Тіс емдетудің құны қанша?

11674 рет қаралды
Фото: ult.kz
Фото: ult.kz

Денсаулық адам үшін бағалы дүние. Ағзадағы әр мүшенің өзіндік орны бар. Басыңыз ауырса бір түйір дәріні жұтып, жата қаласыз. Асқазаныңыз ауырса дұрыс тамақтануға тырысасыз. Көзіңіз ауырса окулистке жүгініп, мұрныңыз ауырса лорға барасыз. Адамның жүйкесін тоздырып, мазасын қашыратын дүниенің бірі- тістің ауруы. Тісіңіз ауырса жүгіріп барып ауруханаға қарала алмайсыз, себебі стомотологтардың көңіл бөлгені белгілі бір қаражат тұрады. Қалтаңызда көк тиын емес, қомақты қаражат болу керек тіс ауруын тоқтату үшін. Айлығы бір тістің құны тұратын адамдар қайтпек? Тісін несиеге емдетіп жүрген жандар қаншалықты көп?  Мінбер сайтының тілшісі « тіс емдетудің құны қанша?» деген сұраққа жауап іздеді.

«Мен тісімді емдете алмай жүргеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Айлығым 65 мың теңге. Ол әрине азық түліктен артылмайды. Жарық, газ, отын деген сияқты тұрмыстың қажеттеліктері әр айлықты күтіп тұрады» – дейді Төлегенқызы Бибі.

«Мен тісімді емдету үшін зейнетақы қорымдағы  ақшадан  250 мың теңге алғалы отырмын. Бір айлықпен тісіңді толықтай емдетіп алу мүмкін емес» -дейді Өзібекұлы Ташкент.

«Көп уақыттан бері  даяшы болып жұмыс істеймін. Тісім бұрыннан ауырады. Өткенде тіс емханасына барып едім, дәрігер кем дегенде 120 мың қаражат кетеді деді. Мен ондай ақшаны түсім тұрмақ, өңімде көрмеймін ғой. Амалсыздан қолымдағы бар ақшаға қатты ауырып тұрған тісімді жұлдырып тастадым» -дейді Ару Нұржанқызы.

«Жүкті  кезімде тегін тексерілдім. Жақсылап емдеп берген болатын. Бірақ босанған соң қайта ауыра бастады тісім, бәрібір емдету үшін қыруар қаражат кетті» – дейді Асқарқызы Жадыра.

Біз алып шаһар Алматы мен Талдықорған қаласындағы тіс емханаларының баға айырмашылығын білу үшін тіс дәрігерлеріне хабарластық.

«Талдықорғанда пломба салу 4000 мен 11 000 теңге аралығында. Керамика тісті қаласаңыз – 12 000-18 000 теңге, имплант салсаңыз 130 000 теңгеге таяу. Дәрігердің қабылдауы 1000 теңгеден басталады. Тіс жұлдыру – 7000 теңгеге дейін. Қазір бағалар қымбат, себебі қазір жақсы материалдардың бағасы ұшып тұр. Арзандау жасасақ шыққан шығын ақталмайды.  Біз несиеге де емдей аламыз, Каспий , Жусан банктерімен келісім шартымыз бар» – деді Талдықорған қаласының тіс дәрігері Маржан Қадырова.

«Алматы қаласында пломба салу 5000 мен 40 000 теңге дейін. Керамика– 15 000-100 000 теңгеге дейін, әрине ол материалға байланысты.  Имплант қаласаңыз  150 000 теңгеге барады, әрине материал мен өндіруші мемлекеттерге байланысты. Дәрігердің қабылдауы 1000 теңгеден басталады. Қазір бұрынғыдай қоршаған ортамыз таза емес. Және қазір көптеген ата-аналар балаларының тістеріне ерте жастан ден қойып қарамайды. Гигиенасын да қадағаламайды, витамин де бермейді. Тиісінше  бала ер жеткенде тіс ауруына шалдығады, бірден келмей асқындырып алады » дейді Алматы қаласының тіс дәрігері Ерлан Серікұлы.

«Барлық амбулаторлық стоматологиялық көмек азаматтардың жекелеген санаттары үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде тегін көрсетіледі. Бұл санаттарға 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер жатады. Олар мұндай қызметтерді жоспарлы түрде ала алады: анестезия, пломбалау, емдік қабылдау, пульпит, периодонтит, гипоплазиясы бар тістің анатомиялық пішінін толық функционалды қалпына келтіру, флюороз. Сондай-ақ, тісті жұлудың хирургиялық әдістері, еріннің, тілдің пластикалық хирургиясы, жақ рентгені және анестезия да кіреді.

Шұғыл стоматологиялық көмек: 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, көп балалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған , атаулы әлеуметтік көмек алушылар (АӘК), зейнеткерлер, жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және басқаларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратындар. Бұл санаттағы азаматтарға хирургиялық тағайындау, тұрақты тісті жұлу, абсцесс ашу, одонтогенді кистаны алу, альвеолитті емдеу, альвеолярлы жүйке невритін емдеу, ауыз қуысының жұмсақ тіндерін кесу, жақ -бет аймағындағы жараларды бастапқы хирургиялық емдеу. Сондай -ақ, жақ -бет аймағының туа біткен патологиясы бар балалар мемлекеттік тапсырыс есебінен ортодонтиялық көмек ала алады» – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорының Алматы облысы бойынша филиалы,медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізу бөлімінің бас маманы, дәрігер Майра Айтуарқызы.

Парақшамызға жазылыңыз

Арай Нұржанқызы

Арай Нұржанқызы Жетісудың тумасы, ақын, "Жетісу келіндері" орталығының төрайымы, "МедиаНет" халықаралық журналистика мектебінің, "Мінбер" ақпарат агенттігінің "Азаматтық журналистер" мектебінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар