///

Тәуелсіздіктің бағасын білеміз бе?

2802 рет қаралды
фото: inform.kz

Тәуелсіздік ұғымы қазақ үшін қасиетті дейміз-ау… Алайда, қазір осы сөздің де, егемендіктің де бағасын білетінімізге күмән көп… Бәлкім, пессимистік ойлар шығар. Бәлкім, Тәуелсіздік үшін күрестің қандай болатынын жете сезіне алмаған болармыз. Ал, азаттық жолындағы күреске өзінің ғана емес, ұрпағының өмірін де құрбан еткен жандар қасымызда жүргенін еледік пе?!

“СЫРТТА КОММУНИСТ, ҮЙДЕ ІБІЛІС” 

Кеңес дәуірінде салынған көп қабатты үйлердің басым көпшілігінде радионың сымы бар. Тіпті, арнайы радиоқабылдағыш пәтермен бірге берілетін. Мемлекеттің ақпараттық саясатын жеткізудің ең оңтайлы жолы шығар… Ал, сол радионың сымын үзбей, қабылдағышын бұзбай-сындырмай сақтап келген үй некен-саяқ. Сондай бір сирек кездесетін үйге арнайы іздеп бардым…

Арал мен Азамат

Сұрағым, әңгімеміз алдымдағы жанның жанын ауыртарын білем, сондықтан да ол кісіден қысылам, сұхбаттың барынша ол кісінің жүрегін ауыртпастай болуын қалаймын, содан болар сәл-пәл тыныштық орнады. Осы уақытта радиодан 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күніне арналған хабарлар желісі жүріп жатты.  Мемлекеттік БАҚ болғандықтан ба, әлде радиода сөйлеп отырған жандардың риясыз шындығы ма, Елбасы жайлы ерекше жақсы сөздер айтылып жатты…

Алдымдағы жанды күттіріп қойғаным болмас, сұрақтарымды жәйлап қоя бастадым.  Сұхбаттасым, Қазақстанның Халық әртісі,  Тәуелсіз «Бас Тарлан» сыйлығының және Қазақ Ұлттық киноакадемиясының «Құлагер» сыйлығының иегері, Қазақ театрының мэтрі Қасым Жәкібаевтың жары – Нұртай Жәкібаева.

Сексеннен асқан кісі, оның үстіне журналистерге көп сұхбат берген апамыздан кейбір сауалдарды қайта-қайта тәптіштеудің орынсыз екенін түсіндім. Әрі менің білгім келгені ол кісі үшін де ауыр тақырып – ұлы Азамат Жәкібаевтың жайы еді.

Нұртай апайдың ұлы бұдан 37 жыл қайтыс болса да, қыршын кеткен ұлын Ана жүрегі қимайтын болуы керек… «Азамат қазақша жақсы біледі» деп, ол жайында өткен шақта сөйлемейді. Алайда,  «Құдай бермеді емес берді, өзің тумадың!» деп екі баламен шектелгеніне шалының ренжіп кеткенін де айтып қалды…

Азамат Жәкібаев

Азамат Жәкібаев Кеңес одағының саясатына қарсы екенін айтып, үнпарақтар таратқаны белгілі. Осы әрекеті үшін, 18 жасында қамауға алынып, сот шешімімен психиатриялық ауруханада жатқан. 24 жасында қапаста жатып қайтыс болған.

Нұртай апамыздың сөзіне қарағанда ұлының үнпарақ таратып жүргенін үйдегілер білген. Тіпті бірде, Азамат өзі жапсырып кеткен үнпарақтары тұр ма, жоқ па деп соның жайын білу үшін Панфилов атындағы саябаққа барады. Көше сыпырушы қағаздарды сыпырып, жинап қоқысқа салып жатқан көрінеді. Азамат ол кісіден «бұл не?» деп сұрайды. Көше сыпырушы: «мұндайлар күнде жатады» деп жауап беріпті… Көше сыпырушыны таңқалдырмағанына қарағанда, 80 жж қоғамның ішінде Кеңес идеологиясына қарсы көзге көрінбес ішкі қарсылық болған сияқты… Мен осылай топшыладым.

Нұртай апа, Азамат (17-18 жасында) партия қатарындағыларды жақтырмайтын, «оларды сыртта коммунист, үйде ібіліс деп атайды», деді күліп. Бір қызығы Қасым Жәкібаевтың өзі де Коммунистік партия қатарына мүше болмаған екен.

МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ КІТАБЫН САТЫП ӘКЕП ОҚИТЫН

Азаматтың хаты

Нұртай апа, Азамат көріпкел болды дейді. Бірде ол анасына Кеңестік жүйе ұзақ тұрмайтынын, Одақ тарайтынын айтқан екен. Ал, өзі жүйеге қарсы шықса, оны елден қуып жіберетінін, сөйтіп Америкаға кетіп қалуға болатынын әңгімелеп беріпті…

70 жж Алматыдағы қазіргі Ақсай шағын ауданы маңында тиым салынған әдебиеттерді сататын қара базар болыпты. Ұлы Азамат сол жерден Мағжан Жұмабаевтан бастап бір топ тиым салынған авторлардың кітаптарын қойнына тығып, үйге әкеліп оқиды екен.

Нұртай апамыздың айтуынша, Азаматты біреулер әдейі ұстатып жіберген. Арнайы орган өкілдері апақ-сақта, Азаматтың үйде жалғыз қалғанын аңдып отырып, ұстап әкетеді. Куәлікке көршілердің бірін шақырады. Үйге тінту жүргізген кезде Азаматтың жазбалары табылады. Ол қағаздар 18 жасар жігітті ұстап әкетуде бұлтартпас дәлелге айналған көрінеді.

“МЕН КІНӘЛІ ЕМЕСПІН”

Өткен жылы желтоқсан айында тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің «Я себя совершенно не признаю виновным» деген кітабы жарық көрді. Онда 1960-1980 жылдары Советтік режимге қарсы шыққан адамдар жайлы деректер енген. Олардың көбі кезінде КСРО Бас прокуратурасының, қазіргі Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі архивінде сақталған құжаттар. Тарихшы сол кітапқа Азамат Жәкібаев туралы архивтен тапқан материалдарды да қосқан. Ол кісі Азаматтың жазғандарын Мәскеу архивінен тапқан екен. Алайда, Азаматтың ақталмағанын алға тартып, мұражай қызметкерлері материалдарды оның қолына бермепті, Алматының архивтерінен де құжат ала алмаған, алайды жақында аламын деп үміттеніп отыр.

Бала Азамат

Барса келмеске кетерін күні бұрын сезген бе, қайдам, Азамат әкесінің қағаздарының арасына «Барса-Келмес» аталатын кішкентай кітапшаны тығып кетіпті, дейді Нұртай апа.

Ал, Қасым Жәкібаев осылай боларын білді ме, әлде прокурор болып қызмет еткен бауыры Баяндыға кесірім тиеді деді ме екен, ұлы Азаматтың артынан іздеп бармаған. Ұлыма көмектес деп ешкімнен жәрдем сұрамаған. Тіпті, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында бірге жұмыс істейтін әріптестері де актердың үйінде болып жатқан жағдайдан мүлде хабарсыз болған.

Қасым Жәкібаев ұлы Азамат туралы, Тәуелсіздік алғаннан кейін, Жоғарғы Соттың Азамат Жәкібаевтың ақталғаны туралы шешімі БАҚ беттерінде жарияланғаннан соң бір-ақ айтыпты, әріптестеріне. Ол кісімен жақын араласқан Жомарт Зейнәбіл, Қадірбек Демесін, Досхан Жолжақсынов ағаларымыз, актердің  сыртқа сырын аша бермейтін, тұйықтығын айтады.

Қасым Жәкібаев басты рөлді сомдаған «Жансебіл» филімінің сценарийін жазған Жүсіпбек Қорғасбек, актердің  тұйық болуын ол кісінің сонау 30 жж Қазақ даласында болған зұлматты білуімен байланыстырады.

Нұртай апа екеуміздің қасымызға отбасының тұңғышы Арал келді. Кеңес одағына деген отбасының көзқарасы бұл кісіге зор кесапат болған. Белгісіз адамдар (Нұртай апамыздың айтуынша КГБ-ның жендеттері әдейі ұйымдастырып) Аралды  жас кезінде соққыға жыққан. Соның салдарын әлі тартып жүр… Мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады.

Арал, әңгімемізге араласып, сонау 37-нің қуғын-сүргінінде әйгілі ғалымды «халық жауы» деп ұстап әкеткеннен кейін,  жас баласымен оның әйелі далада қалғанын, соның күйігімен барып ол әйел поездың астына түсіп, қайтыс болғанын әңгімелеп берді.

Нұртай апа, Аралдың сөзін бөлмей тыңдаған соң, балаларымның екеуі де өте зерек болды деді. «Екеуі де көп оқитын, ештеңені ұмытпайтын. Мына оқиғаны да бала кезінде әкесінен естіген ғой, әлі ұмытпай айтып отыр», деді Нұртай апа.

Нұртай апамызбен 40 минуттай созылған әңгімеміз аяқталды. Радио әлі де сөйлеп тұр. Бұл жолы сөз алған, тағы бір спикер Елбасының елге сіңірген еңбегі жайлы, сарабдал саясаты жайлы сөйлеп жатты…

Нұртай апамен қоштаспас бұрын, Қасым ағаның өзге туыстарының телефонын сұрадық. Ол кісі актердің атасы Жәкібаймен бірге туған немере туысы Ерлан есімді ағамыз бен Қасым атамыздың туған қарындасы Шараның нөмірін берді.

Алдымен Шара апамызға хабарластық. Қазақша жақсы сөйлей алмайтынын айтқан ол кісі, «жеңгем өзі айта берсін» деп жауап берді. Ал, Ерлан ағамыз Қасым Жәкібаев туралы көпке белгісіз болып келген біраз жайтты әңгімелеп берді.

Жалпы, осы сұхбатты алудағы мақсатымыз, Азамат Жәкібаевтың – коммунизм идеясы жалаулап тұрған кезде туып-өскен жанның Кеңес идеологиясына қарсы болуына не себеп болды екен, деген сұраққа жауап іздеу еді. Ақыры тапқандай болдық.

АШТЫҚТЫҢ ТАУҚЫМЕТІ

Қасым Ата

Сонымен, Қасым Жәкібаевтың екі ұлы – Арал да Азамат та өте зерек болады. Өйткені, Қасым Жәкібаевтың өзі де көп оқыған, өте білімді азамат еді. Ал өмірінде қайғы мен қуаныш кезектесе жүріпті. Ол қазіргі дерек көздерде жазылғандай Алматы маңындағы Қарғалы ауылында емес, Шолақ қарғалы ауылында, 1929 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келеді (Шолақ Қарғалы ауылдық округі. Алайда ауылдық округтің тарихы туралы интернеттегі жазбаларда актер туралы бір де бір дерек жоқ).

Бұл, қаһарлы 30 жж қазақ даласына, қазақ халқының тарихына орасан зор қайғы әкелген кезең еді ғой. Колхоздастыру, бай-манаптың малын тәркілеп қудалау, аштық… Кеңес өкіметінің ұлттар түрмесі ретінде қалыптаса бастаған кезеңі…

Атасы Жәкібайдың әулетінде Қасым көптен күткен қуаныш екен. Өзі бес ағайынды Жәкібайдың алты ұл бір қызы болады. Алайда,  орта шаруасы бар Жәкібайдың бар малын колхоз тәрілеп, отбасы аштыққа ұрынады. Осы нәубетте ол бес баласынан қатар айырылады. Осы кезде Жәкібайдың әулетінде Қасым дүниеге келеді. Аштық алқымнан алған уақытта балаларының амандығын ойлаған Жәкібай НКВД-да жұмыс істейтін алыс туысын сағалап, екі ұлы Әбек пен Қалшабекті ертіп Алматыға келеді. Қасымның Әкесі Әбек 1941 жылы алғашқылардың бірі  болып соғысқа аттанған екен. Ұзамай «хабар ошарсыз кетті» деген суыт хабар жетеді. Ал, Қасымның анасы Сарқыт сырқат болады. Осылайша, 12-13 жасар Қасым анасы, өзінен кейінгі әлі жас інісі Баянды мен қарындасы Шараны асырау үшін ерте еңбекке араласады. Мектепте 7 кластық білім алады. «Красная звезда» артелінде жұмысшы болып жүргенде Алматыда театр училищесі ашылғанын, жастарды оқуға қабылдап жатқанын, стипендия беріп оқытатынын естіген Қасым, ойланбастан оқуға тапсырады. Көп ұзамай анасы Сарқыт дүние салады… Кіші әкесі Қалшабек те Қасымның қолында біршама жыл тұрады. Неге екенін ол кісіні де тағдыр сынаққа алған көрінеді, ұрпақ қалмапты…

Жасынан айналасында болып жатқан дүниелердің себебін іздеген болуы керек, Қасым Жәкібаев та тиым салынған әдебиеттерді оқыған екен. Жоғарыда Арал ағамыз әңгімелеп берген оқиға да, актер білетін көп шындықтың бірі ғана болса керек… Ал, Азамат ұсталғаннан кейін, Қасым атамыздың отбасын ара-тұра КГБ-ға шақырып, сұрақ алып тұратын болған…

Қасым атамыз, немере сүйе алмай қалғанын айтып, қынжылған екен… Ал, Нұртай апамыз мен кетіп бара жатқанда «Аралға жақсы бір келін болса ғой, шіркін» деп қалды…

«Азаматым аңсап кеткен Тәуелсіздік осы ғой, бағасын біліңдер, жоғалтып алмаңдар!» деп шығарып салды.

Шынында біз осы Тәуелсіздіктің бағасын білеміз бе?

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар