////

Шыңғыс Ергөбек, саясаттанушы: Бейтараптық сақтау маңызды, бірақ жүзеге асуы қиын мәселе

4730 рет қаралды
фото; Сыр бойы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында жасаған мәлімдемесі Қазақстанның нағыз бейтараптығын көрсеткен маңызды дипломатиялық қадам болды.

Артынша Ресейдің  пропагандист бұқаралық ақпарат құралдары мен шовинистік бағыттағы саясаткерлердің талқылауына себеп болған бұл тұжырымдамалар Қазақстанның сыртқы саяси векторының өзегі. Дегенмен, күн өткен сайын мәселе насырға шауып бара жатыр. Ресей қолында бар барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанға мүмкінідігінше қысым көрсетуге талпынуда. Осы ретте Қазақстан қандай жауап қайтара алады деген проблема төңірегінде қарастырар болсақ өзіміздің әлсіз тұстарымызға назар аударуымыз керек секілді. Олардың қатары да белгілі:

 Біріншіден, Қазақстан геостратегиялық орналасу тұрғысынан өте күрделі мемлекет. Көршілес алпауыт екі экономиканы алып тастағанда (Қытай және Ресей) теңізге шығар жолы жоқ, логистикалық инфрақұрылым тұрғысынан көршілес елдерге аса тәуелді. Ресей Қазақстанның мұнай экспортына шектеу қоюын жалғастыра беретін болса мәселе күрделене бермек. Осы уақытқа дейін мұнай экспортының негізгі дені Ресей арқылы өтетін. Негізгі тұтынушы да Еуропалық одақ елдері болатын. Ресейден жететін мұнайға деген тәуелділігін азайту мақсатында Еуропа елдері өзге елдер, соның ішінде Қазақстанның импорттағы үлесін арттыруға мүдделілік танытып отырғандығы белгілі. Осы тұста Ресейдің Қазақстан мұнай экспортын шектеу ғана емес жалпы қадағалау мүмкіндігі үлкен қауіптің көзі екендігінде күмән жоқ. Еуразиялық экономикалық қауымдастықтан шығайық деп дабыл қағатын мамандар осыны ескере ме екен?

Екіншіден, Ресей нарығы Қазақстанның ең ірі тұтынушыларының бірі. Біз қаласақ та, қаламасақ та, сауда айналымы оңтайлы болсын болмасын, Ресей тауарлары Қазақстан нарығындағы тауарлардың басым бөлігін құрайды. Егер экономикалық байланыстар үзілетін болса алдымен осы өнімдерді жеткізудің өзге тетіктерін қарастыру керек. Кез келген логистикалық өзгеріс қаржылық шығынды талап етеді. Демек дәстүрлі тетіктер өзгеріске ұшырағанда қосымша шығынның болуы заңдылық. Дәл қазір Қазақстан халқы мейлі қысқа мерзімді баға дүмпуіне дайын ба? Бағаның өзгерісін онсыз да жақын арада Ресейде тауар тапшылығы басталған кезде аңғара бастаймыз.

Үшіншіден, дәл осы Ресей нарығына жақын орналасуымыздың бір пайдалы тұсын да ескерген орынды. Түрлі санкциялардың нәтижесінде бұрын Ресейде орналасқан шетелдік компаниялар өз өндірістерін сыртқа шығаруға мүдделілік танытуда. Мұндағы Қазақстан нарығының тұтыну мүмкіндігі шектеулі кішкентай нарық екендігін ұмытпаған жөн. Демек Қазақстан секілді мемлекеттердің үлкен нарықтың бір бөлігі болу ынтасы да түсінікті. Егер бұрнағы жылдары экономикалық себептермен өндірісті Ресейден ашу тиімді болса, енді ол компаниялар Ресей нарығынан кетсе де, Ресей нарығын жоғалтып алғысы келмейді. Жоғалтпаудың бір амалы Еуразиялық экономикалық қауымдастық елдерінен өндіріс ашып, астыртын саудамен айналысу. Бұл тұрғыда Қазақстанды күтіп тұрған үлкен қауіп санкциялық тауарлар экспортына араласу. Осыны одақты сақтай отырып реттеудің тетіктерін дамыту Үкімет алдында тұрған ең үлкен мәселелердің бірі.

Төртіншіден, Ресей басшылығының қолындағы маңызды көзірлердің бірі, Қазақстандағы орыстілді азаматтар. Мен этникалық орыс ұлты туралы айтып отырған жоқпын, ол заңсыз да. Бірақ Қазақстанда русофильдік топтардың бар екендігі ешкімге жасырын емес. Дәл қазір осы саясаттың төңірегінде мәселе қозғаудың өзі ұлтаралық қатынастар мәселесін ушықтырып жіберуі мүмкін. 30 жылда ұлт құрылысы мәселесіндегі кеткен негізгі олқылықтардың бірі осы. Біз азаматтық ұлттық құрылысқа қарағанда этностық ұлттық құрылысқа мән бедік. Нәтижесінде қоғамда біз бен өзгелер деген ұғым қалыптасты. Сондықтан дәл бүгінгі күні бұл мәселелерді қоздырудың өзі үлкен қақтығыстардың көзі. Ал мұндай мәселені қайнау деңгейіне жеткізіп, аймақтық қақтығыс жасаудың нағыз мамандары Мәскеуде билікте отырғандығын, Украина мысалының өзі көрсетіп отыр.

Бесіншіден, Ресейдегі өз қандастарымызды былай қойғанда, түркітілдес этностар мен ұлыстардың мәселесі. Бұл мәселе де болашақта өз шешімін табуы тиіс күрделі түйіндердің бірі. Ол ұлттар мен ұлыстардың, одан қалды Ресейдегі өз қандастарымыздың Қазақстаннан басқа арқа сүйер елі де, жері де жоқ. Ресеймен қатынастардың күрт бұзылуы осы бауырларымызға қалай ықпал ететіндігін де ойлаған маңызды.

Алтыншыдан, Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі сыртқы саясат негізі көп векторлылығымен ерекшеленетін. Себебі еліміз орналасқан аумақта алпауыт ұлы мемлекеттердің саны көп. Алыстағы АҚШ, одан жақынырақта орналасқан Еуропалық одақ, көрші Қытай, Ресей секілді елдердің аймақта өз мүдделері бар екендігі сөзсіз. Осы мүдделердің өзара келісімін таба отырып алға жылжу Қазақстанның негізгі бағыты болуы заңдылық. Ол қатынастардың тығыздығын күшейтуге ықпал етуі тиіс. Ресей кетіп қалса ол орынды кім алуы мүмкін. Ең жақын үміткер Қытай. Ал Қытай экономикасы мен мемлекеті Ресей секілді емес. Қытай дүлей күш. Бұл дүлей күш ештеңеге қарамастан тұтас мемлекеттерді игеріп, қорқыта алатын мемлекет. Онымен тай-таласып, тең дәрежелі қатынас орнату аймақтағы күштер теңдігін сақтағанда ғана болуы мүмкін. Ал ол теңдікті осы уақытқа дейін аймақта Ресей қамтамасыз ете алды. Бұл ойыншымен қатынасты бұзу аймақ үшін өте қауіпті құбылыс. АҚШ аймаққа мүдделілік танытқанымен әлі қатынастар Ресейді алмастыратын деңгейде емес.

Жетіншіден, Қазақстан саяси модернизация жолындағы мемлекет. Біртіндеп, билік институттарының есептілігі нығайып, сайлау тетіктері жаңарып келеді. Дәл қазір қоғамды саяси дүмпулерден алыс ұстайтын тұрақтылық пен қоғамдық келісім керек. Қазақстан экономикасын онсыз да жеңіл кезең күтіп тұрған жоқ. Ресейге салынған санкциялар бізге де өз салқынын тигізері сөзсіз. Бірақ бұл дағдарысты экономикалық қауымдастықтан шығып қолдан жасаудың қажеті жоқ. Қайта қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, Еуразиялық экономикалық одақ тысындағы өзге елдермен де тығыз байланыс орнатып, логистикалық мүмкіндіктерімізді дамытуды мақсат етуіміз керек. Ал одақ мүшелерінің экономикасына өзіміз тәуелді емес, олар бізден тәуелді болатындай қуатты экономика құруға ат салысуымыз керек.

Бейтараптылық пен көпвекторлық Қазақстан тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі екендігін естен шығармаған дұрыс. Саясат пен экономика көп жағдайда эмоцияны емес салқынқандылық пен есепті талап ететіндігі сөзсіз.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар