//

Генеалог Нұржан СӘДІРБЕКҰЛЫ:   Рулық сана – Қазан төңкерісіне дейін ұлт ретінде  қалыптасуымызға негіз болған іргетас

4004 рет қаралды

Халқымыздың бір рудың ішіндегі бір атаның екі баласын жеті атаға толды деп есептеп, мал сойып құрбан шалып енді қыз алыса беруге болады деп шешім шығарған дәстүрі 1917 жылдардан кейін үзіліп қалған көрінеді.  Біз әңгімелескен қазақтың тарихи жады – шежірені зерттеп жүрген ақсақалдардың біразы қазір  бұл дәстүрді ұстанатындар жоқтың қасы екенін айтты. Бұл кіші аталардың жеті емес 14-15 атаға дейін қыз алыспай жүре беретінін білдіреді.  Мәселе онда емес, тарихи жадын ғана емес генеалогиялық тұрғыдан арғы тегін тану дәстүрін, қан тазалығын шежіре арқылы шегендеп отырған халық ендігі жерде рулық санадан ұлттық санаға бет бұра ма, ол бізді ұлт үшін қаншалықты жөн? Шежіренің осы және басқа да мәселелері жөнінде генеалог Нұржан Сәдірбекұлымен әңгімелестік.

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың

Біз жалпы рулық сана төңірегінде көп әңгіме қозғаймыз. Рулық сана дегенді ойға алғанда оның тарихи шежірелік мәнін ескермей, тек ру-руға бөлінуге итермелейтін тұсын сөз етеміз. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

 Рулық сана халқымыздың Қазан төңкерісіне дейінгі ұлттық қалыптасуына негіз болған іргетас. Ресей империясы кезінде орыс шенеуніктері ұлтымыздың бірлігін ыдырату үшін рулық-тайпалық санасын жоюға, билік үшін таластырып, ынтымағын быт-шыт қылып шайқалтуға тырысты. Ол мақсаттары жүзеге асты да.  Рулық сананың жоғарысында тайпалық, оның жоғарысында жүздік сана, оның жоғарысында ұлттық сана тұр. Біздің тарихи іргетасымыз рулық санадан қалыптасты. Өзін өзі басқару мен ұйымдастырудың ең бастапқы ұяшығы да осы ру болды. Мысалы үшін мұсылман елдерінде бұл бастапқы ұяшығы жамағат, ал Ресейде сельское общество. Ресей империясы қазақтардың осы рулық бөлінісін әбден зерттей отырып оны одан ары қарай тұрпайы түрде ыдыратуға тырысты. Мысалы бір ру бір ел болып отырды. Өз арасынан рубасын, биін сайлап алды. Бірақ орыс әкімшілігі араға от жағып, рубасылар арасында алауыздықты қоздырып енді осы бір рудың екіге-үшке бөлініп кетуіне әрекет жасады. Болыс сайлауын, би сайлауын ұйымдастырып, оны парақорлық пен жемқорлықтың ордасына айналдырды. Пара түгілі, ол сөздің не екенін білмеген аңғал халыққа неше түрлі осындай жаман қасиеттерді үйретіп, бойына сіңірді. Мысалы Түрген болысында отырған албандарды екіге бөліп Шығыс Түрген, Батыс Түрген болыстары жасайды. Қастек болысын да Бастыс Қастек, Шығыс Қастек деп екіге бөлініп кетуін қолдайды. Сол сияқты мысалдары көп. Тарихи материалдарға қарасақ рулық алауыздықтарға байланысты 3-4-ке дейін бөлініп кеткен елдер бар. Рубасылар арасындағы алауыздықтардың қалай тұтанып, өршіп дауға ұласып, одан мәселені шешіп береміз деген орыс әкімшілігіндегі шенеуніктер өз пайдасын көздеп пара алып жемсауын толтырып отырғаны көптеген тарихи деректерден белгілі. Абай жолы романын оқысаңыз да көптеген мысалдары бар. Бұл жасанды жолмен жасалған ырду-дырду, бір бірінің үстінен орыс әкімшілігіне домалақ арыз жазысып, соттасу сияқты қылықтар Ресей бодандығынан бұрын болған жоқ. Сондықтан ілгері кезде қазақтың тайпалық, рулық санасы мықты еді. Ал кейінгі Ресей империясы оны әбден тоқыратып, дөрекі формаға айналдырып жіберді. Данышпан Абайдың:

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

 

Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,

Оның да алған жоқ па құдай құлқын?

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын – деуі сондықтан.

ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялылары осының барлығын көріп тұрып қатты қынжылды. Ал совет өкіметінің рулық құрылысты жоюға, тіпті ұлт ретінде жер бетінен жоқ қылуға әрекет еткені айтпаса да белгілі. Ру сарқыншақтарымен күресу деген ұранмен аталардың атынан ас беруге тиым салды. Адамдар шежіре кітаптарын шығармақ түгілі бай-құлақтың тұқымы екен ғой баяғы деп айтпасын деп өз ата-тегін жасырып жүрді. Бұл тек бізде ғана болған жоқ, КСРО-ның барлық халықтары осылай, шежіресін зерттемек түгілі өз тегінен безіп, Совет адамы боламыз дауырығып, ақырында қолдан жасалған жеккөрінішті коммунистік идеологияның құрбаны болғанын кеш те болса түсінді.

Біздің рулық санамыз бен ұлттық санамыз бір-бірімен біте қайнасқан

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары осы шежірелік жадыны жаңғырту жолында әр ата өзінің шежіресін жазуды қолға алды. Қазір де бұл іс жалғасып жатқаны мәлім. Біздің шежірелік жадымыз «қазақ жеті атаға дейін қыз алыспаған, қанымыз содан таза» деп мақтануға ғана жарап қалған секілді. Жалпы жеті атаға толғанды аталарымыз қалай анықтаған, бүгін сол жора-жосықты атқарып жүрген ақсақалдар институты сақталған ба?

 Біздің рулық ауызша шежірені жеткізушілер Қазан төңкерісіне дейін 1880-1900 жылдары туған шежіреші ақсақалдар еді. Олардың көбі дерлік 1916-1945 аралығында ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыстарда өмірден озды. Қазақтың алғаш тарихын жазушы Мұхамеджан Тынышпаев шежіреші еді. Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан та Арқа аймағындағы қазақтың бірталай шежіресін жинап, Щербина экспедициясының құжаттарына деректер қосқан. Шежірені жеткізушілер тізбегі осы 1916-1945 аралығында зұлматты жылдарда қатты үзіліп қалды деп есептейміз. Соғыстан қырғыннан аман қалған аз ғана кісілер 1950-1960-1980 жылдарға дейін өмір сүріп білгендерін хат қылып жазып кетті. Олар Сатыбалды Сарманов, Әлімбай Мелдешұлы т.б. Мысалы Бауыржан Момышұлы 1910 жылы туған, ақсақал ретінде өз Құлый руының шежіресін, отбасы ұшқан ұя әулетінің тарихын хатқа түсіріп кетті.

Одан кейінгі шежіреші буын 1920-1940 жылы туған қариялар. Осы соңғы буын шежірешілердің еңбегі орасан зор. Себебі бұл кісілердің көбісі 1991 жылғы Тәуелсіздік кезіне дейін жасады және рулық шежірелерді жинауға ұйытқы болды. Бұл кісілердің қатарына Есіркеп Өмірбеков (1920 ж.т.-?), Бошай Кітапбаев (1923-2015жж),  Жетібай Жылқышыұлы(1940-2015 жж), Бекен Исабаев (1930-2020 жж), Социал Жұмабаев (1937-2020 жж) тағы басқалар.  Ал ақсақалдар институты жоқ деп айтсақ артық айтқандық болар еді. Бірақ ақсақалдар институты «кризисте» – деп нақты айтуға болады. Қазір алпысқа келген екі қарияның бірінен сұрасаңыз, шежірені білмеймін деп жауап береді. Жеті атаға толып толмағаны туралы анық мәліметтер айта алмайды. Советтік кезеңде туып, комсомолдық коммунистік, шарт-пұрт орыс тәрбиемен өсіп өнген, қазақы дәстүрді шала білетін, әлі өзін жас санайтын,  үлкендік үлгісін көрсете алмайтын қариялар пайда болды өкінішке қарай. Солай дегенмен дәстүрді аса құрметтеген орта жастан асқан кісілер де жоқ емес. Сол азаматтар шежіре айту, жазу дәстүрін жалғастыра береді. 1990-жылдары 2000 жылдардың басында шыққан шежіре кітаптар енді тағы 10 жыл өткен соң қайтадан жаңғыртылып, толықтырылып қайта басылып шығады. Осылайша дәстүр жалғаса береді.

–   Генеалог ретінде қазір рулық санадан ұлттық санаға бет бұра бастағанымыздың белгілерін байқайсыз ба?

 Рулық сана ұлтымыздың алғашқы қауымдық құрылыс кезінен бергі өзін өзі ұйымдастыру және қауымдық басқару формасы болып келгендіктен одан бет бұрудың қажеті жоқ. Рушылдықпен күресіп жүрмін деген «қайраткерлердің» комунисшілдігі мен нигилизміне куә болып жүрміз. «60-қа келген балалар» толқынын бастап келе жатқан да осылар. Біздің рулық санамыз бен ұлттық санамыз бір-бірімен біте қайнасқан. Оны ажыратып бөліп қарастыру қате. Ру бөлек, ұлт бөлек деп қарастыру советтік пропаганданың жемісі. Біздің қазақы дәстүрге бұл жат нәрсе. Біздің ұлтымыз 40 астам ірі тайпалардан 1000 ға жуық ірі-ұсақ рулардан құралған. Оны бөліп жару дұрыс емес.

 

Қоғамның сауығуына рулық сананың зияны жоқ

 

Рулық санадан арылу қай жағынан пайдалы, қай жағынан зиян.

 Рулық санадан арылуымыз керек деген ұстаным  – қате ұстаным! Қазақтың тарихынан, дәстүрінен бейхабар кісілердің және БАҚ-тардың үрлеуімен қалыптастан қате стереотип. Еуропаның, Американың елдерінде жұрттар өз шығу ата-тегін білмесе осыдан қатты ұялады, шежіресін білу үшін архивтерді ақтарып көп күш, қаражат жұмсайды. Адам түгілі асырап отырған иті мен жылқысының шежіресіне дейін толық біледі. Мына солтүстіктегі көрші  Ресейде де қазір генеалогия қатты дамып келе жатыр. Орыстарға бұрын «Иван не помнящий родства» деп көршілері күлуші еді. Қазір бұл халық ерекше серпіле басталды. Орыс зиялылары, әншілері, спортшылары қазір жаппай өз шежіресін зерттете бастады. Орыстарда ру жоқ, ауызша шежіре айту дәстүрі болмаған, бірақ 7 атасына дейін шежіресін архивтердегі деректер арқылы зерттеп білуге мүмкіндігі бар. Ресейдің әр аймағында тарихи-шежіретану қоғамдары (Историко-родословные общества) құрылған. Рулық сана әулеттің күшін күшейтеді екен. Мұны мен емес Анн Анселинг Шутценбергер деген осы салада кітап жазған танымал психология ғылымының докторы айтады. Бұл ғалымның Психогенеалогия кітабы бестселлер болып, көптеген әлем тілдеріне аударылған. Тіпті әулеттік бизнес жасауға, ата кәсіптің балаға өтуіне септігін тигізеді. Ресейде, Украинада қазір жыл сайын жүздеген генеалогиялық журналдар мен альманахтар шығады.  Ал Еуропа мен АҚШ-та генеалогияның дамуы туралы айтсақ таңғалғаннан басқа ештеңе дей алмайсыз, Англия мен Шотландияда тегімен мақтанатын қарапайым адамдар да өте көп. Шотланд кландарының құрылтайы болып тұрады. Әлем бойынша жүздеген елден миллиондаған адам тіркелген, миллиардтаған кісілердің ата тегі туралы жазбалар жазылған familisearch.org, ancestry.com сияқты интернет қызметтер бар. Бұдан бөлек ата бабалардың мазарын іздеп табатын billiongaves.com сияқты сайттарды айтсаңызшы.

Ал енді рулық жақындығын пайдаланып қызметте өсетіндер, «күріштің арқасында су ішін жүретін күрмектер» барлық уақытта да болған. Бұл елдегі жемқорлық пен сыбайластықтың қатты өршіп кетуімен байланысты болып отыр. Қоғамның сауығуына рулық сананың зияны жоқ. Керісінше әулеттік бизнес жасауға, ғасырлар бойы бір қолда капитал жинап Рокфеллер әулеті сияқты баюға себебін тигізеді.

 –  Сонда қазақ халқы жеті атаға дейін қан араластырмау мәдениетін болашақта қалай  жалғайды деп ойлайсыз?

 Қазір ДНК генетикалық зерттеулер нәтижесінде жеті атаға дейін қан араластырмау мәдениетінің дұрыстығы расталып отыр. Бұл дәстүр қазіргі көзі ашық зиялымыз деп санайтын, бірақ ру десе «соның не керегі бар, руымды да 7 атамды да білмеймін. Я казах и все» дейтін қате пікірлерге қарамастан жалғаса береді. Тіпті әлем халықтары қазақтың осы дәстүрін меншіктеп алуы мүмкін. Себебі қазір биология ғылымы мынаны дәлелдеді: –  Қан/гендер  әкесінен баласына 50%, немересіне 25% беріледі, ал шөбереде 12,5% , шөпшекте 6,25%, неменеде 3,25%,  туажатта 1,56 % , жүрежат 0,78% қалады. Яғни тек 7 ұрпақ өткен соң қан толық тазарады, яғни 8 ұрпақта ең үлкен 7 атасының қан/ген сәйкестігі 0-ге тең болады. Болашақта ДНК генеалогия жалғасып дами береді. Әлем бойынша ДНК генеалогиялық тест жасатушылардың саны көбейеді. Тесттің бағасы да арзан бола түседі. Қазірдің өзінде 100 долларға дейін төмендеді. Жақын уақытта 50 долларға түседі деген болжам. Сол кезде сіз ДНК генеалогиялық тест тапсырсаңыз, Қытайда бір кісі діл сондай тест тапсырса, сонда екеуіңіздің араңызда бірнеше атадан бұрын туыстық жақындық болса система мұны анықтап береді. Бұдан бірнеше жүз жыл бұрын, ашаршылық, соғыс кездерінде жоғалып кеткен аталарыңыздың ұрпақтарымен жүздесу мүмкіндігі туындайды! Туысқандарды табу өте оңай болады. Жұбайлар үйленетін кезде бір бірінің геніне, ДНК тесті нәтижелеріне қарап алып үйленетін болады. Бұл сөздерім бір футуризм, бір қиял емес. Қазірдің өзінде Еуропаның дамыған елдерінде, Израильде осы құбылыс басталды.  Сондықтан ген тазалығы күнделікті тіс тазалығы сияқты норма іске айналады.

Сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі