/////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

3051 рет қаралды

29.09.2021 жыл.
Кеше мен «Атлантиканы бетке алып бара жатырмыз» дегенім сәл қиыстау болған екен. Шынтуайтында біз әуелі астанадағы «Назарбаев» атындағы әуе жайға аялдап, ұшақ ауыстырып ары қарай ұшады екеміз.

Біздің гид Есенгүл болғандықтан ат-көлікті қамдау мәселесінің бәрін соған жүктеп, отыр деген жеріне отырып, тұр деген жеріне тұрып тіл алғыш баладай, артынан мұрынын тескен тайлақтай талпаңдап ере бергеміз. Бір нәрсеге кірісіп кетсем бірдемені бүлдіріп қоятын заңым бар, оның үстіне Ақтанай, біз Ақтанбердіні осылай атап кеткеміз, «Әке, сен араласпай-ақ қойшы. Тып-тыныш қана, мамамның айтқанына көніп, жүре салшы» деп мамасына көрсетпей маған қарап сәл жымиып, үлкен тиым салып, ескерту беріп тастаған-ды. Балаң айтып тұрған соң басыласың.


Бірақ, мені тыңдамағанның есесін Алматы әуежайында алдым-ау. Жүгімізді тіркеуден өткізерде Есенгүлдің чемоданы төрт килоға артық болып шыға келді. Әр адамға 23 кг жүк тегін алып жүруге тиесілі екен. Үшеуімізде үш чемоданнан жүк бар еді. «Әр чемоданның салмағын сол 23 кг-нан артылтпайық» дегенімде, «Бірге кетіп бара жатырмыз, 69 кг-нан жүк салмағы аспайды. Бөліп жаздыра саламыз» деген. Кісілік деген кішкентай, болымсыз нәрседен байқалады ғой. Тіркеп, жүктің салмағын өлшеп отырған бойжеткен, «Әр кімнің жүгін жеке-жеке тіркеймін. Бөліп жаза салу деген жоқ. Артық салмағы бар чемоданыңызды жеңілдетіп беріңіз» дейді. Чемоданды ұшақ ауыстырған жерде жүкшілер ары-бері лақтырғанда ашылып-шашылып кетпесін деп пысықсып, ұқыпты кісімсіп тасқып скотчпен шыр айналдырып орап тастағанмын. Ол орауды шешіп, одан төрт кг жүкті алып, қайтадан буып-түйіп жүру машақат. Мен Есенгүлге және Ақтанайға қараймын. Екеуі де үнсіз. «Бір кг артық жүк қанша теңге болады?». «Сегіз мың теңге бірдеме тиын» деді. Каспий голдының карточкасында азын аулақ ақша бар еді. Карточкамды ұсындым. Қырық мыңға жуық теңгемді сып еткізіп ала қойды. Жеңіс тапқандай, ішімнен «қойшы, жол садақа ғой» деп, марсиып мен тұрмын.

Түнгі сағат 23-50 дегенде Алматы айлағынан қалықтай кө

терілдік. Үстінен қарағанда түнгі Алматы қандай көркем. Жымыңдай жанған әрбір жарығының жалынан сылап-сипағың келеді. Жамырап жатқан жұлдыздар арасынан шыққандаймыз. Қазақ,орыс, ағылшын тілдерінде хабарландыру жүрілді. Жайланып жайғасып, ауқаттанып үлгіргенше астана Нұр-Сұлтанға да келіп қойыппыз. Бір-бір қоржынымызды арқалап шыға келсек алдымызды Дәугерей (Дәулеткерей Кәпұлы) мен келін Айгүл тұр. «Әй, түн жарымында не қылып жүрсіңдер? Төсек қайда?» деймін. Суырып салма айтыскер жұлып алғандай, «Көш алдынан айран алып шығатын ата салтын ұмыта қойғамыз жоқ» деп кергиді. Көріспегелі көп айдың жүзі болған, арқа-жарқа амандасып жатырмыз. Айгүл қайнысы Ақтанайды құшақтап бой салғастырып та үлгірді. Өзі сұңғақ, талдырмаш, келісті келіншек, «Менің төбемнен қарайтын болыпсың ғой» деп қалжыңдайды. Сені іздеп келіп, алдыңнан күтіп алар адамың болғаны қандай жақсы. Бір-екі күннің алдында Ғалекең— Ғалым Жайлыбай досым да «түсіп, түстеніп аттан» деп еді. Біз түн ортасында мазаңды алмайық, ат шалдырып алып қана аттанамыз» деп разы-қошымызды айтқамыз.


«Ал, Айгүл ханым, дастарқаныңды жайып жібер» деймін шеткерірек, оңашалау кафеге жайғасқаннан кейін. Дәукең салат, шәй әкелкенше Айгүл де буын бұрқыратып бір табақ қазы, қартасын майын шылқытып тарта қойды. Жаңа ғана інім Мұратбектің отауында келін Күләйдің жасаған жол ашар екі табақ етін бірге туған ағайындар үй-іш, бала-шағаларымен ошарылып отырып жеп шыққан ойда жоқ арқаның қиялай тураған сары ала қазысын да қарпып, асап-асап жеп алдық…

Нағашы мен жиен отырған жерде әңгіме әзілсіз бола ма? Ақтанай астанаға осыдан оншақты жыл бұрын, үш пе әлде төрт жасында ма келген екен. Мамасы жұмыс-шаруамен шығарда қалмаймын деп етегіне оралған Ақтанайды алдап-сулап, «Допа (Дукең) ағаң мен Айгүл тәтең сені бағады, паркке апарады, қарға аунатады, ойнатады» деп тастап кетеді екен. Бірде Дәукең кешкісін жұмыстан келсе Ақтанай айтады дейді. «Сен мені бағады дегені қайда? Неге ойнатпайсың, қарға неге аунатпайсың» деп.

Дәукең «ұялғанынан» дереу ертіп шығып, осы әуежайдың жазығына әкеліп, қарға аунатып, «Ақтанай» деп атын қарға үлкен қылып жазып, екеуі суретке түсіп, Ақтанайды ырза қыпты. Тағы бір күні Айгүл мен Ақтанай екеу ғана үйде қалыпты. Ақтанайдың қыңқыл-сыңқылы көбейе бастаған соң Айгүл әр нәрсені ауыз жаппай айта берсе керек. Сонда Ақтанай: «Айгүл, сен не деген қырт болып кеткесің» деген екен… Біз таң бозарып ата астана Нұр-Сұлтаннан аттанып кеттік.

Дәулеткерейдің үйінің келімді-кетімді кісісі көп, құдайы қонағы да сал-сері басқасы да үзілмейтінін естіп-біліп жатамыз. Биыл екі қабат коттедж салып, ауласына ақ боз киіз үйін көтерген-ді. Соның бәрін сұрап, құттықтау айтып, Айгүлге: — Дәулеткерейдің қырық қонағын күнде күтумен шаршаған жоқсың ба?- деп қулансам Айгүл: — Жоқ, оған үйрендік қой,- деп Дәукеңе қарап қарап қалғанын байқап қалдым да: — Күн құрғатпай қонақ күту оңай емес, шаршамасаң да шалдыққан шығарсың. Көмекші, қолғанат ал да Дәукеңмен иықтасып бәйбіше болып қасқайып отырмайсың ба, жұмсап қойып,- десем Айгүл кәдімгідей беті балбұл жанып: — Қойыңызшы, жезде аға, шын айтасыз ба?!- деп нарттанып қалды… Балдай балдызым болған соң «батырып» айтып жатқаным болмаса арғы жағымның шын-өтірігін құдайым білсін. Әзіл-қалжың, қағытпасы болмаса қу тірліктің қызығы бола ма? Жарасып отырып уақыттың да қалай өте шыққанын білмеппіз…

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері