///

Өзін-өзі тану пәні жабылса 25 мың педагог жұмыссыз қалуы мүмкін

4232 рет қаралды
8
фото: Ұстаз тілегі

«Өзін-өзі тану пәнінің мектеп бағдарламасындағы міндетті пәндер қатарынан алынып тасталуы жыл басынан бері талқылануда. “Мінбер” сайтының редакциясы осыған дейін «Өзін-өзі тану пәні қажет пе әлде жоқ па? Біз балалардың пікірін сұрадық па?» атты мақала жариялаған болатын. Мақалада пәнаралық олимпиадалардың республикалық деңгейіне дайындалып жатқан Батыс Қазақстан облысының оқушыларымен сұхбаттасқан едік. Олимпиада нәтижесінде сұхбат алған 4 оқушының екеуі, Айнамкөз 2-ші және Мария 3-ші жүлделі орындарды иеленгені белгілі болды.

Осыдан кейін көп ұзамай Facebook әлеуметтік желісінде тарихшы мұғалім, Білім беру ісінің үздігі Сұлтан Сүлеевтің “Өзін-өзі тану” пәні мұғалімдерінің Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлына жолдаған хатының негізіндегі хабарламасы жарияланды. Мұғалімдер Сұлтан Сүлеевке хаттың көшірмесін жолдаған.

Хабарламаның мазмұны мен мұғалімдердің хатын мына сілтеме бойынша өтіп таныса аласыз.

Сұлтан Сүлеев, Білім беру ісінің үздігі:

МЫҢДАҒАН ПЕДАГОГТЫҢ ЕҢБЕГІ МЕН ТӨККЕН ТЕРІН ҚАЙДА ҚОЯМЫЗ? 

Осы хабарлама мен хатты оқып шыққан соң Сұлтан Созақбайұлының өзімен тілдесуді ұйғарып, өз сұрақтарымызды жолдадық:

– Сұлтан Созақбайұлы, сізге өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері мәселелерін айтып қай өңірлерден хабарласты?

– Жекеленген өңірлер деп айтуға келмес, себебі  бұл өзгеріс бүкіл республика мектептеріне қатысты. Бірақ, алғашқы дабыл қаққан өңірлер Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары. Бұл түсінікті де. Өйткені, сағат аз, мұғалімдер көп. Сондықтан ертең жұмыссыз қаламыз ба деген қауіп бар.

– Қандай өңірлердің мұғалімдері қандай мемлекеттік ұйымдарға, кәсіподақ ұйымдарына не басқа ұйымдарға жүгінген?

– Мұғалімдер қазірге дейін мемлекеттік ұйымдарға, оның ішінде президент канцеляриясынан бастап министрлікке дейін хат жазды. Кәсіподақ та ұстаздарды қолдап, түрлі инстанцияларға ұстаздардың өтінішін жеткізуде. Бірақ, министрлік өзінің позициясын білдіріп жатыр. Ол, өзін-өзі тану пәні он есе қысқарады. Бір класта ғана таңдау пәні ретінде қалып отыр.

– Келісімшарт тоқтатылатыны не еңбек жағдайы өзгеретіні туралы хабарлама қай өңірлердегі пән мұғалімдеріне берілген?

– Әзірше  Қызылорда облысының бірнеше мектебіне хабарлама беріліпті. Бір мектептің 17 мұғалімі жұмыссыз қалады екен. Ал, мұндай жұмыссыз қалатын мұғалімдер мыңдап саналады. Өзіміздің Алматы әлі ондай хабарлама жібермепті. Мәселені шешудің балама вариантын іздеп жатыр деп үміттенеміз.

– Сіз өзіңіз бұл мәселенің оңтайлы, барлық тараптарға, яғни білім саласына, мұғалімдерге, оқушыларға тиімді, ұтымды шешімі қандай деп ойлайсыз?

– Мен ол туралы пост жазғанмын. Анкета да алғанмын. Ұстаздардың 80 пайызы, ата-ананың жартысынан астамы пәннің қалуын қолдап отыр. Ұтымды шешім де ұсындым. Өзін-өзі тану пәнін бесінші сыныпқа дейін міндетті пән ретінде, одан әрі таңдауға қалдырса. Осылай, бірте-бірте қысқартуға болар еді. Себебі, категория қорғаған, диплом алып үлгерген қаншама маман бар? Осылардың еңбегін бір мөрдің күшімен жоқ етейін деп отыр. 25000 ұстаз. Ал, әлеуметтік педагог болады дегені жәй сөз. Соншама мұғалімге әлеуметтік педагог болуға мектептерде орын да жоқ. Және бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан әлеуметтік педагогтар бар. Оларды қайда жібереміз?

– Сіздің көмегіңіз бен қолдауыңызды сұрап жүгінген мұғалімдерге қандай көмек, қолдау, жол көрсете алдыңыз?

– Қандай көмек көрсете алдым? Ешқандай. Тек министрлік пен билік органдарына жететін резонансты постар жаздым. Моральдық қолдау бар. Бірақ не айтасың? Күзде жұмыссыз қалатын ұстаздарға сенің жұбатуыңның керегі қанша? Сондықтан қолдауды тек үкіметтен күтуіміз керек.

– 10 жылдан аса мектеп бағдарламасына енгізіліп, одан бұрын республика бойынша сынақ алаңдары ұйымдастырылып, педагогтар дайындалып, мамандандырылған кабинеттер ашылып, оқулықтар жазылған, осының барлығына жылдан жылға қыруар қаржы бөлінген пәнді бір ғана Ы.Алтынсарин педагогикалық академиясының ұсынысымен бағдарламадан алып тастауға бола ма?

– Бұл өте асығыс жасалған ұсыныс болды. Академияға осындай ұсыныс жасау табель рангі бойынша болмайды. Оны министрлік шешуі керек. Академия сағат санын қысқартуға ұсыныс айтты дегенді естімеппін. Академияға мұндай ұсыныс жасауға жоғарыдан «ұсыныс» түскен сияқты. Жоғарыда айтқаныңыздай жылдар бойы қалыптасып, қалыпты жұмыс істеп келе жатқан жүйені бұзу оңай. Ал, мыңдаған педагогтың еңбегі мен төккен терін қайда қоямыз? Біле-білсеңіз, өзін-өзі тану пәні таза қазақстандық өнім. Ешқандай аударма мен көшірме емес. Мені таң қалдырғаны, академияның ұсынысы тез қолдау тапқаны. Саяси астар іздемеймін. Бірақ, барлық ел сол себептен деп отыр. Бұл жақсы емес. Мемлекет өзгерістердің барлығын жұмсақ, елге салмағы түспейтіндей жүргізуі керек.

– Сіздің өзін-өзі тану пәнінің мектеп бағдарламасында болу не болмауына қатысты жеке көзқарасыңыз?

– Мен өзім сабақ бермеймін. Бірақ, оқулықтарын көрдім, таныстым. Егер, ол пәнді дұрыстап өткізсе балаға берері көп. Тәжірибе жинақталып келеді. Түбінде осы пән мектептегі ең қажетті пәнге айналар еді. Қазіргі замандағы адамдардың қарым-қатынасы күрделенген заманда осы пән көп сұраққа жауап беретіні сөзсіз. Әріптестерімнің айтқандарына сенемін. Қанша дегенмен мамандар ғой. Ата-аналардың қолдауы тағы бар. Оқушылардың да мүддесін ұмытпауымыз керек. Мүлдем алып тастауға қарсымын.

Сұхбат беру барысында Сұлтан Созақбайұлы биылғы жылғы 17 ақпанда өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Өзін-өзі тану пәні керек пе еді?» атты сауалнама жүргізгенін, оның нәтижелерін де пайдалана алатынымызды айтты. 19 ақпанда сауалнама нәтижесін жариялапты: «Кешегі, өзін-өзі тану пәні керек пе деген сауалнамама 40 мыңдай адам үн қатыпты. Тура 24-сағат өтіпті.

37341 адам дауыс беріпті. 2700 аса әріптесіміз коммент жазыпты».

Нәтижесінде, «өзін-өзі тану пәні керек» деген дауыс саны «керек емес» деген дауыс санынан 12 есе артық:

 Өзін-өзі тану пәні керек емес 3086 (үш мың сексен алты) – әріптес дауыс беріпті
Пәннің бұрынғыдай оқытыла беруін қолдап 36987 (отыз алты мың тоғыз жүз сексен жеті) – әріптес дауыс беріпті.

Сұлтан Созақбайұлының айтуынша бұл сауалнаманың нәтижелері күн сайын өзгеріп отыр, қазіргі уақытта «керек» деген дауыс саны 50 000 мыңға жетіп жығылған.

«Just Support» жеке қорының басшысы Светлана Богатырева:

ПӘНДІ БАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫНА ДҰРЫС БАҒЫТ БЕРЕТІН ПРАҚТИКАЛЫҚ ДАҒДЫЛАРМЕН АЛМАСТЫРСА

Редакция осы мәселеге қатысты пікірін білу үшін еліміздегі белгілі психолог, «Just Support» жеке қорының басшысы Светлана Богатыреваға да сауал жолдады:

– Сіз үшін “Өзін-өзі тану” нендей пән? Әлеуметтік желіде осы пәнді мектеп бағдарламасынан алып тастау мәселесі көптен талқылануда. Егер алып тастау қажет болса қандай себептерге байланысты? Ал, қалдыру керек болса пәннің маңызы мен қажеттілігі қандай?  

– Мен “Өзін-өзі тану” пәніне өте жағымсыз пікірдемін. Өйткені, балаларды оқытатын бағдарлама ештеңеге негізделмеген. Бұл пән әдебиет, тарих пәндерін қайталау десек болады, кейіпкерлердің мінез-құлық ерекшеліктерін талдайды, осының барлығын әдебиет сабағында да қамтуға болады. Негізгі пәннің мақсаты оң, баланың өз эмоцияларын, сезімдерін, қарым-қатынасын, мінез-құлық мотивтерін саналы түсінуге, баланың бойына құндылықтарды сіңіруге бағытталған. Соған қарамастан, бұл мақсаттарды жүзеге асыру өте әлсіз, мазмұны қызықсыз, тақырыптардағы бұрылыстар да біртүрлі.

– Әлеуметтік желідегі жарияланымдар мен оларға жазылған пікірлерге үңілсек, «пән қажет» дейтіндер де, «қажеті жоқ» дейтіндер де бар. Халықтың пәнге деген теріс пікірі немен байланысты немесе кіммен байланысты деп ойлайсыз?

– Бір кездері оқулықтарда Саид Баба, Порфирий Иванов сияқты тұлғалардың қанатты сөздері мысалға келтіріліп жүрді, яғни бұл ғылыми негіздегі емес, жеке артықшылықтарға сүйенген қандай да бір нанымдар мен әдістердің жинағы секілді әсер қалдырады. Және осының барлығы ресми түрде мектеп бағдарламасына енгізілді. Бұл әрине алаңдатады, балалар да теріс пікір қалыптастырады, бұған осы мәндегі пікірлер дәлел.

– Сіз көп жылдар бойы жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу мәселесін зерттеп келесіз, осы бағытта жұмыс істейтін платформа авторысыз, қоғамдастықтар құрдыңыз, әрине ата-аналармен және олардың балаларымен көп жұмыс істейсіз. Жұмыс барысында қазіргі ата-аналар мен балалардың арасындағы қарым-қатынас мәселесімен күнделікті бетпе-бет келесіз. Қарым-қатынас тақырыбындағы пәннің рөлі қандай?

– Өзіңіз айтқандай мен көп жылдар бойы жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу мәселесімен айналысып жүрмін. Бірақ, мен статистиканы көріп, соңғы он жыл ішіндегі нақты деректерге сүйене отырып, пән аталған жағдай динамикасына еш әсер етпейді деп айта аламын. Ал, негізінде бұл пән мәселені жақсы жаққа қарай өзгерту құралы болуы әбден мүмкін еді. Пәннің оң әсерін қарастыратын болсақ, бұл жүйеде мектеп бағдарламасында пәнге сағаттар бөлінген, педагогтардың еңбекақысын төлеу үшін бюджеттен қаржы бөлінген, педагогтардың біліктілік арттыру курстарының жолға қойылған жүйесі бар. Дәлірек айтсақ, жүйелік шеңбер ретінде жақсы құрастырылған және өте жақсы жұмыс жасап тұр. Өзім бұл жүйені бұзудың қажеті жоқ, керісінше пайдалану қажет деп ойлаймын. Себебі көп жылдар көлемінде түрлі сарапшылар «балаларға өмірде практикалық қолдану дағдыларын қалыптастыратын пән қажет» деп тынымсыз дабыл қағып келеді.

– Ал, пәнді мектеп бағдарламасынан алып тастамай, өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болса, сіздің ойыңызша ол қандай толықтырулар болу керек?

– Немен толықтыру керек? Заңдардың құқықтық аспектілері білімімен толықтырылса, мысалы балалардың көбі қылмыс үшін жауапкершілік 14 жастан басталатынын біле бермейді. Немесе өзін қорғау үшін білу қажет қарапайым нәрселер туралы ілім енгізілсе. Мысалы, буллинг дегеніміз не, балаларға қатысты ересектердің қарым-қатынасының қайсысы қалыпты немесе қалыптан тыс нәрсе екені түсіндірілсе. Психологиялық жағынан, эмоциялық интеллект тұрғысынан толықтырылса. Өз эмоцияларыңды қалай тану қажет, қорқыныш, үрей, ашу, ыза сияқты эмоцияларды қалай басқару керек, жанжал, дау-дамайлар мен олардан конструктивті шығу жолы қандай. Сонымен қатар, қаржылық сауаттылықтың негіздері енгізілсе, өйткені халық жаппай несиелер мен қаржылық пирамидаларға кіріп кетіп жатқан жағдайларды көріп отырмыз. Аталған негіздерді осы пәнге кіріктіруге болады деп ойлаймын. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай түсінікті тілде бағдарлама құрастырып, осылайша оларды бала кезінен әлеуметтік құзыретті болуға тәрбиелесек. Ал, пәннің атауын «Өмірлік дағдылар» немесе осыған ұқсас бір атауға өзгертіп, балаларды мұғалімдер үшін қызықты абстрактілі түсініктерді талдауға емес, мектеп қабырғасынан өмір жолына дайындаса дер едім. Қазір бұл мәселенің шешімін осылай көріп тұрмын.

Бағдарламаны құрастыруға да әдеттегідей Бөбектің мамандары үстел басында жиналып отырып, өздерінің жеке өмірлік тәжірибелерінен құрастырмай, оның орнына әр саладан тәжірибесі бар сарапшылардан тұратын команда тартылса.

Осы жолмен біз педагогтардың да мәселесін шеше аламыз, өйткені олар да қазір жүйеден шығып, жұмыссыз, далада қаламыз ба деген уайым үстінде. Оларды осы пән бойынша оқудың жаңартылған мазмұнында қайта даярлап, әрі қарай жұмыс істей беруіне мүмкіндік жасау қажет. Бұл бір емес, мыңдаған мұғалім, мен олардың уайымы мен үрейін де түсінемін. Дәл бұлай бір ғана қаламның сермеуімен мыңдаған адамды жұмыссыз қалдыру өте қызық шешім деп есептеймін. Егер ақылға салып, асығыс-үсігіс шешім қабылдамай, талдау жасап, сарапшылар тобын іске тартып, қоғамдық тыңдау арқылы жаңа бағдарлама құрастырып, қабылдайтын болса, бұл пәнді балалар үшін анағұрлым пайдалы пән етіп шығаруға болады. Дәл қазір осы пәнге қатысты ата-аналар мен балалардың мүдделері тоғысқан кез деп санаймын.

MINBER.KZ редакциясы қоғамды екіге жарған өзін-өзі тану пәні «керек» не «керек емес» деген сұрақтың аясында көтерілген мәселелерді алдағы уақытта да назарда ұстап, әрі қарай зерделеуге ниетті. Қалай десек те бұл пәннің айналасында мыңдаған педагогтың тағдыры тұр. Одан бөлек, 30 жыл ішінде білім саласындағы сансыз сынақ алаңдарынан көз ашпаған мектеп оқушыларын қайда қоямыз?

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

8 Comments

  1. Мектепте өте керек пән балаларға рухани тәрбие береді.Диплом алып оқығасын алып тастау әділетсіздік дер ем.Бұл пәнен өткен санаты не болады.Жастар болса баска пән оқып алар үлкен апайлар бар осы пәнен сабақ беретін санатының бәрі күйіп кетеді гой.

  2. Сәлеметсіздер ме, “Өзін өзі тану” пәні өте жақсы пән. Балалар бұл пәнді сүйіп оқиды және тыңдайды

    • Дипломы бар деп еш негізі жоқ пәнді қалдырады қалай сурап отрсыз? Оңай жолмен ақша алғысы келетін педагогтардың арине өзін өзі тану қажет ақ, одан басқа пәндерден жетерлік қайта даярлық тан отсін өз өзін тану пәні мұғалімдері басқа мамандыққа

  3. Өте асығыс шешім болақалды деп ойлаймын. Əдемі гүлденіп жаңарған сабақ болып кележатыр еді.Бұл пəн қоғамның сұранысы жақсылап байыппен қарау керек. Мейірім жетіспей тұрғанда жеткізді бұл пəн.Дамыта түссе тіптен жақсы қоғам игілігі үшін. Бейбітшілікпен тұрақтылықты насихаттауда бұл пəннің үлесі зор деп білген абзалырақ. Қайта жандандырудың орнына кері шалыс басуға болмайды.Имандылық осы пəннің үлесіне кіріпақ тұр. Меніңше бұл өте дұрыс бағыттағы үздік пəн халайық.

  4. Жоғарыда кім ауысса неге барлығы ауысу міндетті екен а? Барлығының айтатыны өз командамен жүреді деген. Осы заңды тоқтатса екен. Өзін өзі тануды алып тастап жатқан себебі айдан анық белгілі. Онсызда 6сағат пен жүрген мұғалімдер бар енді вообще сағатсыз қалатын болдық.

  5. Дұрыс қосыламын.бұл пәнді кім болса сол немесе завучтар сертификат алып өтіп жүр,соларды тексерсін соларды жазаласын,меншік иесі сыяқты “ол менің сабағым”дейтіндерде болды.жабылуына қарсымыз бақандай үш жыл оқыған дипломымыз бар қолымызда.

  6. Мен Қарағанды қаласынан өзін өзі тану пән мұғалімі Жунусова Құралай Мухамедьяровнамын. Бұл пәнге неге сонша аяқ асты шешім шығарып жатсыздар. Менің жасым 60-та. Бір жылдан кейін пенсияға шығарда жұмыссыз қалғалы отырмын себебі 1-11 сынып аралығына тек мен беремін. Неше жылғы олимпиадалар мен жобалардан алған еңбектеріміз бағаланбай отыр. Оқытып отырған студентім бар. Мен сияқты 25000 ұстаздардың өмірі бала шағалары не болмақ. Бәрімізде осы балаларымыз біздің отбасылық жемісіміз. Солар үшін өмір сүреміз. Асығыс шешім қабылдамаңыздар. Біздің орнымызда өздеріңізді бір елестетіп өтсеңіздер екен. Білім Ғылым Министрлігі және ұжымы әділетті шешім шығарарсыз деп ойлаймыз, жақсы жаңалық күтеміз.

  7. Өзін-өзі тану пәні өте керемет,оқушылар дәйексөзді оқып талдап көп сөзге мән бергені мені қуантады

Райхан жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері