////

23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні: Ал сіз кітап оқисыз ба?

5096 рет қаралды

Бұл күн 1996 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Дүниежүзілік кітап күні 1995 жылғы 15 қарашада ЮНЕСКО-ның 28-ші сессиясында жарияланған. Аталған шешім мәдени дәстүрлерді ағарту және дамыту мақсатында, сондай-ақ кітаптар білімді таратудың ең маңызды құралы және оны сақтаудың ең сенімді әдісі болып табылатындығын ескере отырып қабылданған. Қарарда осы күні кітап көрмелері мен жәрмеңкелерді өткізудің тиімділігі атап өтілген. 

Кітап – білім бұлағы. Бұл сөзбен келіспейтін адам кемде-кем шығар. Ол ықылым заманнан санаға сіңген түсінік. Бірақ, қазіргі күні баладан бастап ересектерге дейін кітаптан көрі гаджеттерге жақын, тіпті тәуелді екенімізді мойындау керек.

Алайда, біз Орал қаласынан кітапхананың ең кішкентай оқырманын тауып алдық. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Орал қалалық кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Жыл үздігі-2021» атты мерекелік кеш өткен еді. Сол кеште үздік кітапхана қызметкерлері, оқырмандары анықталып, түрлі аталымдарға ие болды. 11 аталымның ішінде «Жыл оқырманы – 2021» – «Ең кішкентай оқырман» аталымына 7 жасар Еркежан Манарбекқызы ие болды. Бүгінгі мерекеге орай Еркежанның анасымен сұхбаттасқан едік.

Нұргүл Елеусінова, Орал қаласының тұрғыны, Еркежанның анасы:

– Біз үлкен отбасымыз, әкеміз Манарбек Мұратұлы, ТШО компаниясында маман болып қызмет етеді. Өзім балалардың жағдайын жасап, тәрбиесімен айналысып, үй шаруасындамын, 5 баламыз бар. Еркежан 7 жаста, баланың кішісі. Балаларымызды кітап оқуға қалай баулыдық деген сұраққа келсек:  7-ші шағын аудандағы Салтанат сарайында А.С. Пушкин атындағы кітапхана ашылғаннан бері біз тұрақты оқырманымыз. Балаларымды үнемі осы кітапханаға апарып, өздеріне керек кітаптарын жаздырып аламыз. Кітап оқуға баулу осылай басталды. Сонымен қатар, балалардың қызығушылығын арттыру үшін, оларға қандай кітаптар, тақырыптар қызық екенін біліп, өзім де таныс болу үшін олармен бірге сол кітаптарды  оқимын. Барлық балаларым кітап оқиды. Каникул кезінде балаларымызбен бірге жүйелі түрде кітапханаға барып, кітап алып оқимыз. Өзім соңғы кезде аудиокітап тыңдаймын. Бірақ, балаларым аудиокітапқа қарсы. Олар қолымызға ұстайтын кітап керек дейді. Сондықтан қазір балалар оқығысы келген кітаптарды сатып аламыз. Үйде шағын кітапханамыз бар, 70-80-дей кітап қорымыз бар. Балаларды дамыту мақсатында қызықты, қарапайым нәрселерді өзгеше түсіндіретін, тәжірибе жасайтын және әлемнің ғажайыптары, қызықты математика сияқты танымдық кітаптар алдық. Ағылшын тіліндегі кітаптарды да көп алдық.

Еркежанға келетін болсақ, 2016 жылы мамыр айында отбасымызбен «Жыл оқырманы» сайысына қатыстық. Ол кезде атамыз бен енеміз де бізбен бірге тұрды. Балаларымыз, ата-аналарымызбен осы байқаудан облыс бойынша бас жүлдені жеңіп алған едік. Менің атам көп оқитын, білімді, ізденімпаз адам. Сол байқауға қатысқанда Еркежан бір жастан жаңа асқан уақыт еді. Біз оны сахнаға бірге алып шығып, «Шалқан» ертегісін қойдық, сол қойылымға қатысқан еді. Сол уақыттан бері кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін ұйықтар алдында бесік жырын айтып, ертегілер, өлеңдер, тақпақтар оқитынбыз. Кейін ол кітап оқымасақ ұйықтамайтын болды. Әлі күнге дейін ұйықтар алдында міндетті түрде ертегі оқимыз. Тіпті қолымыз тимей қалған кезде аудио ертегі қосамыз, әйтеуір ол ертегі оқылуы керек. Ол күнде қайталанатын процесс.

 Содан кейін 4 жасында Оқушылар сарайында ашылған «Балапан» үйірмесіне қатыстырдық. Сол кезде Салтанат сарайындағы кітапхана Оқушылар сарайына көшкен еді. Еркежан суреттері бар кітаптарға, аудиокітаптарға қатты қызығатын. Сол кітаптарды үйге жаздырып аламыз. 4 жастан бастап екі тілде үнемі аудио кітаптар тыңдаттық. Қызым тақпақтарды тез жаттап алатын, бір қызығы қазақшаға қарағанда орысшаны тез жаттайтын.  К.Чуковскийдің кітаптарындағы «Муха-Цокотуха», «Айболит», «Мойдодыр» тақпақтарын жатқа білетін еді. Еркежан К.Чуковскийдің кітаптарын теріс қаратып ұстап алып, мүлдем басқа бетті ашып отырып, ішіндегі тақпақтарды кезекпен жатқа айтып беретін. Үнемі сол кітапты алып кел деп жылап жүретін.

Мектепалды даярлық сыныбына барғаннан бастап әріп үйренді, буындап оқитын кітаптар ала бастадық. Қазір 1-ші сыныпта оқиды, көптеген жеңіл кітаптарды өзі кітапханаға барып, жаздырып алып, оқи береді. Кітапханаға 3-4 жасынан барады. Ең алғашқы кітабы аудиокітап болды, астында жазбалары бар «Бауырсақ» ертегісі еді. Бауырсақ ертегісінен бастап, қиын ертегілерге дейін түсінгенін айтып беретін, тілі жақсы дамыды. Қазір мұғалімдердің көпшілігі сөйлеу мәдениеті өте жоғары, сөздік қоры бай, өте әдемі сөйлейді деп айтып жатады. Ертегілерді әрқайсысының рөліне еніп, кейіпкерлер сияқты сомдай алатын еді.

Мұғалімдері атап өткендей сөздік қоры бай, сөйлеу мәдениеті жоғары және өте әдемі сөйлейтін 7 жасар Еркежан кітап оқуда тек бүлдіршіндерге ғана емес, сонымен қатар үлкендерге де керемет үлгі дер едік. Жалпы, қазіргі таңда кітап оқуға қызығушылық қандай? Кітапты ересектер көп оқи ма әлде жастар ма? Осы және басқа да сұрақтарымызға жауап алмақшы болып қаладағы белгілі кітап дүкендеріне бас сұқтық.

Құрманғазы көшесіндегі «Книжник» кітап дүкені:

– 2 жылдан бері осы дүкенде сатушы болып жұмыс істеймін. Менің 2 жылдың ішінде байқағаным қазір ғана оқырмандар көбейді. Жастар кітап оқымайды деген қате түсінік. Жастар кітап оқиды, көбіне психологиялық тақырыптардағы кітаптарды сатып алады. Олардың ішінде студенттер де бар, 30 бен 50 жас аралығындағы сатып алушылар көбірек дер едім. Жастар сонымен қатар классиканы көп оқиды. Шетелдік, орыс әдебиетінің классиктерін оқиды. Заманауи авторлардың фантастика жанрындағы кітаптарын оқушылар жиі алады.

Қазіргі таңдағы жағдайға байланысты дүкен иелері кітаптарды бұрын өздері барып таңдап алып келетін. Казір тек онлайн тапсырыс беріп алдырады. Жаңа кітаптар тез өтіп кетеді. Өйткені, жастар қазір интернеттен жаңадан шыққан кітаптар тізімін алады да, хабарласып сұрайды. Болса, тезірек келіп алып кетеді. Жастар сериалдарды көп қарайды, сосын сериалдар желісімен жазылған кітаптарды алады. Мысалы, «Игра в кальмары» қазір сұранысқа ие.

Балалар әдебиеті, мектеп кітапханасының кітаптарына сұраныс көп. Жазғы демалыста әдеби кітаптар өте жақсы өтеді. Қазір ата-аналар балаларын гаджеттер, телефондардан айыру үшін кітап оқуға баулуда. Балалар түрлі ғой, біреулері қуанып келеді. Мысалы, бізге үнемі бір 9 жасар қыз бала демалыс сайын әкесімен келіп кітап алады. Ата-анасы да, өзі де сондай қуанышты. 3-4 кітап алып кетеді, келесі апта тағы келеді. Алған кітаптарыңды оқып тастадың ба, – деп сұрасақ, бір емес, екі қайтара оқып шыққанын айтады. Ата-анасы кітап оқыту үшін барлық шарттарына келісеміз дейді.

Бұл дүкенде тұрғындардан ұсталған кітаптарды сатып алып, арзан бағаға сататын еді. Алайда, қазір дүкен иесі дүниеден озып, бұл қызмет тоқтап қалған. Қазір сатылымда тек қалған кітаптар екен.

М.Ықсанов көшесіндегі «Жәңгір хан» кітап дүкенінің директоры Сара Жармуханова:

– «Жәңгір хан» кітап дүкені «Атамұра» баспасының Орал қаласындағы ресми өкілі болып табылады, қаламызда 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кітап қорымыз кең және жан-жақты. Дүкеннен мектеп оқулықтарынан бастап, қосымша дәптерлер, анықтамалар, ҰБТ-ға дайындық құралдарын таба аласыз, сонымен қатар қазақ және әлем әдебиетінің үздік шығармалары да бар. Жылдар бойы орнатылған байланыстың арқасында көптеген баспалармен серіктеспіз, ассортиментті уақтылы жаңартып отырамыз. Оқырмандарға ыңғайлы болу үшін кітаптарды сөрелерге жанрларға бөліп, жинастырамыз.

Пандемия кезінде шектеулер болып 2 жылдай жұмысымыз тоқтап қалды әрине. Алайда, қазір қайтадан жандануда. Қазір кітап оқитындар азаймаса, көбейді деп айта алмаймын. Алдымызда жазғы демалыс, ол кезде әрине оқырмандар саны көбейетіні қуантады. Балалар көбіне ата-аналарымен келеді. Студенттер көбіне мамандандырылған оқулықтар, оқушылар сабақтарына қосымша дәптер не басқа оқу құралын алуға келеді. Сыйлыққа кітап алатындар көп. Жаңа сіздің алдыңызда келіп мектеп оқушылары сыйлыққа энциклопедиялар алып кетті. Кейде бір адам 20-30 мың теңгеге кітап алып кететін жағдайлар болады. Кей күндері бір кітап қана өтуі мүмкін. Жалпы қазақ тіліндегі көркем әдебиет шығармаларын жақсы алады. Қазақ классиктерінің шығармалары, соның ішінде Абай атамыздың өлеңдері мен қара сөздері, М.Әуезовтің «Абай жолы» романы, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы, М.Мақатаевтың өлеңдері жоғары сұранысқа ие шығармалардың қатарында деп айта аламын.

Сонымен, екі дүкенде өрбіген сұхбаттың негізінде кітап оқитындар әлі бар және олардың көбі жастар екенін түсіндік. Сонымен қатар, қазіргі оқырмандар қазақ және әлемдік классика мен психология жанрына басымдық беретінін анықтадық. Ең қымбат сыйлық –  кітап десек, кітапқа сыйлық ретінде сұраныс та көп екенін білдік. Ең бастысы, ата-аналар балаларын ертіп келіп, кітап алатынын және оқуға бейімдеу белең алғанынан хабардар болдық. Кітап оқу – адамды ізгілендіру, қоғамды жақсарту үшін ең қажет алғышарттардың бірі. Ендеше, Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні құтты болсын, оқырман!

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар