///

Айбар Олжаев: Солтүстіктен соққан жел. Қазақстан рубль девальвациясына дайын ба?

1648 рет қаралды
2023 – рубльдің тұрақтылығының соңғы жылы болуы тиіс. Себебі, Ресей ақшасының болашағын модельдеу оның 2024-2025 жылы девальвацияға ұшырайтынын көрсетіп отыр.
«Ингосстрах-Инвестмент» 2024 жылға қарай бір доллардың құны 100 рубльден асады, ал 2025 жылы доллар 200 рубль тұратын болады деп болжайды. Ресейде осы «Ингосстрах» валюталық моделі басқаларға қарағанда анағұрлым дәлірек жұмыс істейді деп айтар едім, себебі олар 2014 жылдың аяғындағы рубльдің құнсыздануын да, 2022 жылғы оның кенеттен күшеюін де алдын-ала білген болатын.
Рубль құлдырауы мен Ресей экономикасының айтарлықтай әлсірейтінін нақты факторларға сүйеніп, сезіне аламыз. 2022 жылдың қортындысы бойынша Ресей бюджетінің табысы 35 пайызға төмендеген, ал шығыны керісінше 59 пайызға артқан. Ал биылғы бір айдағы бюджет дефициті 2 триллион рубльді құрап отыр. Бұл қазіргі курспен 11,5 триллион теңге. Сонда Ресейдің бір айдағы дефициті біздің бір жылдық бюджет дефицитінен 3 есе көп. Біздің жылдық дефицит 4 триллион теңге немесе 692 миллиард рубль деп бағаланады. Ресей осы дефицитті жабуды ірі бизнестің мойнына ілмек. Кәсіпорындар салықтан бөлек қомақты соманы бюджетке беруге міндеттелетін болады. Бұл бизнестің болашақ инвестицияға деген қаржысының жоғалып, өндірістің және іскерлік белсенділіктің біржолата құлдырайтынын білдіреді.
Табиғи және адами ресурс бойынша да Ресейдің халі мүшкіл
Табиғи ресурс бойынша айтсақ. Халықаралық энергетикалық агенттік есебіне сай, қаңтарда Ресейдің мұнай мен газдан түскен кірісі өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 40 пайызға құлдыраған. Яғни, Ресей бір айда 18,5 миллиард доллар ғана экспорттық выручка алды. Бұған дейін Ресей мұнайгаздан айына 40 миллиард доллар тауып келген еді. Және табыстың азаюы 18 миллиардпен тоқтамайды дейді, сарапшылар. Ол айына 10 миллиард долларға дейін құлайды деп күтілуде.
Адами ресурстар бойынша да Ресей үлкен дефолтқа ұшырап отыр. Ресейдегі халық саны биыл 1 миллион адамға кемиді. Ал 2024 жылы тағы 1,4 миллион адамға азаяды. Демек, жыл сайын оларда Саратов, Волгоград сынды қалалардың халқы жоғалып кетуде. Мысалы, Ресейде биыл 800 мың бала туылады деп күтілсе, Қазақстанда 400 мың бала өмірге келеді деп болжанып отыр. Біз Ресейден 7,5 есе кіші болсақ та, олардан екі есе ғана аз бала туамыз.
Қазақстанға не істеген дұрыс?
Халыққа рубльдің барлығынан құтылу қажет. Және бір қызығы, халқымыз бұл тапсырманы орындап қойды. Ұлттық Банк мәліметі бойынша өткен қаңтар айында адамдар валюта айырбастау пункттерінде рубльді көбірек сатқан. Ал рубльді сатып алу мүлдем тоқтаған. Осы теріс айырмашылық 7,3 миллиард теңгені көрсетіп отыр.
Рубль құлдыраса және Ресейден азық-түлік импорты арзандап, бізге келетін легі көбейсе, онда біздің инфляцияны дереу жеңіп кетуге мүмкіндік бар. Менің ойымша Ресейдің азық-түліктік импортына еш шектеу қоймау керек және өмір бойы жылай беретін, субсидия, масылдыққа үйреніп қалған кейбір отандық аграрийлердің «Ресей тағамдарына тиым салайық» деген жалаң ұрандарына құлақ асудың қажеті жоқ. Рубль құлаған уақыттан бастап түрлі қауымдастық, одақтар (сүт одағы, ет одағы, май дақылдары одағы, астық одағы тб) импортты шектеу бойынша Үкіметке шантаж жасай бастайтын болады.
Рубльдің құлдырауы теңге бағамына әсер ете ала ма?
2022 жылдың төртінші тоқсанында теңге мен рубль арасындағы паритетті байланыстың үзілу процессі толық аяқталды деуге болады. Биылдан бастап теңгенің өз өмірі бар, рубльдің өз өмірі бар. Теңге енді мұнай бағасына көбірек байланған. Және Қытайдан келетін импульстерге де сезімтал бола түсті.
Ресейдегі экономикалық құбылыстар бізге әсер етпейді деп айтуға болмайды. Бірақ Қазақстан алды-артын жақсы болжай алатын ақылды мемлекет. Рубль каналын әлсірету, рубльдің біздің қаржы жүйесіндегі массасын азайту, Ресей импортын 41 пайыздан 35 пайызға дейін түсіру, импорттық-экспорттық бағыттардың диверсификациясы – осының барлығын еліміз 2022 жылы тыныш, үндемей ғана жасап қойған болатын. Сондықтан, бізде дауыл болмаса, ол дауыл жоқ деген сөз емес. Біздің Үкімет дауылға дайын болып, мәселені кеше шешіп қойғандықтан сіз бен біз ештеңе сезбейтін боламыз.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар