//////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2207 рет қаралды

14.01.2022 ж.

Он күн Отансыз қалғандай күй кештік

Құрметті оқырманым, шынымды айтпасам, ақтарылып айтпасам, басымнан өткен жайды баяндап бермесем, ішіме сыймай барады. Бүгін ғана өз-өзіме келгендеймін… Барша қаралы жандарға, халқыма, қазағыма қайғырып көңіл айтамын!

«Қаңтардың қанды қақпасы» ашылған күннен бергі он күн Отансыз қалғандай күй кештік. Отанның қадірінің қандай екенін бір кісідей білетін жанның бірі болсам да дәл осылай, Отаным ойран болып, Азаттығымыздың алтын бесігі Ару Алматының астаң-кестеңі шығып, Шаңырағы шағылып ортасына түсердей күй кешіп, ал біз үй-ішімізбен алыста айдалада қалып, құлазып, ішімді жел кеулеп, жалғыздық күйін кешемін деп үш ұйықтасам ойыма кірмепті. Отанның оттан да ыстық қызуын аңсау асқынып жүрекке түсті. Қан басқа шапты. Отанның жылуынан айырылып бара жатқандай жылы орында отырып қалтырап азап шектік. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл». «Ал сайра» деп қоямын ара-тұра ішімнен өзімді-өзім және жеп.
Қазақтың әлгі «көппен көрген ұлы той, адассаң ауылыңмен адас» дейтіні де рас екен. Көппен бірге көрмек тұрмақ ел-жеріңнен алыста, құрлықтың арғы шетінде, Англияда, аулақта қалған адам үшін туған еліңнің дәл осындай ала-топан күндерін сырттай бастан кешіру қорлықтың қорлығы екен. Ел де жоқ, Жер де жоқ иесіз айдалада қаңғып қалғандай күйде болдық. Барар жер, басар тауың жоқ, теңіз бетінде ескексіз қайықта көкжиектен көз жазбай жанары мөлтілдеген жалғыз жандай сезіндік. Осы орайда айдалада аңырап, ұшарға қанатың жоқ жаныңды жеп отырғаннан да елмен бірге, көп ортасында жауыңмен алысып атойлап алда жүрмесе де терезеден қарап тісін қайрап тұрған адамда арман жоқ екен деп ойлайды екенсің.
Ел басына күн туған заман болды. Адам ұйқыдан да, күлкіден де қағылады екен. Көзіңе тіреуіш қойып алып па едің деп осындайда айтса керек. Ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болды. Екі көзің төрт болып күндіз-түні интернетке телміріп, елден хабар күте-күте талықсып жығылып, көз шырымын алдық.
Амалымыз қалмағанда тапқанымыз: Сәби ғой, әлі балғын ғой, періштесі сыбырлап осының айтқаны келер, жақсы хабар естиміз бе? деп баламызды сөйлетіп, соның аузынан жан тебірентер жылы сөз күтеміз. Баяғыда үй сыртынан сауысқан шықылықтаса апаларымыз «ақ сөйле» деп жатушы еді. Ішімізден «Ақ сөйле!» деп баламызға жаутаңдаймыз. Қанша дегенмен ес біліп қалған неме емес пе, ол бізді, біз оны жұбатамыз. Біріміз жасырып, біріміз ашынып жылаймыз. Мен болсам бар өшімді темекіден алыппын! Іштегі жалынды басамын дегемін бе, қаншама сигаретті өртеп жіберіппін. Жүрекке жасалған ауыр отадан кейін, арақ пен темекіге бірінші кезекте тыйым салатыны белгілі ғой. Өзімше тәртіп сақтап күніне үш-төрт қана сигарет тартып, өзімді қатты тыйып жүрген едім ол жайында қалса керек.
Елдің жағдайы күннен күнге қиындап барады. Өртке қарсы өрт қоямыз дейді. Алла, құдай сақтасын!… Интернет бұғақталды. Карточкалар болса ашылмайды. Қолда соқыр тиын да жоқ. Енді кімге барып алақан жаямыз? Жүрек дегенің қан жылайды. Тәубәміз есімізге түсіп, құдайдан медет тілейміз. Әлгі біздің алшаңдап жүргеніміз, мұрнымыз көк тіреп талтаңдап жүргеніміз, кеудеміз есіктей болып кердеңдеп жүргеніміздің бәр-бәрі ел мен жердің барының арқасында екен.  Құдайым, елімді мынандай күйге жеткізген жалмауыздан құтқарып, зұлымдарға зауал бер деп жалындық. Әр елдің телехабарларын көреміз. Олар да мардымды ештеңе айта алмайды. Оқиға барысын сан-саққа жүгіртіп, сәуегейлері әр түрлі болжамдар жасайды. Елден бездіріп жіберген «қарабауыр қасқалдақтарды» сөйлетеді. Олардың сөзінде де пәтуа жоқ.
Қаңтардың екісі күні Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының зор секіруіне (60 теңгеден 120 теңгеге) байланысты ереуілге шыққандарды құптап, Жаңаөзендіктерді қолдап жыр жазып, биліктен ынсап тілеп, өзімнің алыста болсам да азаматтық үнімді білдірген едім. Ай (аспандағы) оңынан туып еді, қаңтар басы қатты болса да ақыры жақсы болар деп ырымдадық…
Алайда елдегі жағдай күн санап өршіп, ушыға бастады…

(Жалғасы бар) 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Үш ауысымды мектептер білім сапасына қалай әсер етеді? Алматы облысы Талғар ауданында ата-аналар балаларының білім сапасына көңілі толмайды

Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан Әл-Фараби атындағы №31 Тұздыбастау мектебінде бастауыш сынып оқушылары үш ауысымда оқиды.

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі