Фото: olympic.kz
Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті волонтерлік бағдарламаға өтінім қабылдаудың басталғанын жариялады, деп хабарлайды olympic.kz.
Кандидаттарды тіркеу биылғы 2026 жылғы 14 шілдеде, яғни дүбірлі доданың ашылу салтанатына дәл екі жыл қалғанда ресми түрде ашылады. Ресми ақпаратқа сәйкес волонтерлік корпустың құрамына шамамен 60 мың адам енеді. Олар Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде әлемдегі ең ірі спорттық іс-шараны ұйымдастыруға көмектеседі. Болашақ волонтерлер спортшылар мен қонақтарды қарсы алып, спорт нысандарындағы көрермендерге бағыт-бағдар береді, навигациялық қызмет атқарады, сондай-ақ медициналық сүйемелдеу мен аударма сияқты түрлі бағыттар бойынша қолдау көрсетеді.
Волонтерлік орындардың басым бөлігі Үлкен Лос-Анджелес өңірінде ұсынылғанымен жарыстар өтетін АҚШ-тың басқа қалаларындағы спорт нысандары үшін де еріктілер қабылданады. Ойындардың волонтерлік бағдарламасы екі бағыттан тұрады. Бірінші бағыт Олимпиадаға дайындық кезеңінде Лос-Анджелес пен оның маңында ұйымдастырылатын қоғамдық, спорттық және экологиялық бастамаларға қатысуды қамтиды. Екінші бағыт Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде тікелей қызмет атқаруды көздейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша дайындық кезеңіндегі іс-шараларға қатысу үміткерлерге үлкен тәжірибе жинақтауға және Олимпиада қозғалысының бір бөлігіне ойындар басталғанға дейін-ақ айналуға мүмкіндік береді.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер Олимпиада басталған сәтте кемінде 18 жаста болуы және ағылшын тілін еркін меңгеруі қажет. Әрбір волонтер Олимпиада немесе Паралимпиада ойындары кезінде ұзақтығы шамамен сегіз сағат болатын кемінде он ауысымда жұмыс істеуі тиіс. Бағдарламаға қатысуға өтінімді арнайы сілтеме арқылы жолдауға болады. Еске салсақ Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындары 2028 жылдың 14–30 шілде аралығында, ал Паралимпиада ойындары 15–27 тамыз аралығында өтеді.
Парақшамызға жазылыңыз
