/

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне  30 жыл: «Көш» газетінің көтерген жүгі жеңіл емес еді

2772 рет қаралды
1

Биыл еліміздің, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне  30 жыл толады. Бұл – үлкен  дата.  Біздің Ресей отарынан тәуелсіздігімізді, жеке елдік мұратымызды, бостандығымызды, дербестігімізді қайтарып, азаттық алғандығымызға отыз жыл.

Сондықтан да оның мән мен маңызы өте жоғары. Отыз жыл – тарих  үшін оншама ұзақ сонар уақыт емес. Сөйтсе де бір дәуірде өмір сүріп,  ғұмыр кешіп отырған адамзат баласы үшін бір ұрпақ ауысып, жаңа түлектер келіп жеткен жаңару белесі. Өткенің мен қазіргіңе, кешегің мен бүгініңе, ел алдында қоғам болып  істеген ісіңе, атқарған шаруаңа, жеткен жетістіктерің мен кеткен кемшіліктеріңе саяси-әлеуметтік және мәдени-экономикалық тұрғыдан жан жақты саралап,  сараптап, елеп-екшеп, есеп беретін сынақ кезеңі.  Болашағыңды болжап, келешегіңе кемел жоспарлар жасап, барар бағыт, басар жолыңды толық айқындауға мүмкіндік беретін уақыт.

Осы дербестік жылдарындағы Қазақстан Республикасының жеткен жетістіктерінің бірі һәм бірегейі  Қазақ Еліне әлемнің әр жеріне саяси зұлматтардың күш-зорлығымен тарыдай шашырап кеткен қазақ баласының біртіндеп, аз мөлшерде болса да бір тудың астына жинала бастауы.

Бұл айтулы оқиға 1991 жылы наурыз айының 17 күні Моңғолиядан аттанып, сол айдың 22-cінде  тұңғыш көштің атажұртқа ат басын тіреуінен басталды. Мінеки, сол бір тарихи құтты көштің оралғанына да 30 жыл толып отыр. Оның да өзіндік ерекше елеулі, тағдырлы тарихы бар. Оның да Отанымыздың  отыз жылдық жылнамасынан алатын ордалы орны бар.

Соның бір парасы биыл жарық көргеніне 20 жыл толып отырған еларалық ақпараттық басылым «КӨШ» газетінің өмірге келуі.  Аты айтып тұрғандай бұл газет Қазақстан мен Қазақстаннан тыс елдерде өмір сүріп отырған ағайындардың арасында алтын көпір болуға,  ел мен елдің арасын жақындастыруға, Отанына оралған оралмандардың тағдыр талайына қатысты туындаған мәселерді айтуға, дер кезінде билікке жеткізуге, оның оңды шешілуіне ықпал етуге, бір сөзбен айтқанда оралмандардың көзі, құлағы һәм тілі болуға арналған газет еді.  Солай болды да.

Газет Ұлыстың Ұлы Күні наурыз мерекесінің қарсаңында Ұлы көштің 10 жылдығына орай 1991 ұлу жылы наурыздың 17 күні жарыққа шықты. Газеттің бірінші беті «Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Оралман – Тәуелсіз Отанымыздың тең құрдасы!» деген жүрек жарды құттықтаулармен ашылды. Кім болсын, мейлі ол оралман болсын, мейлі ол жергілікті тұрғын болсын, қай заманда да қашан да халықтың ең көкейгесті мәселесі Жер тағдыры. Менің дейтін алақандай жеріңнің болуы. Жерсіз жерсіну болмайды. Ол бір тамырсыз егілген ағашпен бірдей, өсімсіз, өркенсіз, бүгін бар да ертең жоқ дүние бос. Соның үшінде газеттің бас мақаласы ретінде «Көш» гаезетінің құрылтайшысы «Асар» Оралмандардың Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодауханұлының «Ата-баба жерінен енші берілетін болады» атты мақаласы берілді. Сондай-ақ бірінші беттен «Ғұрбаттан туған елге» атты, газет ұжымына компьютер сыйға тартқан, ғалым Мұртаза Бұлұтайдың қазақ диаспарасы туралы ғылыми мақаласы орын алды. Көк  түспен көркемдеп, көрнекті етіп әрлеп «Ұлы көшке 10 жыл» деген айдармен

Қалдырып қасыреттің сынақтарын,

Қосылды үйіріне жырақтағым!

Жұртымды жаңа ғасыр аттап тұрған,

Жаратқан ием, енді жылатпағын! (Бақытбек Бәмішұлы) деген бата-тілек жазылды.

Газеттің екінші беті қайраткер ағаларымыздың Шерхан Мұртаза, Уалихан Қалижан, Қалдарбек Найманбаевтардың «газет шашылғанды  жинауға, қосылғанды құптауға, қызмет ететін болсын» қатарлы ақ батасымен ашылып, негізгі сарашы Абай Мауқараұлының «Қазақ баспасөзі және шет елдегі қазақтар» мақаласын жариялады.

Газет тілшісінің  Алматы облыстық оралмандар кеңесінің төрағасы, ақын Алмас Ахметбекұлымен жасаған «Қашқан көш пен қайтқан көштің арасында» атты сұхбаты мен газеттің кейінгі жылдардағы бас редакторы Бақытбек Бәмішұлының «Менің алғашқы махаббатым» атты өлеңі газеттің үшінші бетінен орын алды. Сондай-ақ газеттің келесі беттерінен  Мұхит Жақсылықұлының «Оралмандардың азаматтығын алуды жеңілдетудің оңтайлы» жолдары, «Асар қоғамының Алматы қалалық филиалының төрағасы Бостандық Қалқабайұлының «Алматыдағы оралмандарға жер беріледі» атты көптен күткен қуанышты хабарымен қатар басқа да авторлардың күн тәртібінен түспейтін келелі мәселелерді көтерген мақалалары жарық көрді. Мінеки, «Көш» газетінің алғашқы саны осылай өмірге жолдама алды.

Газеттің мәртебелі кеңесшілері Шерхан Мұртаза, Калихан Қалижан, Алтыншаш Жағанова, Қалдарбек Найманбаев, Әкім Ысқақ, алқа мүшелеріне Болат Бопай, Бақытбек Бәмішұлы, Есенгүл Кәпқызы  бекітіліп, өлкелердегі тілшілеріне Бекен Қайрат (Астана), Жамлиха Шалұлы, Алмас Ахметбекұлы (Алматы облысы), Қуандық Шамақайұлы (Қарағанды), Мұхит Жақсылықұлы (Павлодар), Соян Қажыбайұлы (Шығыс Қазақстан), Байыт Жанатұлы (Ақмола облысы) тағайындалды.

Газет Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде  тіркеліп, №1728-Г куәлігі берілген. Газет Алматыдағы «Алатау» баспаханасында басылып, 4 баспа табақ көлемінде 4000 данаға дейін жарық көріп, таратылып тұрды. Өкінішке қарай, 2005 жылы  өз ісін белгілі себептерге байланысты тоқтатты.   Алайда, «Көш» газеті Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат саласының, халықтың, соның ішінде оралман қауымының қалауынан шыққан биліктің құлақ асатын, аз уақыттың ішінде көптеген ел мен жер, көш пен көші-қон тағдырына қатысты сан-салалы, алуан түрлі күрделі мәселелерді дер кезінде алға қойып, назар аударта алған санаулы тұңғыш  баспасөзінің біріне айналған еді. Сондай-ақ, «Көш» газеті қазақ баспасөзіне алыс-жақын шет елдерден келіп қосылған  оралмандардың тыныс-тіршілігін бір арнаға жинақтап ұлы дарияға жеткізген мөлдір бұлақтай рөл атқарды. Бұл сөзіміздің шындығына газеттің сол кездегі сандарын қолына алып қараған зертеуші, іздеуші, тарихшы, әлеуметтанушы тағы басқа адамның көзі жететіне кәміл сенеміз.

Газеттің үлгісін жасап, беттеп-қаттап, заманауи тұрпатта баспаға дайындауды Нұрбек Қалымұлы өз міндетіне алды. Жалпы  «Көш» газетінің көтерген жүгі жеңіл емес еді. Газетті салмақты да салиқалы мақалармен  жан жақты қамтамасыз етіп, оның  ішкі жұмысына белесене кірісіп, қысылтаяң шақта тұрақты волонтерлік қызмет атқарған, таралуына мол үлес қосқан Қайрат  Бодауханұлы, Абай Мауқараұлы, Алмас Ахметбекұлы, Бақытбек Бәмішұлы, Есенгүл Кәпқызы,  Рақым Айыпұлы, Болат Бопай, Мұхит Жақсылықұлы,  Болатбек Баянханұлы, Еренғайып Қуатайұлы, Жандос Бәделұлы қатарлы журналист-жазушы азаматтарды осы даталы жыл қарсаңында мақтанышпен  атап өткеніміз ләзім.

Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Ғазиз Олдұлы Құнапия
    Бақытбек, бауырым, амансың ба? Иә, Тәуелсізбіктің елең- алаң шағында “Көш” газеті де елдің көркейіп өркендеуіне өз үлесін қосты деп ойлаймын. Халықтың мұң- мұқтажын әсіресе сыртан елге оралған ағайындардың әлуметтік мәселесін, одандан да бөлек тарихи танымдық материалды үзбей беріп тұратын. Шетін жүрген керейдің мінезіне тартып, шынбайға тиген саясатты да ақырын шымшып алатын. Өзің басқарып шығарып тұрған сол газетке менің де ежелгі алтай тілдер жөнінде тарихи-салыстырмалы бір мақалам жарық көрген еді.
    Содан кейіңгі бір жылдарда газет шығарылымы тоқтады, не себеп болғанын білмедім. Газеттің өзектілігі казіргі жағдайда да сезіліп тұр. Қанша жерде электронды ақпарат қарыштады деседе газеттің жөні бір бөлек, кең ауқымды дүниелерді талдап талқылап айтуға, енді бір жағынан керекті дүниелердің архивте тарихи кезеңдерде сақтауға болатыны өте маңызды еді.
    Осы бір ұлт үшін қажетті газетті қайта жаңғыртуға демеу болатын, немесе қолтығының астына алатын құрылтайшы дейміз бе, көші-қон, демогрфиялық мәселерді жауаптанғандар не ойлайды екен.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар