///

Семейде әлі де суық үйде отырғандар бар

2158 рет қаралды

Семей қаласында жылу 1 қазан күні қосылуы керек еді. Алайда семейліктер, соның ішінде 70, 71, 72-кварталдағы он шақты үйдің тұрғындары әлі де суық үйде отырғандарын айтады. 

 

Былтыр қыста қала тұрғындарының көпшілігі жылудың жеткілікті берілмегенін, үйлері жылымағанын айтып, шағым түсірген екен. Сондықтан жылу беру мерзімі аяқтала салысымен қаланың оң жақ жағалауындағы бірнеше қазандықта жөндеу жұмысы қолға алынған. Бұл мақсатқа 2,6 миллиард теңге бөлінген. 

Ал дәл қазіргі жағдайда жылудың уақытында берілмеуінің негізгі себебі, жылу құбырын ауыстыратын мердігер компания жұмысын баяу істеп жатыр. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, ауа райы салқындауына байланысты және еңбекақының дұрыс төленбеуіне орай жұмысшылар жұмысын істеуден бас тартып жатқан көрінеді. Ашық дереккөздегі мәліметтерге сүйенсек, Семей қаласының ТҮКШ бөлімі өткізген конкурс бойынша, мұндағы жылу желілерін ағымдағы жөндеуді «Самғау Ақтау» ЖШС ұтып алған. Бірақ алматылық компания бас тартып, екінші орын алған «ВостокТоргСтрой company» ЖШС жұмысты қолға алған. Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сүйенсек, құбырларды ауыстыруға 54 868 525,89 теңге бөлінген. Конкурс наурыз айында өткен. Жұмыс тамыз айында басталған екен. Алайда осы маңда жүрген жұмысшылар екі айдан бері жалақымызды ала алмай жүрміз деп отыр. Өкінішке қарай, жұмысшылар мердігер компаниямен келісімшартқа отырмаған. Еңбекақысын ала алмағаннан кейін наразылық белгісі ретінде жұмысты тоқтатқан. Компания олардың орнына басқа жұмысшылар алып, жұмысты жалғастырып жатқан көрінеді. Ал мұның зардабын қарапайым халық көріп отыр.

Жылу қосылмаған үйлердің тұрғындары қабат-қабат киініп жүруге мәжбүр екенін айтады. Амалсыздан жылытқыш қосып отырғандар бар.

Тек тұрғын үйлерде ғана емес, осы аудандағы «Балапан» балабақшасы мен №3 орта мектепте де жылу жоқ.

«Балалардың киімін жуа алмай қалдық, жуғанмен кеппейді. Үй суық болғандықтан, уақытында шомылдыра да алмаймыз. Жылытқышты бір бөлмеге қосып, бәріміз сол бөлмеде қамалып отырмыз. Балабақшаға баратын балаларым да суық тигізіп алды», – дейді тұрғындардың бірі.  

Біз әлеуметтік желі арқылы «Теплокоммунэнерго» МКК жылу желілерінің басшысы Валерий Романченкоға сұрау салып, жағдайды түсіндіруді сұраған едік. «Мердігер компания жұмысын дұрыс атқармай отыр, басқа әңгіме жоқ», – деп қысқа қайырды.

Облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қаласының жылу жүйесіндегі ақауға қатысты барлық мәселе 1 қазанға дейін жойылатынын айтқан болатын. Алайда, қазіргі жағдай әкімнің уәдесі орындалмағанын көрсетіп отыр.

70, 71-кварталға 4 қазаннан бастап жылу беріле бастайтыны айтылғанымен, тұрғындар әлі де суық үйде отыр. 

 

Роллан Машпиев, 

Семей қаласы

Суреттерді түсірген автор және Илья Бароховский

*Мақала “Медианың негізгі машықтары” мектебі аясында жазылды. Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге асты. 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі