///

Клоун. Ультранационалист. Путиннің жақтасы. Батыс басылымдары Жириновскийдің қазасын қалай жазды?

2813 рет қаралды
фото: Sputnik Kazakhstan

Сәуірдің 6-сында ұзақ уақыт комада болған ресейлік саясаткер, Ресейдің Либерал демократиялық партиясының лидері, Дума депутаты Владимир Жириновский қайтыс болды.

Жириновскийдің қазасын Батыс басылымдарының барлығы дерлік жазды десе де болғандай. Басылымдардың негізгі дискурсы оның ультранационалист екендігі және Либерал демократиялық партияның лидері бола тұра демократияға қатысты бірде-бір мәлімдеме жасамағаны жайында болды.

Мәселен француздық www.france24.com басылымы «Ресейдің ұлтшыл лидері Владимир Жириновский 75 жасында қайтыс болды» деп тақырып қойған. «Отыз жылдай уақыт Либерал демократиялық партияның лидері бола тұра, не либерализмге, не демократияға қатысы жоқ атышулы мәлімдемелерімен аты шыққан Жириновскийдің көзқарасы өте сұсты еді» деп сипаттайды.

Оның  Ресейге АҚШ-тың Аляскасын күшпен қайтарып алуды, Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенконың резиденциясының үстінен ядролық бомба тастауды ұсынғанын ешкім ұмыта қойған жоқ.

Басылым оның партиясының Владимир Путин билігінің сүйеніші «Единая Россия» партиясы ұсынған шараларды қолдаумен ғана айналысқанын жазады.

Жириновскийдің партиясы 1991 жылы Советтер Одағы әлі құламай тұрған кезде құрылды. Сөйтіп елдегі ресми түрде мойындалған оппозицияның рөлін сомдады. Алайда бұл партия КГБ-ның жобасы болды. Өйткені Советтер одағы осылай оппозицияның әлсіз каналын заңдастырған еді.

«Алғашқы кезде бұл партияның Думадағы орны өте мықты болды. 1993 жылғы Парламент сайлауында 450 орынның 64-іне ие болса, кейін біртіндеп азайып-азайып 2021 жылғы сайлауда 21 орынға дейін құлдыраған. Жириновскийдің партиясының ықпалы әлсірегенімен, оның өзі Ресейдің саясат сахнасында ерекше тұлға ретінде қала берді, оның пікірлері жұртты өзінен теріс айналдырса да,  елең еткізетін еді» дейді басылым.

Ал британиялық Бибиси телерадиокорпорациясының Жириновскийдің өліміне қатысты мақаласының тақырыбының өзі біраз нәрседен хабар бергендей. «Путиннің ультранационалист одақтасы және клоун Жириновский 75 жасында қайтыс болды» деген мақалада «Жириновский Жапония, Германия және Балтық елдерінің тәуелсіздігіне қыр көрсетіп, шабуыл жасауымен белгілі болған саясаткер.  Ол алты рет президент сайлауына түскен және Президент Владимир Путиннің қолдауына ие болған оппозиционер, оның карьерасы жалаң ұрандары мен абсурд сандырақтары негізінде жасалды. Өткен Желтоқсанда ол Ресейдің Украинаға шабуыл жасайтынын болжаған еді. Клоун, ультранационалист Жириновский отыз жылдық саяси карьерасында ресейліктерді үркітіп қана қоймады, сонымен бірге көңілін көтерумен келді. 1990 жылдардың басында ол Ресей солдаттары етігін Үнді мұхитының жылы суына жуып отырғанын армандайтынын айтқан еді.  Ол 2018 жылы Бибисиге берген сұхбатында Украинаның Ресей территориясы екендігін мәлімдеген. «Бұл біздің территориямыз, онда біздің адамдар тұрады. Бұл біздің еліміздің бір бөлігі» деген» дейді Бибиси.

Politico.eu Жириновскийді ультраоңшыл деп атайды. Ультранационалист Жириновский Ресейдің СССР-дің құрамында болған бұрынғы республикаларын қайтаруын қалайтынын, Польшаны жер бетінен жоқ қылып, Балтық жағалауы елдерін ядролық қалдықтармен көміп тастау керек деп тепсінгенін жазады басылым. «Алайда оның көзқарасы Владимир Путиннің көзқарасымен астасып жататын еді. Оның қазасын естісімен Путин «ол үнемі Ресейдің мүддесін және патриоттық көзқарасын қолдады» деген пікір білдірген.

Америкалық www.abc.go.com Ресейлік заң шығарушы, тілінің сұғымен батысты сескендірген, азаматтардың ашу ызасын шақырған, кейбіреулерінің әлсіз мақтанына айналған  Жириновский бұл өмірмен қоштасты деп жазады.

Америкалық тағы бір басылым New York times та оны ультранационалист деп атайды. Оның отыз жыл бойғы сандырақтары оның Ресейде танымалдылығын арттырды, ал империялық экпансия туралы маргиналды көзқарасы Украинаға басып кіруге түрткі болды. «Ол жаңа Ресей – ұлы держава деген дискурсты жасаушылардың бірі. Оның көзқарасы үнемі популистік клоундық немесе жалған идеология ретінде қабылданса да, өкінішке қарай аяқ астынан ащы шындыққа айналатын еді» дейді Ресей саясаттанушысы Кирилл Рогов.

Демек батыс басылымдары Жириновскийдің көршілері туралы басқыншы көзқарасына, ұлттарды жер бетінен жойып жіберіп, Ресей солдаттарының бүкіл әлемді жалпағынан басқанын армандайтын астам ұстанымына қатты назар аударған. Владимир Жириновский Қазақстанның тумасы. Алматы қаласында 1946 жылы дүниеге келген. Алайда ол қазақ мемлекетін ешуақытта мойындаған емес. Оның саяси сандырақтарының бір парасы Қазақстанға да бағытталып жататын. Ол үнемі Қазақстанның мемлекеттігіне күмән келтіріп, «Бұл далада жабайы көшпенді тайпалар көшіп жүретін, ел болмаған» деген мәлімдемені жиі айтатын. Осыған орай Қазақстандағы қоғам белсенділері Жириновскийге «нонграта» жариялауды талап еткен де кездері болған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі қай бір жылдары оны «Қазақстанға келуін қаламайтын тұлға» ретінде атағанымен, ол Жириновскийге шыбын шаққан құрлы болмады. Оны елең қылмастан Алматыға келіп, 60 жылдығын атап өткен еді. 2014 жылы Ресей Украина қақтығысы басталған кезде, Ресей саясаткерлері бұл идеяға қайта оралып, Қазақстанға ақпараттық шабуылды қарша боратқан. Сол кезде Қазақстан Сыртқы Істер министрлігі Дума депутатының пікіріне орай Ресейге нота да жолдаған болатын. Бүкіл әлем оның саяси мәлімдемелерін абсурд деп қабылдағанымен, Жириновскийдің ойлары Ресей риторикасымен астасып жататындығын да мойындап отыр.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі