/////

Жәди Шәкенұлы: Қаралы көш (жалғасы)

4857 рет қаралды
фото: wikipedia.kk

* * *

Қаптықтан қайтқан сайдың тасындай қалың батырлар дүркірей желе жортып келеді. Алда Қожақын мен Елісхан қатарласып, аттарының тізгінін еркін қоя берген. Қожақынды жанасалаған Елісхан:

– Кіші аға, өткен күні жаман түс көрдім. Тұтас ауылды өрт шалып әйелім мен балаларым өрттің ішінде шыр-шыр етеді. Қолымды созайын десем жетпейді. Жаманға жорығым келмеді, – деді. Қожақын ат үстінде інісіне жамбастай бұрылып:

– Онсыз да өрттің ішінде жүрген жоқпыз ба. Бір жағымыз – қытай, бір жағымыз – сарт пен дүңген. Енді олар аз болғандай моңғолдармен де қажасып отырмыз. Байқайсың ба, биылғы моңғол жағына көшіп барғандарды олар кейін қумай отыр. Жин Шурын үкіметінің Кеңес Одағымен сауда келісімі бар. Моңғол елі де кеңестіктермен әмпей-жҽмпей болса керек. Осы жайындағы әңгімеге келгенде Сармолданың да білмейтіні жоқ. Осының аты рас Сармолда екеніне де күмәнім бар. Бекер адам Кеңес Одағынан қашып келмейді ғой. Соныңайтуынша, Қытайдағы қазақтардың бөлініп-жарылуына Кеңес Одағы Моңғолия арқылы да ықпал жасайтын кҿрінеді. Кеңестіктердің де ең жек көретіні қазақтар дейді. Өткен жылы өте үлкен ашаршылық болып, неше он мыңдаған қазақ аштан өліпті. Ондағы қазақтардың күшейіп, белді орынға шықпауы үшін Шынжаң қазақтарын тұқыржылатып басып отыруға әуес болса керек. Ал енді алды-артыңды аңғар да көр. Бәрі өрт емей немене. Сол өрттің ішінде қолымызға шоқ ұстап ойнап жүрміз. Түсті кім көрмейді. Түсіміз түгіл өңімізде су кешіп жалынға оранып жүрміз. Оттың ортасында шыжғырылып жатамыз. Неше күндей алыс жол қалжыратқан да шығар. Алла жеткізсе бала- шағамызбен көрісетін сәт те алыс емес. Оттай лаулаған ыстық көңілмен қауышамыз, – деді қоңырқай көздерінде күлкі ойнап.

Өзі өнеге тұтып, ақылына ұйып жүретін ағасының айтқаны Елісханды сергітіп жіберді. Көз алдына жары Зүбәйда, балалары Өнерхан мен Әнуархан келді. Әсіресе, тілі енді-енді шығып, аяғын апыл-тапыл басып жүрген Әнуарханның қызықты қылықтары тәп-тәтті елестейді.

– Әке, әке, шен қайда баяшың?

– Мен алысқа, анау таулардың ар жағына аталардың ауылына барамын.

– Мен де баямын, мені атқа мінгіжші.

– Кейін жігіт   болғанда   барасың.   Қайтып   келген   соң   атқа   мінгізіп ойнатамын.

– Теж келешің бе?

– Иә, тез келемін.

– Мен апамның қойнына жатамын, ә.

– Иә, атаңның да қойнына жат, апаңның да қойнына жат, шешеңнің де қойнына жат. Ақылды бала деген.

– Шен келгенде кімнің қойнына жаташың?

Әнуарханның қылығы есіне түскен Елісхан ат үстінде миығынан жымиды.

Оның әр қылығын қалт жібермей келе жатқан ағасы Қожақын:

 

– Жылағанды сұрама, күлгенді сұра деген, неге күлдің? – деп інісіне қулана бұрылды.

– Жай, әншейін, баламның қылығы есіме түсіп.

– Сен де осындай балажан ба едің.

– Неге екенін білмеймін, Әнуарханның қылығы есіме түсе береді. Мені сағынып жүр ғой деймін.

Бұлардың сөзін естіп қалған Қапсемет деген жігіт құйрық тістесе жақындап:

– Ой аға, Елісхан баласын сағынып келе жатыр дейсіз бе, балалардың шешесін сағынып келеді емес пе, – деді қутыңдап.

Әзілді құлағы шалғандар ду күлді. Елісхан әдетте қалжың сөзге көп араласпаса да, бұл жолы қарымжысын жібергісі келмеді.

– Адамға жақсы жар, Алла берген ұрпақтан артық не бақыт болсын. Айтпағандарың болмаса үйге жақындап бҽріңнің де қабақтарың ашыла бастаған түрі бар, – деді, кесек денесін артындағыларға бұрып.

Әңгімемен жол қысқарғанына ма, әлде ауылға таяған сайын аттары да жүрісті бола бастады ма, топты жігіт көңілдене ән салып, даланың құйқасын түтіп, шұбала шауып барады.

Жүргіншілер Құлыншәрінің бір ағынына келгенде тізгін ірікті. Аттарының белін босатып, беті-қолдарын жуып, намаз оқитындары сәждеге бас қойып жатты.

Оңаша төбеде отырған Қожақын мен Қуанышбай сонадайда сайды құлдап келе жатқан қосар атты екеуді көріп, солай елеңдеді.

– Әке-ау, бұлары кім? – деп таңырқаса бастағандары сол еді, олар да жетіп үлгерді.

Тасбике арасына сіңіп, өткен жылы Мажан шаңия мәнсабын аларда түтін толтыру үшін сол ауылға кірген Тоймыл деген азамат екен. Қасына бір жас жігіт ертіп алыпты.

Аман-сәлемнен кейін қойнынан бір хат алып шығып:

– Бұл – Шәріпхан төренің хаты. Әліп үкірдайға тез жеткіз деген бұйрықпен келе жатыр едік. Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады деп, сіздердің жолыққандарыңыз мұндай жақсы болар ма. Мори жаққа ауып барған елге ондағылар алакөзбен қарап отыр. Көп ұзамай біз де Бәйтік жаққа көшетін шығармыз. Аманат иесіне тез жетсе екен. Жолда аялдамайтын шығарсыздар, – деді. Сосын Елісханға қарап:

– Өздеріңді сағынып жүрмін. Ауыл-ауылдың арасы тоймен жалғасып, әсем ән мен тәтті күйге құмартқан қайран күндеріміз-ай. Шынымен-ақ алыста қалғаны ма, Елісхан жан. Балалар ержетіп келе жатқан шығар. Алла жақсы күндерде жүздесуге жазсын! – деп мұңая қоштасты.

Қожақын, Елісхан тобы Құлыншәріні өрлей, Арбалының жонына шыққаны сол еді, көзұшынан мұнартқан қою шаң көрінді.

Бұл кезде Әліп ауылының қан-жынына бөккен қытай қосыны умақ- шумағымен Мориға бет алып бара жатқан болатын. Қытай шолғыншылары қазақтарды бұрын көріп қойды.

Олар бұтаның арасында қашып жүрген жерінен тірідей қолға түсірген Шәріпханды да өздерімен бірге алып келе жатыр еді. Чың Пишу оған сес көрсетіп:

– Анау көрінген қараң-құраңды көрдің бе. Олар – қазақтар, қазақтар – біздің жауымыз. Сені сол қазақтар ішкі жақтағы қытай жерінен ұрлап алған. Сенің ұлтың қазақ емес, қытай, білдің бе, жауыңнан кек алатын сәт туды. Оларды шырғалап шақыр. Әсіресе, ішінде Елісхан жауыз болса, соны алдымен шақыр. «Аға, менмін ғой, тез келіңіз» де. Қалғанын өзіміз көріп аламыз, мүбәда бізді алдасаң не сатқындық жасасаң, жүрегіңді тірідей суырып аламын, ұқтың ба?! – деп әкіреңдеді.

Чың Пишу қазақ тілін білетін екі шерікті шақырып алып:

– Сендер үстілеріңе қазақтардың киімін киіп, мынаны ортаға алыңдар. Сосын қазақтарды шырғалап, татырға таман түсіріңдер. Жабайылардың әуселесін көрейік! – дегенді айтты.

Будақ-будақ шаңнан секем алған Қожақын мен Елісхан жолдан бұрылып, қыратқ ашығып дүрбі тартты. Қожақын:

– Менің көзім жақсы көрмей тұр ма. Дүрбім тұманданып анық көре алмай тұрған сияқтымын. Шаң шыққан жерден үш адам шығып бері келе жатыр, қарашы, – деп дүрбіні Елісханға ұсынды.

Елісхан бір қауым үнсіз қарап тұрып:

– Иә, иә, үш адам. Үш адам болғанда ортадағысы бала ғой. Үшеуі неге ұйлығып келеді. Үй, анау ортадағысы Шәріпхан сияқты. Бұлар қайдан жүр?

Осыны айтқан Елісхан дүрбіні Қуанышбайға ұстата салды да, атына мінді. Әлгі үшеуіне қарай тұра шапты. Аралық бір шақырымдай қалғанда Шәріпхан бар дауысымен айқай салды:

– Аға, а-ға, ары қаш, ары қаш, бұлар жау, бұлар жау қытайлар. Сізді алдап шақырмақшы. Ауылды түгел қырып кетті. Қаш, аға, қаш, бұлар жау!

Сөйткенше болған жоқ, қасындағы екеудің мылтығы тарс-тұрс ете түсті. Қайта қайырыла шапқан Елісханның аты омақаса жығылып, өзі анадай жерге ұшып кетті. Қытай шеріктері айналаны қоршап жақындап қалған екен. Оқ жауып кетті. Ат үстінен қытайларға оқ жаудырған Қожақын Елісханға қарай тұра шауып, қосарындағы атты көлденең тарта берді. Қуанышбайдың да мылтығы сайрай бастады.

Тұрғы-тұрғыны иелеген қазақ жігіттерінің бәрі де атып жатыр.

Қазақ қолы небәрі жиырма екі жігіт, қытай шерігі бес жүздің үстінде. Бес жігітті атысқа қалдырған Қожақын қалғандарын шегіндіріп, келесі биікті иелеп отырды. Бесеуі сайға түсіп қаша шегінгенде қазақтарды қаштыға балаған қытай шерігі екінші қамалдың тосқауылына ұшырады. Осылайша біресе оңға, біресе солға шегініп атыс жасаған қазақ қолы талайлаған шерікті жамсатты. Ақыры күн ұясына кіре атыс тоқтады.

Мақсатына жете алмаған Чың Пишу тобы көп жасағынан айырылды. Жер тепкілеген ол Шәріпханды алдырып, үшқатқа таңдырды. Екі сөзге келмей бұғананың астынан пышақ жүгіртті де, шырқырай жылап, тыпырши айғайлаған баланың жүрегін тірідей суырып алды. Оның алақанында шоршыған бір кесек қан жерге домалап кетті.

Сатқынның жүрегі де қолға тұрмайды екен ғой, – деді Чың Пишу Шәріптің бозғылдана сөніп бара жатқан жанарына зәрлене қарап.

Қара адырда көрер таңды көз ілмей атырған көп жігіт жерге жарық түсе жаудың зым-зия жоғалғанына қайран қалды. Кеше ғана жарқырап тұрған күннің райы мүлдемге күреңітіп, қырқаларды кезген суық ызғар беймаза түнде бел шешпеген азаматтарды тоңазытып жіберді. Аттарын тебітіп төбе-төбеге қарай шапқыласты. Жан баласы көрінбейді.

– Әккі жаудың айласы болмасын, – деді Қожақын.

– Айналаның бҽріне дүрбі тарттым. Жан баласы жоқ сияқты, – деді Елісхан.

– Төрт тамда қамалып өскен сужүрек қытайларда қан сасыған далада түнейтін қандай құдірет болсын. Баяғыда қашып кеткен болар, – деді Қуанышбай.

Қуанышбайдың айтқаны шын болды. Өлігін жинастыруға шамасы келмеген Чың Пишу қолы Мориға қарай зытып беріпті.

Қожақынның бастауымен атыс болған жерге келген олардың көзіне алдымен көрінгені үшқатқа таңулы Шәріпханның өлі денесі болды. Кеуде тұсынан аққан қан киіміне қап-қара болып қатып қалыпты.

Елісхан аттан домалап түсті:

– Қарағым-ай, қайтейін, қайтейін, қорлықпен өлдің-ау. Жаудың оғына байланып тұрып ағаладың ғой, қайтейін қарғам, қайтейін! Шоқтай иірілген жігіттердің жұбатуға шамасы келмей қабырғасы қайысып үнсіз тұрып қалды.

Қожақын алдымен тіл қатты:

– Қой, Елісхан, көз жасыңды құрғат, тұр былай! Ол Шәріпханның аяғынан құшақтаған Елісханның қолын босатып жіберді де, баланың кергішін, арқанын пышақпен қиып, мәйітті жерге түсірді. Қан-қан болып жатқан жүректі кеуде қуысына салды. Өлген шеріктің бірінің жейдесін дар-дар айырды да жағын, қолын таңып, өбектеп Елісханның алдына өңгерді. Көз жасы бұршақтаған Елісхан өзін-өзі ширатып, ат үстінде тік отырды.

Көргіліктің көкесі алда екен. Ауылға жеттік-ау деп төбе-төбеге шыға келгенде алдымен ұлыған иттер шалынды көздеріне. Онан соң қамыңқы, үрейлі жанарларға қан жоса болған ауылдың сұмдық бейнесі көрінгенде бір сәт тізгіндерін іркіп аңырып қалды. Не болғандарын білмей аттарынан домалай түсіп, сұлап жатқан өліктерге жүгірді. Өлгендерді құшақтай сілкілеп, зарлана өксіген, бақырған азалы үндер қоңыр адырларды күңірентіп жіберді.

Бұлардың үстіне Қалимақұл, Тұрдылар да келген еді. Бірін-бірі құшақтап зар еңіреген еркектердің үні қара жердің өзін қалтыратып, сай-сүйекті сырқыратты.

Елісхан әкесінің өлі денесін құшақтап бір еңіресе, екі шешесінің, әйелінің, балаларының мүрдесін көріп ет-бауыры езіліп, бордай үгітілді. Қанға шыланған балаларын бас салып:

– Қарғаларым-ай, өмірге келмей жатып, жан үзетін тәңірге не жазып едіңдер. Сұм қытай, жауыз кәпірлер-ай. Екі дүниеде де қолдарым жағаларыңда кетсін, енді қайттім, құлындарым-ай, сендерге қорған бола алмадым-ау. Енді менің алдымнан «балам» деп шығатын қормал әке қайда? «Құлыным-ау» деп шақыратын аяулы анам-ау, шынымен-ақ келмеске кеткендерің бе? «Мырзам» деп алдымнан жайраңдап шығатын жан жарым, сен неге үнсіз жатырсың! «Әке, қашан келесің» деп едің Әнуарханым. Әкең келді ғой. Орныңнан неге тұрмайсың? Неге әке деп шақырмайсың? Мені енді кім «әке» дейді? Тәңірім-ау, бәрінен бірдей айырылатындай не жазып едім саған?! – деп зар иледі.

Өзекті өртер ащы жылаудың қаншаға созылғанын ешкім аңғара алмады. Жұрт күндей күркіреген үннен бастарын көтеріп, естерін жиғандай болды. Көздерінен от шаша айқайлай сөйлеп тұрған Қожақын екен:

– Ау, халқым, бауырларым, бастарыңды көтеріңдер. Қайғыны қайратқа айналдырыңдар. Жылай бергенмен өлгендер қайтып келмейді. Езіліп еңірегенше орныңнан тұр, қайратыңды жи. Қанға қан, жанға жан аламыз. Қытайдан кек аламыз. Жазықсыз бір адам үшін он қытайдың қанын ішпесем шешемнен ұл боп тумай кетейін. Еркекпін дегендерің – еріңдер соңымнан!

Қабырғасы қанмен қайысқан топ еңсесін көтеріп алды. Мең-зең ұйқыдан оянғандай көздері жалын шашып:

– Кек аламыз, кек аламыз, жанымыз бұлардан артық емес! – деп айқайласты.

Қожақынның бастауымен отыз екі жігіт атқа қонып, отқа оранған бір кесек болатшардай бар екпінмен жау соңына қарай түйдектеле шапты.

Қалимақұл, Елісхан, Тұрды, Мейірімхан бастаған бір топ азамат қабір қазып, өлгендерді жерлеуге кірісті. Олардың үстіне Қайсаның балалары Мұқай, Мінҽн, Әтейхан және Жақсыбайлар келді.

Көз жастарын көл қылған қазалы топ өліктерді аударып-төңкеріп, түгендей бастады. Әліп пен Асқабыл бірін-бірі құшақтай құлапты. Қаралы қауым екі арыстың құшағын зорға айырды.

Қырылған   адамдарды    жерлеуде    молдалардың    насихаты    бойынша «шаһидтерді құлаған жерлеріне киімшең қою керек» деп ұйғарылды. Адамы ең көп қырылған Әліп ауылы отырған сайдың аузындағы қой қораның көлеміндей жерге ұзынынанқа бір қазылып, адамдарды қатарынан жатқызды. Әліп пен Асқабылды қатар жерледі.

Жұрт қалың өліктің арасынан күні таяп отырған екіқабат Ташбаланы тірідей тауып алды. Қарынын айқастыра шапқан қылыш сыртқы көк етін сөгіп кетіпті де, қансырап жығылып қалған екен. Оны көргенде Елісхан бас болып өшкені жанып, өлгені тірілгендей жұбанып қалды. Енді бір жерден Бақас дегеннің төрт жасар ұлы Дәлелханды шешесінің өлігінің астынан тауып алды. Жылқышының жалғыз ұлы Құмар да қой жайып жүріп қашып тығылған жерінен аман оралды. Өлгендердің ішінде Әліптің кіші әйелі Шәрбан мен екі баласы жоқ. Ал Бақастың тағы бір ұлы, Мәтікір және Жансары дейтін қыз үшеуінің сүйегі табылмады. Жұрт оларды да тірі кетті деп білді.

Барлық өлгендерді санағанда бір жүз он жеті адамның шаһит болғаны анық болды.Өліктер жерленіп болғанда:

– Батпақтыда бейсауат із байқалыпты. Жетектеген қалың түйесі бар дейді. Жүрісіне қарағанда қазақтардың қанды қырғынынан олжа тапқан құржалық қытайлар сияқты,– деген хабар келді.

Мұхаметбай, Қалимақұлдар атқа мініп:

– Ташбаланың айтқаны рас болса, олардың шеріктерге қосылып елді қырған құржалық қытайлар екенінде шүбә жоқ. Аттаныңдар. Солар болса жауыздардың қанын судай шашайық!– десті.

Жау тіленген жігіттер дүркірей шауып, жаңағылар айтқан ізге түсті. Көп ұзамай олар сегіз түйе жүгімен қашып бара жатқан қытайлардың қарасын көріп қалды. Бұларды бұрын байқаса керек. Олар да бытырай қашты.

Екі түйені жетектеген біреуі қара адырдың тасасына сіңіп құтылып кетпек болып еді, Қалимақұл бастаған жігіттер қуып жетті. Бұл «тамыр қытай» аталған Жу Сынаның дәл өзі екен. Құтылмасын білген ол атынан домалай түсіп:

– Тамырды мен өлтірген жоқпын. Менің кінәм жоқ. Мен емеспін, – деп тоңқаңдады.

Қалимақұл мылтығының шақпағын шарт-шұрт қайырып, ақыра тіл қатты:

– Қырғынды жүргізген кім, айт жаныңның барында?!

– Чың Пишу! Шығыс бағыттағы әскери бас қолбасшы Шың Шысайдың орынбасары әрі полк командирі Чың мырза.

– Иттің атын Бөрібасар қояды деп, қан ішкіш жендеттердің атын неменеге әспеттеп тұрсың, иттің баласы!

– Тамырдың қатыны мен екі баласын…

– Тамыр деуін сұмпайының. Сен Әліптің тамыры емес, тажалы болған жоқсың ба?Шеріктер қайда бара жатыр, қай жерлерге тоқтайды?

– Дихуаға бара жатыр.

– Әйелі мен екі баланы кім апара жатыр?

– Ли Тұңлиң.

– Баркөлдегі құржалық қытайлардан сенен басқа кім-кімдер әскерге қосылып халықты қырғындады?

– Көмірліктегі қытайлар да бар.

– Бұны несіне көкітіп отырсыз, доңыздай қорсылдатып! – деп кіжіне арт жақтан келген Тұрды Қалимақұлдың қол ишарасына қарамай, Жу Сынаны жалғыз тал оқпен жайратып салды. Отыз екі жігітті бастап жаудың соңынан кеткен Қожақындар қалың мал айдап аз күнде қайта оралды. Шері тарқамаған ол:

– Екі күн соғысып арт жағындағы мал айдағандарын ғана жайраттық. Қалғандары Дихауға ілініп кетті. Шәрбан мен екі баланы айыруға дәрменіміз жетпеді, – деп бармағын тістеді.

Осы кезде:

– Көмірліктегі қытайлардан біздің мал мен дүние-мүлікті танығандар бар екен. Жауды бастап келіп, елді қырғындауға белсене кіріскен солардың тобы екен, – деген хабар жетті.

Онсыз да қаны қарайған жігіттер тобы тегіс атқа мінді. Топ алдына Елісханның өзі шықты.

– Біз бұларды аяғанмен, бұлар бізді аямады. Тұмсығына қан қатырып ескерту бермесек, ертеңгі елдің желкесіне шығып алады. Қанға қан. Кәпірлердің өз істегенін өзіне істейік! – деп айқай салды.

– Мұхаммед, Мұхаммед, Жәнібек, Жәнібек! – деген үндер күндей күркіреді.

Қалың болат тұяқ жер құйқасын түтіп, тонаушы қытайлардың тобына қарай түйіле шапқан қазақ қолы кең қойнауды дүбірлетіп барады. Өз қылмыстары өздеріне аян болған әлсіз жаудың болмашы қарсылығын елең құрлы көрмей, барымташы қытайларды қызыл қанға бояды. Көмірліктің кен өңіріне жасырынған бір тобын түтін салып, үңгірдің аузын бітеп, ыстап өлтірді.

Жауын жайратып, тоналған малдың бір бөлімін қайтарып келе жатқан көңілді топтың ішінен біреуі Елісханнан:

– Кегің қайтқан шығар? – деп еді, ол қабағын ашпаған күйі:

– Жоқ, өзегім әлі қанға толып тұр. Әттең, осы қырғынға жендеттерін аттандырған Жин Шурын мен әскер бастап келіп тасадан оқ атқан Шың Шысай залымның қанын ұрттасам шөлім қанар ма еді! – деді тістеніп.

Мұқым бір елге айбат, көрік болған ақ орданың орнында шошайып үш-ақ адам қалды. Қожақын, Ташбала, Елісхан. Жылай-жылай кҿз жасы да сарқылады екен. Бірақ кеуденің жалыны, көкірекке кіріп алған қып-қызыл шоқ сөнер емес. Сөнгенді былай қойып, өзекті өртеп, жүректі шыжғырып, аузыңнан аппақ жалын бұрқырайды.

Қожақын мен Елісхан бірін-бірі жұбатып, қырғын жайын сөз қылып отырғанда, «Әліп үкірдайға тез жеткіз» деген Тоймылдың хаты есіне түскен Қожақын қалтасын ақтарды. Тоза бастаған қағаздың бүктеуін ашып оқып еді:

«Әліп үкірдай, ауа райы бұзылды. Қатты дауылды нҿөер болады. Сақ бол!» деген жалғыз ауыз сөз жазылған Шәріпхан төренің хаты екен.

– Қап, қап, дер уағында үлгермей қалған екен ғой, әттеген-ай! – деп өкінді Қожақын. Онсызда жүрегін қайғы-мұң кемірген Елісханның сөйлеуге дәрмені жетпеді. Қырғынға ұшыраған ауылдың қанды жұртын өз көзімен көрсе де ештеңеге де сенгісі келмейді.

– Әке, әке, қашан келешің?

Елісхан баласына қолын созған күйінде түсінен шошып оянады. Қан жапқан мүрделерді көреді. Әкесінің өлі денесі тік тұрып, айналасын сипалап басын іздеп жүр.

– Басым қайда? Басымды тауып беріңдер!

– Әке, басыңыз міне, оны қалай жалғаймын?

– Жоқ, маған өз басымның керегі жоқ. Маған керегі мені өлтірген кәпірлердің басы.

– Әке, әке…

Қан! Тағы да қып-қызыл қан!

 (жалғасы бар)

Бірінші және екінші тарауларды оқу үшін сілтемелерді басыңыз.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері