//

Дос Көшім, саясаттанушы: Бес жыл бұрын билікке ультиматум қойған халық, қазір соның жауабын күтіп отыр

1197 рет қаралды
фото: www.dalanews.kz

«Ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді. Осы талапты заңдастыру мақсатындағы заң жобасы қазір Парламентте талқыланып жатыр, алайда әлі оған Президент қол қойған жоқ. Сондықтан, Президенттің бастамасымен қолға алынды дегені болмаса әлі нүктесі қойылмағаннан кейін, ол заң ретінде жүзеге асты деп айта алмаймын.»

Саясаттанушы, жер реформалары жөніндегі комиссияның мүшесі Дос Көшім осылай дейді. Оның айтуынша, комиссия отырысында орман шаруашылығы мақсатындағы жерлердің арасындағы мал жайылымдарына қатысты мәселе көтерілген, яғни сол мал жайылымдары қалай пайдаланған жөн деген талқылау болыпты. Алайда, Дос Көшімнің сөзінше қазір әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан, орман шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру туралы мәселе комиссия отырысында көтерілмеген. Саясаттанушының пікірінше, егер ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты оны шетелдіктерге сатпаймыз, жалға бермейміз деген заң қабылданатын болса, бұл талап орман шаруашылығы мақсатындағы жерлерге де қатысты қолданылуы тиіс.

Өткен аптаның сенбісінде төртінші отырысы өткен Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелерінің арасынан Мұхтар Тайжан бастаған топ жерді Қазақстан азаматтарына да сатпау керек, тек жалға беру керек деген ұстанымды алға тартатындарын жария етіп жүр. Ал, Алмасбек Садырбаев жерді ел азаматтарына жеке меншікке беру керек деп, оның маңызды тұстарын баса айтып келеді. Әзірге бұл мәселеге қатысты қоғам екіге жарыла талқылау жүргізбесе де жерді жекеменшікке беру мәселесі көпшілікті алаңдатып отырғаны жасырын емес.

Дос Көшім, комиссия мүшелері бұл мәселеге қатысты екі тарапқа бөлініп, ашық пікір-таласқа түскен жоқ дейді. Оның айтуынша, жерді қазақстандықтарға сату мәселесі комиссия отырысында қаралған да жоқ. Дос Көшім мырзаның өзі үшінші отырыста осы мәселені көтергенін айтады. Ол, 2016 жылы халықты көшеге шығарған екі мәселе болатын дейді.

«Біреуі жерді ешкімге де сатпау – қазақстандықтарға да сатпау керек, жерді тауарға айналдырмау керек, жекеменшікке де бермеу керек деген мәселе. Екіншісі жерді шетелдіктерге көп жылға жалға бермеу керек деген мәселе. Осы мәселенің екіншісін Президент көтерді. Ол мәселеге қатысты қозғалыс бар, Парламентте заң қаралып жатыр. Алайда, Президент неге екінші мәселе туралы айтып, бірінші мәселе жердің қазақстандықтарға да, жаллпы ешкімге де сатылмауына қатысты өз көзқарасын білдірген жоқ? Осы мәселені мен үшінші отырыста айттым. Осыны талдап алайық, космомониторинг па, жер комиссиясын қалай тағайындау мәселесі, олардың ашықтығы, жариялылығы одан кейінгі мәселе. Осы мәселенің нүктесін қояйық, халық соны күтіп отыр.» деп сұрақ қойған екен, саясаттанушы.

Өкінішке орай, төртінші отырыста ол мәселе қаралмапты. Алайда, отырысқа қатысушылар пікірлерін айта бастаған.  Алты-жеті адам бұл мәселеге қатысты өз ойын айтқан. Олардың арасында жерді жекеменшікке беруді жақтаушылар да болыпты. Дегенмен, саясаттанушының сөзінше Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында нақты ол мәселе талқыланбапты. Сондықтан, Дос Көшім алдағы комиссия отырысында қызу пікір қақтығысы болуы мүмкін деп топшылайды.

Дос Көшім мырза Жер реформалары жөніндегі комиссияның қажеттілігіне қатысты да пікірін айтты. Оның пайымдауынша Жерге  қатысты 2016 жылы жарияланған мораторий Парламент қабырғасында талқылануы тиіс еді». Өйткені заң шығарушы  орган – Парламент. Ал, Парламентте әдетте заң жобасына қатысты жұмысшы тобы құрылады. Сол жұмысшы тобына қоғам қайраткерлері, жер мамандары, сарапшылар шақырылып, заң жобасының әр бабына қатысты пікірін айтып, өз түзетулерін енгізеді.  Ал, қазір сол жұмысшы тобының орнына комиссия құрылған. Бұдан бұрын бұл комиссияның қажеті жоқ деген ұстанымда болған Дос Көшім мырза, жердің сатылып кету қаупінен күдіктеніп, комиссия жұмысына атсалысуға келісім берген.

«Менде белгілі бір қауіп бар, менде алаңдаушылық бар. Жерді қазақстандықтарға жекеменшікке беруі мүмкін деген алаңдаушылық бар», дейді Дос Көшім. Дегенмен, ол Жер реформалары жөніндегі комиссияның міндеті заң қабылдау емес екенін баса айтты. Комиссия мүшелері Жер Кодексіне қатысты жайылымдық жерлер туралы, шекаралық аймақтағы жерлер, жер комиссиясының ашықтығы туралы және Жер реформасына байланысты өзге де сұрақтар жөнінде өз ұсыныстарын береді, айтады.

«Жерді жекеменшікке бермеу керек, жерді тауарға айналдырмау керек. Жерді шетелдіктерге көп жылға жалға бермеу керек. Бұл екі мәселе –бес жыл бұрын  халықтың билікке қойған ультиматумы болатын. Сол ультиматумға қазір халық жауап күтіп отыр. Бірақ ол жауапты Жер реформалары жөніндегі комиссия бермейді. Ол жауапты Парламент Заң арқылы береді. Мен осы мәселені отырыста айттым, көтердім. Алайда, отырыстың соңында толтырылған хаттамаға да менің бұл сөздерімді енгізбепті. Демек, бұл мәселенің соңы не болады деп алаңдауға менің толық құқым бар», дейді Дос Көшім мырза.

Комиссия жұмысына әзірге жаман емес деп баға берген саясаттанушы отырыстардың онлайн өтуі біршама қиындық туғызып отырғанын айтады. Өйткені Нұр-Сұлтанда комиссия төрағасы Ералы Тоғжановтың айналасында отырған комиссия мүшелері сөз сұрайды, пікір таластырады, ал облыстардан онлайн қатысып отырған комиссия мүшелеріне кейде сөз тимей қалады екен.

Сондай-ақ, Атыраудағы Ресеймен шекаралас аймақты демаркациялауға қатысты өткен аптаның соңында болған жағдайға пікір білдірген саясаттанушы, бұл мәселеде жергілікті халыққа түсіндіру жұмыстарын дер кезінде дұрыс жүргізбеген жергілікті шенеуніктердің кінәсі бар екенін алға тартады.

Дос Көшім мырзаның пікірлерін толығырақ, видеодан тамашалай аласыздар.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі