////

Атаулы көмек: Жәрдемақы аларда табыс болады, үйге кезекке тұрарда қалыс қалады

3751 рет қаралды
1
Құрметті “Мінбердің” көрермендері, көп балалы аналарға қандай жеңілдіктер мен жәрдемақы тиесілі екендігін білгіңіз келсе, біздің тікелей эфирімізде жүргізген сұхбатымызды ұсынамыз.
Эфир қонағы “Талбесік” көп балалы аналар одағы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ләззат Қожахметова.
– Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматыда өткен шерулердегі айырмашылық неге жер мен көктей?
– Аналар мәселесін шешу үшін шеруге шығуы тиіс пе?
– Ер азаматтар қайда?
– Кореяда қанша мың қыз-келіншек жұмыс істеп жүр?
– Атаулы әлеуметтік көмек тағайындарда мүгедектік жәрдемақысы табыс деп есептелсе, ал ипотека алатын кезде неге ол табыс емес?
– Жәрдемақы табыс па, табыс емес пе?
Осы және өзге де сауалдардың жауабын іздегіңіз келсе, видеоға өтіңіз:

КӨП БАЛАЛЫ АНА СТАТУСЫ УАҚЫТША ЕМЕС, ҒҰМЫР БОЙЫ БЕРІЛУІ КЕРЕК ДЕП ЕСЕПТЕЙМІН

– 8 наурыз мейрамыңызбен құттықтаймын, Ләззат ханым! Жалпы осы 8 наурыз мерекесіне қатысты түрлі пікірлер бар. Яғни бұл мейрам шартты түрде ғана тойланады, шын мәнінде қыз-келіншектердің, аналардың проблемасын шешу үшін ешқандай жұмыстар атқарылмайды дейді.  Сіз осы айтылған пікірлермен келісесіз бе? Бұл мейрамды атап өту керек пе? 

–  Қайырлы күн. Рахмет. Мейрам барша әйелдер қауымына құтты болсын. 8 наурыз аталып өтілуі керек, әрине. Жаңағы түрлі пікірлер қайдан шығады? Мысалы биыл Өскеменде 8 наурызға орай көпбалалы аналарға 14 мың теңгеден бір реттік ақшалай сыйлық берілді. Нұр-Сұлтан қаласында да мерекеге байланысты көпбалалы аналарға көмек көрсетілді. Ал басқа қалалар мен аудан, облыстарда мұндай жәрдемақы болған жоқ. Содан кейін біздің қарағандылық аналарда “Неге Өскеменде мейрамда жәрдемақы беріледі де, Қарағанадыда берілмейді” деген сұрақтар туындады. Одан кейін астаналықтар митингке көп шығады. Сол себепті көпбалалы аналардың жағдайлары жасалады деп ойлайды. Яғни кім митингке шығып көмек сұрайды солардың сөзі естіледі де, митингке шықпағандардың сөзіне құлақ аспайды деген пікір қалыптасып жатыр қоғамда. Біздің билік сыйлық жасады ма, онда бәріне жасасын. Ал жасамады ма, онда бәріне жасамауы керек. Аналарды алаламау керек. Бір өңір көмектеседі, екінші өңір көмектеспейді. Сол себепті наразылық туады. Менің ойымша, бұл мереке аталып өтіп, барлық қыз келіншектерге көңіл бөлінуі керек.

– Заң бойынша «көпбалалы отбасы» статусы 4 баладан жоғары беріледі ғой?

– Иә. Естеріңізде  болсын «Көпбалалы» деген статус уақытша ғана беріледі. Егер сіз көпбалалы ана болсаңыз, үлкен балаңыз 18 жасқа толған соң бұл статустан айрыласыз. Егер ол үлкен балаңыз университетке немесе колледжге күндізгі бөлімге оқуға түссе, ол оқуын аяқтағанша көпбалалы ана болып есептелесіз. Ал сырттай бөлімде оқыса көпбалалы аналар қатарына жатпайсыз. «Күміс алқа», «Алтын алқа» мен «Батыр ана» статусын  алған аналаларға бұл дәреже мәңгіге беріледі. Мен ылғи  «Көпбалалы ана» статусы өмір бойына берілу керек деп айтып жүрмін.  Ал көпбалалы деген дәреже уақытша болғандықтан ол анадан жеңілдіктер алынып тасталады. 4 баланы өмірге әкелу де, оны өсіріп, жеткізу де оңай емес қой?! Кейбірі тіпті кесір тілігімен дүниеге әкеледі сәбиін. Әр ананың денсаулығы маңызды.  Сондықтан бұл статусты да мәңгіге қалдыру керек.

“БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ” БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ЕКІ ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕМЕН БАСПАНАЛЫ БОЛУ МҮМКІНДІГІНЕН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛМАҢЫЗДАР

– Көпбалалы аналарға қандай көмектер көрсетіледі? Көпбалалы аналарымыз нені білуі тиіс? Осыны жүйелеп айтып берсеңіз.

– Біздің көпбалалы отбасылардың басты мәселесі – баспана. Қазіргі заманда ипотекамен баспана алуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан үйдің кезегіне тұрып жалдамалы баспана алуға болады. 2018 жылдан бастап көпбалалылар жеке кезекте тұрады. Осыған байланысты ескертетінім: Егер сіз осыдан бес немесе он жыл бұрын үй алуға кезекке тұрсаңыз, көпбалалы ана болсаңыз онда тездетіп көпбалалы аналардың жеке кезегіне тұрыңыздар. Себебі жалпы кезекте адамдар 10-18 категория бойынша  тұр. Олар: жалғызбасты аналар, жетімдер, жесірлер, мүгедектер, ҰОС ардагерлері, мемлекеттік қызметшілердің кезегі. Ал 2018 жылдан бері көпбалалы аналарды жеке алып шықты. Егер жеке кезекке тұратын болсаңыз баспананы да жылдамырақ аласыз. Одан кейін тағы есте ұстайтын нәрсе, сіз үй кезегіне тұратын болсаңыз тегін баспана алмайсыз, арендалық баспана аласыз. Бұл бұрынғы коммуналдық үйлер сияқты. Баспанаға кіресіз, 5 жыл сайын келісімшартты ұзартып отырасыз, бірақ үй атыңызға ешқашан аударылмайды. Себебі бұл жалға алған баспана. Яғни ай сайын 6-7 мың теңге коммуналдық  төлемін ғана төлеп отырасыз да, сол үйде тұра бересіз. Менің ойымша бұл да дұрыс емес. Арендалық баспана алуға мүмкіндік берген соң оны сатып алу құқығын да беру керек деп ойлаймын. 2018 жылға дейін арендалық баспана алғандардың сатып алу құқығы болған. 2018 жылы заңға жаңа өзгерістер енгізгелі бұл мүмкіндікті алып тастады. Ал көпбалалы аналар мен мүгедек балалары бар аналарда жұмыс жасауға мүмкіндіктері жоқ. Олар үй алу үшін ақша жинай алмайды. Егер аналары өмірден өтіп кетсе арендалық баспанадан балаларын қуып шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан бұл жалдамалы баспанаға  бұрынғыдай сатып алу құқығын беру керек деп есептеймін.                                                                                                             Үйлі болудың екінші жолы: 2 және 5 пайыздық ипотекалар бар. Екі пайыздық несиемен көпбалалы отбасыларға, мүгедек баласы барларға және жалғызбасты аналарға «Бақытты отбасы» деген бағдарлама бар. Бұл бағдарлама осы жылдың сәуір айында басталады. Бұл үйдің алғашқы жарнасын әкімдік береді. Сондықтан алғашқы жарнаға да ақша жоқ деп отырмаңыздар.Бұл жерде бастысы сіздерде зейнетақы жарнасы жүріп тұруы керек. Яғни бізде көбісі жұмыс істемейді. Істесе де зейнетақы жарнасын аудармайды. Сондықтан 10-15 жыл үйдің кезегінде тұра бермеңіздер, алты ай тұрақты түрде зейнетақы жарнасын құятын болсаңыздар жаңағы айтқан екі пайызбен  үй ала аласыз. Бірақ бұл жерде де бір кемшілік бар. Өңірлерде тек он миллионға дейін ғана беріледі. Ал он миллионға үш бөлмелі пәтерді сатып ала алмайсыз. Сіз бұл ақшаға бір-екі бөлмелі үй алсаңыз бала-шағаңызбен сыймайсыз ғой. Осыны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлі ескермей жатыр. Осыған байланысты біз облыс әкімінің атынан хат жаздық. Егер 10 миллионды 15 миллионға көбейтсе Қарағандыда үш бөлмелі пәтер алуға болады. Сөйтіп үй кезегінде тұрғандардың қатарынан шығады.                                                                                                              Бірақ осы ипотеканы алатын кезде алтын алқа, көпбалалы, мүгедек балалары барларды өкімет  тұрақты түрде алатын жәрдемақыны табыс деп есептемейді.   Ал «Атаулы  әлеуметтік көмекті» беретін кезде «сен балаңа жәрдемақы аласың»,- дейді де табыс көзі деп есептейді. Осыдан кейін көпбалалылардың үй ала алмай жүргендіктері, әлеуметтік жағдайларының жетпей жүргендігі осыдан. Сосын қарсылық наразылық туады.

Сәуір айында басталатын «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін әкімдікке бармайсыздар, қазір «Отбасы банкі» деген банк бар сол жерге барасыздар. Бұл банктің бір ерекшелігі: басқа банктер егер несиеңізді үш жыл бойы кешіктірсеңіз үш жыл бойғы несие тарихыңызды қарайды да, несие алуға рұхсат бермейді. Ал «Отбасы банкі»  тек соңғы үш айдың ғана несие тарихын қарайды. Соңғы үш айда кешіктірмей төлеген болсаңыз несие береді. Қара тізімге еніп кетсеңіз де ипотека беретін жалғыз банк бұл – «Отбасы банкі». Бұдан бөлек «Шаңырақ» деген бағдарлама бар. Жыл бойы жүретін бағдарлама. «Бақытты отбасы» жылына тек сәуір айында бір рет құжат қабылдайтын болса, «Шаңырақ» бағдарламасы жыл бойы жалғасады. Бұл бағдарлама арқылы соңғы бес жылда атыңызда үй болмаған болса осы бағдарлама арқылы кез-келгеніңіз үй кезегіне тұра аласыз. Бірақ бұл «Шаңырақ» бағдарламасының бір кемшілігі тек жаңа үйлерге ғана 15 миллионға дейін  беріледі. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында 18 миллионға дейін, қалған өңірлерде сол 15 миллионға дейін беріледі. Жаңа үйлердің бағасы өте қымбат, олар құрылысы бітпеген күйде беріледі. Оны алған соң ішкі құрылысын бітіру үшін тағы қосымша 2-3 миллион шығару керек болады. Сосын 20 жыл ипотекасын төлейсіз. Жақсысы даладай кең, жаңа үй.

“ЕРЕКШЕ” БАЛАЛАРДЫҢ АНАСЫНА ДА “ЕРЕКШЕ” СТАТУС КЕРЕК

– Наурыз айының басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында бір топ ана әкімшілікке жиналып өз құқықтарын талап етті. Жиналған аналардың көбінің “ерекше”  баласы бар. Жалпы осындай отбасыларға қандай жеңілдіктер қарастырылған? Қоғам қайраткері ретінде сізді осы жеңілдіктер қанағаттандыра ма?

– Көпбалалы аналар өздерінің құқығын қорғау үшін жаңағы баспана кезегін жеке қылды. Мүгедек балаласы бар аналар да бастарын қосып, өз мәселелерін көтеру керек деп ойлаймын. Себебі мүгедек балаларды жылына бір рет сауықтыру демалыс орындарына жібереді. Бірақ ол балалар демалыс орындарына бармайды. Неге? Өйткені жүре алмайтын бала болса онымен бірге анасы да демалыс орнына бару керек қой. Ал анасына ақша төленбейді. 15 күнге  күніне 14 мың теңгеден төлеп  демалыс орнына баруға анасының қалтасы көтермейді. Сөйтеді де бала да бармайды. Содан жылына бір рет баратын санаторий қалады. Еңбек министрлігі осыны ойластырмаған. Күтушісіне неге орын бөлінбеген? Осыны ескеру керек. Одан кейін мүгедек балалары бар отбасылардың үй кезегін жеке шығару керек. Жаңағы айтып өткен «Бақытты отбасы» мен «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы олар үй ала алмайды. Себебі мүгедек балаға қараймын деп анасы жұмыс істемейді. Мүгедек баласы бар отбасының көбі ажырасқандар. Өйткені әкесі мұндай қиындықты көтере алмай тастап кетіп жатады. Статистикаға сүйенсек осындай ерекше балалары бар отбасылардың 90  пайызы ажырасып кеткен. Содан аналары мүгедек балаға қараймын деп жұмысқа шыға алмайды. Жұмысы болмаған соң зейнетақы жарнасы да жоқ. Ипотека да ала алмайды. Олар үкіметтен арендамен берілетін  үйді 10-15 жыл күтеді. Бірақ кезектері ешқашан жылжымайды. Себебі жылына әр қалада 100-ақ адамға үй беріледі. Сол үшін бұл кісілердің де үй кезегін жеке шығару керек. Одан кейін мүгедек баласы бар аналарды  зейнетке ерте шығару керек. Себебі олар 24 сағат ұйықтамай, уайымдап, балаларын көтеріп, жатқызып, түсіріп жүреді.                                         Мүгедек балалары бар аналар балаларына тегін ем алады. Бірақ ол емді алу үшін 3-4 жыл күтеді. Одан кейін олар балаларын үнемі қалпында ұстау үшін ақылы түрде массажға апарады. Оның өзі жағдайы барлар. Жағдайы жоқтардың балалары сол қалпы қалады. Осыны да ескеру керек.

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҮШІН, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА ЕСЕПТЕ ТҰРУ КЕРЕК

– Өткенде берген сұхбатыңызда:  Көпбалалыларға арналған орта және шағын бизнес субьектілері бар, соған арналған жеңілдетілген несиелер бар,- деп айтып едіңіз. Толықтырып айтып өтсеңіз.

– Әр ана үйде отырып өз кәсібін жүргізе алады.  Ол өзін-өзі жұмыспен қамту үшін, қайтарымсыз гранттар бар. Өткен жылы 555 000 теңге еді, биыл 580 000 теңгеге өсті. Бұл жұмыссыз аналарға берілетін көмек. Демек сіз бүгін барып жұмыспен қамту орталығынан  курсқа жолдама алуыңыз керек.  Ал егер бұл курсты оқымасаңыз сізге ешқандай грант пен несиелер берілмейді. Сол үшін «Бастау бизнес» арқылы курсты оқуыңыз керек. Сосын сертификатыңызды алған соң кез-келген өңірде «Атамекен кәсіпкерлер палатасы» деген бар. Сол жерге барасыз. Сосын оқыған кәсібіңіз бойынша ол жерде бизнес планыңызды жасап береді. Тегін көмектеседі.  Және бір жақсысы кәсібіңізге керекті барлық құралыңызды сол 580 000 теңгеге аласыз.

– Қайтарымсыз  гранттардан бөлек көпбалалы аналардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне де  жасалған игіліктер бар деп естиміз. Ол қандай игіліктер?

– Аналарымыз жұмыс жоқ деп үйде отырады ғой. Негізі жұмыспен қамту орталығына тіркелсеңіз, жұмысқа тұрудың мүмкіндігі көп. Басында сізді әр жерлерге жібереді. Жіберген жерлеріне барып «жұмысқа алмады» деген анықтама алып келетін болсаңыз, жұмыспен қамту орталығы алты ай жәрдемақы тағайындайды. Алты ай бойы тұрақты түрде жәрдемақы аласыз. Жұмыссыз ретінде тіркелгендіктен сізге  медициналық сақтандыруды да үкімет өзі төлейді. Яғни мұның игіліктері бар. Жұмыс іздеп әртүрлі жерде жүре бергенше, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген дұрыс. Сосын универститет, колледжді жаңа бітірген мамандар тәжірибе болмаған соң оларды жұмысқа алмай жатады. Егер жұмыспен қамту орталығына тіркелетін болса «Жастар практикасы» деген бағдарлама арқылы кез келген өзі қалаған мекемеге жұмысқа тұра алады. Сөйтіп жас қыз-жігіттердің жалақысын алты ай бойы өкімет төлейді. Мысалы жас журналист оқу бітіріп келіп “Хабар” арнасында жұмыс жасағысы келеді. Оның тәжірибесі болмағандықтан ол жұмыспен қамту орталығы арқылы “Хабар” арнасына жұмысқа тұрады. Сөйтіп оның алты ай бойғы жалақысын “Хабар” арнасы емес жұмыспен қамту орталығы төлейді. Жалақысы 73 000 теңге, қолына 61 000 теңге алады.  Сол алты айдың ішінде өзін-өзі жақсы көрсете алса “Хабар” арнасы жас маманды  жұмысқа алып қалуы да мүмкін. Немесе еңбек кітапшасына “Хабарда” жұмыс істеді деп жазып береді.

Тіпті сотталып,  темір тордың ар жағынан келген азаматтарға да жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыспен қамтамасыз етілсе, жалақысын үкімет төлейді. Кейде сотталып келгендерді жұмысқа алмай жатады ғой. Ал жұмыспен қамту орталығы арқылы барса жұмысқа тұрады. Сол үшін орталыққа келу керек. Көп адам білмейді осындай игіліктер барын. Жағдайын айтса әртүрлі бағдарламалармен жұмыс барлық жерде бар.

– Көпбалалы аналарға тағы қандай берілетін сыйлықтар немесе артықшылақтар бар? Жалпы білім қоры туралы да сұрағым келіп отыр. Өйткені қазір балалар мектепке баруды бастап жатыр.

– Білім қоры бар. Бұл тек көпбалалы отбасыларға ғана емес барлық тұрмысы төмен отбасыларға арналған жеңілдік. Яғни сіз өзіңіздің жалақыңыздың төмен екендігін дәлелдесеңіз, онда балаларыңызға тегін киім-кешек, ыстық тамақ беріледі. Мәселен бізде 30 мың теңге көлемінде киім мен мектепке керекті құрал-жабдықтарын алу белгіленді. Жаңағы айтылған жалақының тқмендігін, көпбалалы екендігіңізді, мүгедек балаңыздың бары туралы анықтаманы маусым-тамыз айларында тапсырып тастауыңыз керек. Себебі тамыз айында жиналыс болғанда бюджетті қарайды, жәрдемақы тағайындайды. Биыл ыстық тамақтардың сапасы да, құрамы да жақсарды. Бұрын әр мектеп ойына келген мәзірді ұсынатын. Қазір барлығы бір орталықтан қадағаланады. Одан соң 30 мың теңге көлемінде киімге ақша бөлінеді. Астанада сертификат түрінде, Қарағандыда киім түрінде берілді. Келешекте Қарағандыда да ақшалай түрде беру көзделіп отыр.

Тағы бір нәрсе айтып өтейін. Күні кеше Алматы қаласында феминист әйелдердің шеруі өтті. Ал Нұр-Сұлтан қаласында мүгедек баласы бар аналар әкімдікте жатыр.  Біздің Қазақстан қоғамы – парадокс.  Алматылықтар: жыныстық қызмет көрсететін әйелдердің құқығын қорғайық деп жүр. Осыған менің күлкім келді.  Ал енді Нұр-Сұлтандықтар мүгедек балаларының құқығын қорғау үшін жүр. Яғни біздің қоғамда әйелдердің ортақ түсінігі жоқ.

ЖӘРДЕМАҚЫНЫ ШЕКТЕН ТЫС КӨП БЕРСЕ, МАСЫЛДЫҚ ПСИХОЛОГИЯ КҮШЕЙЕДІ

– Президенттің жанынан құрылған Ұлттық кеңестің мүшесі болдыңыз жақында. Және бір отырысына қатыстыңыз. Осы Ұлттық кеңесте қандай мәселелерді көтеруді жоспарлап отырсыз. Неге біздің көпбалалы аналар көп шеруге, митингке шығады? Сосын әр балаға 42 500 теңге төленсін деген ұсынысқа келісесіз бе?

 – Ұлттық кеңесте көпбалалы аналардың атынан отырмын. Ұлттық кеңес мүшелері апта сайын минстрлермен кездесеміз. Сол кезде қандай ұсынысымыз бар, соның бәрін айтуға еркіндік берілген. Сол кезде өзімнің ұсыныстарымды жеткіздім, біршамасы орындалып келе жатыр. Президентпен кездесуге де мүмкіндігім болды. Осы жерде айтылған ұсыныстардың барлығын президентке де айттым. Әкімдіктер ештеңе шешпейді. Өтйкені заңды шығаратын жоғарғы органдар, минстрліктер. Мәселен неге көпбалалы аналар шеруге шығады дейсіз ғой? Мысалы Кореяда заңсыз жұмыс істеп жатқандар бар. Пандемияға дейін 36 000  адам Қазақстандық азаматтар жұмыс істеп жатыр екен. Соның 90 пайызы әйел адамдар. Жаңа босанып отырып, төрт баласын тастап кеткен әйелдер бар. Себебі ол жаққа жұмыс істеу үшін кетті. Не үшін кетті? Қазақстанда балаларының жағдайын жасауға, үй алуға мүмкіндік жоқ. Ал сол әйелдердің ер азаматтары қайда дейсіз ғой? Менің Кореядағы танысымның айтуы бойынша ол жақта тек қазақстандық азаматтар ғана емес өзбектандық азаматтар да бар. Өзбекстаннан келгендердің көбі ер адамдар. Өйткені әйелдерін ешқашан қара жұмысқа жібермейді. Демек біздің ер азаматтардың бала-шағасын асырауға, отбасын бағуға шамасы келмейді. Сол себепті әйелдері шетел асып жұмыс жасап жүр.                                                                 42 500 теңгеге қатысты ойымды білдірсем, әр балаға беру тым артық деп есептеймін. Қазіргі таңда 10 мың теңгеден төлеп жатыр ғой. Оны да толыққанды деп есептемеймін. Бірақ ертең баланы өмірге әкеліп, 42 500 алам деп отыратын адамдар да бар. Бұған әйел адамдарды кінәламаймын. Мысалы ер адамдар 5-6 баласы бола тұра, өзінің баласына тегін (фамилиясын) бермейтін ер азаматтар бар. Сол әйелмен 20 жыл тұрады. Бірақ балсына тегін бермейді, әйелімен де заңды некеге тұрмайды. Бұның себебі бұған дейін көпбалалы аналардыі үй кезегі бөлек болған жоқ, жалпы кезекте тұрды. Үлкен баласы 18ге толған соң кезектен шығарып тастайды. Ал егер жалғызбасты болып кезекке тұратын болсаң  үй бергенше сол кезекте қала бересің. Сол себепті көп адамдар ажырасқан, қайта қосылса да заңды некеге тұрмай әйелдерін алдыларына салып қойып, жалғызбасты ретінде кезекке тұрғызып қойған. Ал әйел адамдар отбасын сақтау үшін қандай құрбандыққа болсын барады.

Сұхбатты жүргізген Есенгүл Кәпқызы

қағазға түсірген және видео монтажын Айғаным Айтақын

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар