////

Ескелді ауданында 49 миллион теңгеге салынған жолдың сапасы сын көтермейді

5299 рет қаралды
2
Алматы облысы, Ескелді би ауданы, Матай Байысов ауылы, Байсейітова көшесі

Сапасы сын көтермейтін жолдың жыры бүгін-ертең бітпейтінін, әлеуметтік желі қолданушылары салып жатқан толассыз суреттер мен видеолардан білуге болады. Соның бірі, Мінбер тілшісінің көзіне түскен дәл осы сурет.

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ: САПАСЫЗ ЖОЛДЫҢ ЗАРДАБЫН БІЗ КӨРІП ЖАТЫРМЫЗ

Суреттің авторы Алматы облысы, Ескелді ауданы, Матай Байысов ауылының тұрғындары. Көше осыдан 7 ай бұрын ғана жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген. Алайда, көктем шығысымен, жаңа көшенің шұрық шұрығы шығып тесіліп жатыр. Аудан бюджетінен осы көшені жөндеуге 49 миллион теңге бөлініпті. Мәселенің мән жайына үңілу үшін әрі ауыл тұрғындарының пікірін білу үшін Байысов ауылы, Күләш Байсейтова көшесінің тұрғындарына хабарластық.

«Бұл көшеге асфальт 2020 жылдың тамыз айында салынды. Салынып жатқан кездің өзінде күмән болған, себебі асфальттары сап сары, топырағы көп болды. Қазір күн жылып, қар ери бастап еді ойық-шұңқыры қаптап, мазаны кетіре бастады.» – дейді ауыл тұрғыны Кожахметов Мақсат

«Ауылда көтеретін мәселе көп. Соның бірі жол мәселесі. Былтыр жаз айында жаңа асфальт төселіп жатыр деп қуанған едік. Бүгінгі күні сол қуанышымыз су сепкендей басылды. Жаздың аяғында салынған жолдың сапасы сын көтермей қармен бірге еріп жатыр. Мектеп пен мешіттің арасындағы жаңа асфальт үгітіліп жатыр. Көлікке тас шашырайды, аяқ киімдеріміз де тез тозады.» – дейді ауыл тұрғыны Сертайұлы Мағай

Мән жайды білу үшін  Алматы облысы, Ескелді ауданы әкімдігіне аттандық. Алматы облысы, Ескелді ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы “Мінбер” сайтының тілшісіне толықтай ресми ақпарат берді.

Аудан әкімінің берген ақпаратына сүйенсек:

“Тапсырыс беруші  “Ескелді ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі” ММ. «Мердігер» «Жетісу Жол Құрылыс»  ЖШС.  Екі мекеме арасында   “2015 жылғы 4 желтоқсандағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24. 04. 2020 жыл   №4212193-КПС-2 мемлекеттік сатып алудың  қорытындылары негізінде Алматы облысы, Ескелді ауданы, М. Байысов ауылындағы Байсеитова  көшесін орташа жөндеу жұмыстары осы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты (бұдан әрі Шарт) 42 179 470, 59  теңгеге жасалды. Шарт бойынша тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді  көрсету мерзімі 10.07. 2020 жыл”.

«Жетісу Жол Құрылыс»  ЖШС 42 миллион теңге аз деп есептеген болуы керек, мамырдың 6-сында қосымша келісім шарт жасап, тағы да 7 миллионнан астам теңгенің шартына қол қояды.  “Шарт бойынша тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді  көрсету мерзімі 28.08. 2020 жыл. Объектіні  пайдалануға қабылдау актісі 28 тамызда жасалған»  – дейді Алматы облысы, Ескелді ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Нусипова Алима.

Осы мәселе бойынша Ескелді ауданы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Есиркегенов жауап берді.

«Мердігерлік компания «Жетісу Жол Құрылыспен»  алғашқы келісім шарт 2020 жылдың мамыр айының басында жасалды. Жалпы бөлінген қаражат 47075302 теңге. 2020 жылдың тамыз айында зертханалық сынамадан өтіп, 28 күні қолданысқа берілді. 2 жылға арналған кепілдігі бар . Дәл қазір «Жетісу Жол Құрылыс» компаниясына біздің тараптан қызметтік хат жолданды. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты әлі жөндеу жұмыстары басталған жоқ, бірақ сәуір айының 10-на  дейін өңдеу жұмыстары жасалып бітеді деп жоспарлап отырмыз.» – деді Самат Абдрашоович.

Арайлым Нұржанқызы, 

Алматы облысы, Ескелді би ауданы

Редакциядан: Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сүйенсек «Жетісу Жол Құрылыс” ЖШС бұл сатып алу арнайы тәртіп аясындағы конкурс тәсілімен өткізілген. Әуелгі келісім шартқа қосымша келісім жасалған. Жұмыстың жалпы құны 49 миллион теңге. Порталдағы мәлімет бойынша бұл қаржы толығымен төленген.

Бұл мекеме 2020 жылы 34 миллион теңгеге осы ауданның Екпінді ауылындағы Қаблиса жырау көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жасаған. Жалпы, 2020 жылы бұл мекеменің орындалған алты келісім шарты бар екен.

Оның екеуі жоғарыда айтып өткеніміздей Ескелді би ауданымен жасасса, Көксу ауданы Айнабұлақ бекетінде Рамазанов көшесінің жолын орташа жөндеу үшін 14 миллион 470 мың, Көксу ауданы Қабылиса ауылдық округіндегі Абай, Кабылиса, Егінбаев көшелерінің шұңқырларын жамау жұмыстары үшін – 1,188 миллион,  Көксу ауданы Мұқыры ауылындағы көше жолдарын орташа жөндеу үшін – 36 миллион, Мұсабек ауылдық округінің көше жолдарын орташа жөндеу үшін 14 640 113 теңгенің келісім шартын жасаған. Барлық келісім шарт арнайы тәртіп аясындағы конкурс тәсілімен өткізілген. Ал 2021 жылы екі келісім шарт жасасып үлгерген.Оның біріншісі  «Орталық клиникалық аурухана» акционерлік қоғамына электр тауарларын сатып алу, келісім шарттың құны – 932 мың теңге. Екіншісі 34 миллион теңгеге “Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің әскери-техникалық мектебі” Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Алматы филиалын күніне үш рет ыстық тамақпен қамтамасыз етпек.

 uchet.kz сайтының мәліметтеріне сүйенсек, компания 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Үш түрлі бағытта қызмет етеді: Халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардың құрылысы, реконструкциясы, жөндеу жұмыстары (ОКЭД: 42112); ауданы 2000 шаршы метрден кем емес (2000 ш.м және одан жоғары) сауда объектілерінде (көтерме азық-түлік бөлу орталықтарын қоса есептегенде) нақтыланбаған тауарларды кеңінен көтермелеп сату (ОКЭД: 46903); басқа топтарға енбейтін тамақтандырудың барлық түрін ұйымдастыру  (ОКЭД: 56299). Ең көп салық төлеген жылы – 2020 жылы.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар