////

Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы жарылыс: Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды

835 рет қаралды

Бүгін Қарағандының «Костенко» шахтасында жарылыс болып, 18 адам түрлі жарақат алып, қайтыс болғандардың саны 11-ге жеткені және 36 адам жер астында қалғанын хабарлаған едік.

Кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылғаны белгілі болды. Бұл туралы«Шахтадағы өрттің салдарынан топтық жазатайым жағдайдың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар келтірілген залалды бағалау, зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылданады», – деп хабарлады Үкімет үйі ресми ақпараттық ресурсында.

Сонымен қатар, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгені және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқтала келгені туралы да жеткізді Үкімет.

Костенко шахтасындағы апаттың себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссияны Әлихан Смайылов басқарады, ал комиссия құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және тағы да басқалар кірген.

ҚР Президентінің Баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысындағы  «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтқаны туралы  хабарлады.

Президент өз сөзінде мемлекет басшысы ретінде көңіл айту үшін арнайы келгенін, тиісті шаралар қабылданып, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетілетінін айтты.

Мемлекет басшысы жер астында қалған кеншілерді құтқару, зардап шеккен және қаза болған азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету кезек күттірмейтін міндет екенін ерекше атап өтті.

– Ең алдымен, құтқару жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, зардап шеккендер мен медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтауымыз керек. Үшіншіден, осы апаттан зардап шеккендердің барлығының отбасына материалдық көмек көрсетеміз.  Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы 29 қазан күнін бүкіл еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялағанын хабарлады.

Сонымен бірге, Президент «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бергенін, бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген, облыс әкімінің орынбасары болған Басин Вадим Борисовичке қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсыратынын және қазіргі уақытта кеншілердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе қарастырылып жатқанын айтты.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы хабарламасына сәйкес Костенко атындағы шахтада сағат 16:00-дегі жағдай бойынша 32 адамның денесі табылған, 14 кеншіні іздеу әлі жалғасуда.

«Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтасындағы авариялық-құтқару жұмыстарына «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының тау-кен құтқарушылары жұмылдырылған.

Қазіргі уақытта газ жағдайын бақылау, сынамаларды алу, сондай-ақ табылған денелерді шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осыған қоса, ведомство ақпараттық және психологиялық қолдау үшін «жедел желі» телефондары жұмыс істеп тұрғанын хабарлайды:

Қарағанды қаласында ТЖД 8-7212-51-72-23;

АрселорМиттал Теміртау – 8-7212-49-72-70;

Астана қаласында – 8-7172-70-41-08.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі