///

Медиасаланы елеңдеткен апта оқиғасы: Тек қарапайым азаматтар ғана емес, журналистердің де құқық қорғау орындарына сенбейтінін көрсетті

977 рет қаралды
Данияр Әлімқұл

Осы аптада 7 ші арнаның «Айбат» жаңалықтар қызметінің тілшісі Данияр Әлімқұлдың куәгер ретінде Жамбыл облыстық құқық қорғау орындарына шақырылғаны Қазақстандық журналистер талқылаған ең үлкен мәселе болды. Алғаш бұл ақпарат facebook әлеуметтік желісі арқылы тарады.

ЖУРНАЛИСТ ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТТЫ МА? 

Осы жазбасында журналист Жасұлан Әбдіхалық «Біреудің қорасында айнала, бала-шағаға қауіп төндіріп жатқан пәленбай тонна металломды эфирге шығардың, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзып, жалған ақпар тараттың, жұртты дүрліктірдің деп айыптаса, қолындағы соткасын тәркілеп алса, біздің құзырлы органдар біткен екен», деп жазды.

16 қыркүйекте «Азаттық радиосы» екі журналистің екі түрлі статуспен жауап беруге шақырылғанын айтып ақпарат таратты. Бұл ақпаратта куәгер ретінде шақырылған Turaninfo.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Исламбек Дастанның қорғаушысы Әлия Арзымбетова «іс бойынша әзірге күдіктілер жоқ екенін, тек куәлер бар екенін» айтқан. Байқасаңыздар адвокат пен құқық қорғау орындары таратқан ақпарат екі түрлі.

Бұл оқиға бойынша Жамбыл қаласындағы бір топ журналист облыстық прокуратура алдына жиналып, Данияр Әлімқұлдың кім ретінде жауап беруге шақырылғанын түсіндіріп айтып беруді сұраған. Карантин талаптарына сай журналистерді түгел ішке кіргізуге болмайтынын айтқан құқық қорғау органдарының өкілдері сыртқа шығып мән-жайды айтты. Прокуратура өкілі берген мәлімдемеде «қорғалуға құқығы бар куәгер» деген сөз айтылмады. Іске Дастанның да Даниярдың де тек куәгер ретінде қатысып жатқанын айтты.

“Время” газетінің тілшісі Айжан Әуелбекова таратқан осы видеода еліміздегі құқық қорғау орындарынан ақпарат алудың қиындығы да сөз болды. Осы ретте шынында дұрыс таралмаған ақпарат Даниярдың телефонын тәркілеуге байланысты болды. Себебі Қылмыстық Кодекстің 48 бабында мүлікті тәркілеуге қатысты мынадай анықтама берілген.

«Мүлікті тәркілеу дегеніміз – сотталған адамның меншігіндегі, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру»

Осы жерде мән беретін бір жайт Данияр Әлімқұлов тек куә. Ал заң тұрғысынан алғанда куәнің мүлкі тәркіленбейді. ….

Екі түрлі тараған ақпараттың тағы бірі жалған ақпарат таратылғаны жайлы шағым түсірген мекеме жайында. «Азаттық радиосы» таратқан ақпаратта шағымды Жамбыл облыстық Ішкі саясат басқармасы берді десе, Время газетінің тілшісі жүргізген тікелей эфирде Жамбыл облыстық әкімдігі шағым түсіргені айтылды.

Даниярға қатысты дәл осы «Қорғалуға құқы бар куә» одан кейін «Куәгер» ретінде шақырылды деген екіұшты ақпарат журналистердің #МенДаниярмын #Журналистіқудалаудытоқтат деген хештегпен қол жинауына әсер етті.

Асылхан МАМАШҰЛЫ, “Азаттық” радиосының тілшісі:

СЮЖЕТТЕ ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖОҚ

Мінбер тілшісі «Данияр Әлімқұлдың сюжетінен жалған ақпарат байқадыңыз ба?» деген сауалды тәжірибелі журналистерден сұрап көрген еді.

«Азаттық радиосының» тілшісі Асылхан Мамашұлы сюжетті көріп шыққанын, онда ақпаратты беруде аздаған кәсіби кемшілік болмаса, көрінеу жалған ақпарат  жоқ екенін айтса, журналист, қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова «сюжеттегі ақпараттың жалған я жалған емес екенін анықтау үшін кәсіпкермен сөйлесіп, қағаздарын тексеру керек. Сексен үш миллионға сатып алдым депті. Кімнен, қашан сатып алды, құжат бар ма?» соны анықтау қажет деді.

Құқық қорғау орындары сюжетті сараптайтын комиссия құрылғанын айтқанымен, оның құрамында қандай мамандар бар екенін айтпады.

Ал ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл оқиға жайында

«Министрлік аталған факті бойынша толық ақпарат беру жөнінде құқық қорғау органдарына сұрау жолдады.

Осы уақытқа дейін белгілі болған мәлімет бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Аталған іс бойынша жоғарыда аталған БАҚ өкілдерінің мәртебесі куәгер ретінде белгіленді. Министрлік бұл мәселені назарға алды және бақылауда ұстап отыр», – деген мәлімдеме жасады.

https://kodeksy-kz.com/ugolovnyj_kodeks/274.htm

Депутат Ерлан Саиров ФБ парақшасында «Құрметті достар! Данияр Әлімқұлдың мәселесі бойынша ІІМ өкілдерімен, Жамбыл облысының Ішкі істер Департаментінің басшылығымен сөйлестім. Данияр Әлімқұлдан ақпаратты тарату жөнінде куә ретінде жауап алынған. Процессуалдық рөлі өзгерген жоқ. Бұл мәселені бақылауда ұстаймыз», – деп жазды.

Тиісті министрлік пен депутаттың бұл мәлімдемесі журналистердің қауіпін сейілтуге қаншалықты әсер еткені белгісіз, алайда бұл оқиға біздің қоғамда тек қарапайым азаматтар ғана емес, журналистердің де құқық қорғау орындарына сенбейтінін көрсетті.

АДАСТЫРҒАН АЛА-ҚҰЛА АҚПАРАТ

Материал жазу барысында бірнеше жыл «Еуразия» арнасынан берілген «Заң сөйлесін» бағдарламасының редакторы әрі жүргізушісі, журналист Дәнеш Байболатовқа  хабарласып, «Журналист ретінде ол сюжеттен жалған ақпарат көрдіңіз бе? Журналистердың шулауына, нақты ақпарат ала алмағаны себеп болды ма әлде құқық қорғау орындарына сенімнің аздығы ма? Бұл ретте екі тарап неден қателесті?», – деген сауалдар қойған еді.

Дәнеш Байболатов: «Ол сюжеттен жалған ақпарат көрдім немесе көрмедім деп кесіп айту қиын. Біріншіден, сюжетте журналист, міне мынау ұрланған снарядтар, осы снарядтар жарылған, бұлар қауіп төндіреді, деген нақты сөз айтпады. Журналист, бұл снарядтар жеке адамның қорасында неге жатыр? Олар қайдан әкелінді? Мұның иесі кім, мұны не істейді?, – деген қарапайым сұрақтарға жауап іздеді деп санаймын.

Дәл сол кезде Жамбыл облысында болған жарылыстың фонында әскери бөлімнің ауласында емес, жеке адамның ауласында үйіліп жатқан снарядты көрген кез келген адамның ойына осы сұрақ келуі заңды құбылыс екені анық. Сондықтан мұндай сұрақ қойғаны үшін, осыны көрсеткені үшін жауапқа тарту нонсенс.

Жалпы біздің журналистер үнемі бір-бірімен байланыс жасайтын кәсіп иесі.  Олар бірін-бірі ең болмағанда сыртынан жақсы біледі. Әріптесіне қолдау білдіруі, желіде жаппай үн қатуы олардың адами қасиетін көрсетеді. Екіншіден,  еліміздегі әр журналист кез келген мемлекеттік органнан керек дерек алудың қиындығын бастан өткерген. Олардың басын біріктіретін нәрсе – ақпарат алудың қиындығы.

Қазір құқық қорғау органдарына тек журналистердің ғана емес тұрғындардың сенімі селдіреп кеткен. Бұл оқиғада журналистердің бірігуін осы сенімсіздіктің ұжымдық көрінісі деп бағалауға болады.

Бұл ретте екі тараптың неден қателескенін тап басып айта алмаймын, өйткені істің басы-қасында болмадым, детальдарды білмеймін. Қазір тергеу жүріп жатқаны белгілі. Дегенмен, прокуратура мен тергеу орындары таратқан мәліметтердің ала-құлалығына назар аударсақ, бір деректе журналист куәгер ретінде шақырылды десе, енді бір деректе «Жалған ақпарат тарату бойынша» іс-қозғалғаны айтылды, үшінші «қорғануға құқы бар куәгер» ретінде шақырылды деген ақпарат берілді. Бұл ала-құлалық белгілі бір жайттарды қоғамнан жасыруға талпынудан туды ма деген күдік бар. Мен, дәл осы жасыруға талпыну ала-құла ақпараттың таралуына әкеп соқты –ау деп топшылаймын.

Құқық қорғау орындары адамның еркі мен бостандығына байланысты анық әрі нақты ақпарат таратса, қоғамда мұндай шу болмайтын еді».

Аптаның медиасаласында көп талқыланған медиа өкілге қатысты оқиғаның жай-жапсары осындай. Мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасында ашық диалог орнату қоғам мәселесін шешуге түрткі болатынын жиі айтылғанымен, бұл жайт диалогтың әлі де болса орнай қоймағанын көрсетті. Ол диалог орнау үшін ақпарат берушіге де, ақпарат таратушыға  да аз жауапкершілік жүктелмейді екен…

P.S. Материал дайындау барысында Данияр Әлімқұл телефонының қолына тигені туралы пост жариялапты. Мінбер сайты да оқиғаның барысын бақылауда ұстайтын болады. 

 

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар