///

Футболға жұмсалған миллиардтардың өтеуі кімнен?

956 рет қаралды
1
фото: kazaknews.kz

 

Қараша айы қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін сәтсіз хабармен басталды десек болады. Бұған себеп 13.11.2021 жылы Париждегі «Парк-де-Пренс» стадионындағы «QATAR 2022» Әлем кубогы додасында Қазақстанның футбол құрамасы Франциямен өткізген ойынында 8:0 есебімен жеңіліс тапты.

Бұл туралы сарапшылардың, Қазақстан құрамасы өкілдерінің және жанкүйерлердің өз пікірлері бар әрине. Біз футбол сарапшысы деген атаққа таласпаймыз, алайда елімізде футбол ойынын дамыту, командалардың чемпионаттар мен кубоктарға қатысуы үшін, жалпы футбол сияқты көпшілік сүйетін ойынды лайықты дәрежеде ұстау үшін қанша қаржы қажет екенін саралап көрдік.

“АҚЖАЙЫҚ” СПОРТ КЛУБЫНА БЮДЖЕТТЕН 715,6 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БӨЛІНІПТІ 

Қазақстанда футболға қанша қаржы бөлінеді және бөлінген қаржының есептілігі ашық жарияланады ма? Ол үшін Қазақстан футбол федерациясының сайтына жүгіндік, сайттың ҚФФ рубрикасында қаржылық есеп атты бөлім бар екен,  бірақ қаржылық есеп жаңартылмаған. Есеп 2009 және 2019 жылдар аралығына ғана берілген, соңғысы 2019 жылғы есеп, содан кейінгі жылдарға мәлімет жоқ. Тағы бір ескере кететін жай, ұсынылған есеп құжаттарының барлығы тек орыс тілінде ғана берілген. Осыдан біз федерацияға бөлінетін қаржының есептілігі бар болғанымен, толық және өзекті емес екенін көріп отырмыз.

Сайтта ұсынылған мәліметтен елімізде 24 балалар-жасөспірімдер футбол орталығы бар екенін білуге болады, сонымен қатар әр өңірде 18 облыстық футбол қауымдастығы бар екенін көреміз Осы өңірлердегі футбол клубтарының қызметі қалай қаржыландырылады? Бұл сұраққа жауапты мемлекеттік сатып алулар сайтынан іздеп көрдік. Бізді қызықтырғаны 2020, 2021 жылдары Батыс Қазақстан облысында футболға бөлінген қаржы мөлшері.

Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы мәліметтерге сүйенсек 2020 жылы:

03 маусымда Батыс Қазақстан облысы құрама командасының 2020 жылғы маусымда шағын футболдан ҚР Чемпионатына және Кубогіне дайындалуы мен қатысуы бойынша қызметі үшін 79 миллион теңгеге келісімшарт жасалған. Тапсырыс беруші – БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы, орындаушы – «Ақжайық» спорт клубы» ҚҚ. Келісімшарттың нақты орындалған күні 10.12.2020ж. Сатып алу – өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен жасалған.

20 қазанда Батыс Қазақстан облысы атынан 2020 жылға арналған республикалық және халықаралық жарыстарға футболдан құрама команда мүшелерін дайындау және қатысу бойынша қызметтері үшін 636 миллиондай теңгенің келісімшарты жасалған.  Тапсырыс беруші – БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы, орындаушы – «Ақжайық» ФК» ЖШС. Келісімшарттың нақты орындалған күні 10.12.2020ж. Сатып алу – ашық конкурс тәсілімен жасалған. Демек, барлығы 2020 жылы футболға қатысты қызметтер үшін бюджеттен 715,6 миллион теңге бөлініпті.

Тағы бір айта кететін жайт, «Ақжайық» спорт клубы» ҚҚ допты хоккейден дайындау қызметтерін де көрсетеді екен. Бұл туралы келесі жолы баяндайтын боламыз.

Ашық дереккөздерден білгеніміз «Ақжайық» спорт клубы» ҚҚ заңды тұлға ретінде 31.01.2020 жылы тіркелген, басшысы Карабинов Мирас Каресович. Қызмет түрі – басқа топтастыруларға енгізілмеген, өзге қоғамдық ұйымдардың қызметі. Мемлекеттік сатып алушылардың қатысушысы болып табылады. 2020 жылы 9 848 243 теңге салық төлесе, 2021 жылы 12 870 131 теңге салық төлепті.

Басшысының аты-жөні дәл осындай тағы 2 ұйым тіркелген. Бірі – «Ақ желкен» мүгедектер қоғамдық бірлестігі, (26.02.2019 жылы тіркелген). Қызмет түрі – басқа топтастыруларға енгізілмеген, өзге қоғамдық ұйымдардың қызметі.  Екіншісі – QYZYL JELKEN” ЖШС, (10.06.2020 тіркелген). Қызмет түрі – кестеге бағынатын, басқа көлік түрлерімен тасымалдау.

Футболға қатысты қызмет көрсетуші тағы бір компания – “ПФК АКЖАЙЫК” ЖШС, (11.02.2020 жылы тіркелген), басшысы – Кауиева Гулдария Бекеновна, қызмет түрі – спорт клубтарының қызметі. Мемлекеттік сатып алу порталындағы негізгі рөлі қатысушы. 2020 жылы – 75 миллион теңге, 2021 жылы – 119 миллион теңгенің салығын төлепті.

Дәл осы басшының атына Нұр-Сұлтан қаласында тағы екі ұйым тіркелген. Біреуі – «ЗАҢ САМАЛЫ» ЖШС, (02.09.2014 жылы тіркелген), қызмет түрі – басқа топтарға кірмейтін басқа жеке қызметтерді көрсету. 2014 – 2019 жылдар аралығында салық төлемеген, 2020 жылы – 194 250 теңге, 2021 жылы – 167 100 теңге салық төлеген. Екіншісі – «ТАНАТ» ЖШС, (09.02.2010 жылы тіркелген). Қызмет түрі – тұрғын үй ғимараттарының құрылысы. 2010 – 2021 жылдар аралығында – 2016 жылы 442 600 теңге, 2017 жылы – 6322 теңге, 2021 жылы 650 теңге салық төлепті.

Бұл компаниялардан өзге облыс бойынша футбол ойынының төңірегінде тағы  бірнеше бірлестіктер, серіктестіктер және клубтар қызмет етеді екен.

Олар: «БҚО футбол қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі Орал қаласында орналасқан, президенті Қапақов Ғайса Хамидоллаұлы, (БҚО Орал қаласы, Құрманғазы көшесі, 179/5 мекенжайы бойынша 08.12.2000 жылы тіркелген). Осы мекенжай бойынша тағы да 4 ұйым тіркелген. Олар: «БҚО шағын футбол федерациясы» ҚБ, басшысы Губашев Н.Г., «АҚЖАЙЫҚ» футбол командасының жанкүйелер клубы» ҚБ, басшысы Алиев Ч.Б., “FC AQZHAYIK” ЖШС, басшысы Шайхы А.Е. және «ПФК АҚЖАЙЫҚ» ЖШС, басшысы Кауиева Г.Б.

Жоғарыда көрсетілген ақпараттың барлығын зерделей отырып, футболға қаржы қандай көп мөлшерде бөлінсе, ол қаржының айналасында да сонша көп ұйымдар мен адамдар шоғырланады екен деген ой қалыптастыруға болады. Бұл қаншалықты дұрыс?  Бір футбол ойынымен қанша ұйым, адам айналысса да, Қазақстанда футбол дамымайды? Неге?

«DAT CORPORATION» БЮДЖЕТТІҢ 1,279 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕСІН ҚАЙДА ЖҰМСАДЫ?

Өткен жылы өңірде қанша қаржыны футболға шығындағанымыз белгілі болды. Ал, биыл ше? 2021 жылы облысымызда бюджет қаржысынан футбол ойынына қанша ақша бөлінгені туралы сайттағы мәліметтер:

17 наурызда 2021 жылғы Маусымға мини футбол (футзал) бойынша ҚР Чемпионаты мен Кубогына БҚО атынан құрама команданың дайындығы мен қатысу қызметтері үшін 225,4 миллион теңгеге келісімшарт жасалған. Тапсырыс беруші – БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы, орындаушы – «Dat Corporation» ЖШС. Келісімшарт 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін әрекет етеді. Сатып алу – өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен жасалған.

19 наурызда 2021 жылға БҚО атынан футболдан республикалық және халықаралық жарыстарға футбол құрама командасының мүшелерін дайындау және қатыстыру қызметтері үшін 702,3 миллион теңгеге келісімшарт жасалған. Тапсырыс беруші – БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы, орындаушы – «Dat Corporation» ЖШС. Келісімшарт 02 тамызда орындалған. Сатып алу – өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен жасалған

08 шілдеде 2021 жылға БҚО атынан футболдан республикалық және халықаралық жарыстарға футбол құрама командасының мүшелерін дайындау және қатыстыру қызметтері үшін 226,3 миллиондай теңгеге тағы да келісімшарт жасалған. Тапсырыс беруші – БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы, орындаушы – «Dat Corporation» ЖШС. Келісімшарт 29 қазанда орындалған. Сатып алу – өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен жасалған

10 қарашада БҚО атынан футболдан республикалық және халықаралық жарыстарға футбол құрама командасының мүшелерін дайындау және қатыстыру қызметтері үшін 125  миллиондай теңгеге келісімшарт жасалған. Тапсырыс беруші – БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы, орындаушы – «Dat Corporation» ЖШС. Келісімшарт 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін әрекет етеді. Сатып алу – өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен жасалған.

Қорыта келгенде, 2021 жылға біздің облыста футболшыларды дайындау және оларды чемпионат, кубоктарға қатыстыру мақсатына бөлінген барлық қаржыны қосып есептесек 1 миллиард 279 миллион теңге болады. Биылғы жылдың сатып алуының барлығы өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен жасалғанына ерекше көңіл аудару қажет. Сонымен қатар, «Ақжайық» спорт клубы» ҚҚ мен «ПФК Аққжайық» ЖШС ізім-қайым жоқ болып, орнына «Dat Corporation» ЖШС пайда болған.

«Dat Corporation» ЖШС болса 2020 жылғы «Ақжайық» спорт клубы» ҚҚ секілді 2021 жылы футболдан бөлек, допты хоккейден дайындау қызметтерін көрсету үшін мемлекеттік сатып алуға қатысқан.

Сонымен, 2021 жылы мемлекеттік сатып алу алаңында ойыншы өзгеріп, футбол мен допты хоккей бойынша барлық қызметтерді «Dat Corporation» ЖШС көрсеткен. Серіктестік – Орал қаласында 02.11.2010 жылы тіркелген, басшысы – Жаксымбетов Оралбай Ергенович. Қызмет түрі – спорттық клубтар қызметі, жалға алынған жылжымайтын мүлікті жалға беру (қосалқы жалдау) және пайдалану, спорт саласындағы басқа да қызмет түрлері және тұрғын үй ғимараттарының құрылысы. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы рөлі қатысушы. Серіктестік 2010 – 2021 жылдар аралығында барлығы 398 миллиондай теңгнің салығы төлеген.

О.Жаксымбетовтың атына аталған серіктестіктен бөлек, 4 ұйым заңды тұлға ретінде  тіркелген.  Бірақ, бұл ұйымдардың барлығы қазір нақты жұмыс істеп тұрған жоқ. Ешқайсысы салық төлемеген.

Бұл тек Батыс Қазақстан облысындағы футбол клубын дайындау мен команданың кестеге сай ойындарға қатысуын қамтамасыз ету үшін бөлінген қаржыға қысқа ғана шолу. Қысқа шолудың өзінде миллиондап бөлінген қаржы миллиардтарға ұласқанын көрдік. Футболмен айналысуға әркімнің ақ таласы бар және айналысып та жүр екен. Олардың ішінде тұрғын үй ғимаратының құрылысын да, жылжымайтын мүлікті жалға беруді де кәсіпке айналдырған ұйымдар бар.

Қыруар қаржы бөлсек те футболды жоғары деңгейге жеткізе алмай отырғанымыз бүгінгі күннің шындығы. Осыдан келіп сансыз сұрақтар туындайды.  Мысалы, футболмен кәсіби деңгейде айналысатын ұйымдар болуы керек пе (бар ма)? Егер болса оларға қойылатын талаптар қандай және олардың кәсіби қызметі қалай реттеледі? Футбол клубына қызметтер көрсететін ұйым не себептен жыл сайын ауысып отырады? Жыл сайын қызмет көрсетушіні ауыстырудың нәтижесі қандай болмақ? Бір жылдан қызмет көрсететін ұйымдардан қандай сапа мен нәтиже күтуге болады? Ол сапа мен нәтижені олардан қалай сұрауға болады?

Футбол клубтарын сан алуан үлгідегі ұйымдарды жан-жақтан жинамай бір кәсіби деңгейде қызмет көрсететін ұйымға тұрақты сеніп тапсыруға болмай ма? Мүмкін, қаржыны талан-таражға салмай, нәтижеге қол жеткізу үшін күштерді біріктіру қажет шығар.

Миллиардтаған қаржы құмға сіңген судай. Себебі есебі жоқ. халық сұрамайды, тапсырыс беруші мен қызмет көрсетуші есебін беремін деп қиналмайды. Осы кезде әрбір шалғай ауылда кешқұрым көшенің шаңын басына көтеріп, Пеле мен Марадона, Месси мен Мбаппе сияқты атақты футболшылардың ойындағы жұлдызды сәттерін жарыса талқылап, тамсана суреттеп, оларға ұқсағысы келіп, қытай доптарын жыртылғанша теуіп, күн бата әрең тарайтын балалар түсінде футбол жұлдызы болуды аңсап, тәтті ұйқыға батады.

 

Анықтама:

Қазақстан футбол федерациясының:

Президенті – Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлы

Бас хатшысы – Айтқожин Азамат Серікұлы

Атқарушы директоры – Түсіпбеков Әміржан Нұрышұлы

Президент кеңесшісі – Байшақов Сейілдә Икрамұлы

 

ҚФФ атқарушы комитеті Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлы бастаған 15 адамнан тұрады.

 

Ұлттық құраманың бас бапкері – Талғат Байсуфинов.

Жатықтырушылар құрамында, бұдан бөлек бас бапкердің 2 көмекшісі, дене даярлығының және қақпашылардың 2 жаттықтырушы, 1 дәрігер, 3 массажист, 1 менеджер, 1 сарапшы, 1 медиа-офицер бар

Сондай-ақ, әйелдер құрамасы мен футзалдан ұлттық құрамада да осыдан кем емес құрамдағы бапкерлер тобы бар.

Қазақстан футболының тарихы туралы мына сілтеме арқылы өтіп, сайтынан таныса аласыз.

 

 БҚО, Орал қаласы

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

1 Comment

  1. […] Әрине, бұл туралы сарапшылардың, Қазақстан құрамасы өкілдерінің және жанкүйерлердің өз пікірлері бар. Біз футбол сарапшысы деген атаққа таласпаймыз. Алайда елімізде футбол ойынын дамыту, командалардың чемпионаттар мен кубоктарға қатысуы үшін, жалпы футбол сияқты көпшілік сүйетін ойынды лайықты дәрежеде ұстау үшін қанша қаржы қажет екенін журналист Альфия Шамай саралап, minber.kz сайтына сараптама жариялады. […]

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мәжіліс Тұңғыш Президенттің ҚХА мен Қауіпсіздік Кеңесіндегі өмір бойғы төрағалығын алып тастау туралы Конституциялық заңдарға өзгерту енгізіп, Сенатқа жіберді

“Мемлекет басшысының Парламенттегі соңғы сөзі шын мәнінде революциялық болды. Енді Парламент пен Үкімет оның барлық уәделерін

Ерлан Қарин: Біздің арнайы қызметкерлер еліміздің ішінде әрекет еткен бірқатар радикалды және экстремистік ұйымдар мүшелерінің қақтығыстарға қатысу фактілерін анықтады

  Қазақстандағы арнайы қызметкерлер елдегі тәртіпсіздіктерге радикалды және экстремистік ұйымдардың мүшелерінің қатысы барын анықтады. Бұл туралы