//////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2234 рет қаралды

ҚОНАЕВ ПЕН ДІНМҰХАМЕД БІР АДАМ БА?

Президент Қасымжомарт Тоқаев 2022 жылдың наурыз айының 16-ы күнгі Халыққа жолдауында Қапшағай қаласының атын өзгертіп, Қонаев атаса қарсы емеспін деген емеуірін танытқан болатын.
Президенттің айтқанын «аяқ асты етпейтін, мүлтіксіз, дереу орындайтын» атқарушы билік өкілдері де бұл жолы іске дереу кірісіп, президентті қолдап қана қоймай Қапшағай қаласының атауын Қонаев деп өзгерту туралы Қапшағай қаласының мәслихат депутаттары бір ауыздан шешім шығарып үлгіріпті. Президенттің бүкіл тапсырмасы жерде қалмай, осылай жедел, әрі нақты жүзеге асып, орындалып жатса деп ойлайсың ғой. Мейлі, «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса да».

Бірақ ел ішінде Қапшағай қаласының атын өзгертуге байланысты екі ұдай пікір бар. Біріншісі, Қапшағай – көне атау, Қапшағай қаласы жергілікті мекеннің көне тарихи атауын иемденген, сондықтан оны өзгертудің қажеті жоқ десе, екінші біреулері Қапшағай деген қалмақ сөзі, Қапшағай қаласын салғызған адам Қонаев сондықтан өзгерткен дұрыс деп санайды.
Жалпы жер-судың көне, ежелгі атауларын, әсіресе жердің табиғатына, бітім- болмысына байланысты топонимдерді өзгертудің қашалықты қажетілігі бар. Қапшағай да сондай байырғы атаудың бірі. Қапшағай сөзінің шығу тегі жайлы әртүрлі болжамдар бар. Қапшағай атауы қалмақтың «қысаң» деген сөзінен туындағанын немесе қалмақтың бір батырының аты екен дейтін жорамалдар жеткілікті. Алайда, Қапшағай қалмақ сөзі деп атаудан ат-тонын ала қашатындар сөздің түп төркіні түркі сөзіне келіп тиянақтайтынын ескере бермейді. Сан ғасырдан бері қазақтың бойына әбден сіңісіп қазақиланып кеткен Қапшағай атауын өзгерту қандай қажеттіліктен туындап отыр. Қапшағай атауының қазақиланып, кірігіп, түп-тұқиянының танылмастай сіңісіп кеткендігі сондай ол қазақтың «Қап» және «шағай» деген сөздерінің қосындысынан пайда болған деп көруге болатын деңгейге дейін дамып, жетілгендігін көреміз. Мұндай тарихи атау сөздерді өзгерткеннен гөрі өзгертемін десе елімізде өзгертуді сұранып тұрған қала, кент, ауыл атаулары жеткілікті. Қонаевтың есімін беруге болатын елді мекендер Қазақстанның кез-келген бұрышынан табылады. Павлодар қаласының атын Қонаев атаса неге болмасқа? Шақалақ Павел кім, Қонаев кім?

Президенттің бұл ұсынысы Нұрсұлтан қаласының бұрынғы атауын қайтарайық деген жұрттың пікірін тыныштандыруға бағытталған талаптан туындаған деген ой да айтылуда. Нұрсұлтан қаласы туралы қаңтар оқиғасынан кейін тұңғыш президентті бас аяғы жоқ жаппай қаралау бұрқ ете түскен кезде 19.01.2022 ж «Нұрсұлтан жоқ-жоқ… Астана бар-бар…» атты мақаламда айтқан едім. Ал Қонаев атауына келсек, тұлға тұрғысынан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев дау жоқ қазақ тарихындағы айтулы адамдардың бірі. Қала атауы Қонаевтың тарихи құрметіне жарай беріліп отыр. Осы орайда Қазақстанға қызмет етіп, атын мәңгілік етуге тұрарлық абыройлы тұлға Қонаев па, әлде Дінмұхамед пе деген сұрақ туындайды? Қонаевтар көп қой. Қонаев Қонаевтардың фамилиясы. Қазаққа қызмет еткен Ұлы адамның азан шақырып қойған есімі емес. Қазаққа өле-өлгенше қызмет еткен адам Дінмұхамед қой. Қала атауы Қонаев деген фамилияға емес, нақты адамға, ел үшін жан-тәнін берген Дінмұхамедке берілуі керек еді. Ащы болса да айтайын «қойды да, қоянды да өз тамағынан бауыздайды» ғой. Бұл тұрғыда астанамыздың атауының Назарбаев аталмай, Нұрсұлтан аталуы бірден-бір ойлы шешім, ақылдың ісі болған.
Қонаев атауы қазақ тілінің айтылым ережесі бойынша Қонайып болып айтылады. Бұл тілдің орфоэпиялық заңдылығы. Күндердің күнінде қазақ тілі өзінің мемлекеттік мәртебесіне толық ие болып, қазақтар өзінің фамилиясына иттің қарғы бауындай байланған, құлдықтың қадірсіз шоқпар шорындай болып жабысқан «-ов» пен «-ев»-тен біржолата құтылар заман келгенде Қонаевті Қонай деп өзгертеміз бе? Әле азамат ердің өз атымен Дінмұхамед деп атаймыз ба?
Менің бұл мақалама Қонаев па әлде Дінмұхамед пе де тақырып қойып отырғанымның себебі осы.

26.03.202ж. Ньюкасл қаласы. Англия.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар