///

Өркен өркениетке қашан жетеді? Интернеті нашар ауылдың мұңы

4604 рет қаралды

 Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да келіп жетті. 2020 жылдың наурыз айынан қашықтықтан оқуға көшірілген мектеп оқушылары биылғы 2021-2022 оқу жылын дәстүрлі оффлайн тәртіпте бастайды. Алайда, әлемді жайлаған коронавирусқа байланысты ахуалдың әлі де тұрақсыз екенін есепке алсақ, онлайн өмірмен қош айтыстық деуге әлі ерте. Бұл жағдайда интернет бізге ауадай қажет, ал елдің батыс өңіріндегі елді мекендерде интернет сапасы қандай? Сапасынан бұрын, интернет бар ма деп сұраған орынды шығар.

Бәйтерек ауданының Өркен ауылы Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласынан 46,6 шақырым қашықта орналасқан, Көшім ауылдық округінің құрамына кіреді. Ауылда 2009 жылғы халық санағының мәліметтері бойынша 338 адам тұрады. Оның 100-і балалар. Облыс орталығына жақын орналасуына қарамастан, ауылдағы ең өзекті болып тұрған мәселелердің бірі байланыс пен интернет желісі.

Бұл туралы Бәйтерек ауданының әкімі М.Тоқжанов 2021 жылдың 10 ақпанында халық алдындағы есеп беру кездесуінде сөйлеген сөзінде: «Бәйтерек ауданының 68 елдімекені толықтай байланыс жүйесімен қамтамасыз етілген, бірақ бүгінгі байланыс жүйесінің сапасы халықты қанағаттандырмай отыр» деп өзі де мойындапты. Әкімнің баяндамасында көргеніміздей 2020 жылы Бәйтерек ауданының 5 ауылына мобильді интернет қосылса, 9 елді мекен кең жолақты интернет желісіне қосылған, бүгінгі күні 21 елді мекеннің өтінімін Цифрландыру басқармасына жолдаған екен. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын көрінеді.

https://www.youtube.com/watch?v=Tdyf8nKoXMs&t=1291s

ИНТЕРНЕТТІҢ ЖОҚТЫҒЫ КӨП ДҮНИЕГЕ ҚОЛ БАЙЛАУ

Біздің редакцияға хабарласқан Өркен ауылының тұрғындары не дейді? Олардың ауылдағы байланыс пен интернеттің сапасына көңілі тола ма? Және оқу үрдісі онлайн тәртіпке көшкен кезде оқушылар мен мұғалімдер қандай қиындықтарға тап болды?

Өзін Елемесова Жұмазия деп таныстырған ауыл тұрғыны, зейнеткер:

– 1989 жылы ауылда мектеп ашылды, сол кезден еңбек етіп, осы ауылды мекен еткеніме 32 жыл болды  Ауылымызда 72 үй бар, 400-ге жуық халқымыз бар. Әркімнің өз шаруасы бар, біреулері мал бағады, біреулері жұмыс жасайды. Жұмыс ошағы – мектеп. Біраз проблемалық мәселелер бар, су жүргізу, жол салу сияқты, алайда қазіргі ең өзекті болып тұрған мәселе – байланыс пен интернет жүйесінің жоқтығы. Себебі оқушылар онлайн жағдайда оқыды, күшейткіш бір үйде болса, келесі үйде жоқ. Күшейткішті әркім өзі үшін, балалары үшін алады. Олардың құны 40 мыңнан басталады. Оны алуға да біреудің жағдайы бар, біреудің жағдайы жоқ. Оның да қиындығы бар, ауылдағы үйлердің барлығы екі пәтерлі үйлер, бір-біріне жалғасып тұр. Сондықтан, күшейткіш те бір үйде жақсы ұстаса, көршісінде мүлдем ұстамауы мүмкін.

Ең қиын болған жағдай мектепте олимпиада өтті. Олимпиада кезінде балаларды Көшім мектебіне апарып, сол мектептен қатыстырды. Оқу жылы кезінде мектеп мұғалімдері күнделік толтыру, онлайн өтетін семинар, вебинарлар сияқты біліктілік арттыру оқуларына қатысу, жобаларын қорғау сияқты шаралардың барлығына қалаға баруға мәжбүр болды. Қалаға жету үшін жол да нашар, жолына қосымша қаржы шығарады. Ал, жұмыс істеген соң өз міндеттерін орындауы қажет, сол себептен олар қалаға барып болса да, оқуларына қатысады. Оқушыларға өте қиын. Байланыстың барлық түрі бар, алайда сапасы өте нашар, бір естілсе, бір естілмейді. Интернет пен оның жылдамдығы туралы айтпасақ та болады. Көшім ауылында шағын мұнара бар, мектептің қасына орнатылған, бірақ ол бізге жетпейді, біздің ауылды байланыспен қамтамасыз ете алмайды. Біз күшейткіш қойғанның өзінде Теле2, Activ байланыс жүйелері Оралдан алады, ал қалғаны Ақжайық ауданына қарасты 73 км деген жерден алады. Өзім осы мектепте біршама жыл директор болып қызмет еттім, сондықтан бұл ауылдың проблемалары маған таныс. Ауылдың үлкендері болып Beeline байланыс жүйесінің мұнарасын орнатсын деген тілек білдіргенбіз. Алайда, ол үшін ауылдағы халық саны жеткіліксіз деп түсіндірді. Осы проблеманы көтеріп аудан орталығына да, аудан әкіміне де шығып отырмыз, айтудай айтып та жүрміз. Олар да мүмкіндіктерді қарастыруда, бірақ байланыс мәселесі әлі шешілмей тұр, –  дейді.

БОРАН СОҚҚАНДА, ҚАТТЫ ҚИНАЛДЫҚ

– 2020 жылдың қазан айынан бастап Өркен ауылының мектебінде жұмыс істеймін. Негізі өзім Жәнібек ауданының тумасымын, Жәнібекте бір жыл жұмыс істеп, сосын қалаға жақын жер болғасын, маман қажет болғасын осы ауылға келдім. Қазіргі мәселе интернет, ол болса мүлдем шамалы. Терезенің алдына, қай жерде желі ұстайды, сол жерге шығып қана қосылу мүмкіндігі бар, оның өзі тұрақты емес қой, жоғалып кетеді. Биыл қыс кезінде бірнеше күн боран болды, сосын үйден қашықтықтан оқуға көшуге мәжбүр болдық. Осы күндері  қатты қиналып кеттік, – деп интернетсіз ауылдың қиындықтары жайында Өркендегі мектептің математика пәнінің мұғалімі, Таңшолпан атты жас маман баяндады.  

Келесі кейіпкеріміз Өркен ауылының тұрғыны, мектеп кітапханашысы:

– Осы мектепте 12 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Бізде интернет жүйесі өте нашар. Шыны керек, бұл жұмысқа өте көп кедергі келтіреді. Мектепте wi-fi жүйесі болғанымен, ол бүкіл мектепті қамти алмайды. Менің кабинетіме интернет жетпейді. Мен жұмыс бойынша жасалып, ауданға жіберілетін есептерді телефонмен жасаймын, компьютерге жүктеймін, сосын дайындап, қайтадан телефонға көшіріп, телефоннан жіберемін. «Оқуға құштар мектеп» жобасының аясында ай сайын облысқа есеп жіберуіміз қажет. Әлеуметтік желідегі парақшаларға орналастырамыз. Өзімнің жеке байланыс жүйемді, өз тарифімді жұмысыма пайдаланамын. Интернет жүйесінің жоқтығынан, балалар кітапханада жетіспейтін ақпаратты сұраған кезде мен интернет желісінен алып беруім керек, бірақ ондай мүмкіндік жоқ, өйткені интернет жоқ. Осыған байланысты балалардың да мүмкіндіктері шектеулі. Көбіне ата-аналар жағынан қолдау жақсы көрсетіліп отыр, көп үйде күшейткіш бар. Өзімнің үйімде де күшейткіш бар, 40 мың теңгеге сатып алдым. Өзім үшін, балалар үшін жұмыс пен оқу онлайн болады деген соң алуға тура келді. Әрине ол шығынды бізге енді ешкім қайтармайды, – дейді.

Өркен ауылының тұрғындары жіберген күшейткіштің фотосы.

 

Сипаттамасы: Өндіруші елі – Қытай. Байланыс стандарты – GPRS, GSM. Ең аз жұмыс температурасы – 10 °С. Қысқаша сипаттамасына келетін болсақ: SmartB A14 (GSM990) ұялы байланыс сигналын күшейткіш – Қазақстандағы Билайн, Теле2, Актив, Алтел сияқты және тағы да кез-келген ұялы байланыс операторынан ұялы сигналды анағұрлым сапалы қабылдауын баптауға арналған.

Күшейтілетін жиіліктер: екі бағытта жұмыс істейді – байланыстың үзілуі мен тоқтауынсыз шығыс және кіріс қоңырауларын қабылдауға мүмкіндік береді. Осылайша, келесі бірліктерде:

  • GSM:890MHz – 915MHz (беру);
  • GSM:935 МГц – 960 МГц (қабылдау) сенімді байланысты баптауға мүмкіндік береді.

МЕНІҢ НЕМЕРЕЛЕРІМ САПАЛЫ БІЛІМ АЛУ ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРЫЛЫП ОТЫР

Интернет мәселесі ауыл ақсақалдарын да мазалайды, бұл жайында  ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қадыр Махмұдұлы да ойын жасырмады: «Өркен ауылында 30 жылдан бері тұрамын. Байланыс шамалы, тұрақты ұялы байланыс жоқ, интернет те жоқ, әр үйде күшейткіш. Мен де сатып алдым, Ресейдің өндірісі. Құны 47 мың теңге. Оған да сенім жоқ, кей кезде интернет ұстамай қалады. Мектепте оқитын балаларға қиын болды, менің немерем 5-ші сыныпта оқиды. Сабақ болсын, олимпиада, байқаулар болсын, оқушыларға онлайн шараларға қатысуда қиындық туғызып отыр. Олимпиадаға қатысады, оның тапсырмаларын үзіліссіз сол мезетте орындауы қажет, егер жауап беріп отырған уақытта байланыс болмай қалса, жауабы есептелмей қалады. Сондықтан, қатыса алмайды. Ауылда жоғарғы оқу орындарында, колледждерде оқитын студенттер бар, Алматыда, Оралда оқиды, оларға да қиын. Қазіргі заманның талабы бойынша, оған қоса вирусқа байланысты онлайн оқуда байланыссыз қиын. Көбінің жағдайлары жоқ, көршілерінің үйіне барып оқиды. Бұрын ауылымыз «ОралВодСтрой» ЖШС мекемесінің подхозы болып еді, күнінде ауылда байланыс мұнарасы болған, биіктігі 10 метр, әлі құлатқан жоқ, сол қалпында тұр. Бұрын мұнара арқылы тресстің кеңсесімен байланыс жасайтынбыз, ауылда байланыс болуы үшін сол мұнараны пайдаға асырып, бізге тұрақты ұялы байланысты жүргізіп берсе дейміз».

«Ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Бүгінде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажет­тілікке айналып отыр» – бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтқан сөзі.

Ал, ауыл тұрғындары байланыс пен интернеттің жоқтығы туралы қанша жерден дабыл қақса да, баяғы жартас сол жартас. Мәселенің мәнін білу үшін Батыс Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасына сауал жолдағанбыз. Басқармадан алған жауапқа сәйкес, БҚО, Бәйтерек ауданы, Өркен (Степное) елді мекеніндегі байланыс жағдайы туралы анықтама:

Өркен (Степное) (377 тұрғын) байланыстың келесі түрлері бар:

  1. 2G стандарты – KCell, Tele2/Altel операторлары;
  2. 3G стандарты – Tele2/Altel операторлары;
  3. 4G стандарты – жоқ;
  4. ADSL технологиясы бойынша интернетке қолжетімділік – жоқ;
  5. ТОБЖ (талшықты оптикалық байланыс жүйесі) – жоқ.

2021 жылдың аяғына дейін 2G/3G Kcell желісін модернизациялау жоспарланған.

Облыстық басқарма ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Өркен ауылынан өркендеудың ауылы алыс, алған жауаптың көңіл көншітпегені анық. Ендеше Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жүгінейік. Ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты Интернетпен одан әрі қамтамасыз ету үшін бүгінде елімізде екі ірі жоба іске асырылуда. Оларды іске асыру нәтижесінде Интернетке кеңжолақты қатынауға халық саны 250 және одан да көп адам болатын барлық ауылдық елді мекендер ие болады. 250 адамнан аз тұратын ауылдарда спутниктік байланыс, радиорелелік байланыс, 3G/UMTS, радиомосттар сияқты баламалы технологияларды пайдалана отырып қосылу жылдамдығы 2 Мбит/с кем емес Интернетке кеңжолақты қатынау мүмкіндігін 2022 жылдың соңына дейін қамтамасыз ету жоспарлануда.

Осыдан бөлек, миинстрлік сайтында ҚР байланыспен қамтудың сандық картасы орналастырылған. Картаға назар аударсақ, Өркен ауылында 2G байланыс стандарты бойынша Beeline, Tele2 операторлары, 3G байланыс стандарты бойынша Tele2 операторы бар, 4G байланыс стандарты бойынша, ешқандай оператор жоқ, ТОБЖ де мүлдем жоқ екенін көреміз.

БІЗ ТОЛЫҚТАЙ ОНЛАЙН ОҚИТЫНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ ДАМЫҒАН ЖОҚПЫЗ

 Ауыл тұрғындары болса, балаларының болашағына алаңдаулы, өйткені ел іргесі берік, басқан қадамы нық болуының алғышарты – елдің болашақ азаматтары сауатты, білімді болуы. «Осы ауылда 1997 жылдан бері тұрамыз, Жалпақтал ауылынан көшіп келдік. Біз келген кезде су да, газ да, электр қуаты да, жол да болған жоқ. Сол кезден бері жайлап барлығын жасап жатыр. Пандемияға дейін интернеттің жоқтығы аса бір кедергі болмады. Ал, пандемия басталғаннан бері сабақ біресе онлайн, біресе оффлайн болып ауысты. Ауылда білесіз, телефон жоқ, телефон болса, байланыс жоқ, байланыс болмағасын интернет те жоқ. Балалардың барлығы терезенің алдында отырады. Түнімен отырады, оқиды, үлгермей жатады. Менің 6 балам бар, ең кенжесі ғана оқымайды, 4 жаста. Қалғаны бәрі мектеп оқушысы, студент. Студент қызым бір жыл болды онлайн оқып жатыр, сабағын телефонмен терезенің алдында отырып оқиды. Терезенің алды бұрын бетон болса, қазір пластик, күз, қыс мезгілінде ол да салқын, қыз балаға негізі дұрыс емес, денсаулығына да әсер етеді. Аулада ХХІ ғасыр, тек сабақ оқу емес, одан бөлек сауда жасау, сатып алу, коммуналдық қызметтерді төлеу бәрі интернет арқылы жүреді. Мектепте оқитын балаларға да қиын, бұрын бәрінің бірдей телефоны болмаған. Қазір амал жоқ бәріне болмаса да, екі балаға бір телефон алып бердік. Жақсы болғаны, бізде 2020 оқу жылы қыркүйек айында оффлайнға ауыстырылды, Өйткені, ауылдық жер, бала саны аз, санитарлық тәртіпті сақтай отырып, оффлайн тәртіпке көшірді. Бала үшін де, мұғалімдер үшін де, білім беру үшін де бұл жақсы болды. Қалай десек те біз толықтай онлайн оқитындай деңгейде дамыған жоқпыз. Онлайн оқу үшін ел бірінші толық көлемде интернетпен қамтылған болуы керек, бұл ең басты талап, ал ол бізде жоқ. Бізге телефон шалған адам телефон өшірулі тұр не байланыс жоқ деген жауап алады, ал шын мәнінде телефон қосулы тұрады. Байланыс орнату үшін Алматыда 1 миллион жарымға мұнара бар деді, бірақ оған халық болып ақша жинайық десек, тұрғындардың көпшілігі зейнеткерлер, жұмыс жасайтын адамдардың табысы аз. Әр үй құны 35 мың және одан жоғары бағадағы байланысты күшейткіш сатып алды. Ол да жеткіліксіз, кейде интернет ұстамай қалады, тұрақты емес.

Біз көшіп кеткен Жалпақталдың Сарықұдық деген ауылы қалаға 300 шақырым, ол жерде су да, жол да, интернет те бар, мұнарасын орнатқан. Біздің ауыл қаладан 60 шақырым жерде, қалаға түске дейін барып келеміз, бірақ интернет жеткізе алмай отыр. Біздің ауылдан 15 шақырым Көшім ауылында Beeline ұялы байланыс операторының мұнарасын орнатқан, егер бізге де орнатса жақсы болар еді. Бұл мәселе жайында аудан әкімі, облыс әкімі бәріне айтып жатырмыз, айтудан кенде емеспіз. Осыған дейін бұрын ақсақалдар кеңесінің төрағасы болған, қазір денсаулығына байланысты қаладағы қарындасымның қолында тұратын әкем Ибрашев Мәжит те (76 жаста), қазіргі кеңес төрағасы Қадыр Махмұдұлы да барлық жерде осы мәселені көтеріп жүр,  – дейді ағынан жарылған ауыл тұрғыны, 6 баланың әкесі Мақсот Мәжитұлы.

 Бүгінгі таңда интернет су, жарық, газ, жылу сияқты тіршілік әрекеті үшін маңызды инженерлік коммуникациялардың бірі десек қателеспейміз. Ал, дәл қазіргі пандемия жағдайында барлық саладағы қызметтердің онлайнға ауыстырылуы жағдайды ушықтырып отыр. Сондықтан, ауыл тұрғындарының дауысы құзырлы ұйымдарға тезірек естіліп, ауыл тұрғындарын қала мен екі ортаға сабылтып қойған мәселе өз шешуін тапса деп тілейміз.

 

Альфия Шамай, Орал қаласы, БҚО

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері