Фото: gov.kz
Парламент Сенаты еліміз үшін аса маңызды «Топырақты қорғау туралы» жаңа заңды және оған ілеспе түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Бұл құжат топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай құқықтық негізін қалап, жердің жай-күйін басқарудың заманауи тетіктерін енгізуді көздейді. Жаңа ережеге сай, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақты ажыратылып, топырақ сапасына кешенді мониторинг жүргізетін бірыңғай жүйе құрылады.
Ендігі жерде жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға топырақтың құнарлылығын сақтау, молықтыру және қалпына келтіру жөнінде міндетті талаптар белгіленбек. Сонымен қатар заң аясында агрохимиялық талдау жасау мен жерді ұтымды пайдаланудың заманауи технологияларын енгізу арқылы саланың ғылыми сүйемелдеуі күшейтіледі. Жүйелілікті қамтамасыз ету үшін Сенат Жер кодексіне және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты қолданыстағы заңдарға да ілеспе өзгерістер енгізді.
Мамандардың пікірінше, бұл заңның қабылдануы жер ресурстарын ұтымды пайдаланудағы маңызды қадам болмақ. Заңды іске асыру жердің тозу қарқынын төмендетуге, агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты дамуына және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа құжат құнарлы топырақты сақтау жолында жер қатынастарына қатысушы барлық тараптың жауапкершілігін арттыруға негіз қалайды.
Парақшамызға жазылыңыз
