////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2058 рет қаралды

09.03.2022ж.

ШІРКЕУЛЕР ШЕРТКЕН СЫР

Бұл да бір менің назарымды ерекше тартқан тақырып болды. Өйткені елін жетпіс жыл бойы дінсіздік ілімі жайлап, дінсіз идеология билік құрып, сол дінсіз қоғамы тәрбиелеп шығарған бірнеше ұрпақтың бір мүшесімін. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін қайтадан жанданған, алайда әлі де діни нанымы, діни сенімі, діни мәдениеті қалыптасып үлгірмеген, діни ұстанымы орнығып, тұрақтанбаған, «атаңды тауда бір жыққанмын, ата дінім болыпты» деген дақпырттан аспаған өтпелі, өлі ара кезеңде өмір сүріп жатқандардың өкілімін.

Ал Англияға келгеннен кейін көшеге шығып, айналама көз салсам бірден көзге түсетіні төбесіндегі сүмбісі күндік жерден көрініп, көкке шаншылған шіркеулердің көптігі. Біз тұрып жатқан Ньюкасл қаласының әр ауданында бір-бір шіркеуден, шіркеу болғанда кеше ғана бой көтерген емес пәленпай жыл бұрыннан бері халыққа қызмет етіп тұрған, мұрты да қисаймаған, бір кірпіші бүлінбеген, бір әйнегі де сынбаған, сыры да өшпеген көненің көзі дерсіз.
Осы тұрғыдан келгенде де мынау ескі ғимарат-шіркеулердің сырт көрінісінің өзі адам бойына мәңгілік өшпестей болып сіңген сенім тұрақтылығының белгісіндей әсер еткені рас еді. Осының өзі осы жерді (елді) мекендеп отырған халықтың сан жылдық өмір-тіршілігінің, рухани мәдениетінің іргесі сөгілмеген, қалыбы бұзылмаған, арқауы бүтін, табаны нық тұрақтылығын меңзеп тұрғандай еді.

Міне мынау еңселі сұры жағал түсті, сұп-сұсты шіркеу. Әнеу оқ жетпес басында крест таңбасы тұр. Одан төмен күмбез. Күмбездің төрт жағында найзадай қадалған төрт құлақ. Осындай сұсты болса да сәулетті ғимараттарды қандай құдыретті күш, сан құбыла соққан замана желінен қалай аман-есен сақтап қалды екен деген ой жорта жөнелді…


Мешіт емес-ау, мешіт болмаса да қазақтың тұңғыш Президентінің Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қызмет еткен Алматы қаласындағы тарихи орынды бұл күнде бұзып, күреп, орынын тегістеп, көзден таса етпек әрекет жүріп жатыр екен.

Ал Алматыда Желтоқсан, Қаңтар оқиғалары өткен орталық алаңның асты-үстін үңгіп тарылтып тастағаны аздай енді оның да көзін жоймақ «данышпандар» шығыпты. Алаңды күреп алып тастасаң да оның орнында қалған бір түйір тасына дейін сөйлейтінін сезбей ме бұл жойғыштар? Құдай-ау, деймін XXI ғасырдың сәулет өнерінің көркем туындысы Президент резиденциясы тұрмақ, сонау XYIII ғасырдың басындағы Петр 1 ағаштан салған күркедей тамын орыстар әлі күнге дейін тарихи жәдігер ретінде көзінің қарашығындай сақтап отыр. «Бүлдіруің тым оңай, қиналасың тоқуға» (М.Құрманхан) дегендей, ертең іздеп таппайтын мұраларды жоюға асықпыз, бізге нақты, тарихи фактілер мүлдем қажет емес сияқты. Мен шіркеудің алдында тұрып осылай ойландым.

Ойландым да өзімнің мұсылман баласы екендігім ойыма оралды. Мұсылман болғанда қаншалықты мұсылманмын? Әкем мұмылман, анам мұсылманмын деп өтті. Ал мен кіммін? Аузында бір ауыз бісмилласы жоқ адам мұсылман бола ма? Мұсылман не кәпір, тіпті дінсіз болудан не өзгереді? Бұрын-соңғыда бұл сұрақты мен өзіме қойып та көргемін жоқ. Үлкендерден бір естігенімде мұсылман болу үшін «кәлимаға тілін келтірсе болды» деп жататын. Сонау бір жылдар жазушы, көсемсөз шебері Көлбай Адырбекұлы Семейлік ұстаз Әбдіқадырдың Л.Н.Толстойға жазған хатын тәржімалатқаны бар еді. Сонда жауап хатында Толстойдың «Түбінде адамзат баласы Ақиқатта табысады» дегені бүгінгі діни ұстанымым болып қалғандай.


Жалпы мен 10 класты бітіргенше, діннің аздамзат баласының өміріндегі орнына ой жүгіртпек тұрмақ, шіркеу, мешіт, сүм-хид дегендерді естігенім, сурет, альбомдардан, кино-фильмдерден көргенім болмаса, олардың қандай болатынын және онда қандай адамдар, қандай қызмет, кімге атқаратынын білмейтінмін. Біздің елді мекенде мешіт-медіресе деген атымен жоқ еді. Білетінім: болыпты, жойылған, құртылған, біздің социалистік қоғамға жат діни орындар, дін дегеніміз апиын деп оқытатын және тарихтан, тарихи көркем әдебиеттерден ылғи діннің жағымсыз кейіпкерлерін оқығанмын. Мысалы, Д.Нацагдоржның «Жылдың басы, көздің жасы» («Цагаан сар ба хар нулимс») әңгімесіндегі күндіз лама, түнде жалама боп жүретін будданың қызметшісінің күлкілі іс-әрекеті әлі күнге дейін көз алдымда. М.Әуезовтың «Абай» романында Ұлы ақынның әкесі Құнанбайдың шариғат жолымен күнәһәр Қодар мен Қамқаны түйеге асып, таспен атып, құздан лақтырып жіберетін қатыгездігінің барлығының төркіні діни сенімге келіп тіреліп жататын.
Алайда әкемнің шешесі Жәжән, жұрт үшін Жая, менің Апам бес уақыт намазын қаза қылмаған діндар кісі еді. Онда біздің шаруамыз болды ма. Жас бала, сәби кезімізде жайнамазына аунасақ аунаған шығармыз. Апамыз діншіл адам болса да бізге дін туралы айтқан бір ауыз сөзі есімде қалмапты. «Құдайбас» деп ары қаратып, арт жағымыздан құшақтап, «үһ-үһ» деп төбемізден иіскейтін. Есесіне әкем ара-тұра қысқы күндерде кешкі бір астан кейін әкесі жайлы, ол атамыздың үлкен молла болғандығы, Қытайдың Тұрпан деген қаласында оқығандығы, өзі әкесінен алғаш рет хат, әптиекті танып, одан 1943 жылы ел үріккенде Қытайға асып кетіп, онда бір жыл молқы ауылының молдасынан сабақ алғаны туралы там-тұмдап айтып отыратын еді. Бірақ соның бәрінде әңгіме дін туралы емес қалай сабақ алғаны туралы айтылатын-ды. Әкемнің Құран-кәрімнің 114 сүресін жатқа білетінін әбден мұнда, Қазақстанға көшіп келген жылдары бірақ білдім. Ал әкемнің Баймолда деген аты аталмай, бала күнінде үлкендердің еркелеткен атымен аталып кетуіне де коммунистік идеологияның, бай-молданың бәрі халық жауы аталып, атылып кетуінің салқыны тиген болуы мүмкін екен. Әкемнің әкесі Нұртазаны ауылдың жасы кішілері, іні-қарындастары «молда аға» деп атаған екен. Молда деп негізінде ислам дінінен хабары бар, құран-кәрімді оқыған, хат-қара танитын, ел ішінде ағартушылықпен айналысқан ұстаз адамдарды айтатын болған. Сол заманда үлкендердің атын әкеп беріп, ерттеп, қолғабыс қылып, қолына су құйған балаларға «жақсы, білімді, оқыған азамат бол» деген ізгі тілекпен «молда бол» деп те бата береді екен. Алайда молдалардың көзі жойылғаннан кейін молда сөзі де сөздік қордан шығып қалса керек.


1937-1938 жылдардағы сталин репрессиясында Моңғолиядағы бар-жоғы 30 мыңнан астам қазақтың оннан бірін, бай-молдаларымен қосып, елдің сорпа бетіне шығарының барлығын атып тастаған ғой. Ел ішінде андыз-андыз біраз ақсақал, жиырмасыншы жылдардың жетім-жесір қауымы қалса керек. «Ерлер шепте, шешелер ел басқарып қалған» заман ғой. Әлеуметтік шығу тегі жағынан бәрі бірдей малшы-құсшының баласы болып жазылыпты. Арғы тегім пәленпай деген батыр немесе түген деген бай, молданың баласымын деп жазылған заңды документтерді таппайсыз. Орнында бар оңалып, он-жиырма жылдан кейін сол нәубат құрбандарының балалары ержетіп ел тұтқасын ұстап отырса керек.
Сұмын түбінде – аудан орталығында үлкен қариялар аз болатын. Ал әжелер болса үйлерінен шықпайды. Анда-санда атпен қырдан келетін бір ақсақалдар болушы еді. Соның бірі менің Ысқақ атам. 1938 жылы әкесімен бірге 44 жасында молдалығы үшін ұсталып, Қобда түрмесінде атылып кеткен, мен көрмеген Нұртаза атамның інісі. Ал біздің үлкен кісілер деп жүргеніміз әкем құралыптас қырықтың о жақ, бұ жағындағы кісілер екен ғой. 37-38-дің қырғынынан кейін өсіп-жетілген қыршын жастар.

1972 жылы әжем, біз апа дейміз, күзді күні қатты ауырып жатты. Қырдан Ысқақ атам да келіпті. Үйдің маңайы кісі-қараға толып кетті. Бәрінің де қабағы түсіңкі. Апам сүтін ішіп отырған, қорада тұрған Ақ бие құлын тастап қойыпты. Қас қарайған уақыт болатын апам үйіне барсам үй іші лық толған кісі. Бір кісі апамның төсегінің тұсына құрылған шымылдықтың ішіне кіріп алып әлде нені, мен ұқпайтын тілде күбірлеп айтып жатыр, айтып жатыр. Әкемнің қасына барып едім, бауырына тартты да құлағыма сыбырлап «үйге бара ғой» деді. Әшейінде кешкісін әкемдер жұмыстан келген соң апам үйіне жиналып алып, ыр да ду болатын да жататын үйдің іші мұздай суық болып кеткендей зып беріп шыға жөнелдім.

Апам үйін үлкен үй дейміз ғой, біздің әулеттің қара шаңырағы. Нұртазаның шаңырағы. Үлкен үй мен біздің үй қатар отырамыз. Ол заманда күн суытып, бір қар жауғанша ыстық үйге кірмейді. Жайлаудан түскен соң ыстық үйдің алдында киіз үйде отыратынбыз. Үйге келдім де шам жағып, төр алдындағы шынтақ бойындай ғана биік шәй тақтайдың үстіне кітаптарымды шығарып ертеңгі сабаққа дайындалмақ болып екпеттеп отыра беріп едім еңбектен сабақ беретін Күлшарқан мұғалімнің әйелі, біздің өр жақтағы көрші, бізбен параллель класта оқитын Жеңістің шешесі, үлкен сары кісі еді, есіктен қарап: «Әй, Бақыт, Апаң кетіп қалды ғой» деді де есікті жаба салды. Жүрегім зу ете түсті. Ұшып тұрдым. Басым лық-лық етеді. Екі бетім оттай жанды. «Жаңа ғана жатқан адам қайда кетіп қалуы мүмкін?!». Үйден атып шығып, Апам үйіне кіріп келсем үй іші ұлар шу. Жыламаған жан жоқ. Өре түрегеліп еңіреп жүр. Табалдырықтан аттап кірген жерімде селтиіп қаттым да қалдым. Әкем қазан жақтағы төсегіндегі Апамды көтеріп алды да оң жақ төрдегі төсекке апарып жатқызып кері айналды. Көзінен жас моншақтап тұрғанын анық көдім. Ыршып барып белуарынан құшақтай алдым. «Апаңнан айырылып қалдық, қарғам» деді бауырына мені қатты қысып, кемсеңдеп, төбе шашыма жасын сүртіп… Ертеңінде Көк қасқа атты Апамның қонақ асына сойды. Көк қасқа ат малды екінші мәрте кәмпескелегенде қалған Апамның өзінің меншік аты екен. Бір жолы таудан еңкейіп, қиялап түсіп келе жатқанда аттың ері мойынына кетіп қалыпты. Сонда Көк қасқа ат тоқтап, мінер жақ тізесін бүгіп, Апам жығылмай, аман-есен түсіп болғанша қисайып тұрыпты. Иесіне сондай адал, кең мінезді, адамның әр қимылын танитын ақылды ат болыпты. Ал Апамның жетісіне Сары бауыр жорғасын, жылдық асына Торы төбел атын арнады.
Сол жылдарда біздің елде өлім-жітім сирек, бола қалған жағдайда да балалар ондай орындарға бармайтын. Өлім деген сөз айтылмайтын. Өлім деген сөз естісек зәре-құтымыз қалмайтын. Рәсімдердің қалай атқарылып жатқанын білмейтінбіз. Үлкендер өздері жөндеп-жайғап жүреді екен ғой. Үлкендер дегенде де сондағысы елудің о жақ, бұ жағындағы адамдар бопты. Апамның барлық шаруасына бас-көз болып атқарған адам қайын інісі Ысқақ атам болыпты. Сөйтсем Ысқақ атам, күн жайлататын молда екен.

Апам өтерде шымылдықтың ішіне кіріп алып күңгірлеп әлде не, мен ұқпайтын тілде оқыған кісі осы Ысқақ атам екен. Сонда иман айтыпты. Сондағы менің ұққаным, әкемнің айтуынша, Ысқақ атам Апамның о дүниеге кешікпей аттанатынын біліпті. Білген соң бұ дүниені, бізді қия алмай қысылып, қиналып жатқанда жанына сәл болса да жеңілдік жасау үшін жанға өте жағымды, бойға сіңімді сазды әуенмен Апам жайында жақсы сөздер айтыпты. Апамның аса ақылды, күмәнсіз мейірімді, қыбырлаған құмырсқаға дейін қылдай қиянат қылмаған қамқор, Алланы нақ сүйген ақ адал құлы, абыройлы болғанын айтыпты. Апама бұ пәни дүниеде жасаған қайыр шапағаты үшін бүкіл үрім-бұтағы, ұрық-жұрағаты дән риза, ыразы-қош, ел-жұртының ешбір реніш-наз, наласы жоқ екенін жеткізіпті. Апам содан соң разы-қош болып, қиналмай аттанған екен.
Шынтуайтында, иман айту немесе иман оқу дегеніміз адамның адам болуынан күдер үзген шақта оқылатын Құран-кәрімнен алынған дұға болса керек. Алайда менің жүрегіме мәңгі өшпестей болып әкемнің сондағы айтқаны сіңіп қалғандықтан 2012 жылы Анам өмірден өтерінде алтын басын құшақтап, алақанын кеудеме басып, ақ шашын сипап отырып, білетін бар жақсы сөздерімді тоқтаусыз айтып аттандырғаныма Тәубә деймін. Қазақтың қатты қорыққан адамды «иманын үйірді» деп жататыны осыдан қалса керек-ті.

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері