////

14 күн түгілі, 14 сағатта ақпарат ескіріп қалады

2052 рет қаралды

БАҚ туралы заңға енгізілетін өзгерістердің жобасында ресми ақпарат алу үшін редакция үкіметтік органдарға хат жазып, оның жауабын 14 күн күтуі керек екен. Ақпараттық технология дамыған мына заманда кез келген ақпаратты жер-жаһанға таратуға 14 минуттың өзі жетіп жатыр. Неше жерден тың ақпарат саналған керемет жаңалығыңның өзі 14 сағаттың ішінде баяғыда ескіріп қалады. Одан кейін оны мың мәрте алаулатсаң да еш маңызы болмайды. Сонда, біздің құзырлы министрліктің ұсынып отырған «14 күні» ақпараттық мәліметтің сапасын арттырмайды, керісінше, іске алғысыз етіп құнын жояды. Қазақы ұғымға салсақ, «ақсақ қой түстен кейін» емес, екі аптадан соң «маңырайын» деп тұр ғой. Ондай ақпарат кімге қажет?!
Елдегі ақпарат құралдарының меншік нысанына қарамастан ең басты дерек көзі – ресми ақпарат. Онсыз жаңалықтардың да, талдау мақалалардың да маңызы артпайды. Негізінде, ресми ақпаратты БАҚ қызметкерлеріне жедел ұсынуға үкіметтік органдардың өздері мүдделі болуға тиіс еді. Себебі, қоғамда түрлі алып-қашпа әңгіме, өсек-аяң, түрлі дүрбелең кең етек жайып кетпес үшін журналист ресми дерек көздерге негіздеп қана шынайы ақпарат тарата алады. Жұрт мәселенің мәнісін, оқиғаның жай-жапсарын ресми дерек арқылы ғана біліп, шындыққа көз жеткізе алуға тиіс.
Олай болса, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өзі өзге ресми ұйымдарға баспасөзге арналған деректерді дер кезінде жедел беріп тұруды міндеттеуі керек еді. Ал, өйтудің орнына бұрынғы 3 күнді бақандай 14 күнге ұзартулары журналистиканың жеделдік принципін білмеушілік пе, әлде, баспасөз ісінен мүлдем бейхабарлық па? Ол жағын мүлде түсіне алмадық.
Сөз соңында айтарым, әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің көбінде БАҚ туралы заң деген дүние атымен жоқ. Сонда да бүлініп жатқан ештеңе тағы көрінбейді. Керісінше, қарыштап дамып жатыр.
Себебі, журналист пен БАҚ қызметі әрбір елдегі Конституция мен өзге заңдармен үйлестіріліп, мейлінше шектеледі. Заңнан тыс ештеңе жасалмайды. Жала жапса, Қылмыстық кодекс бар, жалған ақпарат таратса, Азаматтық кодекс бар т.с.с.
Қысқасы, БАҚ заңынсыз да таңымыз атып, күніміз батады. Ал, қоғам баспасөзсіз, шынайы ақпаратсыз өмір сүре алмайды.

Қуандық Шамақайұлы,

фейсбук парақшасынан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі