////

Неге бұлай? Үй алуға тұрған кезегі кері жылжып кеткен азаматтар түсініктеме беруді талап етті

4362 рет қаралды
фото: taldykorgan-online.kz

27 сәуір күні Талдықорған қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ғимаратының алдына осы қаладағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің біразы жиналды. Олар тұрғын үй алуға тұрған кезектерінің неге кейін шегеріліп кеткенін білу үшін барған. Олардың қатарында көпбалалы аналар, мүгедек бала асырап отырғандар, өздері мүгедек ретінде тіркелгендер,   толық емес отбасының мүшелері бар.

Осы жандардың бірі – Назгүл Бейсенбекова.

Назгүл толық емес отбасының өкілі, төрт баланың анасы. 2006 жылы 6 наурыз күні үй кезегіне 160-шы адам болып тіркелген. 2021 жылдың наурыз айында кезегі 15 ке жеткен. 15 жылда кезегі 145-ші адамға ғана жылжыған Назгүл осы 27 сәуір күні  Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына барғанда кезегінің өзі алғаш тұрған кезден көп адам артқа, 178- ші орынға шегеріліп кеткенін біліпті.

Назгүлдің айтуынша, ол жыл сайын кезекке қажет құжаттарды ұқыптап өткізіп отырған. Ал кеше берілген анықтамада үй кезегіне тұрған уақыты белгісіз, байланыс номерлері жоқ деп жазылыпты. Неге олай жазылғанын білгісі келсе де мардымды жауап ала алмаған Назгүл, бұл анықтама бойынша араға 15 жыл салып қайтадан үй кезегіне тұрғандай болып қалдым дейді. Сол үшін де кезектің бұлай өзгеріуіне наразы. Және тиісті органдардың бұған дұрыс жауап бергенін, кезегін бұрынғы қалыпқа келтіруін сұрайды.

Раушан Тұрсынова, бірінші топтағы мүгедек. 2019 жылы осы топтағы кезекке тұрғанда 1380 орында болған, одан кезегі 1000 ға жылжығанына қуанып жүргенде, енді міне 5560 орынға кейін жылжып кеткен. Жолдасы жұмыс істемейді. Жетісіне үш рет диализ алатын жалғыз баласы бар ана «аяқ-асты анау-мынау болып кетсем жалғыз балама баспана болсын деп едім», – дейді. Кезегімді өзі жылжыған 1000 орынға қойып берсе деген талап қойып отыр. Жақында басынан бір кінарат табылып, ол қалай болар керек екен деп уайымдайды.

Салтанат Терлікбаева 2012 жылы жолдасы қайтыс болған соң үй кезегіне тұрып, 9 жыл бойы кезегін ай сайын тексеріп отырған. Биылғы наурыз айында 525 орында тұрған еді, қазір 1280 орынға сырғып кеткен. «Тоғыз жылым босқа кеткендей болып отырмын», деген Салтанат әлеуметтік осал топтардың кезегін неге біріктіргенін түсінбейді әрі кезектегі адамдарды ол туралы жазбаша түрде хабардар етпегеніне наразы. Кезекті жылжытпас бұрын комиссия құрылып, жан-жақты саралау керек қой, ол қай заңда қаралған, дейді.

Сұрағына жауап іздеп жиналған отыз шақты адамның әр қайсысында кезекке тұрғаны жайлы анықтама бар, әркім өз кезегін мұқият бақылап отырған. Ешқандай ескертусіз, түсіндірусіз кезектің ауысып кеткеніне ашынған олар, Қазақстан азаматы ретінде еш құнымыз қалмады ма, деп налиды. Олардың арасында 18 жыл бойы үй күтіп жүргендер бар. «Біз көп ештеңе сұрап отырған жоқпыз, жұмыс істеп жүрміз, заңды кезекке тұрдық, енді кезегіміз жақындады дегенде кейінге ысырылып қалғанымыз қай заңға сай келеді»,– дейді.

ӘЛЕУМЕТТІК ОСАЛ ТОПТАРДЫҢ КЕЗЕГІ БІРІКТІРІЛДІ

 Кезегі жылжығанына наразы топ түскен видео Талдықорған инста парақшасы арқылы тарап, бірді-екілі ақпарат құралына жарияланған соң,  28 сәуір күні қала әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы әлеуметтік желілер арқылы Тұрғын үй секторының меңгерушісі Данияр Оразов пен осы сектордың бас маманы Әйгерім Сапарованың қатысуымен тікелей эфирге шығып үй кезегінің жылжуына байланысты туындаған мәселені түсіндірді.

Тұрғын үй кезегінде тұрғандар  тізімін ҚР-ның қолданыстағы заңнамасына сәйкестендіру туралы ақпарат береміз деп басталған жиында Данияр Маратұлы Талдықорған қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінде кезекте жалпы саны 14 567 адам тұрғанын айтты. Данияр Маратұлының айтуынша,  оның ішінде Тұрғын үй қатынастары заңының 67-68 бабына сәйкес әлеуметтік осал топ тізіміндегілер бар. Бұрын әлеуметтік осал топтардың әр санатына жеке кезек белгіленетін. 2020-21 жылдары ол топтарды біріктіру жайын қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен өткен жиындарда талқылап, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың 19 санаттағы тобын біріктірейік дедік. Бүгінгі күні әлеуметтік осал топтың өкілдерінің тізімін біріктіру жұмыстары аяқталды.

Тұрғын үй кезегінің ортақ базаға біріктірілгенін тәптіштеп түсіндірген  Данияр Маратұлы «Қазір Талдықорған қаласы бойынша 18 000 нан астам адам кезекке тұрған екен, ондағы 5305 адамды біз тізіменен алып тастадық. Себебі ол азаматтардың статусы нақтыланбады, кейбірінің атында үй бар, кейбірі басқа қалаға көшіп кеткен. Қазіргі кездегі ең үлкен мәселе әлеуметтік осал топ санатынының біріктірілуі. Біз бұған дейін кезекте тұрған әр азаматқа сіздің кезегіңіз осындай деген қағаз нұсқада анықтама беріп жүргенбіз, қазір электронды кезекке көштік. Біз кезекте тұрған адамдарға берілетін анықтаманың үшінші пунктінде әлеуметтік осал топтардың кезегі біріктірілетенін жазғанбыз, оны азаматтар байқамай қалған шығар.  

Ал, азаматтардың кезекке тұрған уақыты мен әлеуметтік топ санатының өзгергенін реттеуге болады. Кезекке тұрған уақыты мен санаты өзгерген азаматтар құжаттарын алып келсе, біз Астанаға тиісті мекемеге жіберіп, ол кісілер кезекті орнына қою жұмысын қолға алады.

Бұл санаттардың біріктірілуінің себебі жұмысты оңтайландыру. Ендігі жерде кезекке тұрған адамдардың кезегін Республикалық электронды база автоматты түрде өзі реттейді. Кезек жылжып кеткенімен үй беру ісі тездетіледі. Құрылыс бөлімінің мәліметіне сәйкес 2021 жылы 1030 үй пайдалануға берілсе, оның 500 жергілікті атқарушы органдар арқылы кезекте тұрған азаматтарға,  қалған 530 үй несиеге беріледі. Біз барынша азаматтарға жеке-жеке түсіндіруге тырысамыз. Қазір қалада әлеуметтік осал топтар санаты бойынша 6280 азамат кезекте тұр. Жұмыс істей бастаған базаның тиімділігін азаматтар үй беріле бастағанда түсінеді деп ойлаймын. Қазір біз қала әкімінің тапсырмасымен құрылыс бөлімінен мәлімет алып, қай топқа қанша үй берілетінін нақты жазып Қала әкімшілігінің сайтына жүктеп қоямыз деп жоспарлап отырмыз, халыққа ақпарат ашық жеткізілуі керек»,– деді.

Оның айтуынша, Тұрғын үй шаруашылығы қызметкерлері кезекті өздері реттемейді, тек базада болған ақауларды тиісті орындарға жеткізіп отырады.

Осы жиынға қатысқан Тұрғын үй сектордың бас маманы Әйгерім Сапарова әлеуметтік осал топтардың кезегін біріктіру барысында кезекте тұрғандардың санаты мен кезекке тұрған жылының өзгеріп кеткенін түзеуге болады деді. Ол үшін азаматтар кезекке тұрғанын дәлелдейтін құжаттарды алып келсе, мекемедегі операторлар оларға көмектеседі. Кезектен алынып қалған адамдардың мәселесін де осылай қарастыратынын айтқан бас маман тұрғындарды алаңдамауға шақырды.

Тұрғын үй шаруашылығы қызметкерлерінің айтқанынан түсінгеніміз кезек жылжып кеткенімен үй алу тездетіледі. Бұрынғы 19 әлеуметтік санатты 6 санатқа біріктірген республикалық база жаңа жасалып жатқандықтан, түрлі ақаулардың бары рас, уақыт өте келе реттелетін көрінеді.

Ал кезегінің артқа жылжып кеткенін қағаздағы анықтамадан анық көріп отырған жұрт үйге қолымыз жетпей қалады деп қатты алаңдайды. Алды 18 жыл бойы үй күтіп, енді жетем дегенде кезегінен артқа жылжып қалған жұртты «кезек кері жылжығанмен үй беру ісі тездетіледі» деген сөзбен жұбату қиын-ау?!.

Сол себепті Талдықорған қаласы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлеріне қарапайым халықтың наразылығын өршітпеу үшін «Халық үніне құлақ асатын» мемлекеттік орган ретінде бірталай ақпаратты нақтылап, анықтап айтып беруіне тура келеді.    

Талдыкорганец инста парақшасына сілтеме:

https://www.instagram.com/tv/COLGkzzn0Gu/?igshid=aqeeiihn7no3

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы өткізген тікелей эфир:

 
 
 
 
 
View this post on Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by Nur Kanatuly (@nur.kanatuly.kz)

Жоба MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі