//

Палау синдромы немесе сайлау мен палау

740 рет қаралды
Фото: Adyrna.kz

Наурыздың 22 күні Алматы қаласының әр бір аудан орталықтарында киіз үйлер тігіліп, әр түрлі дүкен-киоскілер құрылып, жұртқа мемлекеттік болсын, жекеменшіктікі болын әр мекеме шама-шарқынша қызмет жасады.

 Ұлыстың Ұлы Күніне орай наурыз көже пісіріп, балау жасап қалың нөпір жиналған тойшы қауымға кейбір компания, фирмалар ас-суын шүленсіп, өздерінше жомарттық жасап шүлен таратып, тегін үлестірсе, ал кейбір орындарда саудаға салды.

Осы барыста бір тойғанына шала байып, дұшпанынан түк тартса да олжа көрген ындынсыз жұрт әлгі тегін таратылған асқа ащыға түскен малдай үймелеп, бірін-бірі басып-жаншып, бірінен бірі асып түсіп, кейбірі жығылып-сүрініп құлап жатса, кейбірі құлаған адамдардың үстінен аттап-бұттап өтіп, құлаған адамдар аяқ астында бастырылып, жаншылып жатты. Жер ошақ болғанда отқа түсіп өртеніп, ет асып, қайнаған қазан болғанда қазанға түсіп ыстық  сорпаға күйіп қала жаздады. Әйтеуір құдай сақтағанда өлім-жітім болмады. Бірақ, қысылғаннан қысымы көтеріліп «қырға» шығып қалғандары болды.

Көкпардың додасынан да асып түсті. Асфальттің шаңын шығарды. Жан беріп, жан алысқандардан тигені бір кесе көже ішті, бір қасық күріш жеді. Жемегені жерден ап, жерге сап боқтап, ішпегені ерінін шығарып ренжіп кетті. Өлексеге таласқан тазқарадай тобырды сыртынан бақылап, суретке түсіріп, бейне жазба жасап блогерлер мәз. Ел қырылып жатса, бұлар смартфон, камераларын ала ұшып, қырғынның о жақ, бұ жағынан түсіріп үлгіріп жүр.

 Осы топ әлеуметтің әр түрлі саласының үлкенді-кішілі әр түрлі жастың адамдары еді. Бәрінің көкейінде «маған жетпей қалады-ау» деген күдік тұрды.  Әйтпегенде тізіліп, кезекке тұрып ретімен тәртіппен келіп, алып, ішіп-жесе болар еді ғой. Олар үйтпеді. Олар тамаққа таласты, тартысты. Бұл біздің қоғамның әлеуметтік жағдайының көзге ұрып тұрған көрсеткіші ме? Әлеуметтік жағдайы жақсы, төрт құбыласы тең адам бүйте ме? Киген киімдеріне, бет-жүзіне, жүріс-тұрысына қарасаң кедейлік жанына батқан, бір үзім нанға зәру, бір ұрттам суға зар болған адамдарға ұқсамайды. Жүздерінен аштықтың нышаны да сезілмейді. Сонда бұлар не үшін «балауға таласып», не үшін бұндай арсыз, ындынсыз, мәдениетсіз әрекетке барды?

Осыдан кейін әлеуметтік желілерде «Балау оқиғасын» түсірген түрлі бейне жазбалар молынан таратылып, сұмдық талқыланды. Желі пайдаланушылардың бірі ақтап айтса, бірі даттап жазды, кеңінен сараптап, сүзгіден өткізді. Сайып келгенде олардың ортақ, жиынтық пікірлері мынаған саяды.

Біріншіден, бұл коммунистердің қазақтың күн көріс көзі болған малын қидай сыпырып алып, 1921-1922 жж, 1929-1932 жж. қазақ халқына қасақана жасаған жасанды аштықтан қалқан ұрпақтың сүйегіне сіңіп, ұрпағының ұрпағына жалғасып жатқан зардабы.

Екіншіден, халықтың бір тобының жетілмеген, өспеген, қарапайым тілмен айтқанда түк көрмеген, әлі де тобырлық санада қалып қойған интелектісінің деңгейінің көрінісі;

Үшіншіден, үйде, бала-бақша, мектепте, түрлі оқу орындарында тәрбиелік жұмыстың мәдениетті деңгейде жүрілмей, қарпып қалсам дейтін психологияның орын алып отырғандығының белгісі;

Төртіншіден, бұл – қандай бір күрделі, көкейгесті мәселені қоғамның барлық деңгейінде құлқын арқылы шешуге болады деген пасық идеяның қалыптасуының салдары.

Қорыта келе биылғы, 2023 жылғы наурыз мерекесі қарсаңында болған «балау оқиғасын» жоғарыда аталған себептер негізінде «балау синдромы» деп атауға әбден болады. Бұл көздің қырын да салмай, назар аудармай өте шығатын жай нәрсе емес. Бұл – сигнал! Үлкен дауылдың ишарасы.

Сондықтан, билік тарапынан аса мән беріп, жіті қадағалап, мәселенің мән-жайын зерделеп, аурудың айқын салдарын жоюдың нақты іс-шараларын жүзеге асруы қажет екенін алдын ала ескертіп тұрған алғы шарттар деп түсінген жөн. Олай болмаған күнде бүгін бір аяқ көжеге, бір қасық палауға таласып талқандалған жұртқа ертең бір уыс ақша көрсетсең асфальттің шаңы былай тұрыпты, астындағы топырағы бұрқырап, бұйраланып шығар-шықпасын бір құдайдың өзі біледі.

 Тағы да айтарымыз билікке: сайлауы сайлау емес балау болып кеткен халқыңа, қалың бұқара жұртыңа ие бол, халық бір жақта, өзің бір жақта, араларыңа безбет цемент бетоннан стена-қабырға тұрғызып алып жеке-жеке, өз алдарыңа жайылуды қойыңдар, халыққа келіңдер. Егер қалың бұқараңа келмесең, бұқара саған барады!

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі