//

Меруеш Башай: Айыппұл алған қандас Қазақстан Республикасының   шекарасынан шығарылады

6254 рет қаралды

 Қали Байжанов атындағы Қарағанды облыстық филармонияның әншісі Меруеш Башайқызы қоғамдық жұмысты да белсене атқарып жүр. Шет елден келген қандас ретінде қандастардың жәй-күйін жақсы білетін Меруеш ханым бүгінде ағайындарымыздың проблемасын шешуге ат салысуда. Әншілігімен қоса Қарағанды облыстық Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының республикалық қоғамдық-бірлестігінің филиал басшысы қызметін қатар атқарып жүрген Меруеш Башайқызы ағайындардың мәселесі жайлы маңызды ақпараттарды айтты.

– Елге қалай, қай жылы келдіңіз? Келген кезде қандай қиындықтар болды?

1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолияға алғашқы  ресми іссапарымен келген болатын. 22 қазан күні Ұлан-Баторда Моңғолия президенті Пунцалмагийн Очирбатпен   кездескен. Сол кезде Баян Өлгейден қазақ делегациясы барған. Оның ішінде мен де болдым. Ол жылдары мен жаңадан музыкалық театрға әнші болып орналасқан едім. Елбасының алдында арнау айтып, ел басшысы көзіне жас алып, сондай бір тарихи сәт болған.   Одан соң президентіміз  2001 жылы екінші мәрте іссапармен барғанда Моңғолия журналисі, тілші Күләнда Шоңайқызы Нұрсұлтан Әбішұлына: «Моңғолияға алғаш келген кезіңізден не нәрсе есіңізде қалды?» – деген сұрақ қойған екен. Сонда Елбасы: «бір кішкентай қыз ән айтып еді. Сол қыз есімде қалыпты. Бірақ атын ұмытып қалыппын»,- деп жауап берген екен. Кейін президенттің осы сөзін естіген соң хат жазып жібергенмін. Хатым қолына жетіп 2007 жылы келген іссапарында: «енді елге қайт, еңбегіңді еліңе арна», деп Астанаға шақырды. Бірақ менің туыстарым Қарағанды қаласында тұрған соң, осы аймаққа көшіп келдім. Сөйтіп Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікте әншілік қызметімді жалғастырып, осы жерде қалдым.    Қазақстанға көшіп келген кезде қандастарға қызмет ететін орталықтардың  мемлекеттік тілді білмеуі көп жағдайда қиындық тудырды. Өйткені іс-қағаздардың көбі орыс тілінде еді.  Бірақ біздің  жоғарғы біліміміз болғаннан соң, ол әрине шешілетін мәселе. Ал қарапайым ауылдан келген этникалық қазақ үшін қиындық тудыратыны сөзсіз. Және шет елден келген қандастарға қойылатын  кейбір заңнамалық талаптарда да проблемалар болды. Мысалы елшіліктерден алынатын консулдық сұраныспен берілетін анықтамалардың жарамдылық уақыты 3 ай ғана еді. Ол кездегі заң талаптары бойынша бірінші ықтияр хат алады, одан кейін азаматтыққа тапсырады. Бұл екі аралықта тұрақты тіркеу үшін  ақша жинайды.  Мәселен қандас Қарағандыға көшіп келіп ықтияр хат алу үшін Астанадан барып консулдық қызметтен немесе Моңғол елшілігіне ақша төлейді.  Ал әр анықтама ол кезде 10 доллардан басталып 60 долларға дейін баратын.  Оның материалды аудармалары бар, Астанаға барып келген жол шығыны бар, құжатты елшілікке тапсыруы, заңдастыруы, күтуі одан соң тұратын жеріне әкеліп көші-қон бөліміне тапсыруы үшін қандастың қып-қызыл қаражаты шығады. Сонда бір қандастан шығатын шығын 150-160 мың теңгені құрайды екен. Одан бөлек осы істі бітіруге уақыт шығыны да көп кететін.  Кейде өз құқықтарын түсінбей алаяқтарға алданып қалатыны да өте өзекті проблема еді. Ол кезде азаматтық алуда осындай қиындықтар туатын. Ал қазір көп нәрсе жеңілдетілді.

– Ал қазір қандастарымыз құжатын рәсімдеуге қанша қаражат шығын мен қанша уақытын жұмсайды? Және оралман куәлігі қанша уақытқа беріледі?

– Қазір оралман мәртебесі бір жылға беріледі. Осы уақыт аралығында қандастарымыз құжаттарын жинап әсіресе солтүстік пен шығыс Қазақстан өңірлеріне барғандары 1 жылға квота алуына болады. Сол бір жылдың ішінде азаматтығын алып үлгеруіне болады. Алайда кей жағдайда өзімізден де салғырттық бар. Кейде қандастарымыз айтылған заңнамалық талаптарды түсінбей жатады. Кейде арадағы делдалдар дұрыс бағыт көрсетпейді. Соның бәрі шеттен келген ағайынның  мәселесін күрделендіріп жібереді.

Жаңа заң бойынша биылдан бастап қандастарымыз құжатын жинап тікелей азаматтыққа тапсыруға мүмкіндігі бар. Келгеннен соң 30 күн уақытша жүруге болады. Осы уақыт аралығында тұрғылықты тұруға құжат тапсыруына мүмкіндіктері бар. Бұрын анықтаманың жарамдылығы 3 ай болса, қазір 6 айға дейін ұзартылды.  Сөйтіп уақыт бойынша есептесек 90 күннің ішінде азаматтық алып, өздері қалаған тұрғылықты мекен-жайда өмір сүруіне болады.  Бұрын Моңғолиядан келетін қандастардың  құжатын Сыртқы Істер Министрлігінің консулдық департаменті арқылы заңдастыратын. Яғни анықтамалары жалған еместігін растайтын.  Қандастар әр анықтама үшін 8751 теңге төлейтін. Сонда барлығы 26 253 теңгеге жеткен. Осы 2021 жылдың ақпан айының 8-інен бастап әр анықтамаға ақша төлемейтін болды. Тек қана Есіл аудандық салық бөліміне  1456 теңге ғана төлейді.

– Қарағанды қаласында қанша қандас бар? Және оларға көмек көрсететін ресми орындар мен бейімдеу орталықтары бар ма?

– Шет мемлекеттерден келген 75 мың қандас бар. Ал ресми дерек бойынша оралман куәлігін алған 35 мың қандас бар деп көрсетеді. Олардан бұрын келген қазақтарды есептесек 75 мың қандас келді деп есептелінеді. Кезінде Қарағанды қаласы квоталық өңірге еніп тұрған шағында Бұқар жырау № 12 деген мекен-жайда үлкен бейімдеу орталығы болған. Бірақ көп жыл бұрын салынған құрылыс болғандықтан жарамдылық мерзімі өтіп жабылған. Ал қазір Қасым Аманжолов № 92 мекен-жайында  «Қандастарды бейімдеу орталығы» деген мекеме жұмыс істейді. Бүгінде Өзбекстаннан келген 3 отбасы сол жерде тұрып жатыр. Бірақ барлығы Қазақстан Республикасының азаматтығын алған.  Пәтерлері жоқ болғандықтан, мүмкіндігі шектеулі адамдар бар болған соң, көпбалалы отбасы болғандықтан  осы мәселелер шешілгенше сол жерде тұрақтайды.  Одан бөлек шет елден келген 7 қандас отбасы да сол бейімдеу орталығын паналауда. Бәрінің проблемаларының шешімін тауып, көмектесуге орталық ат салысып, көмек көрсетіп жатыр.

– Фейсбук парақшаңызда: Дүниежүзі қазақтар қауымдастығында қандастарға қатысты бірнеше заңның жетілуіне ықпал еттік деп айттыңыз. Ол қандай заңдар? Және қалай жетілдірдіңіздер?

– 2018 жылдан бастап Қарағандыда Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының филиалы ашылды. Сол филиалдың жетекшісі ретінде күні бүгінге дейін жұмыс жасап келе жатырмын.  Біз көп жыл бойы күрделенген  мәселелерді мемлекеттік деңгейде көтеріп, түйткілді проблемаларын шешуге ат салыстық деп айтуға болады. Мысалы бірнеше жылға оралман куәлігінің уақытын өткізіп алған, сонымен қатар заң талаптарына байланысты айыппұл алған қандастарымыздың азаматтық алуына көмектесу мақсатында құзырлы орындарға хат жолдай отырып жоғарыда аталған мәселелерді шешкіздік. Қарағанды облысының өзінде  3000-нан астам қандас тікелей Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының көмегіне жүгініп, азаматтыққа қол жеткізді. Бұл қандастардың мәселесі өте күрделеніп кеткен. 2019 жылы Елбасының жарлығымен  бұрын келген қандастарымыздың оралман мәртебесінің мерзімі  өтіп кетсе де  азаматтыққа қол жеткізді. Ал бұрын  заң талаптарымен көші-қон департаментінен айыппұл алған адамдар 1 жылға дейін тұрақты тіркеуге тұра алмайтын. Осы мәселелердің шешілуіне ықпал еттік.   Тағы бір мысал, егер қандас азаматтық алуды 90 күннен асырып алса әкімшілік-құқық бұзушылықпен жазаға тартылады. Оларға белгілі бір айлық көрсеткішпен айыппұл салынады. Осындай айыппұлды бір емес жеті рет алған қандастар да кездесті.  Айыппұл алу – қандастардың Қазақстан Республикасының  аумағында тұрақты тіркеуге және азаматтық алуына кедергі келтіреді.  Негізі заң талаптарында осы мәселені өз басым көп көтердім. Азаматтық процедуралық кодекстің 517 бабының 2-інші тармағы, 4-інші тармағы, 7-інші тармағы бар. Бірақ көбісі екінші тармақпен әкімшілік жауапкершілік жүктейді.  Сол айыппұлдардың кесірі азаматтық алуға кедергі болады. Осы мәселеге қатысты құзыретті мекемелерге хат жолдадық. 3 айдан асып кететін болса онда бірінші ескерту берілсін дедік. Яғни ескерту жазасын алса  тұрақты тіркеуге, азаматтыққа қол жеткізе алады. Екінші мәрте айыппұл салынады. Бірінші ескертуді елемеген қандас айыппұл алып, азаматтық  алмайды. Бұл ұсынысымыз мақұлданып,  тұрақты тіркеу мен азаматтық алу шарттарын жеңілдеттік.   Сөйтіп қандастардың қордаланған мәселесі шешілді.                    Қазір шешуге тырысып жатқан мәселеміз, әкімшілік-құқық бұзушылық пен айыппұл алған қандастарымыздың шекара аумағынан шығаруға арналған шешімнің жайы. Шахтинск қаласында  Өзбекстаннан келген ағайынымыздың  жолдасы мен екі баласы ҚР азаматы. Ал әйелі бұрын құжатын жинауда уақытын өткізіп алған, жеті рет айыппұл алған, қаржылық қолбайлау болғандықтан азаматтық ала алмаған. Сосын соңғы рет 2016 жылы Шахтинскі қаласының сот шешімімен ол әйелді Қазақстан аумағынан шығаруға шешім қабылданған. Бірақ ол қандасымыз сот шешімін орындамаған. Себебі ол кезде қандасымыздың емізулі баласы мен кәмелет жасқа толмаған екі баласы болған. Оларды тастап, шекара аумағынан кетпеген. Енді біз осы мәселені бас прокуратураға, адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағаларына ұсындық.  Осы қандасымыздың Қазақстан азаматтығын алуына көмек беруге тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Рахмет.

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі