//

Елдос Сметов, Токио олимпиадасының қола медаль жүлдегері: Мен бар күшімді салдым

1274 рет қаралды
photo: www.olympic.kz
Дзюдодан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Елдос Сметов Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, екінші Олимпиададағы екінші медаліне қатысты ойын бөлісті. Олимпиада жүлдегерінің айтуынша, ол Токио төрінен абыроймен оралу үшін бар күшін салған. 

«Шыны керек, мен қола емес, алтын аламын деп келдім. Рио Олимпиадасынан кейін татамиден алыстап кетпей, үлкен спортта қалуымның да бір себебі осы еді. Күмістен кейін алтын алғым келді. Еліміздің әнұранын шарықтатып, көк байрағымызды биіктен көруді армандадым. Сол үшін тынбай еңбек еттім де. Бірақ маған бұйырып тұрғаны қола жүлде екен.

Мен барымды салдым. Спортқа арнаған осынша жылдағы бар өнерімді, бар күшімді бүгін Токио татамиіне тастап шықтым. Бойымда күреске деген қандай қасиет болса, соның бірін де аяп қалмадым. Жартылай финалдағы жекпе-жекті көрдіңіздер. Өте тартысты өтті. Қайта-қайта шабуылға иек артып, қарсыласымды тұқыртуға тырыстым. Алайда, жеңіс бүгін менің жағымда емес екен.

Иа, жапондық балуан Наохиса Такато менімен кездесуге финалдық белдесуге шыққандай дайындықпен келді. Оның финалға және оған дейінгі жекпе-жектерге қалай дайындалғанын көрдім. Жартылай финалға ерекше әсермен беттеді. Екеуміз талай мәрте кездесіп жүрміз. Бір-бірімізді жақсы білеміз. Бүгінгі белдесудің тым ұзаққа созылғанының себебі де осы.

2020 жылдың басында біз нағыз бабымызда болдық. Алайда, әлемдегі пандемия салқынын тигізді. Сегіз-тоғыз ай бойы бірде бір жарысқа қатысқан жоқпыз. Десе де, бұл күндердің бәрі артта қалды, қиындықтың бәрін жеңіп шықтық. Соған қуанамын.

Ал келесі Олимпиада туралы не айтуға болады?  Париж Олимпиадасына бару-бармауым жайлы ештеңені кесіп айта алмаймын. Өте ауыр сұрақ. Маған әлі тынығып, денсаулығымды дұрыстау керек. Сіздерге көрінбегенмен, менің ғана жаныма бататын жарақаттар бар. Соларды емдеу керек. Жоғарыда айттым, менің арманым – Олимпиада алтынын алу. Міне, екінші Олимпиадада алтынға сынық сүйем жерден тоқтап отырмын. Мен алмасам ба, менің бауырларым, қазақ дзюдошылары Олимпиада чемпионы атанса, содан артық бақыт жоқ!

Жарыс мұнымен біткен жоқ. Әлі еліміздің намысын қорғайтын төрт балуанымыз бар. Соларға сәттілік, жеңіс тілеймін», – деді Сметов.

Елдос Сметов Токио Олимпиадасының қола жүлдесі үшін өткен белдесуде Нидерланд балуанынан басым түсті.

www.olympic.kz 

ФОТО: Жеңіс Ысқабай, Қазақстан ҰОК

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар