/////

Бибігүл Нұрашева, ҚР Президенті жанындағы әйелдер және отбасы мәселелері бойынша ұлттық комиссияның мүшесі: Бізде дискриминацияға жол жоқ

1462 рет қаралды
1
фото: фейсбук парақшасынан

“Мінбер” ақпарат агенттігі “Мүгедектігі бар адамдардың мұңы” атты жобасының аясында  мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту жайында тікелей эфир өткізген еді.   Эфир қонағы Нұрашева Бибігүл Шәкірбайқызы. Модератор – Жанар Оспанова. 

КОНСТИТУЦИЯ БОЙЫНША АДАМДАРДЫ КЕМСІТУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

Minber.kz:

Бибігүл Шәкірбайқызы, біздің оқырмандар үшін өзіңізді таныстырып өтсеңіз. 

Бибігүл Нұрашева:

– Менің аты-жөнім Бибігүл Нұрашева. Осы еңбек құқығы саласында жиырма жылдық тәжірибем бар, азаматтардың еңбек құқығын қорғаумен айналысамын. Қазіргі кезде ҚР Президенті жанындағы әйелдер және отбасы мәселелері бойынша ұлттық комиссияның мүшесімін. Сонымен қатар PhD докторымын. Бүгін мүгедектігі бар жұмыскерлерге байланысты біраз мәселелерді қозғап жатырсыздар. Негізі бұл дұрыс, себебі біздің халықтың құқықтық сауатын арттыру мәселесі мүгедектігі бар адамдар алдында да үлкен міндет. Сол себепті сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге мен дайынмын.

Minber.kz:

– Мүгедектігі бар адамдардың қай санаты жұмыс істей алады? Қай санаты мүлде жұмыс істей алмайды?  

Бибігүл Нұрашева:

– Конституцияға сәйкес әр адамның еңбекке деген қабілеттілігі бар, еңбек бостандығы деген ұғым бар. Сол себепті бірінші топтағы, екінші топтағы, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар  еңбекке деген қабілетін пайдаланып,    еңбек құқығын жүзеге асыра алады.   Яғни, еңбек қатынастарына түскім келеді, мүмкіндігім бар деген жағдайда әр адам жұмыс істей алады. Бұл жерде тек қана екі тараптың мүддесі бар, яғни жұмыс беруші мен жұмыскер.

Егер де жұмыс беруші “Иә, мен жағдай жасай аламын, жұмысқа қабылдағым келеді, еңбек шартын жасауға дайынмын дейтін болса, сонымен қатар мүгедектігі бар жұмыскер еңбек функциямды атқара аламын, жұмыс істегім келеді” десе, яғни екі тараптың өзара келісімі болған жағдайда еңбек шартын жасауға болады да, және де ешкімге ешқандай тыйым салынбаған жұмыс істеуге болмайды деп. Бұл жерде жалпы жұмыстың сапасына, ауырлығына байланысты медициналық тұрғыдан қандай да бір шектеулер болуы мүмкін.

Әр жұмыскерге субъективті қарауымыз керек. Бұл жерде  тек қана медицина мамандары ғана тыйым сала алады немесе қандай да бір шектеу жасай алады. Мысалы, жұмыс атқарған кезде адам өзінің тек қана мүддесін ғана емес, физикалық, біліміне, тәжірибесіне байланысты өзін өзі бағалай алады, мына жұмысты мен атқара аламын ба жоқ па дегендей..

Сол себепті Еңбек кодексіне байланысты, Конституцияға сәйкес біреуді кемсітіп, дискриминацияға ұшыратуға тыйым салынады, және оны дискриминацияға ұшыратуға бағытталған әрекеттер заңға сәйкес жауапкершіліккке тартылады.

Minber.kz:

– Мүгедектігі бар адамдарға жұмыс беруге квота бөлінетіні белгілі. Оның бөліну тәртібі қандай? Және еңбекақы төлеуде ерекшелік бар ма?

Бибігүл Нұрашева:

– Квота бойынша жауап бере алмаймын. Себебі әр әкімдікте, әр облыста әкімдікке жолығып, сол жерден жауап алуға болады. Себебі квота әкімдіктерге байланысты бөлінеді. Бұл сұрақты әлеуметтік қорғау бойынша департаменттерге жолдасаңыздар болады.

Екінші сұрағыңыз бойынша, яғни мүгедектігі бар адамдардың жалақысы. Жоқ, әр жұмыс берушінің Еңбек кодексінің 23 бабына сәйкес міндеті. Сол себепті адамнің мүгедектігі бар ма, баласы бар ма, көпбалалы ма, дискриминация жасап, кемсітуге құқығы жоқ. Сол себепті ақы төлеу мәселесі барлық адамдарға бірдей төленеді.

Мысалы, еңбек шартында атқарған сағатына байланысты еңбекақы белгіленеді делінген болса, мүгедектігі бар азаматтар, бірінші екінші топтағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге байланысты жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс. Сол себепті жұмыс беруші осы атқарылған нақты 36 сағатқа сәйкес ақысын төлеуге міндетті. Егер де еңбек шартында сағатына байланысты төленетін болса. Сол себепті қандай да бір кемсітушілікке жол беріп жатса, немесе, мысалы, дені сау адамға жүз мың төлеп, мүгедектігі бар адамға кем төлеп жатса, бұл дискриминация. сол себепті бұл жерге адамның құқығы бұзылды деп айта аламыз. Және де бұл фактілерді растайтын болсақ, жалпы жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тартуға болады.

ЖАЗБАША КЕЛІСІМШАРТ ЖАСАМАҒАН ЖЕРДЕ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ БҰЗЫЛАДЫ, ОНДАЙ ҰСЫНЫСТАРДЫ ҚАБЫЛДАМАҒАН АБЗАЛ

Minber.kz:

– Квота бөлінбейтін, мүмкіндігі шектеулі жандар істей алмайтын жұмыстар тізімі жасалған ба? Оларды қайдан көруге болады?

Бибігүл Нұрашева:

– Ауыр жұмыс, қауіпті жұмыс, аса ауыр жұмыс деген бар, ондай жұмыстарға әрине мүгедектігі бар адамдарды ала алмаймыз. Себебі бұл адамдардың физикалық тұрғыдан немесе моральдық, психикалық тұрғыдан ерекшеліктерін ескере отырып, ауыр жұмысқа қабылдауға медициналық түрғыда қарсылық бар. Және жаңағы тізімді Денсаулық сақтау министрлігінен ала аласыздар деп есептеймін. Мұндай тізімді медицина саласының қызметкерлерлі бекітеді. Бұл тек мүгедектігі бар адамдарға байланысты емес, мысалы әйел азаматтарға тыйым салынған жұмыстар бар, мысалы аса ауыр жұмыстарға әйел азаматтарды жұмысқа алмайды. Өйткені әйел адамның физикалық мүмкіндіктерін есепке алынады. Сол себепті бұл жерде заңгерге емес, медицина саласының қызметкерлеріне сұрақты жолдасаңыздар, олар Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сілтеме жасай отырып, сіздерге жауап беруге тиісті. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балаларды қандай жағдайда біз жұмысқа қабылдай алмаймыз. Түнгі жұмысқа мүгедектігі бар адамдарды тарта алмаймыз. Содан кейін Еңбек кодексінің 26 бабына сәйкес бұл жерде нақты қандай жағдайда, кіммен еңбек шартын жұмыс беруші жасай алмайтындығы туралы мәліметтер берілген.

Minber.kz:

– Мүгедектігі бар жандардың еңбек құқығы көбіне қандай жағдайда бұзылады?

Бибігүл Нұрашева:

– Негізі, шынымды айтсам, менің тәжірибемде ондай кейс болған жоқ. Себебі мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдаған кезде әрбір жұмыс беруші өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып қана барып қабылдайды ғой. Себебі Еңбек кодексінің 23 бабына сәйкес жұмыс беруші мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдай отыра, және жалпы адамдарды жұмысқа қабылдаған кезде жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек жағдайын жасау деген міндеті бар. Сол себепті  еңбек шартын жасаған кезде жұмыс беруші осы жұмыскердің жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, жабдықтау жөніндегі талаптарды қамтамасыз етуге тиісті деп Еңбек кодексінің 28 бабында көзделген.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдаған кезде жұмыс беруші біріншіден жағдай жасауы керек. Мен бұл кісіні жұмысқа қабылдаған кезде оның денсаулығына байланысты қандай да бір мүмкіндіктер жасай аламын деген жағдайда еңбек шартын жасап, жұмысқа қабылдайды және де 28 бапта көзделген міндеттемелерді орындау арқылы жұмысқа қабылдайды. Ондай жұмыс берушілер бар, бірақ менің тәжірибемде нақты осы категорияның құқықтары бұзылу фактілері  кездескен жоқ.

Егер де болып жатса, әрине ол кісілерге заңды көмек көрсетіп, кеңес беру біздің міндетіміз. Және де қандай да бір кемсітушіліктер болған жағдайда әрине бізде жұмыскерлердің құқығын қорғаудың төрт әдісі бар. Төрт әдістің біреуін қолданады, немесе төртеуін де қолдануға болады.

Ол қандай әдістер? Бірінші, өзін-өзі қорғау. Яғни жұмыс берушімен келіссөздер жүргізу арқылы келісімге келуді біз мақсат етеміз. Екінші тәсіл ол жұмыскерлер өз құқықтарын кәсіподақ арқылы қорғауға мүмкіндіктері бар, егер де өзі кәсіподақтың мүшесі болса. Егер де құқығы бұзылып, мысалы, бізде әр әкімдікте мемлекеттік еңбек инспекторы деген лауазымда жұмыскер қызмет атқарады. Ол қызметкерлердің міндетіне еңбек заңнамасының толыққанды жүзеге асыруын бақылайтын мемлекеттік орган болғаннан кейін. Егер жұмыскердің құқығы бұзылып жатса, осы мемлекеттік органға барып, өтініш қалдырып, бұл өтініштің негізінде мемлекеттік инспектор жұмыс орнын тексереді. Егер де шынымен де жұмыскердің құқығы бұзылды деген фактілер анықталынатын болса, мемлекеттік еңбек инспекторы жұмыс берушіге ескерту жасайды. Және де оны орындаудың мерзімі көрсетіледі. Егер де осы актіні жұмыс беруші орындамайтын болса, жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тартады. Оның айыппұлы бір миллион теңгеден асады.

Сонымен қатар,  бізде мысалы еңбек заңнамасын толыққанды жүзеге асырылуын қадағалайтын мемлекеттік органның бірі ол прокуратура. Сол себепті егер де адамның құқығы бұзылып жатса, прокуратураға да жүгінуге құқықтары бар. Барлық адамдар, тек қана мүгедектігі бар адамдар ғана емес. Жалпы осындай төрт әдіс бар. Төртінші әдіс ол сот арқылы қорғау.

Енді сот арқылы қорғаудың жүйесі 2016 жылы сәл өзгерді. 2016 жылға дейін егер де біздің құқығымыз бұзылып жатса, жұмыс беруші, мысалы, қандай да бір бұйрығын шығарды. Мысалы, тәртіптік жауапкершілікке тарту. Мысалы жұмыскер онымен келіспеген жағдайда, немесе жұмыскерді жұмыстан шығарып жіберген жағдай туындап жатса, егер де жұмыс берушінің әрекетімен келіспейтін болса, 2016 жылға дейін біз тікелей сотқа жүгіне алатынбыз. Сот арқылы өзімізді қорғаймыз.

ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛҒАН ЖАҒДАЙДА ӘУЕЛІ КЕЛІСІМ КОМИССИЯСЫНА ЖҮГІНІҢІЗ

Ал енді 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстан Республикасының аумағында жаңа еңбек кодексі күшіне енді. Бұл кодекстің 159 бабына сәйкес егер де ұйымның ішінде 15 адамнан артық жұмыскерлер бар болатын болса, біз тікелей сотқа жүгіне алмаймыз. Бірінші біз келісім комиссиясына жүгінеміз. Келісім комиссиясы дегеніміз әр ұйымның ішінде ұйымдастырылған, ашылған комиссия. Комиссия тепе теңдік негізінде ашылады. 50 пайызы жұмыскерлер атынан шығады, 50 пайызы жұмыс берушінің атынан. Сөйтіп бір комиссияны құрады. Сот арқылы өзімізді қорғауымыз үшін бірінші кезекте құқығы бұзылған адам келісім комиссиясына өтініш білдіреді, келісім комиссиясы бұл өтінішті қабылдайды. Содан кейін 15 жұмыс күні ішінде дауды қарайды. Шешім қабылдайды, және осы шешіммен үш жұмыс күні ішінде екі тарапқа дауласып жатқан, яғни жұмыс беруші мен жұмыскерге осы шешімнің көшірмесін береді. Сөйтіп, егер де екі тараптың біреуі келіспейтін болса осы шешіммен, сонда ғана келісім комиссиясының шешімін алып, өтінішті жазып, біз сотқа бара аламыз. Осындай өзгертілген жүйе.

Тікелей сотқа барсақ, біздің өтінішімізді қабылдамайды. Тікелей сотқа бара алатын адамдар бұл – мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Бұлар бұрынғыдай ескі жүйемен тікелей сотқа барады. Ал біз жеке секторда жұмыс атқарып жүргеннен кейін, біз бірінші келісім комиссиясында жеке еңбек дауларын шешуді жөн көріпті біздің заң шығарушы орган. Сол себепті бірінші келісім комиссиясына барамыз, он сегіз күніміз өтіп кетуі мүмкін. Егер де осы тарапта біз келісімге келе алмасақ, бұл жеке еңбек дауы шешілмеген болып есептелінеді және осыдан кейін ғана барып, біз сотқа жүгіне аламыз.

Сол себепті қорыта келе, егер де жұмыскердің құқығы бұзылған болса, немесе ол мысалы қандай да бір дискриминацияға ұшырап жатса, немесе оған еңбек жағдайларын жасай алмай жатса, яғни жұмыс беруші осы еңбек кодексінде көзделген міндеттерін жасамай жатса, кепілдіктерді орындамай жатса, мұндай жағдайда төрт әдісті қолдануға біздің мүмкіндігіміз бар. Төрт әдістің біреуін қолданасыз ба, жоқ төртеуін де қолданасыздар ма, ол әр адамның еркіне байланысты. Бірақ қазіргі таңда мемлекеттік инспекторлардың жұмысына менің көңілім толады. Себебі біраз адамдарды кейбір кезде, мысалы, мемлекеттің араласуы керек болған жағдайда біз мемлекеттік еңбек иснпекторына өтініш білдіру арқылы ол кісілер  араласады. Және олардың жасаған жұмысының нәтижесі өте жақсы деп мен есептеймін.

Негізі әр адамның Конституцияның 13 бабына сәйкес сот арқылы қорғануға құқығы бар. Бірақ бұл жерде сотқа барудың өзі әр адамның еркі. Біз, мысалы, соттасқан кезде, ескеру қажет, денсаулығымызды да, себебі соттасқан кезде адам кәдімгідей стресске түседі, уақыты, ақшасы кетеді. Мен тәжірибелі заңгер болғандықтан, сіздерге мұны айтуға міндеттімін. Жалпы еңбек дауы туындаған кезде және де екі тарап бір бірімен соттасқан кезде, әрі қарай соттың шешімі негізінде жұмысқа қайтатын болса, екі тараптың өзара қарым қатынастары бұзылады, содан кейін әрі қарай еңбек қатынастарын толыққанды іске асыра алмайды. Сол себепті заңгер ретінде сотқа дейін барлық даулар шешілгені дұрыс деп ойлаймын. Себебі сотқа дейін шешілген ол бір, сотттасып шешілген мәселе ол басқаша. Мен әлі де бірде бір жұмыс берушіні көрген емеспін, мысалы өзімен соттасқан жұмыскерді қуана қарсы алғанын. Сол себепті егер де дау туындайтын болса, сотқа дейін шешіліп, немесе мемлекеттік органға өтініш білдірсеңіз болады. Бірақ Конституцияға сәйкес әр адамның сот арқылы өзінің құқығын қорғауға мүмкіндігі бар егер де сол мүмкіндікті пайдаланамын десеңіздер, өз еркілеріңіз.

Minber.kz:

– Мүгедектігі бар адамдардың еңбек құқығын  қорғайтын арнайы бап бар ма?

Бибігүл Нұрашева:

– Негізі салық кодексіне сәйкес жеңілдіктер болуы мүмкін. Бірақ қандай бапта екендігін нақты айта алмаймын. Бірақ бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар егер де еңбек қатынастарына түсетін болса, ол кісілер жеке табыс салығынан босатылады. Мысалы, дамыған мемлекеттерде мемлекет тарапынан мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдайтын жұмыс берушілерге арнайы бір субсидиялар бөлініп жатады, яғни осы категориядағы жұмыскерлерді қабылдау үшін оларға жағдай жасалынады. Бізде осыны талқылағанын білемін, бірақ нәтижесі қандай болғанын аяғына дейін қарап шыққан емеспін. Мүмкін салық кодексін жаңадан талқылағанда бұл ескерілетін шығар.

Оқырмандардан сұрақтар:

Фадия Инсебаева:

– Менде мүгедектігі бар ұлым бар. Үш жыл болды жұмыс істемегелі. Бастауыш мүғалімімін. Курс өтпегенмін, енді мені жұмысқа алмайды.

Бибігүл Нұрашева:

– Мен басында айтып кеткендей, жұмыскердің еңбек қатынастарына түсуге құқығы бар. Жұмыс берушінің де нақты кіммен еңбек шартын жасағысы келетіні ол жұмыс берушінің мүддесі. Біз қандай да бір жұмыс берушіні императивті түрде, қайтсең де осы кісіні ал деп мәжбүрлей алмаймыз заңға сәйкес.

Егер де жұмыс беруші мен жұмыскер өзара келісу арқылы еңбек шартын жасаймыз десе, онда заңда барлық мүмкіндіктер берілген. Бірақ қайтсеңіз де, мысалы квота бөлініп, міндеттейтін болса, онда басқа мәселе. Бұл жерде жұмыскердің құқығы бұзылды деп мен есептемеймін. Егер де нақты заңда көзделетін болса, қайтсең де квота бөліп 30 пайыз жұмыскерлер мүгедектігі бар адамдар болуы міндетті десе, онда біз императивті түрде ол жұмыс берушілермен жұмыс жасап, қабылдауды талап етуші едік.

Бірақ мектептерде ондай квота мен естімеппін. Егер де директор қабылдаймын десе қабылдайды, қаламаса, біз оны мәжбүрлей алмаймыз. Мысалы, әр қалада, әр облыста жұмыспен қамту орталықтары бар. Сол кісілерге өтініш білдіріп жатса, олардың міндеттері жұмыспен қамту ғой. Әрбір жұмыс беруші вакансия болған жағдайда жұмыспен қамту орталықтарына ақпаратты беруге жұмыс беруші міндетті. Сол себепті сондай вакансиялар бар екендігін біле тұра, өтініш білдіретін болсаңыздар, ол кісілер міндетті түрде жұмыс ұсынады. Сол себепті жұмыспен қамту орталықтарына баратын болса, бір нәтиже болады деп ойлаймын. Ол жердегі қызметкерлер сіздер өтінішпен барсаңыздар сіздерге көмек көрсетуге міндетті. Әлеуметтік қызметкерлер деген бар, олар да көмектеседі.

(Жалғасы бар)

Тікелей эфирдің модераторы және мәтінді дайындаған

Жанар Оспанова

Бұл жоба –  АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында дайындалды.
“Мінбер” ақпарат агенттігі ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Парақшамызға жазылыңыз

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері