/////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2805 рет қаралды

АҒЫЛШЫННЫҢ ҮЙІНДЕ ҚОНАҚТА БОЛДЫҚ 

08.04.2022

Кимберлей де Есенгүлдің танысқан әйелі. Бір жолы, қысқа таман бақтың ішінде кездесейік дегенде мені ертіп барған. Ол жолы күйеуінің шаруасы болып, келмей қалған еді. Кимберлей екі баласын ертіп өзі келген болатын. Ұзын бойлы, арық денелі, қоңырқай, көзі де көгілдір емес қоңырлау ашық-жарқын әйел екені бірден байқалған. Күлгенде үстіңгі қызылиегі көрініп тұрады. Ұлы үш жастар шамасында, ал қызы бес-алты айлық. Шақырған мен ғой деп бір-бір кесе кофе алып берген. Есенгүл екеуі балаларды алып балалардың ойын алаңына кеткен, ал мен сол маңайды біраз аралап жүрдім де үй жақын болған соң үйге кетіп қалғанмын.

Жаңа жылдың алдында Есенгүл бірнеше жергілікті достарының басын қосып үйге шақырып, қонақ еткен. Андреймен сонда таныстық. Мен тіл білмейтін болғандықтан бір-екі ауыз аудармашы арқылы тілдестік те, бұл жолы көбінде қонақтар өзара сөйлесіп отырды. Ақтанай домбыра тартып беріп еді, оны қатты ұнатты. Сонсоң мен түсінбесеңдер де қазақтың үнін естіңдер деп екі шумақ өлең оқып беріп едім оған да мәз болып, ризашылығын білдірген-ді. Осы отырысты Кимберлей «жақсы адамдардан жолдас таптық» деп өзінің … парақшасына шығарғанын Есенгүлмен бөлісіпті.
Міне, бүгін сол ағылшын отбасы бізді үйіне қонаққа шақырды. Кешкі жетіге. Біз автобуспен он бес-жиырма минуттай жүріп, жақын маңдағы аялдамадан түсіп, ары қарай жаяу барсақ үйлері Ақтанай оқитын мектептің тап іргесінде екен. Екі қабатты ұзын барақтың оң жақ шеткі пәтері. Бұндағы пәтерлердің екі есігі қатар тұрса екі үй, ал жалғыз есікті болса екі қабатты бір үй деп сыртынан тануға болады. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы түрде салынған, бір үлгілі, біркелкі, аласа төбелі үйлер. Орталықтандырылған суық суы, газы бар. Жылу жүйесі орталықтандырылмаған. Осыдан төрт жыл бұрын сатып алған екен. Қарапайым жас отау.
Қоңырау басып едік ешкім шыға қоймады. Мен Есенгүлге ай-күнін ауыстырып алғамыз жоқ па? деп дүрсілдеп жатырмын. Біз уақыттан бес-он минут кешіктік. Бірінші қабаттың жарығы жанып тұр. Терезеден іштегі тірліктің бәрі көрініп тұр. Сөйтсек қоңырау істемейді екен. Екіншіден балаларын ертерек ұйықтататын уақытқа да дөп келіп қалғамыз ба ерлі-зайыптылар екінші қабатта, жатақ үйде болыпты. Есікті көз әйнекті ақ сары бойжеткен ашты. Шырамыттым. Сөйтсем онымен Бәміш (Beamish) аспан асты музейіне барғанда бір топта болыппыз. Ол Даниялық Надия деген қыз еді. Кимберлейдің досы екен. Пасқалық аста бірге болсын деп оны да қоса қонаққа шақырған екен.

Иста (Easter) немесе біздің құлағымыз үйренген Пасқалық ескі дәстүр Англия бойынша 40 күнге созылатын мереке. Бірақ мемлекеттік мерекеге жатпайды. Қыстың қаһары қайтып, көктемнің келуін, көктің шығуын қарсы алу салтына айналған бағзылық салт. Бұл күнді олар өздері Құдай деп сыйынатын Иисус Христос азапталып өлтірілгеннен кейін, адамдар арасына қайта оралған Жексенбі ретінде өте қастерлейді екен.  Пасхада әр отбасы өздерінің қолынан келетін, ең жақсы көретін дәмді астарын пісіріп, мол дастарханын жайып соны туған-туыс, жора-жолдас, дос-жарандарымен бөлісіп ішіп- жейді екен. Кимберлейдің дастарханы да керемет болды. Диаметрі он сантиметрдей, ұзыны бір қарыс шамасында шиыршықтап оралған қой етін ыстық пеш қызуына үш сағаттай қойып пісірген. Екі еліден дөңгелектеп турады. Үлкен ұзынша табақта сары қайрақтатып қуырған картоп. Келесі табақта қайнатып пісіріп төртбұрыштап туралған шаңбыр және капустадан жасалған-ау бармақтай-бармақтай бұршақ. Сосын вино. Жалпы бір байқағаным ағылшындар спирттік ішімдікті сораптап ішеді екен. Татып алып, татып алып отырады, сыздықтатып. Соңында Кимберлей неше түрлі дәмді құжырларын әкелді. Бұлары шынымен де өте тәтті екен. Олардың атын атап, түсін түстеп жатты «кекс» дегеннен басқасының атын есіме сақтай алмадым. Шайды қонақ үйде отырып іштік. Балалардың ойыншықтары шашылып жатыр. Бір қабырға кітапхана. Екі диван. Басқа артық-ауыс ештеңе көзге түспеді. Оны-мұныны айтып, әңгімелесіп аз отырдық. Бізді Кемберлан үйге машинасымен жеткізіп салды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар