/////

Ләззат Рамазанова, Мәжіліс депутаты: Отбасы институтын нығайту үшін заң жобасын талқылауды бастап жатырмыз

2330 рет қаралды
фото: Время

«Мінбер» ақпарат агенттігі «Көп балалы аналар жобасы» аясында «Отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында инстаграм парақшасында тікелей эфир өткізген еді. Эфир қонағы Парламент депутаты,  ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасы-демография жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова. Біз Ләззат Рамазанова ханым айтқан маңызды ойларды мәтін түрінде жариялауды жөн көрдік.

 

Minber.kz: – Пандемия кезінде ел ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар саны артты. Ресми дерек оның үш есеге дейін артқанын айтады. Сондай-ақ, соңғы жылдары Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасының талқыланып жатқаны белгілі. Әңгімемізді осыдан бастасақ. Осы заң қабылданды ма? Қабылданбаса неге қабылданбай жатыр?

Бұл – тек қана əйелдерге, көпбалалы аналарға ғана қатысты емес, жалпы біздің азаматтық қоғамға қатысты мәселе. Рас, пандемия кезінде  тұрмыстық зорлық-зомбылық 2, 5 есеге өсіпті. Дəл сол кезде осы заң жобасы қолға алынды. Кез келген заңды қабылдау белгілі бір негізге сүйенеді. Бұған дейін де біраз зерттеулер қолға алынды. Ұлттық комиссия осыдан 4 жыл бұрын  «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» деген пилоттық жоба бастаған еді. Осы жоба аясында біз біраз проблеманы анықтадық. Бір байқағанымыз кішкентай балалар, жасөспірімдер суицидті көп жасайды жəне оның 73%-ы толық отбасылардың балалары. Бұл Біздің көп дүниеге көңіл бөлмегендігіміздің  салдары.

Өкініштісі сол, бұл заң жобасын 6-шы шақырым депутаттары кері қайтарды. Себебі қоғамда бұған қарсылық күшті болды. Мәселенің байыбына бармай, нақты проблемаларды зерттеместен, бұл заң жобасына қарсы болды. Олардың негізгі уәжі – біз балаларымызға дауыс көтере алмай қалады екенбіз, отбасы ұлттық құндылықтарға қайшы деген ой болды.

Бұл заңға қарсы петицияға 22 мың адам қол қойса, керісінше осы заң бізге керек деген петицияға 87 мың азамат қол қойған.  Мен Ұлттық комиссияның төрайымынан 7-ші шақырылымға депутат болып келдім.  Президенттің арнайы қабылдауында болып, осы мәселені кеңінен талқыладық. Әрине, қоғам тарапынан талқыға түсіп жатқан мәселелерді жауапсыз қалдыруға болмайды. Әр өңірдің белсенді азаматтарымен жеке-жеке кездесіп,  нақты мәселелерді айқындап, ағартушылық бағытта жұмыс жүргізу керек деп таптық.

Заң жобасын қайтарып алған біз емес, оның алдындағы заң жобасының авторлары. Бірақ бұл мәселе  өзекті болып тұрғаннан кейін,  бір топ депутаттың бастамасымен 7-ші шақырылымда біз бұл мәселені күрт өзгерттік. Сөйтіп, бұның орнына Отбасы институтын нығайту жобасын ұсындық.  Қазір бұл заң жобасы Мəжіліске келіп түсті. Бұл заң жобасын жасардың алдында мен 17 өңірді аралап, сондағы мүдделі топтармен жеке кездесулер өткіздік.

Ол кезде коронавирустың өршіп тұрған кез еді. Көп жерге баруға тиым салынды. Дегенмен, мүмкіндігінше офлайн кездесулер өткізуге тырыстым. Ол кезде естеріңізде болса, өңірлер қызыл, сары және жасыл деп бөлінетін. Сол сары және жасыл аймақтағы елді-мекендер, аудандар, шағын қалаларды талмай араладым. Ал, қызыл зонадағы өңірлерде онлайн форматта кездесу өткізіп, мәселені шешу жолын біраз ширатқан болдық.

Сондай-ақ, тағы бір маңызды мәселе, қазір айғаймен жеңіске жететін адамдар көбейіп кетті де, өз еңбегімен табысқа жететін адамдардың дауысы бәсеңдеп қалды. Мен неше түрлі адамдармен жұмыс істеймін. Олардың арасында ешкімге алақан жаймай-ақ бес, алты баласын өсіріп келе жатқан аналар да бар. Солардың біразы маған мұңын шағады. Қазір қоғамда көп балалы анасың ба, міндетті түрде сен айқай шу, ұрыс-керістің арасында жүресің деген стереотип қалыптасқан. Өкінішке қарай, айқайлағандардың дауысы ғана естіледі де, үні бәсеңдердің сөзіне ешкім құлақ аспайды.

Minber.kz:  – Отбасы институтын нығайту жобасының бағыты қандай?

–  Ең бірінші біз  көп балалы анаға емес, көпбалалы отбасыға  жəне осы көпбалалы отбасында тəрбиеленіп отырған балаларға мән беруіміз керек. Себебі бізде не жергілікті деңгейде, не министрлік деңгейінде өзара қарым-қатынас  тұрақты жүйеде қалыптаспаған. Өңірлерде көпбалалы отбасыға жүйелі түрде көмек берілмейді.

Сол себепті де,  «Бақытты отбасы»,  «Жанұя» секілді 234 отбасын қолдау орталықтары ашылу керек. Кризистік, дағдарыстық орталықтар емес, олардың міндеті басқа. Олар да қажет. Бірақ ең бірінші болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес,  қиналып келген отбасыға əлеуметтік көмек, жұмыссыздықпен күресіп, балаларына қолдау көрсететін орталықтар ашылуы керек. Бұл заңның ең бірінші мақсаты атаулы әлеуметтік көмек көрсету. Мен  Мəжілісте «Лəззат ханым, сіздер дінімізге қарсы іс жүргізіп жатырсыз» деген мазмұнда күніне кем дегенде отыз хат алам. Неге біз отбасын қолдау орталықтары әр ауданда ашылсын дегенді көтеріп келеміз?  Себебі, Маңғыстау өңірінде Бейнеу деген аудан бар, осы ауданға жету үшін кем дегенде бір тəулік пойызбен бару керек, оларға жетудің басқа мүмкіндігі жоқ. Ал енді ол жерде қиналған отбасылар қайда баруы керек? Сол ауданның тұрғындарына қызмет ететін, аудандық деңгейдегі осындай отбасын қолдау орталықтарына барсын.

Бізде Қазақстанда ажырасулардың саны күрт өсіп кетті, біз жылдан жылға оны азайтамыз деп айтқанымызбен, нәтиже аз. Өткен жұмада мен Мəжілісте де осы мәселені көтердім.Қазақстандағы статистикаға қарасақ, он отбасы ажырасса оның жетеуі, құмар ойынға салынудың салдарынан ажырасқандар екен.  Игромания – дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған ауыр психологиялық ауыру. Бірақ біз Қазақстан мойындамай жатырмыз. Біз осымен күреспей жатырмыз да, оған да бір тыйым салу керек.

Ендігі бір мәселе инстаграмм секілді əлеуметтік желілердегі түрлі тренингтер. Маған көп адам хабарласып, «Ляззат, бізде екінің бірі психолог болып кетті, ешқандай бала көтермей, ата-енесіне қызмет етпей өз ер азаматына ізет көрсетпей психолог болып кетті», деп жазады. Бұл тақырыпты да ширатып көрдік. Расында да бізде клиникалық психологтар Қазақстанда жоққа тән. Тек қана онлайн форматта вебинар ретінде психологиядан кішігірім курс оқыған сертификат алған азаматтар инстаграмға шығып, жеңіл түрде біз психологиялық түрде көмек көрсетеміз деп айтады. Оған əрине кəсіби психологтар наразы. Бұл да үлкен мәселе. Мұны ретке келтіру үшін отбасын қолдау орталықтарын қолға алу керек. Себебі өңірлерде жұмыс жасайтын көптеген азаматтық  қозғалыстар бар. Оларға мүмкіндік беру керек. Осы азаматтық қоғамды отбасы институтын нығайтуға шақыру керек. Біз осыны көздеп отырмыз.

Әрине, бүгінгі таңда көптеген мәселе көпбалалы отбасыларға байланысты болып жатыр.  Мұнда əлеуметтік мәселелермен бірге идеологиялық мәселе қатар туындайды,  мұны да ұмытпауымыз керек. Себебі көптеген апаларымыз, жас келіндеріміз мен 5 – 6 бала таптым деп үйде отырып қалды,   ешқандай білім де ала алмай жатыр, сол үшін жұмысы да жоқ, деп айтып жүр. Ауылды  мекенде жас аналардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік болса екен деген үлкен кісілердің ұсыныстары да бар. Біз ең үздік халықаралық тəжірибенің ішінде Түрік мемлекетінің тəжірибесінен үлгі алсақ деп ойлаймыз.  Және өзіміздің ауылдық жерлердегі үлкен ата-әжелердің тәжірибесін бөлісетін орта қалыптастыруды ойлап отырмыз.

Minber.kz: – Сіздер дайындап жатқан заң қашан қабылданады?

Бұл заңды талқылайтын жұмыс тобы құрылды. Оның бір ерекшелігі  құрамында 150 дан аса сарапшы бар. Жуық арада жұмысты бастаймыз.     Мəжілістің сайтында отбасы институтын нығайту туралы заң жобасы бар.  Бағана Түрік еліндегі жобаны үлгі еттік деп тегін айтқан жоқпын, себебі олардын өмір-салты бізге ұқсас. Жəне сол мемлекеттегі отбасы жəне əлеуметтік мәселелер министрімен осы жылы наурыз айында БҰҰ жиынында кездестім.  Бірнеше сағат бойы сұхбаттасып, олардың оң тəжірибесін жобаға енгізуге тырыстым. Оларда мынадай жақсы тәжірибе бар екен:  Измир  провинциясында зейнетке шыққан əжелер, келініне жұмысқа шығуға мүмкіндік берсе, провинция əкімшілігі əженің зейнетақысына елу пайыз ақша қосып береді екен.  Біз осы тәжірибені әкімшіліктерге ұсынып көрмекшіміз. Қай əкім осы бастаманы қолдап, бюджетіне осындай жобаны қоса алса, бізде де бір өзгеріс болатын шығар?..

Бұл жоба –  АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында дайындалды.
“Мінбер” ақпарат агенттігі ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Тікелей эфирді жүргізген Риза Исаева, 

Мәтінді өңдеген Назым Дүтбаева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі