Париж олимпиадасы аяқталды. Ашылуының өзі ерекше болған дода жанкүйерге эмоция, жорналшыға жаңалық сыйлай алды. Олимпиада аяқталған соң да елдің аузынан түспейтін оқиға да көп болды. Олардың ішінде мемге айналғаны да, дау туғызғаны да, көзге жас алғызып, көңілді жібіткені де бар.
Басынан бастайық. Мысыр елінің атынан сынға түскен семсерлесу шебері Нада Хафез Қазақстанда болса, олимпиада кезінде декреттік демалыс алар еді. Жүрегінің астында жеті айлық баласы жатса да елдің намысы үшін жанын шүберекке түйіп келген Нада ханым жүлде алмаса да көпшіліктің қолдауына ие болды. Наданың ерлігі олимпиада басталмай жатып, ауру ойлап тапқан көк тулы елдің теннисшілеріне үлгі. Бірақ одан сабақ алса әрине…
Жалпы Париж төрінде қыздар қауымы ерледі десе де болады. Франциялық желаяқ қыз Алис Фино үш шақырым жүгіріп келісімен жігітіне үйлену туралы ұсыныс жасады. Тоғыз жылдан бері көңіл қосқан жігітінен “үйленейік” деген сөзді күтіп шаршаған Алис олимпиада ойындарындағы нәтижесі 9 минуттан кем болса, ұсыныс жасаймын деп шешіпті. Еуропа рекордын орнатқан бойда Фино ханым тегін өзгерткісі келетіні туралы ойын испандық триотлоншы Бруно Мартинес Бархиелеге жеткізді.
Спортшы қыздар кеңдікті де көрсетті. Спорттық гимнастикада сынға түскен әлемнің 23 дүркін чемпионы американдық Симона Байлз көпсайыста екінші орын алып қалды. Жеңілісіне еш өкінбеген Симона үшінші орын алған отандасы Джордан Чайлз үшін қуанды. Ал марапаттау рәсімінде бірінші орынға ие болған бразилиялық Ребекка Андраде жеңіс тұғырына көтерілгенде Симона тізесін бүгіп, құрмет көрсетті. Оның бастамасы Джордан Чайлз тарапынан қолдау тапты. Осылайша бүкіл әлем екі қыздың кеңдігіне куә болды.
Қыздар даудан да қашып құтыла алмады. Алжирлік боксшы Иман Халиф бұрын еркек болған деп біраз ел лаңдады. Қанша хэйтқа қалса да моральды тұрғыда сынбаған Иман олимпиада чемпионы атанды.
Түркиялық қолмерген. Үйінен Парижге барам да қайтам, – деп шығып кеткен адам секілді киінген Юсуф (Жүсіп) Дикеч туралы спорттан хабары жоқ адамдар айтты деуге болады. Басқа мергендер сияқты арнайы киім, көздеу мүмкіндігіңді ұлғайтатын құрылғы, тіпті құлаққап та алмаған Юсуф Париж ойындарының күміс медалін еншіледі. Ал оның бір қолын қалтасына салып қойып көздеп тұрған суреті мемге айналды.
Одан бөлек әкесінің рекордын жаңартқан атлет бар. Италиялықтардың медаль тістеп тұрғанына таң қалған қытай қызына да көпшілік сүйсінді. Ал солтүстік және оңтүстік корея спортшыларының селфиі олимпиаданың ең басты миссиясы бейбітшілікке шақыру екенін көрсетті.
Ал кубалық Михаин Лопес бесінші мәрте олимпиада алтынын жеңіп алған соң, күрес аяқ киімін бозкілем ортасына шешті де бір сүйіп, спортпен қош айтысты. Жанкүйер үшін бұл ерекше әсер қалдырды.
Көршілес өзбек елі спортшыларының жетістігіне қазақ пен қырғыз бірге қуанды. Елдос алтын алған кезде өзбек елі мен қырғыз бауырлар да бөркін аспанға атты. Бахадүр Джалолов финалда жұдырықтасқан кезде бүкіл Орта Азия елдерінің жалауын іліп қойып қиқулаған өзбек ағайын түркі әлемін бірігуге шақырғандай әсер қалдырды. Ақжол Махмудовтай палуаны қазаққа ұтылған кезде “басқаға емес өз бауырымыз қазаққа жеңілді” деп Демеу Жадраевқа қолдау танытқан қырғыз елі де ағайындығын көрсетті.
Олимпиадада спортшыларымыз бір кездегідей қуанта қоймады десек те, боксшылар бірінен соң бірі жарыс жолынан шығып қалса да Париж ойындары жаман өтті деуге ауыз бармайды. Ең бастысы ағайын елдер бірігіп, шын мықтылар алда болды.
Кездескенше, LA.
Түгелбай Бисен,
БҚО, Орал қаласы
Парақшамызға жазылыңыз