///

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті депутаты: Жазықсыздарды тұтқындау тоқтатылуы тиіс

1796 рет қаралды
Жаңаөзенде басталып, жалпы елді қамтыған ереуілде көшеге шыққан халық бейбіт шеруге ел қамы үшін шықты. Кейін Алматыдан бастап, көп қалаларда бейбіт шерушілерге күмәнді топтар қосылып кетіп, арты қанды бүлікке айналды. Ал енді ереуілге шыққандары үшін ғана жастарымыз жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылып, азапталып жатқандары туралы нақты мәліметтер мен видеолар келуде. Әлеуметтік желілерде де жиі жазылуда. Арасында осындай түрмеде азаптаулардан өліп кеткендер туралы да ақпараттар бар.
Тіпті, олардың ішінде митингіге қатыспай-ақ, ауруханада өз жарақатымен жатқандарды тұтқындап алып кетіп, түрмеде азаптау қандай заңға, қандай адамдыққа жатады? Мысалы, бізге келген видео-мәліметте шалғайдағы Шардарадан Алматыға жұмыс іздеп барып, үй жөндеумен айналысып жүрген Сүндет Тоғайбайұлы Түрікпенбай қаңтардың 5-і күні түстен кейін Төле би мен Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысындағы емханаға дәрігерге қаралып, анализдерін алып, үйіне бара жатқанда аяғына оқ тиеді. Қансырап жатқан ол 12 ауруханаға жеткізіліледі. Оны осында емделіп жатқан жерінен 8 қаңтар күні абақтыға алып кеткен. “Алаңда болдым” деп мойында” деп, ұрып-соққан. “Ешқандай митингіге қатыспаған, ауруханада жатқан балам СИЗО-18 түрмесінде неге жатыр?”-деп, көз жасын көл етіп еңіреп, қайта-қайта талып қалып жатқан анасының видеосын көргенде шыдап тұра алу мүмкін емес! Әке-шешесі жалғыз сиырын сатып, адвокат жалдап Алматыда жүр енді.
Қан ішкендер құтылып, қарап жүргендер тұтылмауы тиіс! Тек қылмыс жасағандар ғана жазасын алуы қажет!
Нағыз содырларға тосқауыл қою қолдарынан келмеген құқық қорғау органдары енді жазықсыз жастарға ойларына келгенін жасап жатқаны жанымызды ауыртуда.
Көшеде көлденең содырлардың сойылын жеп, қаңғыған оқтан жарақаттанған жазықсыз жандар енді полицияда да соққылар жеуін шұғыл тоқтату тиіс!
Қылмысты жасаған полицейлер қатаң жазаларын алуы керек.
 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар