT салынатын болды. Осылайша, әу баста жобаланған 61,1 шақырым жолды 22,4 шақырымға дейін қысқартып, EXPO қарсаңында қолданысқа беру туралы шешім қабылданды. Көрмеге келген туристер жеңіл рельсті поездарға отырып Астана әуежайынан шығып, жолай EXPO-ға соғып, «Абу-Даби Плазаны» тамашалап, Нұрлы жол вокзалына жетуі тиіс еді.

Бірақ, 2016 жылы Нұрали Әлиев қызметінен кетті. Айта кету керек, 2013-2014 жж жобаны жүзеге асыру барысында, нақтырақ айтқанда жобаға қаржы табу мақсатында нәтижелі шаруалар атқарылды. 2013 жылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға ресми сапары барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен және сол кездегі үкімет басшысы Кәрім Мәсімовпен кездесті. 2014 жылдың соңында Ә.Жақсыбеков LRT жобасы қайта қолға алынатынын мәлімдеді. Ал, 2015 жылы премьер-министр Кәрім Мәсімов Пекинге барып, LRT бойынша қытайлық компанияларлың консорциумымен ынтымақтастық туралы келісімге келеді.

Ұзаққа созылған келіссөздерден кейін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ЕРС-келісімінің  бірінші бөліміне (Engineering-Procurement-Construction)  және жобаны қаржыландыру бойынша несие келісіміне қол қояды.

ЕРС-келісімі бойынша мердігермен жобалау, қамтамасыз ету және құрылысын жүргізу бойынша келісім жасалған. Қытай компанияларының консорциумы құны 1,6 млрд. доллар болатын жобаның 80 пайызын аяқтауы тиіс еді. Сондықтан Қытайдың Даму банкі несие келісім-шарты бойынша осы соманы 2,5 пайыз жылдық сыйақымен 20 жылға қарызға берген болатын. Жобаға қажетті 20 пайызды (200 млн доллардан астам қаржы) қазақстандық тарап төлеуі тиіс еді.

Қытай тарапы өзінің шетелдердегі «Бір жол-бір белдеу» жобасының аясында LRT жобасын жүзеге асыруды көздеген. Тағы бір қызығы, Қытайдың Даму Банкі бөлген қаражат бірден квазимемлекеттік компания «Astana LRT» ЖШС-нің шотына түскен.

2014 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлтттық бюросы  Астана LRT» ЖШС «бюджет қаражатынан қолданыстағы шектеуден 125 млн теңгеге артық, 300 млн теңгеден астам соманы мердігер компаниялардың бірінің шотына аударғанын» мәлімдеген болатын. Осыдан соң бір жылдан кейін 9 млрд теңгеге қаржылық құқық бұзушылықтар болғаны анықталды.

2017 жылы сол кездегі премьер-министрдің орынбасары Асқар Мамин жобаны қайта қолға алып, «LRT құрылысы жөніндегі дирекция» мемлекеттік ЖШС компаниясын құрды. Ол компания құрылысты бастап кетті.

Қаланың сол кездегі әкімі Әсет Исекешов келісім-шарттың негізгі пункттерін қайта қарау – жоба құнын өзгерту, депо аумағын қысқарту, рельс жол табандарын кеңейту туралы мәлімдеді. Исекешов «Astana LRT» ЖШС директоры Талғат Арданға алдымен сөгіс жариялады, кейіннен оны қызметінен босатты. Ал, Талғат Ардан қазір халықаралық іздеуде жүр.

Ал, Қытай компанияларының консорциумы болса құрылысты бастап кетті, 2017 жылдың 17 қазанда 38 тірек, 143 қадалы ростверк, 1 974 бұрғытолтырмалы қаданы қадап үлгерген еді.

2018 жылдың 26 маусымында Қазақстанның бюджетіне LRT құрылысына деп 16,2 млрд теңге бөлінеді (185 т бағаммен 87,5 млн доллар).  Ал 27 маусым күні  қытайлық қарыз бен бюджет қаражатынан тұратын 258 млн доллар «Астана банктегі» депозитте қалғаны анықталады, ал банк лизенциясын Ұлттық банк қайтарып алған болатын.

«Астана LRT» ЖШС-нің 2019 жылғы 1-тамыздағы мәліметіне сәйкес, Қытай тарапы 343 млн доллар бөлген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының 15 пайызы аяқталған. Қытай компанияларының консорциумы 313 млн доллардың қызметін көрсеткен, оған тек 86  млн доллар төленген. Осылайша, мердігер алдындағы қарыз 203 млн долларға жеткен.

Қазақстан үкіметі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілігі Қытайдың Даму банкінен несие алудан бас тартып, басқа қаржы көзін іздеуді ұйғарды.

Өткен жылы тамыз айында премьер-министрдің орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смаилов Қазақстан LRT үшін Қытайға 344 млн доллар қарыз деп мәлімдеген болатын. Сонымен,«Астана LRT» ЖШС 1,5 млрд долларға облигация шығарды. Құны 525 млн доллар болатын құнды қағаз «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасына орналастырылды. Осы құнды қағаздарды 400 млн долларға Халық банк сатып алды, ол үшін банк нарыққа өзінің 5 пайыз акциясын саудаға шығарған. Облигацияның қалған бөлігін сатып алушылар туралы ақпарат жарияланған жоқ. Ал, Қытай алдындағы қарыз толық өтелгені айтылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы күзде жобаны ашық сынап, “даулы жоба” деп атаған. Дегенмен астана билігі, әкім Көлгінов  LRT құрылысын жалғастыра беретінін хабарлады. Станциялар мен жерасты жаяу жүргіншілер өткелі қысқарады. Тек, жобаның қашан аяқталатыны туралы алдын-ала болжам жасалған жоқ.

Ашық ақпарат көздерінде деректер негізінде дайындаған Риза Исаева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі