/////

Бақытбек Бәмішұлы: Нұрсұлтан жоқ-жоқ… Астана бар-бар…

1412 рет қаралды
1
сурет: Серік Абас-Шахтың фейсбук парақшасынан алынды

19.01.2022 ж.

Жаңаөзеннен басталған қаңтар оқиғасының ақыр соңы Алматы трагедиясымен аяқталды. Ереуілшілердің билікке қойған алғашқы экономикалық талаптары оқиға барысында күрт өзгеріп, саяси сипат алды. Олар келесі кезекте «Шал кет!» деп шерулетті. Бұл бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың және ол құрған жүйенің биліктен толық кетуін тілеген талап еді.
Президент Қасымжомарт Тоқаев қаңтардың 5 күнгі халыққа жолдаған үндеуінде осы күнге дейін Н.Ә.Назарбаевтың құзырындағы Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығын қолына алғандығын мәлімдегенімен халық бұған толық сене қоймады. Күмәнмен қарады.
Талдықорған қаласында тұңғыш президенттің ескерткіші құлатылып, басқа өңірлерде оның атындағы көше атаулары мен сөзі жазылған баннерлер жұлынып, ел астанасы Нұр-Сұлтан атауын өзгертуді талап еткен петиция жарияланды. «АзаттықТV» айтуынша оған қол қойғандардың саны екі жүз мыңнан асыпты. Бұл тарапта бүгін «Нұр-Отан» партиясының төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің сөзінде де, билік тарапынан да бәлендей реакция байқалмады.
Еліміздің солтүстігіндегі екі бірдей қаланың (Петропавловск мен Павлодар) атауын өзгерту туралы талай рет мәселе көтерілгенімен жұрттың тап осындай бірауыздан қолдап кеткені байқалмаған-ды. Бұл жолғы Назарбаевтың есімін бір жолата жою аяқ алыстары төтенше. Қазір жұрттың көбі Назараевтың және оның туыс-туғандарының атын да естігісі келмейді. Назарбаев әулеті қоғамды тітірткендіргіш, оның жеккөрініш пиғылын тудыратын қоздырғыш ашытқыға айналды.

Солай болса да Н.Ә.Назарбаевтың есімін қазақ тарихынан бір жола сызып тастай алмаймыз. Оның ісінде қандай болмасын кемістік, кемшіліктері, қылмысы болса да Қазақ Елін қырықтай жыл басқарған басшы ретінде қазақ тарихында қалатын тарихи адам. Оның бір ескерткішін құлатқанымызбен аты тарихтан өшіп қалмайды. Өшіре де алмаймыз. Бүгінгі ұрпақ қазақты Назарбаев билеген заманының ағы мен қарасын басынан бірдей кешіріп, бірге жасасты. Ол біздің ертеңіміз үшін шынайы тарихымыз. Бүгінгі ғылым мен техникасы дамыған қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу мүшесі қандай дәуірде, қандай қоғамда қайтіп өмір сүрді оның бағасын өзі береді. Уақыт пен тарихқа сілтеп келер ұрпаққа аманаттап қалдырмаса керек.

Осы тұрғыдан келгенде менің азаматтық пікірім көп адамның көңілінен шықпауы мүмкін. Жалпы ел астанасының атауын жиі ауыстыру жақсылықтың нышаны емес. Тұрақсыздықтың белгісі. Қазір қаншама жасөспірімдеріміз, балаларымыз Нұрсұлтан есімді. Енді солардың барлығы Нұрсұлтан аттарын ауыстырып, өзгертуі керек пе? Олар әке-шешелеріне, ата-аналарына Нұрсұлтан деп азан шақырып ат қойғандықтары үшін, болашақты болжап, көрегендік танытпағандықтары үшін ренжіп, жер тепкіліп жылауы, бетін жыртып назалануы керек пе? Кешегі ереуілшілер ішінде қаншама Нұрсұлтан есімді боздақтар жүрді. Соның бәрін жіпке тізіп Нұрсұлтан деген атын бетіне басып, көзге түрткі қыламыз ба? Ол ақылға сия ма? Кім баласын жаман болсын дейді. Кешегі күні баламыз Нұрсұлтандай болсын, болмаса да ұқсап бақсын деп, үлгі тұтып, ырымдап қойғаны белгілі.

Нұрсұлтан Назарбаевтың аты болмаған күннің өзінде де беретін мағынасы мен мәні жағынан жағымды, айшықты да нәрлі атау. Рухани қуаты мықты, энергиясы күшті Сөз. Ал Астанамыздың жалпы жағырапиялық тұрғыда орналасуы, атау сөздің ұғымдық салмағы мен айтылуға орамдылығы жағына да ешкім сын айта алмайды. Сайып келгенде астана атауына Назарбаевтың есімі тұрғысынан емес, Сөз тұрғысынан қарау керек. «Темірді қызған кезінде соғу керек» екен деп қызыл жінік болып, астананың атын ауыстыра қояйық деу басы артық жұмыс деп есептеймін.

Онымен қоймай кейбір ессіздер Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейінің кіре берісінде «тақта отырған» мүсінін бұрыштан-бұрышқа сүйреп, қайда қоярын білмей, тұсындағы жазуды біресе жұлып тастап, біресе кішірейтіп, бояп қайта жазып әуре сарсаңға түсіп әлек болып жатқан көрінеді. Бұның бәрі абсурд қой.
Музей деген естелік-ескерткіш. Тірнектеп жинаған көрнекі жадың. Оның не кінәсі бар. Жасадың ба, бұзба. Жаздың ба, өшірме. Ұрпағымыз көрсін. Бүгін жұлып алып, жойып тастасақ, ертең іздеп сарпалдаңға түсеміз ғой. Несі бар, жансыз зат не бүлдіріп қойыпты? Тұра берсін. Нақты, шынайы, ақиқат жәдігер.

Кешегі иесі өртеп жіберген күйдің нотасы да тұрсын, оның суретін де қатар ілініп қойылсын. Міне, мына кісі осындай күй шығарған, ана кісі мынадай өлең-ода, ал мынау поэма, роман жазған деп айтып жатса тәрбие-танымға сеп болмай ма? Жәңгір ханды Махамбеттің мақтаған бір шумақ өлеңін тауып алып (шын болса?) жерден жеті қоян тапқандай болып жүрміз емес пе?!

Бір нәрсе істесек екіншісін бүлдіру шарт емес қой. Ескісін күлталқан ету жаудың ісі, большевик коммунистердің әдеті еді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары еліміздің ауыл шаруашылығы қандай еді? Альтернативі әлемде жоқ жүйелі қозғалыстың үлгісі болатын. Соны әдейі жау шапқандай типыл қылып жоюдың зардабын бүгін тартып отырмыз. Жерсіз, жұмыссыз, малсыз қалған ел саусылдап қала мен қалашықтардың көшесінде қалды. Барды бүлдірмейік. Керісінше ескіні үстемелеп, жаңартып, жаңғыртып, кемшілігін түзеп, байытып отыру ләзім. «Нұрсұлтан жоқ-жоқ… Астана бар-бар…» деп отыру қай мінәсіп?

Мен қазір Англияда жүрмін. Бірнеше музейлерге, галерияларды, тарихи орындарды араладым. Ағылшындардың ежелгі ескі тарихы. Олардың патшасының бәрі сүттен ақ, судан таза болды дейсіз бе? Олардың істеген ісінің ақ, қарасының бәрі айпарадай анық болып жазулы тұр. Өркениеттің бір парасы заттық байлық, жәдігер мұраңды, жасаған мұрағаттарыңды жою емес, қоғамды ашкөз, қорқау жемқорлардан тазартып, олардың аулаққа асырып кеткен, жасырып тығып отырған қазақтың байлығын қайтарып, ел игілігіне жарату болса керек-ті. Мен сол үшін де әлеуметтік желі фейсбук парақшамда «Шал-шал» дей бермей, шашылып кеткен дүниелеріңді жинап алыңдар. Кешіксек шалып түсіреді» деп жаздым.

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар