///

Коррупциялық қылмыс жоқ, ал экономикалық қылмыстың бар-жоғы анықталып жатыр…

1896 рет қаралды

Бұдан біраз уақыт бұрын «Мінбер.кз» сайты «Ақ Ұлпа аналары» қоғамдық бірлестігінің жұмысына қоғам белсенділері мен аналардың наразы екендігі  туралы мәселе көтерген еді.

«Ақ ұлпа аналары» қоғамдық бірлестігі 2020 жылы тіркелген, содан бері бір көзден сатып алу тәсілімен «ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы» ММ-нен аз қамтылған және толық емес отбасыларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қызметі үшін 3,7 млн теңге алған. 2021 жылы тура осындай тапсырыспен 14 млн тенге  және көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасылар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар арасында әлеуметтік қызметтерді алуда цифрлық, құқықтық сауат арттыру және кеңес беру бойынша 1,4 млн теңгелік шартқа қол қойған. Барлық конкурстар бір көзден сатып алу механизмімен іске асқан.

«Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Пшенов Әділ Серікұлы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) ШҚО бойынша Департаментіне «Ақ ұлпа аналары» қоғамдық бірлестігінің қызмет көрсету сапасы техникалық сипаттамаға қаншалықты сай екенін тексеру туралы өтініш жолдаған болатын. Біз Әділ Серікұлына хабарласып  сол өтініштерге қандай жауап алғанын сұраған едік.

– Шығыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жауабында жеке меншік нысанындағы қоғамдық бірлестіктерді тексере алмағаны айтылған. Бірақ «ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы» ММ-не тексеру жүргізілгенін, тексеру нәтижесінде, аудиторлар бюджеттік өтінімдердің есептерін салыстыра отырып, ҚР Бюджет кодексінің 4-бабы 12-тармағының талаптарын сақтамауға және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға әкеп соққан қызметтер құнының 4, 265 млн теңгеге асып кеткенін анықтаған. Қазір аудиторлық тексеру нәтижелері бойынша «ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру»  басқармасына анықталған құқық бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жолданды – деді Әділ Серікұлы.

Оған қоса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) ШҚО бойынша Департаменті  «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңын бұзу фактілері бойынша «Ақ ұлпа аналары» Қоғамдық Бірлестігінің лауазымды тұлғаларына тексеру жүргізу туралы менің арызымды қарап, процессуалдық шешім қабылдау үшін ҚР ҚІЖК 2-тармағы 186-баптың 1-бөлігіне сай ШҚО Экономикалық тергеу департаментіне жолданды. Яғни «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің анықтауынша «Ақ ұлпа аналары» қоғамдық бірлестігіне қатысты фактілерде коррупциялық қылмыс жоқ. Ал экономикалық қылмыс, яғни мемлекетке келтірілген шығын бар немесе  жоқ   екенін ШҚО Экономикалық тергеу департаменті анықтайтын болыпты.

Мінбер ақпараттық сайты да жағдайды өз бақылауында ұстап, тексеру нәтижелері туралы жазады.

Жұлдыз Ақтанжанова,

ШҚО

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар