/////

Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ, тележурналист: Теледидар – жеке мүдделердің алаңы болмауы керек

2042 рет қаралды
фото: Дара жол

Қазақ телевизиясының тарланы, бүкіл саналы ғұмырын телеарнаға арнаған Нұртілеу Иманғалиұлы дүниеден озды деген суыт хабар жетті. 2019 жылы “Қазақ газеттері” ЖШС-ында сайт әкімшісі боп жұмыс істеген едім. Сол кезде “Наркескен” интеллектуалдық-пікірсайыс клубын ұйымдастырған болатынбыз. “Наркескеннің” кезекті бір отырысы “Теле-ақпараттық саясат: бүгіні мен ертеңі” атты тақырыпта өтті. Телевизия саласының бүгіні мен ертеңін талқылаған бұл жиынға Нұртілеу Иманғалиұлы аға қатысып өз пікірін білдірген еді. “Мінбердің” оқырмандарына осы кездесудегі әңгімесін ұсынып отырмыз. 

– Бұл жерде әңгіме көп. Мысалы, мен теледидар мамандарын екі топқа бөлемін. Телевидениенің өсіп-өркендеуіне біліп-білмей үлес қосқан журналистика бар. Телевидениенің мүмкіндіктерін өзінің жеке мүддесіне пайдаланған журналистика бар. Мұндайлар көп. Неге деген сұраққа жауап жоқ. Менің пайымдауымша, 61 жылдық тарихы бар телевидение ғылыми тұрғыдан зерттелмей, оның мәселелері ғылыми айналымға түспей, белгілі бір ғылыми дәлелдер жасалмай, телевидениенің проблемасы таусылмайды. Қазіргі телевидение саласында Қасым Аманжол сияқты жігіттер жүрсе, телевидениеге кез келген адам келіп, ойына келгенін жасайды деп ойламаймын. Мәселе шеберлікке келіп тіреледі. Мысалы, Ресейдің телебағдар­лама­ларының көбі Батыстың көшірмелері. Бірақ олар шеберліктің арқасында оны орыстың өзінің хабары, төл бағдарламасы етіп жібереді. Димаш алғаш рет Қытайдың сахнасын бағындырып елге оралғанда, Ресейдің 5-6 арнасы бір-біріне ұқсамайтын 5 түрлі хабар жасады. Соның бірі – Орталық телеарна. Олар Димаштың болмысын бар қырынан ашты. Тіпті дауысының ерекшелігін бір құрылғылар арқылы талдап берді. Ал біз болсақ «Димаш талантты әнші», «Бұл – Құдай берген бала» деп құр тамсанудан аса алған жоқпыз. Бізде маман жоқ екен! Димаштың әншілік дарынын талдап беретін музыка маманы да жоқ екен! Менің түсінігімде, телевидение ол тек журналистика ғана болмауы керек. Оны биік өнер деңгейіне көтеретін адамдар пайда болғанда біраз мәселе күн тәртібінен өзінен өзі түсіп қалады. Бүгінде Қазақстанның 27 жоғары оқу орны журналистерді дайындайды екен. Соған қарамастан тележурналистер, телережиссерлар, телемамандар жоқ. Біз журналистика факультетін 50 адам бітірдік. 10 жылдың ішінде 50-дің 40-ы ел танитын журналиске айналды. Соның ішінде телевидениеде жүрген мен секілділерді емес, Қайнар Олжай, Дидахмет Әшімханұлы сияқты жазатын журналистерді елдің бәрі таныды. Бұл жерде айтайын дегенім, кадр мәселесі маңызды әрі ол үлкен дүние. Теле-ақпараттық саясат жөнінде айтар болсақ, біз шындықты қаймықпай бетке айтатын мәдениетті қалыптастырғанда мәселе Үкіметті немесе билікті сынауда емес, ғылыми деңгейдегі, қазақтың баяғы салт-дәстүріндегі, мәдениеттің биік деңгейіндегі шындықты айта алатын шамаға жеткенде, осы жерде айтылып отырған көп проблема күн тәртібінен түсіп қалады. Ол да, сен де, мен де өтірік айтамыз. Өтірікті былай қойып, айтып отырған өтірікті біліп отырып, соған өтірік сенетін дәрежеге жеттік. Міне, мәселе қайда. Осыдан біраз жыл бұрын мені журналистика факультетіне мұғалімдік жұмысқа шақырды. Бір-екі сабақтан кейін барғым келмей қалды. Студенттердің маған қойған сұрақтарына қарным ашты. Кілең «Қалай танымал болдыңыз? Қанша костюміңіз бар?» деген сауалдар. Біздің кезіміздегі қойылатын сауалдармен салыстырып отырып: «Жауап беруге қиын сұрақтар екен» дедім. Мен бүгінде мамандығыма байланысты қуаныштар мен өкініштердің басын қосатын жасқа келдім ғой деп ойлаймын. Жастар танымал болмай-ақ қойсын. Бірақ мықты маман болса екен. Менің ұстанымым осы. Бізде маман жоқ! Көбі мені мықты дейді. Келісе алмас едім. Тәжірибем шығар, мінезім шығар, аға буыннан алған тәлімім шығар. Мен маман емеспін. Журналистика, менің түсінігімде, қоғамды өзгертпейді. Бірақ қоғамды өзгертетін ­проблемаларды, мәселелерді көтере алады. Бізде қазір бүкіл телевидениеде, әсіресе қазақ телевидениесінде «шоу» деген жанрдан басқа жанр жоқ. Журналистиканың 7-8 жанрын қамтып, көрерменге сапалы бағдарлама ұсынып отырған жалғыз Алматы облыстық «Жетісу» деген арна бар. Бір нәрсенің басын ашып алуымыз керек, телеөнімді тек телевидение жасайды. Басқасы жасай алмайды. Телеарнада істеу үшін тым болмағанда технологиядан хабарың болуы керек. Технология саған, сенің идеяңа жұмыс жасағанда ғана сен тележурналиссің. Егер жоғарыда айтқанымдай, телевидение шын мәнінде өнер деңгейіне көтерілсе, бүгінгі әлеуметтік желі оның қолына су құя алмас еді. 

www.kazgazeta.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар