//

Ереуілмен қол жеткен жалақы

1169 рет қаралды
1

Ақтөбе облысындағы мұнай-сервис компанияларының дені жұмысшыларға жалақыны аз төлейді. Осыған орай биылғы 25 қаңтарда Көкжиде кенішінде жұмыс істеп жатқан 200-ге тарта жұмысшы ереуілге шықты. Темір ауданында орналасқан «КМК мұнай» компаниясының жұмысшылары жалақыны көбейтуді талап етті.

Сонымен бірге кеніштегі жатақхананың жағдайы мен ас мәзірінің нашарлығын айтып, кәсіподақ жұмысына шағымдарын жеткізді. Бұл кезде компаниядағы орташа жалақы 160 мың теңге болған. Мұнайшылар ереуілі бес күнге созылды. Жұмысшылардың талабынан кейін арнайы комиссия құрылып, оған кәсіподақ орталығы, еңбек инспекциясы мен облыс және аудан әкімдіктерінің өкілдері енді. Мәселе шешілді деуге болады.

Ашық дереккөздегі мәліметтерге сүйенсек, «КМК мұнай» компаниясы Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай кеніштерінде мұнай өндірумен айналысады. Қазақстан қор биржасындағы деректерге қарағанда, компанияның табысы жаман емес. Жарғылық капиталы – 1 500 000,00 мың теңге. 2021 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, таза пайдасы – 5 393 562,00 мың теңге.

2004 жылы құрылған. Панамада тіркелген Yukon Energy Holding S.A. компаниясы мен Қытайдың CNPC деп аталатын ірі мемлекеттік компаниясының еншілес кәсіпорны – на тең иелік етеді.

Мұнай кен орындарына қызмет көрсетуші компаниялардың KazService одағы салық төлемдері негізінде орташа жалақы туралы мәліметтерді ұсынды. Бұдан компаниядағы орташа жалақының шамамен 227 мың теңге екенін көруге болады.

Дегенмен, Ақтөбедегі ереуіл мұнайшылар толқуының басы болды. Олардан кейін іле-шала, дәлірек айтсақ, 29 қаңтар күні «АМК мұнай»  компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты.

Ал «КМК мұнай» компаниясында ереуілдің арқасында кәсіподақ қайта құрылды. Жұмысшылар өз арасынан тәжірибелі әрі белсенді көшбасшы ретінде Ержан Еламановты сайлады. Қазір жұмыс көшілгері екенін айтады.

Ержан Еламанов, «КМК мұнай» компаниясы жұмысшыларының  жергілікті кәсіподақ ұйымының жаңа төрағасы:

– Бұл компанияға 2015 жылы келдім. Үшінші разрядты оператор болып кірдім. Алғашында жалақымыз  тіптен аз болды. Индексация деп, 10–15 мың теңгеден қосты. Жалақы көтерілгенге дейін 150 мың теңгедей алып жүрдік. Ол кезде 4-разряд болдық. Қазір 5-разрядты оператор болып істеймін.

СНПС НДУ жұмысшылары 180–200 мың көлемінде алып жүрдік. Былай қарағанда, мұнай тауып беріп отырған негізгі жұмысшымыз.  Ал алатын айлығымыз СНПС-дан да аз болды. Қара жұмыс істеп, қара алтын өндірсек те аз айлық алып отырғасын, жалақымызды көтеруді талап еттік. Талаптарымыз орындалды. Қазір бірігіп жұмыс жасап жатырмыз.

Ендігі мәселе – жұмысшылар өндірістің ортасында тұр. Жатақхананы көшіру керек, өйткені қазіргі орны экологиялық жағынан талапқа сай емес. Жатақхана өндірістің тап ортасында тұруы дұрыс емес. Қазір Шұбаршидың шетінен жатақхана салынып жатыр. Бұйырса, келесі жылы бітіретін шығар деп отырмыз.

Ержан Еламанов бұрын мұнайшылардың барлығы бір кәсіподақта болғанын айтады. Жұмысшылар бұрынғы кәсіподақ төрағасына көңілі толмағаннан кейін өз кәсіподақтарын құруды ұсыныпты. Сайлау нәтижесінде барлығы бірауыздан Ержанды кәсіподақ төрағасы етіп сайлапты. Ал инженер-техниктер кәсіподақтан шығып, басқа ұйым құрыпты.

Алтынбек Әмірғалиев, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы:

– Біз еңбек дауының алдын алу мақсатында жергілікті әкімдікпен және жұмыс берушілермен, еңбек инспекциясы өкілдерімен арнайы комиссия құрдық. Мұнай кеніштеріне барып, жұмысшылармен кездестік. «КМК» серіктестігі жұмысшыларының кәсіподағын қайта құруына, төрағасын қайта сайлауына септігімізді тигіздік. Жұмысшылардың кәсіподағына қосылғысы келмеген инженер-техникалық және әкімшілік құрамдағы 168 қызметкер өз алдына бөлек ұйым құрды. Ол заңға қайшы емес. Ел тарихындағы екі кәсіподағы бар бұл серіктестікте жұмысшылар кәсіподағы «Ынтымақ» Салалық кәсіподағының Ақтөбе филиалының құрамына енді. Біз ҚР Кәсіподақтар Федерациясымен тығыз байланыста болып, жұмыс берушілермен әлеуметтік ынтымақ орнаттық. Қазір КМК-да жалақы өсті. Жұмысшылар разрядына байланысты  алады.

Алтынбек Әмірғалиев еңбек дауының басты себебі ретінде жұмысшылардың жалақыға көңілі толмайтынын айтады. Сондықтан кәсіподақ еңбек дауының алдын алу мақсатында ұжымдық шарт аясында әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға тырысады екен. Осы мақсатта өңірлік еңбек тәуекелдерінің картасын да жасаған.

Алтынбек Әмірғалиев, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы:

– Күн сайын мониторинг жасап, бастауыш ұйымдармен байланысып отырамыз. Жұмысшылар кәсіподақ құру арқылы ғана өздерінің еңбек құқығын қорғай алатынына көз жеткізді. Бізге «ТУ-ХА», «КНЛК», «Синопек Ақтөбе», «Сағыз петролиум» серіктестіктерінің жұмысшылары талаптарын жеткізді. Оның дер кезінде оң шешімін табуына араластық.

Ақтөбе облысында мұнайшылардың табысы көрші облыстармен салыстырғанда әлдеқайда аз. Мұнда орташа жалақы – 196 мың теңге.

Көп уақытын вахтада өткізсе де, экологиялық төлемдеріне қол жеткізе алмаған мұнайшылар да бар. Алайда олар барлық мәселе заң аясында шешілуі керек деп есептейді. Қарапайым жұмысшылар кәсіподақ жұмыс берушілермен келіссөз жүргізіп, мәселелерді шешуі керек деген пікірде.

Алдағы уақытта Ақтөбеде «СНПС-Ақтөбе мұнайгаз» компаниясы мен Энергетика министрлігі келісімшарт жасамақ. Бұған қазірдің өзінде үлкен сенім артылып отыр.

Нұргүл Қонақбаева

*Мақала “Медианың негізгі машықтары” мектебі аясында жазылды. Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге асты. 

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар