///

Иешім Мақмұдқызы Саваш: “Мен тағдыр тәлкегімен өз атажұртынан аласталған қазақтың ұрпағымын”

1552 рет қаралды

Францияның Крей қаласының орынбасар мэрі, қазақ қызы Иешім Мақмұдқызы Савашпен сұхбат.

 – Саваш Иешім, сіздің есім-сойыңыз қазақ, түрік, француз тілді медиада жиі айтылды. Бүгінгідей алмағайып тұста қазақ қызының Франция секілді алып елдің саясат сахнасына көрініс беруі қазақ қандастары үшін мақтаныш сезімін ұялатты. Сіз мұны қалай қабылдадыңыз?

– Біріншіден, маған осындай қамқорлық көрсеткені үшін барша қазақ халқына алғыс айтамын. Менің Париж аймағының Крей қаласының орынбасар мэрі болып сайлануыма байланысты Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында шығуым күтпеген жағдай әрі құрмет  болды.  Бұл мені таң қалдырды әрі мақтаныш және туған халқыма деген махаббатымды тіптен күшейте түсті.

Сайланған аумақ,  қазіргі қызметіңіз туралы тарқатып айтсаңыз?

– 2014 жылы мен қалалық кеңеске халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесші болып сайландым. 2020 жылғы маусымдағы сайлауда жеңіске жеткен соң мені мэрдің мәдениет жөніндегі орынбасары етіп сайлады. Сонымен қатар, мен мәдениетке және оған қатысты барлық мәселелерге жауап беремін.

 – Сіздің саясатқа бет бұруыңыздың себебі мен құпиясы неде? Мұндай таңдау неден туындады?

– Мен 18 жасымнан бастап саясатқа және оның барлық мәселелеріне қызыға бастадым. Мен 19 жасымда жастар кеңесіне сайландым және жастарға арналған жобалар жасап, олардың орындалатындығын көру мен үшін амбиция болды. Жастар болашақты бейнелейді, оларға құралдар мен қажетті күш беру ертеңгі әлемді құру үшін қажет. Биылғы жергілікті сайлау әлемде қалыптасқан жағдайға (індетке) байланысты ұзаққа созылып кетті. Сайлаудың бірінші туры 15-наурызда өтсе де, каратин бөгет болды, екінші сатысына 28-шілдеде кезек келді.

– Естуімізше, аталарыңыз  Бұланай тау сілемдерін көктей өтіп, Анадолыдан қоныс тапқан қасіретті көштің сапында болған екен? Өз жұртыңыз, нағашы жұртыңыз туралы өз аузыңыздан тарқатып айтып берсеңіз?

– Менің шыққан жұртым – Алтайдан, ХІХ ғасырдың соңында Қазақстанның Зайсан өңірінен Шыңжанға қоныс аударған керей тайпасының адамдары. Өз жұртым – 12 ата Абай керейдің бірі Қарақас руы, Алтайда өскен іргелі ел. Бұл рудан ел басқарған Ақтеке, Халел би, Қаптағай, Арқалық, Қаби, Құрман, Сайып, Рахат, Бүркітбай сияқты жер қорғаған батырлар, бақсы  оқымыстылар көп шыққан. Осыдан екі жыл бұрын қарақастар жиналып, Зайсанда Қаптағай батыр бабамызға ас берді, Анадолыда да жалғасты. Бұл істе Илияс Сақа мен Серік сияқты жандар үлкен  қолдау көрсетті. Ыстанбұлдың Зейтінбұрны  ауданы әкімінің орынбасары болған Илияс Сақа көкемнің жолымен жүріп келемін.

Арғы атам Сатыпалды Жеңсікбайұлы  атақты Зұқа батыр әулетімен етене байланыста болған. Ел басына күн туған заманда үй іші бір жақта, өзі бір жақта қалған. Балалары Гималай асқан көшпен Түркияға жеткен. Атам Әутай, ағасы Рахымберді, інісі Шәпи Анадолыға жеткен. Рақымберді атам 40 жылдан кейін әкесіне барып  жолыға алды. Ол атамның ұлы Иса Қалқан көп жыл  Францияда тұрған кәсіпкер, қазір Ыстанбұлдағы Қожа Ақымет Иасауи қорын басқарады.

Өз әжем Малақай әйгілі Оспан батырдың туысы, тоқсанды алқымдады, Ізмір тарапында Салихлы ауданында тұрады.

Нағашы жағынан мен  әйгілі Зуқақажы Сәбитұлының тікелей жиеншарымын, яғни шөбере жиенімін. Оның  әкесі де Уфада оқыған оқымысты. Барша қазаққа мәлім, нағашыларым да Зайсан өңірінен 1891 жылдары арғы бетке ауған. Дін таратқан қажы бабам  ХХ ғасырдың басында Манж-Цин, кейін гоминдан  езгісіне деспоттық үстемдікке қарсы тұрды және қандастарын өз қарамағына қорғауына алды. Қапыда қаза болған соң үлкен ұлы Солтаншәріп елді басқарды, көштің басшыларының бірі ретінде қарамағындағы елін Анадолыға алып өтті. Зуқаның бесінші ұлы Шәми – туған менің нағашы атам. ХІХ  ғасырда Ыстанбұлдағы ескі қонақүй мұрағатынан  Зұқа атамның фотосуретін тауып алғанда танып куәландырған, артынан той жасаған да Шәми атам. Нағашы апам Қабира Сағынғанқызы Ыстанбұлда, жасы 90-ға келді. Венада тұратын нағашым Қызырхан Чолпан  Атажұртқа жиі қатынап тұрады, сыйласатын жекжаттары да көп. Дүйім қазаққа жақсы таныс «Қаражорғаны» қайта әкелген, мешіт тұрғызған Арыстан қажы Шәдетұлы, Еуропа қазақ мәдениеті қоғамын көп жыл басқарған, Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының төралқа мүшесі болған Әбдірахман Жәлелұлы – менің нағашыларым.

Демек,  менің аталарым мен апаларым аса көрнекті тұқымнан, ел мен жер үшін күрескен күрескер жандар.

– Қазақ оқырмандары өзіңіздің өскен ортаңыз туралы білгісі келеді?

– Мен – тағдыр тәлкегімен өз Атажұртынан аласталған қазақтың ұрпағымын. Аталарым ХХ ғасырдың ортасында Анадолы жеріне қоныстанған. Өзім  Францияда дүниеге келдім, балалық шағым Париж аймағында өтті. Менің 13 жасымда Крейлге  көшіп келдік.  Лицейді бітірген соң Технология  инстутында жергілікті өзін-өзі басқару мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін,  кейін Ұлттық жоғары біліктілік және білім беру институтында (Institut National Supérieur du Professorat et de l’Éducation) білім магистрі дәрежесін тамамдадым.

 – Исламдық-түркілік өркениет пен еуропалық-христиандық өркениет үйлесімі Сіздің бойыңыздан қалай көрініс тапты?

– Менің дінім немесе шыққан тегім ешқашан ешнәрсеге кедергі келтірген емес. Керісінше, өзімнің артықшылық тұстарымды мақсаттарым үшін пайдалануға тырысамын. Францияда әртүрлілікті ұсынудың нақты әлеуеті бар, өйткені әртүрлілік – бұл актив, яғни белсенділік болып табылады.  Франция – зайырлы ел, сондықтан ешқашан өз дінімді ұстануға немесе өзімнің стандарттарым бойынша өмір сүруге қатысты проблема болған емес.

– Қазақ ұрпағы ретінде сізге қазақ тілі, қазақ мәдениеті не берді? Қазақ дәстүр салты, менталитеті туралы пайым, көзқарасыңыз қалай?

– Отбасымызда қазақ мәдениетіне, ән-күйіне ерекше қызығушылық бар. Тұтыну бұйымдарын барынша қазақы стилде болуын қалаймыз. Түркиядағы туысқандарымыз, қос әжемнің сондай-ақ арттағы елден келген ағайындар сыйлаған бұйымдар ерекше қастерлі. Тілдік орта болмаған соң оны игеру өте қиын болатынын білесіздер. Әкем Мақмұд көп жыл кәсіпкерлікпен шұғылданды, қазір Париждегі қазақ мәдениет орталығының жетекшісі. Анам Әмина қолы бос уақытта қазақша үйренем деушілерге тіл үйретумен айналысады. Артымнан ерген Ясин есімді інім, Дилара есімді сіңлім бар, сіңлім университетте оқиды, інім мамандығы бойынша еңбек етеді.

 – Еңбек жолыңыз қайдан басталды? Саясатқа аяқ басуыңыздың басты себебі неде?

– Жергілікті басқару мамандығын алғаннан кейін, қала өмірімен байланысты барлық нәрсені жақсы түсіну үшін біліктілігімді ұштағым келді. Содан кейін мен оқытушылық бойынша магистратураны бітірдім, мұғалім ретінде конкурсқа түстім. Менің де мұғалім болғаныма 3 жыл толды.

– Саясатта таңдаған бағытыңызға қысқаша тоқталсаңыз?

– Менің саяси таңдауыма қатысты десеңіз, 2014 жылы Социалистік партияға мүшелікке кірдім. Социалистік болу – әлемге бұрынғыдай қанағаттанып қана қоймай, қоғамды өзгерткіңіз келеді. Социалистік идея әділетсіздікке қарсы көтерілістен де, жақсы өмір үшін күреске де байланысты. Социалистік іс-әрекеттің мақсаты – адамның толық эмансипациясы.

 – Бұл жолғы жетістіңізге жету жолында қандай әрекет жасадыңыз? Өзгеше бағдарлама ұсындыңыз ба?

– Мен екі сайлау науқаны кезінде, ең бастысы, Крейл халқымен жақын болуды мақсат етіп ұстандым. Мен осы қалада өскендіктен біршама адамды жақсы танимын, білемін. Мен әрқашан туындаған мәселелер ортасында жүрдім және әрдайым аталмыш қаланың азаматтарыммен тығыз байланыста болдым.

Екінші жағынан, мен саясатқа жаңа тыныс, серпін бергім келді. Мен өз жобаларымнан жастардың өзін-өзі тани білгенін, қажет дүниелерді білгенін қалаймын. Мен әріптестеріммен бірлесе отырып 2020 жылға арналған бірнеше жұмыс бағытын ұсындық. Онда жастарға оқуды алаңсыз жалғастыруға, академиялық қолдау курстарынан өтуге, тек элита топқа ғана емес, барлығына да мәдениетті қол жетімді етуге мүмкіндік берудің жолын іздедік… Мен әйелдерді қолдау, олардың дамуына және өмір сүруіне көмектесу үшін күрес жүргіземін.  Демек, белсенді, әлеуметтік және ассоциативті ортада өмір мәндірек бола түседі барлығы  гүлдейді. Айтылғандардың  бәрі маған өз азаматтарымның қолдауына ие болуға мүмкіндік берді.

– Жаңа қызметіңізге кіріскелі қандай қиындықтар, ауыртпалықтармен бетпе-бет келуге тура келді?

– Мен қызмет бабында қиындықтарға жиі кездескен емеспін. Мен мұғалім ретінде, белсенді әйел ретінде, ана ретінде және саясаткер ретінде жұмысымды біріктіру үшін үлкен ұйымшылдық пен тәртіпті қажет дегенді берік ұстануға тырысамын. Мен әр күнімді жоспарлауым керек, импровизацияға орын жоқ. Алайда, менің өмір сүру ырғағым мені қуантады және қазіргідей болғанына өкінбеймін.

Бірақ мен ешқашан жобаны тез аяқтамаудың таңданысы туралы айта аламын. Францияда жобалар өте баяу қарқынмен жүріледі. Жоба жүзеге асуы үшін бірнеше ай немесе бірнеше жыл жұмыс қажет. Алайда, мен осы 6 жылдық мандатым  кезінде ешнәрсеге өкінбеу және өзімнің аяқталған жұмысыммен мақтанбау үшін бар мәдениет саласына бар күшімді салғым келеді.

– Жас саясаткер ретінде Еуро-Одақтың болашағы, жалпы батыс әлемінің, соның ішін де Францияның алдағы онжылдықтағы саяси, экономикалық, интеграциялық жай-күйін қалай елестетесіз?

– Еуропаның ары қарай баянды, бақуатты өмір сүруі үшін ол нақты еуропалық саясаттың жасау, қалыптастыру бағытында жұмыс істеуі керек. Еуропалықтар еуропалық саясатқа қызығушылық танытуы керек, себебі бұл ұлттық саясаттан жоғары тұрса дұрыс. Бірақ,өкінішке орай, еуропалық азаматтар ұдайы лайықты өкілдер мен парламент депутаттарынтаңдай алады дей алмаймын.

Еуропа азаматтарды Одақтың негізгі қамқоршысына айналдыра алатын әлеуметтік келісімшартты таңдауы керек. Еуропа  әлемдік COVID эпидемиясына байланысты өте қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатыр. Сондықтан Еуропа басқа да қиындықтарға дайындалуы керек. Бұл дегеніміз болашақ үшін тұрақты, тапжылмайтын жұмыс орындарын құруға кепілдік беретін білікті зерттеулерді, экологиялық өтпелі кезеңді қолдауды және болашақтағы өндірістерді пәрменді қолдауды қажет етеді.

– Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Менің болашаққа жоспарларым өте қарапайым. Мен өз қаламның тұрғындарының талаптарын жүзеге асыра отырып, олардың Крейлде өмір сүретіндіктерін мақтан еткім келеді. Қала келбетін арттырғым келеді және сол арқылы жастардың сол жерде өз бақыттарын табуына мүмкіндік жасау. Сондай-ақ адамдарға толыққанды дамуға мүмкіндік беретін мәдениетке, білімге және оқуға қол жеткізуді қалаймын.

– Франциядағы қазақ немесе түрік диаспорасымен байланысыңыз бар ба?

– Франциядағы түрік диаспорасы Еуропаның басқа елдерімен салыстырғанда онша көп деуге келмейді. Дегенмен мен үшін тіл, діл жағынан жаныма жақын келетін түрік тілі мен мәдениеті мен үшін де мәдени- коммуникативті кеңістік десем болады. Отбасымызбен Франциядағы  қазақ, түркі диаспорасының түрлі шараларына белсенді араласып тұрамыз. Әкем Мақмұт жоғарыда айтқанымдай, мәдени орталыққа төрағалық етеді. Анам Әмине қазақ тілін үйренем деушілерге тіл курсын жүргізіп тұрады. Қазақ қызы ретінде ана тілін игеру менің бір міндетім ретінде жоспарымда тұр. Осы жолғы сайлауда кімсің? деген сауалдан кейін, ең бастысы  Атажұртымда осындай ерекше қолдауға ие болуым маған үлкен міндет жүктеді. Мен қазақша үйренем деп мақсат етіп қойдым. Қазақстанның бір қаласымен Крейлді бауырлас қала етсем деген ұсыныс жасамақ ойдамын. Осылай өзімнің кім екенімді Атажұртымды, оның мәдениеті мен жетістігін таныту, насихаттау арқылы танытсам деген жоспарым бар.

 – Қазақстанда болдыңыз ба? Қазақ жастарымен, қандастармен байланысыңыз қаншалықты?

– Қазіргі ғаламдану заманында ниеттес, мүдделес достар табудың жолы оңай. Өкінішке орай, Қазақстанда әлі бола алмадым. 2016 жылы нағашы бабам, Алтай қазақтарының ұлт азаттық қозғалысының ірі тұлғасы Зұқа Атамның Алматыда өткен тойына ата-анаммен еріп бару ойымда болып еді, уақыт мүмкіндік бермеді. Қазақ қандастармен байланысым баршылық, әзір көбіне виртуалдық сипатта. Сәтін салғанда Атажұртқа барып, топырағына аунап қайту жоспарымда бар.

 – Атажұртқа тілегіңіз

– Әрине, менің ата-бабаларым халқының болашағы үшін жан берген, азаттықты аңсап Бұланай-Гималай жоталарын көктеп өткендер. Сондықтан да азаттық, еркіндік деген мен үшін де аса қастерлі ұғым. Айтарым Қазақ Елінің болашағы баянды болса екен деп тілеймін. Туған халқымның мәртебесі асқақ, адамдары бақытты, бақуатты, саламатты болуын тілеймін. Бұған әрбір азамат, жастар өзінің шама-шарқынша үлестерін қосса, әр ауыл, қала өздеріне қолайлы білім, іскерлік, мәдени, иманы ортасын қалыптастыруға атсалысуын қалар едім. Бұл әрбір жанға адами әрі азаматтық парыз деп санаймын

– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рахмет! Сізге өмірде, саясатты армандаған ойларыңызға жете беруге тілектеспіз!

– Арнайы көңіл бөлгендеріңіз үшін «алғыс айтамын!

Сұқбатты жүргізген Бабақұмар Хинаят

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі