//////

Ғалымжан Жақиянов: Өмір белестері (жалғасы)

21441 рет қаралды

ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫНЫҢ ҚҰПИЯЛАРЫ 

Он бірінші тарау

Келесі саяси науқан — Парламент сайлауы жыл өтпей жетіп келді. 99-дың шілдесінде тиісті жарлықтарға қол қойылды. Науқан басталмай тұрып, Президенттің рұқсатымен, жазғы демалысымда ағылшын тілін оқуға Лондонға бардым. Ауыл мектебінен Мәскеудегі институтқа дейін неміс тілін оқығанмын. Енді ағылшынша үйренуге бел буып, eкі жылдай жеке сабақ алып жүргенмін. Мақсатым – тілді жақсы меңгеру және шетелдіктермен тең, еркін сөйлесу. Тілді үйрену барысында олардың мәдениетімен, ғұрып- дәстүрімен танысады екенсің. Ар жағындағы сана-сезімінің, ой-өрістерінің шама-шарқын байқап, түсінесің. Қазірдің өзінде, абақтыда жатқаныма қарамастан, реті келген жерде ағылшынша оқып-жазуға, күнделікті жаттығуға уақыт бөлемін. Сол жылы да қызметім мен демалысымды жиыстырып қоя тұрып, тілдік ортада болып, дәріс алып қайттым.

Мәжіліс сайлауы оныншы қазанда, ал Сенаттікі сәл ертерекке тағайындалды. Павлодар облысындағы төрт мәжілістік округқа 30–40 үміткер табылды. Kөбі  «әкімге жолығып, алдынан өтуді» өздерінің  басты міндетіндей санап, есігімді аңдыды. Кейбіреулері көмекшілеріме, маңайымдағыларға тыным бермей, кici салумен әлек болды.

«Шаруам жоқ, кіріспеймін» дегенге, әрине, сенбеді. Бір жағынан оған өзіміз – билік басындағылар кінәлі едік. Әміршіл жүйеде жылдар бойы қалыптасқан «дефицит» тауарларды, машина-пәтерлерді, орден мен атақтарды үлестіру «салтымен» тәрбиеленген халық бұрынғыша кабинеттердің иелеріне жалтақтайды. «Кімнің әкім, сот, кімнің депутат болатыны жоғарыда шешілген, әуреленгеннен пайда жоқ» деп, өз күшіне сенбей, қолын сілтейді. Өкінішке қарай, бұл сөздерінің жаны бар еді.

Парламентке өтетіндерді қатты бақылауға алу жөнінде әкімдерге жоғарғы жақтан тапсырма түсті. Депутаттардың ертеңгі тәртібі мен «дұрыс» дауыс беру жауапкершілігін бізге артты. Сайлау мәселесі бойынша облыс әкімдерін кезекпен президент әкімшілігіне шақырды. Әкімшіліктің жетекшісі Сарыбай Қалмырзаев, Орталық сайлау комиссияның төрайымы Зағипа Балиева мен басқа да қызметкерлердің қатысуымен әрқайсымызды жеке қабылдады. Барғанымда біраз сөгіс естідім. Алматыдағы кабинетінің төрінде отырған С.Қалмырзаев сайлауды бетімен жібермеуді, тапсырылған кандидаттарға жұмыс істеуді ескертіп, облыстағы жағдайға қанағаттанбаған сыңай танытты. Шамалы майдалап оны З.Балиева қостады: «Понимаете, Гәке, бәріміз де Президенттің командасындамыз гой. Сондықтан Парламентке Президентті  қолдайтын ceнімді адамдарды өткізу – біздің міндетіміз. Қиын боп, көмек керек болса – айтыңыз. Сіздерге болысуға өз кісімді жіберейін». Өзінен басқа Елбасының қамын ойлайтын тірі жан жоқтай сөйледі. Сайлау комиссиясын  басқаратын адамның осы жерде отырып, осындай әңгімеге қатысқанының өзі заңға қарама-қайшы келетіні қаперіне кірмейтін сияқты. Әрине бұлармен «жасап жатқандарың заңсыз» деп дауласатын жер емес. Сондықтан өз кезегімде ақылға салып көрдім: «Жүргізген сауалнамамыз бойынша тапсырған адамдарыңыздың рейтингі тым төменгі деңгейде. Мысалға, қазіргі мәжіліс депутаттары Шокарев пен Выскубовты алайық. Қалалық округтердегі сайлаушылардың қолдауы 2-3 пайыздан аспайды. Депутаттық сапалы қызметімен павлодарлықтардың көзіне түспегенге ұқсайды. Күшке салып оларды сүйресек, тұрғындар не дейді? Одан пайда бар ма? Халықтың пікіріменсанаспай, олар қаламаған біреуді өткізгеніміз абырой әкелмес. Бүгінгі таңда әр округте екі-үш кандидат алға шықты. Тиіспесекмәреге солардың бірі бірінші боп келер. Араларында президенттің саясатына қарсылар байқалмайды. Олардың жеңгенінен мемлекетімізге келер қауіп жоқ». Әкімшіліктің жетекшісі сөзімді тыңдаумен бірге алдында жатқан құжаттарға көз жүгіртіп отырды. Біздің сауалнамамыз бен ұлттық қауіпсіздік комитетінің қағаздары екенін көз қиығымен  байқап қалдым. Бұл айтқаныма таңданғандай бір уақытта: «Мейлі , – деді ол, – онда, жеңуге жақын тұрғандарды көрейік. Оларға подход іздейік….»  Сөйтсем «подход» дегені кәдімгі «компромат» екен. Мысалы, ол Павлодар қаласында Дворецкийдің өтуіне қарсы емес. Өйткені ол коммерсант, соңында «шикіліктері» жетерлік – Парламентте ешқайда тырп ете алмайды, айтқанды орындайды. Мұны естігенде денем түршікті. Әңгіме біткенше зорға шыдадым. Кабинеттен емес, қарақұрттың ұясынан шыққандай болдым. Бес жыл әкімдік стажым бар, бірақ мынадайды көрген емеспін. Сарай ішінде кездескен әріптестерімнен сыр тартсам, олардың да жағдайы мәз емес екен. Бәрі де «зорлықпен болсын, айламен болсын, қалай да өткіз» деген нұсқау алыпты. Онымен қоймай, күмәнді кандидаттардан жеңген күнде «Парламентте әрқашан да Н.Назарбаевты қолдаймын» деген тілхат алдыртады екен. Осылайша «Ақ үйдегілер» депутаттарды уыстарында ұстап, «қалтадағы Парламент» жасамақшы. Кейіннен З.Балиеваның  «Қалай өткендеріңді ұмытпаңдар!» деп, депутаттардың бетіне басатыны содан болар. Бүгінгі парламенттегі дені саудың асын ішіп, аурудың сөзін сөйлейтіндерді, не аяқ астынан пікірін өзгерте қоятындарды көрсем, есіме С.Қалмырзаевтың әдістері мен сейфінде жатқан «компроматтары» түседі. Өз сайлаушыларының мүддесін таптап, жоғарғы жақ үшін дұрыс дауыс беретіндерге таңғалмаймын. Бұл қоғамымызды жайлап алған дерт. Оны аты – «ноқтадағы демократия…»

Тағы да Абай атамыздың  өлең жолдары ойға оралды:

Атымды адам қойған соң

                  Қайтіп надан болайын ?

                      Халқым  надан болған соң,

                      Қайда барып оңайын ?!

Елге қайтып келген соң, Алматы Сарайында болған әңгімені ешкімге айтпадым. Тапсырманы орындауға да еш ниетім жоқ. Бірақ Екібастұз округінен сайлауға түскен Серікбай Әлібаевтың  үстінен қылмыстық ic қозғалғаны туралы ақпаратқа құлақ түрдім. Алдында ғана облыстық монополияға қарсы комитетті басқарған С.Әлібаев алдымнан өтіп, депутаттыққа үміткерлігін айтқанда сәттілік тілегенмін. Енді бір жолыққанда істің мән-жайын сұрадым. Сонда ол бүкпесіз: «Облыс әкімі Даниал Ахметовтың орынбасары боп жүргенімде соның бұйрығы бойынша немістермен  40 млн теңгелік келісімшартқа қол қойғанмын. Сөйтсем ол Ахметовтың тірлігі екен. Бюджеттен ақша шығарған, бірақ сатып алынуға  тиісті су шығынын есептейтін құралдар Германиядан келмеген. Жауапкершілікке соны тарту керек. Менің кінәм жоқ бұл жерде. Дәлелдейтін құжаттарым толық. Ал КНБ-ның осы қылмысты дәл қазір маған қарсы бұрғаны – аяқтан шалу әрекеті», – деп жағдайын түсіндірген. Айқындау мақсатымен С.Әлібаевтың қағаздарымен өзім де таныстым және сараптама жасаған заңгерлердің құжаттарын оқыдым. Секеңдікі рас екен. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстағы басшысымен сөйлескенімде, «заказ» жоғарыдан түскеніне көзім жетті. С.Қалмырзаевтың кабинетінде естіген «подходқа» ұқсайды. Депутаттыққа өтейін деп тұрған С.Әлібаевты «ноқталамақшы». Мұндайда жебеп жібергенді жөн көрдім де, Сәкеңді бір көргенімде «жасымаңыз, сіздікі дұрыс» дедім.

Сол жолы жеке округтермен қатар сайлау тұңғыш рет партиялық тізіммен де өтті. Оның шын мәнінде қалай болғанын қалың жұрт біле бермейді. Әуелде «Отан» партиясы құрылғанда (президент сайлауынан кейін) оның жетекшісі Сергей Терещенко облыстардағы бөлімшелерді әкімдер басқарсын деген ұсыныс енгізген. Бұл пікірді президент әкімшілігі қолдап, бізді едәуір қысымға алған. Әкімдердің кейбіреуі келісіп, басқалары ол жұмысты орынбасарларына тапсырып құтылған. Соңғылардың қатарына мен де жатамын. «Отанның» шаруасымен айналысуға аграрлық саладағы орынбасарым Александр Кошовойды бекіттім. Бірақ Александр Ивановичтің кезінде Ертіс аудандық партия комитетін басқарғанын ескере отырып, одан әкімшілік билігін орынсыз қолданбауды сұрадым.

«Отан СОКП емес, заманымыз жаңа әдістерді талап етеді. Тізеге салумен тек халықтың бетін қайтарасыз, мемлекет басшысының атына кір келтіресіз» дедім. Кейін облыстық бөлімшенің жұмысына және А.Кошовойдың кәсіби қабілетіне риза екенін С.Терещенконың өзі айтып жүрді.

Өз басым барлық партияның тең болу саясатын ұстандым. Кезекпен әр партияның, қоғамдық ұйымдардың  (ең алдымен оппозициядағылардың) өкілдерін қабылдадым. Олармен біріккен отырыстарға да қатысатынмын. Алдында айтқанымдай, әкімшіліктегі алқалы жиналыстардан бұл белсенді қауымды тыс қалдырмайтынбыз. Облыстың әлеуметтік ахуалы, тұрғындардың тұрмысы жайында пікірлерін міндетті түрде сұрап отырдық. Олардың айтқандарының біреуін де елеусіз тастаған жоқпыз. Қызметкерлерімді осындай жұмысқа көнбіс, төзімді болуға шақырдым. «Ертең әкім сайлауы бола қалған күнде табысқа жету үшін осы халықтың қолдауын іздейміз» деген сөзімді маңайымдағылар жақсы білетін. Нақты демократиялық қадам ретінде әр округтік, қалалық сайлау комиссияларының құрамына оппозиция өкілдерін енгіздім. Компартияның жергілікті жетекшісі Зоя Қожанова облыстық комиссияға мүше боп кірді. Сондағым оппозиция жеңсін дегенім емес. Әділдік үшін және мемлекеттің беделін көтеру мақсатында  жасаған әрекеттерім еді. Нәтижесінде қоғам тарапынан жергілікті билікке деген сенім өсіп, арамызда іс жүзінде келісім орнағанын жұрттың бәрі біледі.

99-жылғы сайлаудың алғашқы қорытындысы бойынша Павлодар облысында коммунистер 28 пайызбен алға шығып, екінші, үшінші орындарда дауыстың 14–20 пайызын жинаған Азаматтық және «Отан» партиялары тұрды. Бұл сенсациялық  көрсеткіштер бізде ғана емес, Республика көлемінде тұңғыш болған фактіге ұқсайды. Менің пайымдауымша, басқа жерлерде Компартия бұдан да артық ұпаймен жеңді. Өйткені еліміздегі протестік электрораттың ең төменгі деңгейі соған тең. Ал Павлодардың ерекшелігі – Азаматтық партияның «Отанды» басып озып, екінші сатыға ілінгені. Егер облыстағы 350 мың сайлаушының қырық мыңға жуығы еңбекақысын «Еуразиялық топтан» алатынын ескерсек, бұған да таңғалмаймыз. Осы алғашқы мәліметтер түнде белгілі болды. Ертеңінде, дүйсенбі күні телефонмен С.Қалмырзаев байланысқа шықты. Бүкіл республика коммунистерді алға жіберіп, «Отанның» артта қалып отырғанына алаңдауын білдірді. «Жағдайды түзету керек боп тұр, облыстарда жігіттер осымен шұғылданып жатыр», – деді. Соңында жартылай нұсқау берілгендей, жартылай қарызға  болымсыз нәрсені сұрағандай, жай ғана: «Өзің де көрсеңші, бірдеме қылып…» – деді әкімшілік жетекшісі. «Бірдеме қылып» дегені комиссия мүшелерінің қолы қойылған протоколдарды бұзып, заңсыздыққа, қылмысқа бару. Осыны түсіндіріп жатсам, не қорқақ, не «халық жауы» боп көрінемін. «Қолында тұрғанда істегісі келмеді» деп жеткізеді. Жауап таба алмай, біраз қысылдым да, ойлануға уақыт сұрадым. Аппарат жетекшісі В.Брынкинді шақыртып, ашық түрде кеңескенімде, ол: «Құжаттарға мөр қойылып, пломбаланған машиналар Астанаға шығып кетіпті деуіңізге болады», – деді маған. Дәл осыны Қалмырзаевқа айттым. «Қап, қайтаруға келмей ме? Жарайды онда, мына жақтан өзіміз бірдеме ойластырармыз» дегенінде, ауыр жүктен құтылғандай болдым. Бір сағаттан соң В.Брынкин «Машиналар Астанаға аттанды» деп хабарлады.

Бір апта өткен соң ресми ақпаратта «Отанның»  жеңгені мәлімделді. Коммунистерге екі депутаттық орын берілді. Еріксіз. Оларды тіпті Парламенттен тыс қалдырудың амалын іздестіріп жатқанын Президент әкімшілігінде естігенмін. Партиялық сайлаудың әр облыс бойынша көрсеткіші айтылмады. Сайлау қорытындысына халықтың үлкен күмән келтіретін жөні бар.

Мәжіліс сайлауынан сәл бұрын, дәлірек айтсам, қыркүйектің 17-сі күні Сенат сайлауы өткен.  Павлодар облысында Сағындық Есімханов сенатор атағына ие болса, Шығыс Қазақстанда  семейлік Зәуреш Баталова жеңіп шықты. Зәурештің сенаторлыққа өткені облыс әкімі В.Метте үшін төбеден түскен жай сияқты көрінген шығар. Өйткені ол Александр Гусинскийді қолдаған болатын. Әуреленіп сүйрегенінен түк шықпады. Қаншама алдап үгіттесе де, қорқытып-үркітсе де, облыстағы мәслихаттардың 456 депутатының басым көпшілігі дауысын З.Батталоваға берді. Науқанның бірінші күнінен-ақ тартыс күшейді. Заңға сәйкес кандидат боп тіркелу үшін әр аудан мен қалалық мәслихаттан кем дегенде бір депутаттың жақтаған қолы керек. Әрине, бұл, әкімшіліктің бақылауынсыз бөтен біреудің тіркеліп кетпеуі үшін жасалған заңдастырылған шара еді. З.Батталованы алғашқы сәттен ақ тоқтатпақшы боп төменгілерге бұйрық түсірген. Әсіресе Шемонаиха мен Курчатов мәслихаттарында бірде-бір қазақ жоқтығын пайдаланып, ұлт мәселесін қоздырып, қазақ қызына дауыс бергізбеуге әрекеттенді. Ұлтшылдықтың мекені болып саналатын Шемонаихаға, депутаттардың үйіне Зәуреш өзі барып, жағдайын түсіндіріп қолдарын алды. Аяғында  Өскемен басшыларының амалы құрып, оны тіркеуге мәжбүр болды. Бұл кезеңді бірінші жеңісіміздей көрдік. Зәурешті қолдайтынымды мен о бастан жасырмадым. Негізінде оны ұсынған Қарлығаш еді. Бірде, Семейден Павлодарға оралғанында, елдің жағдайын айтып, сондағы дос-жұрағаттың  «Сенатқа ортамыздан, Семейден адам шығарғанға Ғалекең  қалай қарайды екен?» деген ойларын жеткізген. Расында, облыс жабылған соң Семейдің ахуалы күрт төмендегеніне жұрт риза болмай жүргені анық. Сол себептен семейліктердің  жоғын жоқтап, сөзін сөйлейтін өкілдері Сенатта болуы – заңды талап. Бұрын Семейдің облыс кезеңіндегі 800 мың тұрғынынан екі сенатор сайланса, енді Шығыс Қазақстанның  құрамында бірде-бір орын бұйырмауы мүмкін еді. Меттенің  ығына жіберсе, халық санына  қарамастан семейліктерді Сенаттан тыс қалдырмақшы. Мұндай саясатына кімнің ықпал еткені белгісіз, әйтеуір Семейге өшігетінін халық  әлдеқашан түсінген, қасиетті жердің дамуына, мәдени өркендеуіне көңіл бөлмегені және өкілдерін биліктен  аластатқаны шындық. Семейдің бұлай шеттетілуі  жанымызға қатты бататын. Алыста жүрсек те елден қол үзбедік. Ақсақалдар мен зиялы қауыммен жиі араласып тұрдық. Елеулі сәттерде, қуаныш, той үстінде құттықтап, не қайғылы жағдайларда көңіл айтып, қастарында болдық. Арлы-берлі жүрген кәсіпкерлер де, басқа да белсенді азаматтары ізін суытпай қатынап тұрды. Семейліктер елдің жағдайына алаңдап, кеңес-пікірімді сұрайтын.

Қарлығаштың Семейден әкелген сәлемінің артында жоғарыда айтылған жәйттер жатты. Шаруам жоқ деп, бас тартуыма болмайды. Өйткені кеше өзім басқарған жұрттың анық сенген адамы мен едім. Ал кіріссем іс нәтижесі болуы қажет, сонда абыройым да сақталады, перзенттік парызым да ақталады. Жеңу үшін жақтаған кандитатымыз қай жағынан да сай болуы керек. Ойымды оқығандай Қарлығаш кешкі ас үстінде: «Ренжімесең, пікірімді айтайын, шешіміңді өзің қабылдарсың», – деді. Назарымды тігіп тыңдадым. «Сенаторлыққа  қабілеті сай келетін, жүрегімен сол өңірдің мүддесі үшін күресетін, адамгершілігімен көзге түскен азаматтар, шүкір-тәубе, баршылық. Бірақ менің ұсынайын дегенім – әйел заты. Парламентте де, Үкіметте де әйелдер санаулы. Жолымыз жіңішке, билік сайысына келгенде ерлер көп санаспайтыны рас», – деп бастаған сөзінің төркіні мен үшін жаңалық емес еді. Есіме арамызда болған бip әңгіме түсті. Сара Алпысқызы Қарлығашпен бір сөйлескенінде депутат болуды ұсынған. «Сенатқа Президент тізімімен өтетін жеті адамның біреуін Нұрекеңе мен айтуыма болады. Бірден ойыма сен келдің. Қоғамдық жұмыстан тәжірибең бар. Республикадағы балалар қайырымдылық қорлары ішінде өзің ұйымдастырғандар үлгілі саналады. Парламентте балалар құқығын қорғап, қайырылымдыққа заңды түрде жәрдем ете аласың. Әйел, ана ретінде мемлекетімізге көмегің тиер», – депті Қарлығашқа Сара апамыз. Бірақ біз кеңесе келе, рахмет айтып, қоя тұруды шешкенбіз. Біріміз – Павлодарда, біріміз – Астанада, екеуміздің де саясатпен шұғылданғанымыз қолайсыз боп көрінді. Оның үстіне, жыл басында жалғыз бауырынан, Асқардан айрылғанбыз. Қарлығаш қатты қайғы-уайымнан ауырып көпке дейін есін жинай алмай жүрді.

Енді міне, сол сенаторлық орынға, сайлау арқылы өтуге өз әріптесі Зәуреш Батталованы ұсынып отыр. «Облыста өзіңнің қоластыңда істеп, білім департаментін басқарғанда аудандарға жиі шығатын. Барлық қоғамдық жұмысқа белсене қатысады. Кезінде бес жылдай сендермен бірге қалалық кеңесте депутаттық топқа кіріп, демократия үшін күресте қатарларыңда жүргенін менен жақсы білесің. Парламентте ел үшін жанын салатынына, таңдаған жолынан таймайтынына жерлестеріңнің күмәні жоқ», – деген Қарлығаштың сөзі мені ойландырып тастады. Бәрі орынды. Тек бір күдік бар әйел адамның билік басына шыққаны халықтың менталитетімен үндеспейтіні белгілі. Әзірге Қарлығашқа «көремізбен» ғана шектелгенмін. Ал реті түсіп елге барғанымда, үлкендермен кездесіп, осы мәселе бойынша тамырларын басып көрдім. Дұрыс қабылдады. Зәурешпен кездесіп, құрылған сайлау тобына сәттілік тіледім. Бұл науқанға Қарлығаштың өзі де белсене кірісті. Өскемен басшылары сайлаушыларға – мәслихат депутаттарына қатты қысым жасады. «Батталова өткен күнде қызметтеріңнен босайсыңдар» деп төменгі әкімдер ескертілді. Сайлау күні қала, аудан әкімдері депутаттарды қасынан титтей де жібермей, дауыс беретін бөлмеге жіппен байлағандай жетектепті. Керісінше біз жақ, семейліктер, сайлаушылармен үгіт жұмысын жүргізгенде ашық пікір алмасуға шақырдық. Дауыс берерде өздерінің еркін сана-сезіміне, ар-ұяттарына салдық. Нәтижесінде А.Гусинскийден едәуір озып, З.Батталова 66 пайыз дауыс алды. Өскеменнен сүйінші сұрап телефон шалған Қарлығашты да, Зәурешті де қуаныштармен құттықтадым.

Келесі 2000 жылы Семейдің тағы бip сайлауына қатысым болды. Жарма, Аягөз, Үржар аудандарындағы Мәжіліс округі Дәулет Тұрлыхановтың  депутаттықтан спорт агенттігіне бастық болып кетуіне байланысты босаған. Алдында айтылған себептермен Төлен Тоқтасыновты осы орынға ұсындым. Төленнің көрнекті кәсіпкер боп, «АНТ» қауымдастығының басшылығында жүрген кезі. «АНТ» (Ассоциация на­циональных товаропроизводителей) содан екі жыл бұрын құрылған. Семей облысы жабылып, кәсіпорындар иесіз қалғанда, біріне бірін тірек ету, өңірдің күрделенген әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу мақсатымен ұйымдастырылған қауымдастық еді, оған жергілікті атқарушы биліктің ешбір қатысы жоқ болатын. Кәсіпкер қауымымен жүздескенімде, билік тарапынан оларға көрсетілген қысым туралы және өнімдерін ұқсатып өткізу жолындағы қиындықтарын айтқан-ды. Сонда мүдделерін бірлесе қорғауды ұсынған мен едім. Жігіттер ойымды мақұлдап, іс жүзіне асырған. Қауымдастықтың президенті боп «Семей» акционерлік қоғамының басшысы, «Халық қаһарманы» Аким Иванович Атмачиди ақсақал сайланған. Бірінші күннен-ақ «АНТ» көзге түсердей жұмысының арқасында артқан сенімді ақтады. Аймақтағы беделді ұйымға айналып, ұлттық өндірістің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Әрине, қауымдастықтың күнделікті істері жергілікті саясатқа араласуды талап етті. Қалалар мен облыстағы депутаттық орындарға ие болды. Сол «АНТ»-қа арқа тіреп, әрі жерлестерінің ауызбірлігіне сенген Төлен қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын.

Төлен туралы Елбасына құлаққағыс қылғанымда, ол: «Тоқтасыновтың Парламенттегі жүріс-тұрысына жауапкершілік сенің мойныңда», – деді. «Ал Меттемен қатынастарыңды түзеңдер. Мен де оған тапсырамын. Ол бейшара Семей десе үркеді, сен қайта болыссаңшы. Жұрт сені тыңдайды ғой», – деп қосты. Кейін, сайлау біткенде, Меттемен тағы кездестік. Ол Өскеменнен, мен Павлодардан шығып, ортада Семейде түйістік. Келіссөз А.Атмачиди мен А.Лукиннің көзінше жүрді. Александр Лукин, яғни Сан Саныч 89-дан командамыздың мүшесі, 1997-99 жылдары Меттенің шақыруымен Өскемен қаласының әкімі боп істеген. Бірақ онымен тіл табыспай, қайта оралған. Қаланың өндірісімен шұғылданған ықпалды кәсіпкер еді. Кездесудің осындай форматына алдын ала келіскенбіз. Әңгіме барысында Метте өткенге өкініш білдіргендей болды. Онысын мақұлдап, өз кезегімде елдің жағдайын ойлауды, кәсіпкерлерді орынсыз мазалап, тиісе бермеуін сұрадым. Тіл табысқандай болдық. Бірақ басқа саяси ойындардай, бұл шартымыз да ұзаққа созылмады. Басында әдеп сақтаған Метте кейін келісімімізді бұзды. Әсіресе «АНТ» мүшелеріне тиісіп, елдің мәдени ошақтарын «реформалаумен» әлектенді. Қарамағындағы полицияны жұмсап, кәсіпкерлердің соңына түсіп, аяғында (ҚДТ құрылғанда ) А.Лукин түрмеден бір-ақ шықты. Қаланың әкімі болып Төленнің кешегі қарсыласы Қ. Тұрлыханов тағайындалды. Семейдің осылай пара жинаудың «полигонына» айналғаны жұртқа мәлім. Бұның бәрі кейін болды. Ал 2000 жылдың күзінде Төленді құттықтайын деп Семейге барғанымда, жеңіске жеткен елдің қуанышында шек жоқ екен. Сайлау басталардан бұрын, бір рет келгенімде, қоғамның белсенді топ өкілдері Төленді бірауыздан қолдаған. Енді міне, жеңіс банкетінде кездестік. Жиналған қауымға: «Ауызбірліктің арқасында келген жеңіс бәрімізге ортақ, ағайын. Үлкен-кішілеріңіз, зиялы-қарапайымдарыңыз бар, бұл сіздердің елді сүйгендеріңіздің арқасында келген жеңіс. Өңірдің гүлденуі және Семейдің рухын  көтеру жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!» – дедім.

Сырт көзге Зәуреш пен Төленнің сайлауға қатысуы Өскемендегі Метте мен Павлодардағы Жақиянов арасындағы Семейдің билігіне таласы боп көрінуі де мүмкін. Бірақ негізінде ондай ұғым шолақтау, жаңсақ пікірдің салдары болар. Шындығында бейнетті көп көрген қазақтың рухани отанына, Семейге болысуды, панасыз қалған елге тірек болуды өзімнің азаматтық  борышым деп  білдім. Облыс жабылғанымен, кездескен сайын семейліктердің  көзінен сөнбеген үміт алауын көріп жүрдім. Өз құқығын, өз мүддесін елдің өзі ғана қорғай алатынын түсіндім. Ол үшін билік тізгінін қолына ұстайтындай, өз тағдырын халықтың өзі шешетіндей дәрежеге жету керек. Басқаша айтқанда, қадамдарын Демократия жолымен басқан азаматтарға  қолұшын  бердім. Шындығы осы!

Халыққа арнап айтылар «Билікті қолыңа ал, тағдырыңды өзің шеш» деген сөздер бұдан ғасыр бұрын арыстарымыз айтқан «Оян, қазақ!» ұранымен үндеседі. Демократия ұғымының баламасы сияқты бұл екі түсінік те белсенді  азаматтық қоғам құруға шақырады. Екеуі де адамның бас бостандығын, еркіндікті талап етеді. Соңғысы еліміздің өмірлік таңдауы екенін тарихымыздан жақсы білеміз. Тіпті қазақ деген сөздің мағынасы соны дәлелдейді. Ежелден  ақындар айтысы мен ат бәйгесі, палуандар күресі  мен «жекпе-жек» дәстүрі сияқты сайыс үлгілері қазақпен бipге ғасырдан-ғасырға өтіп келеді. Халкымыз азаматын сынап, бойындағы қасиеттерін шыңдаумен тәрбиеледі. Сайлау сайысы да осы қатарға жатады.

алдыңғы тараулар:

Басы

І тарау

ІІ тарау

ІІІ тарау

ІV тарау

V тарау

VI тарау

VII тарау

VIII тарау

IX тарау

X тарау

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар