////

Ерекше жандарға арналған үй кезегі баяу жылжиды екен. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар ананың баяны

4425 рет қаралды
фото: homsters.kz

Біздің редакцияға Орал қаласының тұрғыны Сағынова Гүлжанат хабарласып өзінің мүгедек бала тәрбиелеп отырғаны және баспанаға байланысты мәселесі көп жылдан бері шешілмей жүргені жайында баяндады. Сонымен қатар, қала басшысы мен өзі қызмет ететін мәдениет басқармасының басшылығына осы мәселе бойынша ресми хат жолдау үшін көмек көрсетуімізді өтінді.

Осы орайда, MINBER.KZ көп балалы аналар мен мүгедек балалары бар аналарға қиын өмірлік жағдайларға тап болған кезде жәрдем ету мақсатында «Көп балалы аналар клубы» атты өзара кеңес беру клубының жұмыс жасайтынын еске сала кетейік.

ҚЫЗЫМНЫҢ ЖАҒДАЙЫНА ОРАЙ АУЫЛДАН ҚАЛАҒА КӨШУГЕ МӘЖБҮР БОЛДЫҚ 

«2003 жылдан бері пәтер жалдап келеміз, ауылда да пәтер жалдап тұрдық. Негізі Қаратөбе ауданының тумасымыз. Мен, Сағынова Гүлжайнат Борановна, 01.03.1980 жылы тудым. Қазіргі уақытта Орал қаласы, Зачаганск кенті, Владимирская көшесі, 28/1 мекенжайында тұрамын. Некеде Сагынов Ерболат Тілекұлымен ортақ екі баламыз бар. Ұлым – Тлеков Нұрбол, 26.06.2000 жылы туған және Тлекова Ләйла 13.03.2003 жылы туған. Қызым дүниеге келгеннен сал ауруымен ауырады. Қазіргі диагнозы 3 жасынан қойылды – «ДЦП Церебральный паралич. Атрофия зрительного нерва». Бүгінгі күні 18 жаста. Қызымыз денсаулығына, диагнозына байланысты жалпы орта білім беретін мектепте оқи алмайтын болды. Осыған орай қызымызды  арнайы мектепке беру, оған қоса емдеу шараларын мамандандырылған емдеу мекемелерінен уақтылы алу мақсатында Орал қаласына көшуге мәжбүр болдық. Орал қаласына Теректі ауданы, Жаңаөмір ауылынан 2006 жылы көшіп келдік.

Өзім Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Қалалық мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК Гагарин атындағы балалар кинотеатрында 2019 жылдан бері кіші қызметкер ретінде, сонымен қатар «Жас Ұрпақ» жасөспірімдердің әлеуметтік даму орталығында кіші қызметкер ретінде (0,5) қызмет етемін. Жолдасымның мамандығы жоқ, сол себептен тұрақты жұмысы да жоқ. Құрылыста, анда-мында күнелтіп жүр. Қазір Атырауда жұмыста, осыған дейін автокөлік жуатын орында жұмыс істеген. Кейде жолдасымның күзден қысқа дейін жұмыссыз отырып қалатын уақыттары да болған. 2019 жылға дейін қызымды күтіп, жұмысқа шыға алмадым. Осы 2019 жылы ұлым Алматыға оқуға түсіп, ақша қажет болғасын амалсыз жұмысқа шықтым. Қазір 70-тен асқан анам ауылдан келіп қызымды қарауға көмектесіп отыр. Медициналық-еңбек сараптама комиссиясының (МЕСК (ВТЭК) шешімі бойынша 2021 жылдың наурыз айында қызыма өмірлік І-ші топтағы мүгедектік тағайындалды».

Мүгедектік туралы анықтама

ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНЕ ТҰРҒАНЫМЫЗҒА 10 ЖЫЛ БОЛДЫ

2012 жылдан бері үй алу үшін «мүгедек бала күтуші» санаты бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне кезекке тұрдық. Кезекке тіркелген кезде №558 болып тұрғын үйге мұқтаждар есебіне алындық (04.12.2012ж. №С-109 хабарламасы жалғанды). Қазіргі күні кезегіміздің нөмірі №366. Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар санаты үшін тұрғын үйге мұқтаждар кезегі өте баяу жылжуда. Кезектің жетуін күтіп жүргенімізге 10 жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде кезек тек 200-ге жуық адамға ғана жылжыды. Дәл осы мәселемен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына, «Нұр отан» ХДП төрағасының қабылдауында болып, жағдайымды баяндап, көмек сұрадым. Өкінішке орай, сұрақтарым жауапсыз қалды. Бәрінің айтатыны бір жауап «үй кезегін күтесіз, сіздің алдыңызда да адамдар бар немесе тұрғын-үй құрылыс жинақ банкіне жинақ жасаңыз» деген сияқты мардымсыз жауаптар» – деген Гүлжанат басындағы қиын жағдайдың күрмеуін тарқатты.

Тұрғын үйге мұқтаждар есебіне алынғаны туралы 04.12.2012ж. №С-109 хабарлама

МҮГЕДЕК БАЛАЛАРЫ БАР НЕМЕСЕ ОЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУШІ ОТБАСЫЛАРҒА БЕРІЛГЕН БАСПАНА БАРЛЫҚ БАСПАНАНЫҢ 7,2%-ы ҒАНА

Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының сайтында берілген мәліметке сүйенсек облыста тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж 28 397 азамат кезекте тұр екен, оның ішінде 10 292 отбасы халықтың әлеуметтік осал топтары бойынша және 2 292 отбасы көп балалы отбасы санаты бойынша есепке алынған. 2021 жылдың 1 мамырына кезекте тұрғандарға 466 пәтер берілген.

Халықтың әлеуметтік осал топтары санатына кімдер жатады? Осы санаттағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға жыл сайын тұрғын-үй құрылысы қорынан қанша пәтер бөлінеді? «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар» атты тұрғын үйге мұқтаждар кезегі неге баяу жылжиды?   Халықтың әлеуметтік осал топтарына: көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жасы бойынша зейнеткерлер, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар, оралмандар, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар жатқызылған. Аталған санат бойынша тұрғын үйге мұқтаждарға бөлінген пәтерлер санына келсек:

  • көп балалы отбасыларға – 176 пәтер (оның ішінде Орал қаласында –166 пәтер, облыс аудандарында – 10 пәтер);
  • толық емес отбасыларға – 46 пәтер;
  • мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға – 34 пәтер;
  • 1 және 2 топтағы мүгедектерге – 37 пәтер;
  • жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 53 пәтер;
  • жасы бойынша зейнеткерлерге – 27 пәтер;
  • ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға – 25 пәтер;
  • оралмандарға – 2 пәтер;
  • Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар – 9 пәтер берілген.

Жоғарыдағы кестеде көрсетілгендей мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға биылғы жылдың 1 мамырына 34 қана пәтер беріліпті. Бұл берілген пәтерлердің жалпы санының 7,2% ғана екен. 

БІЗДІ ТЕК ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІ ҚИНАП ЖҮР

«Қызымның қазіргі жағдайына келетін болсам, өздігінен жүре алмайды, мүгедектер арбасында отырады, тамағын іше алмайды, таза ауаға серуендеуге шыға алмайды, дәретханаға бара алмайды. Өзім күтуші ретінде барлығына көмектесемін, күтемін. Күтім мен көмек әрдайым қажет. Қабылдайтын дәрі-дәрмегі де үзілмеуі керек. Дәрігерлердің жіті бақылауында. Тиісті көмегін аламыз, жәрдемақысын, бала күтушісіне төленетін ақысын аламыз. Жәрдемақы көлемі шамамен 50 000 теңге, күтушісіне 40 000. Жылына бір рет гигиеналық құралдар береді: 600 дана памперс, 4 жылда бір рет арба береді, ол сыртқы және ішкі деп бөлінеді, жөргектері, мезгілімен күзгі және жазғы аяқ киімі де беріледі. Сыртқы және ішкі арбасы бар. Үш айда бір рет физио емдеу, массаж сияқты емдеу шараларын тегін аламыз. Бұрын Астанаға барып, жылына бір, екі рет ем алып жүрдік. Қазір 18 жасқа толған соң бұл ем шаралары тоқтатылды. Кәмелеттік жасқа толған соң комиссиядан өттік. Комиссия мүгедектіктің І-ші тобын өмірлікке тағайындады. Күтушілік те өмірлік болып қалады, күтушіге төленетін жәрдемақы да автоматты түрде өмірлік болып қалады, төленеді.  Мүгедектікке байланысты әлеуметтік қамту жағынан ешқандай шағымым жоқ, өйткені барлық қажетті гигеналық құралдар мен арбасы, аяқ киімдерін уақтылы, мезгілге сәйкес алып отырмыз.

Бізді тек тұрғын үй мәселесі қинап жүр. Бастапқы кезде қалада тіркеуіміз болмады, содан да үйдің кезегіне ұзақ тұра алмадық. Қызымды оқыту үшін көшіп келгенмен, баспанасыз пәтер жалдап жүрдік. Уақыт өте келе тіркеуге отыратын орын тауып, 2012 жылы үйдің кезегіне тұрдық, содан бері әлі кезек күтіп пәтерде жүрміз. Біз баспанаға мұқтаждар тізімінде «мүгедек баланы күтушілер мен отбасылар» атты әлеуметтік осал топқа жататын арнайы кезек тізімінде тұрмыз. Менің түсінуімше, дәл осы топтағы баспанаға мұқтаждардың кезегі баяу жылжиды. Мысалы, кезекте тұрғандардың ішінде көп балалы аналар, көп балалы отбасылар тобына жататындар бар, олардың кезегі әлдеқайда тез жылжиды. Олар тезірек алады. Бұл облыс бойынша осы санаттағы кезекте тұрған отбасыларға пәтерлердің аз бөлінуінен бе себебін түсінбеймін. Мүгедек қыз баламен 10 жылдың үстінде пәтерден пәтерге көшіп, әлі жүрміз. Жағдайымыз қиын, пәтер жалдау өте қымбат. Жайландырылған пәтер жалдайын десек табысымыз жетпейді, жайландырылған пәтерлерді жалдау бағасы тіпті ұстатпайды да. Ескі, жайландырылмаған пәтерде тұрып жатырмыз, қызым үшін ешқандай жағдай жоқ. Үйдің ішіне су кіріп тұрған жоқ, суды тасимыз. Ваннасы жоқ. Дәретханасы аулада. Арзан 30 мың теңге болғасын амал жоқтан тұрып жатырмыз. Әкімдік, Нұр Отан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жинақ жаса немесе жеткенше кезегіңді күт дейді. Онымен банкке жинайық десек, пәтерге төлейміз, студент баламызға көмектесеміз, қызымыз ауырады. Менің табысым 50 мыңдай, оның 30 мыңын пәтерге төлейміз, күнделікті тамағың мен жүретін жолақың бар. Екеуміздің табысымызды қосқанда 100 000 теңгедей болады, бұл табыс көлемімен үй алу үшін жинақ жасау мүмкін емес, жинауға тіптен ауыспайды. Мүгедектік тағайындалғанға дейін наурыз айынан бері жәрдемақылар тоқтатылды, бірақ осы уақыттың ішіндегі тиесілі барлық айдың жәрдемақысы ресми рәсімдеу үдерісінен кейін толық төленеді. Сол кезде түскен ақшаның көбірек бөлігін тұрғын-үй құрылыс жинақ банкіне жинаққа салсам ба деп отырмын. Негізі шот ашқанмын, бірақ табысымыз жинауға жетпейді, сондықтан сала алмай жүрміз. Адал еңбегімізбен күн көріп жүрміз, бар шығындарымызды өзіміз өтейміз. Қандай қиын жағдай болғанда да ешкімге алақан жайып көргеніміз жоқ. Бірақ, мәселенің барлығы күрмеуі шешілмей жүрген баспанаға келіп тіреледі.

Қала әкіміне жазылып, кіру мүмкін емес, көп уақыттан бері жазылып, қабылдауына кіргім келеді, әлі кіре алмай жүрмін. Сіздерге өтінішім, мен қала әкімі Абат Абайұлының атына және өзім қызмет ететін Гагарин атындағы балалар кинотеатры бағынысты Орал қалалық мәдениет және тілдер басқармасының басшысының атына мүгедек бала тәрбиелеп отырған ана ретінде, көп жылдан бері қол жеткізе алмай жүрген баспана жайындағы мәселемді көтеріп хат жолдағым келеді. Мүмкін қала басшысы не сала басшысы мүгедек қыз бала тәрбиелеп отырған отбасының тұрған жерін, уақытша жалдап тұрған баспанасын келіп көрер, жағдайымызды түсінер, соның нәтижесінде баспана кезегін жылжытып, тезірек үй алуға немесе өз кезегіміз келіп үй алғанша уақытша жалға (аренда) берілетін үйлерден жайландырылған пәтер бөлуге көмектесіп, ықпал етер деген үмітім бар» – деп өз сөзін аяқтады баспана мәселесі әбден титықтатқан, мүгедек бала тәрбиелеуші ана.

Өңірімізде баспана мәселесін шешу үшін биылғы жылы қандай шаралар жоспарланған және қандай мүмкіндіктер бар? Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының сайтындағы деректер  2021 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауылдарда 9 КПТҮ (1126 пәтер) және 82 тұрғын үй (640 пәтер) салу көзделгенін баяндайды. 2020 жылы облыс бойынша 25 азамат 12 380,0 мың теңге сомасына тұрғын үй сертификатын алса, 2021 жылы облыс бойынша тұрғын үй сертификаттарын беруге 300 млн.теңге бөлініпті. Басқарманың хабарлауынша Облыстық мәслихаттың шешімімен тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесі анықталған. Облыс бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері бастапқы жарна сомасының 50%-ын құрайтын болса, ол әрбір алушы үшін 1 млн. теңгеден аспауы қажет.

Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесіне:

1) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;

2) “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен наградталған немесе бұрын “Батыр Ана” атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған көп балалы отбасылар, көп балалы аналар;

3) толық емес отбасылар;

4) денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы және құқық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарламаның және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін қажетті мамандар кіреді.

Тұрғын үй сертификаттары туралы ақпарат жалғыз Ербол мен  Гүлжанат үшін емес, сертификат алушылар қатарына кіретін әлеуметтік осал топтағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтар үшін де қуанышты хабар болады деп сенеміз. Қазіргі уақытта MINBER.KZ Гүлжанатқа қала әкімі мен қалалық мәдениет бөлімінің басшысына құжаттарын жалғай отырып, ресми хат жолдауға көмек көрсетті. Алдағы уақытта осы хаттың жауабы келгенше, «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар» санаты бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесіне енгізу үшін қандай шаралар қабылдау қажет екенін біліп, осыған ықпал етуді жоспарлауда.  

Альфия Шамай, Орал қаласы, БҚО

Жоба MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі