///

Батыс Қазақстанда МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырап, 4 адам қаза болды

1550 рет қаралды

23 ақпан күні әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстар Батыс Қазақстан облысының аумағында тікұшақтың апатқа ұшырағаны ақпарат тарата бастады. Кешке таман ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Facebook әлеуметтік желідегі парақшасында авиациялық оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шеккені туралы хабарлады.

Сонымен қатар, Азаматтық авиация комитеті қаза тапқан азаматтардың туыстары  мен жақындарына көңіл айтып, министрліктің Көліктегі оқиғалар  мен инциденттерді тексеру департаментінің қызметкерлері авиациялық оқиға орнына баратыны жайлы хабардар етті.

ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес «23 ақпанда сағат 15:38-де Орал қаласынан 54 шақырым жерде, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Чапурино кентінің ашық аумағында «Атырау-Орал-Атырау» бағыты бойынша ұшқан ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағы қонуға мәжбүр болғаны туралы ақпарат келіп түсті. Қатты екпінмен қону салдарынан ТЖМ Қазавиақұтқарудың төрт қызметкері қаза тапты. Бортта 6 адам – 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болды. Экипаждың екі мүшесі зардап шекті, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілуде».

24 ақпанда ҚР төтенше жағдайлар министрлігі Батыс Қазақстан облысының аумағында болған авиациялық оқиға фактісі бойынша брифинг өткізді. Министрліктің ресми өкілі Руслан Иманқұлов «Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше 23 ақпанда Астана уақытымен сағат 15.48-де дағдарыс жағдайларында басқару орталығына Орал қаласынан 54 км жерде Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино кентінің ашық аумағында Ми-8 ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағы қонуға мәжбүрлі болғаны туралы ақпарат келіп түсті”, – деп баяндады.

Тікұшақ «Атырау-Орал-Атырау» бағыты бойынша «Өзен-Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбырын бойлай ұшқан. Бұл сапар «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өтінімі бойынша орындалған.

Ми-8 тікұшағы 2021 жылы жасап шығарылған, әуеде 250 сағат ұшқан,  2023 жылдың 17 қаңтарында Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетуден өткен. Әуе кемесі 2030 жылы алғашқы күрделі жөндеуден өтуі тиіс екен. Тікұшақ пайдаланылған сәттен бастап ұшуға жарамдылығына әсер ететін ақаулар мен ескертулер болмаған.

Сонымен қатар министрлік өкілі өз ісінің білікті және тәжірибелі мамандары болған төрт әріптесінен айырылғанын айтып, Батыс Қазақстан облысында авиациялық оқиғадан қаза тапқандардың барлық туыстары мен жақындарына министрліктің барлық ұжымы атынан шын жүректен көңіл айтты.

«Сағат 19.07-де оқиға орнында ТЖД күшімен қаза тапқан 4 адамның денесі табылды: олар әуе кемесінің командирі Довлетбай Қанатов, екінші ұшқыш Владимир Афанасьев, борт механигі Сиязбек Андосов және инженер Жәрдем Досқалиев. Қазавиақұтқару инженері Сергей Щеглов пен «ҚазТрансОйл» АҚ желілік құбыржолшысы С.С. Ерғалиев түрлі жарақаттармен жедел медициналық жәрдем вагонымен Орал қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді», – деп министрлік өкілі қаза тапқан азаматтардың есімін атады.

Министрліктің хабарлауынша оқиғаның мән-жайын тергеумен ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді Тергеу департаментінің қызметкерлері айналысады. Мәселелердің барлығы ТЖ министрінің жеке бақылауында.

Өз тарапынан Қазавиақұтқару қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсететінін, ритуалды қызметтерге жұмсалатын барлық шығындар Қазавиақұтқару есебінен жүргізілетінін, қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларындағы балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін қаза тапқан қызметкердің жалақысы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақымен қамтамасыз етілетінін және барлық қажетті төлемдер ұжымдық келісімшартқа сәйкес төленетінін хабарлаған.

Мінбер редакциясының ұжымы белгілі азаматтық белсенді, “Жүректен жүрекке” қоғамдық қорының негізін қалаушы, Мінбер қорының әлеуметтік жобаларының дизайнері ретінде жобаларға ақысыз негізде өз көмегін көрсетіп жүрген Әйгерім Жәрдемқызына авиациялық оқиғаның салдарынан қаза тапқан аяулы әкесі Жәрдем Досқалиевтің қазасына байланысты қайғырып көңіл айтады.

Кеше ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитеті Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду Ми-8 тікұшағына қатысты әуе оқиғасына байланысты операциялық орталықтың шұғыл кеңесін өткізгені туралы хабарлады.

Жарияланған мәліметтерге сәйкес Ми-8 әуе кемесінің ұшуға жарамдылық сертификаты 2022 жылғы 03 мамырда берілген. Тікұшақ 2021 жылғы 27 қаңтарда шығарылған. Қазақстан Республикасының Азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде 2022 жылғы 14 сәуірде тіркелген (куәлік нөмірі 1273, әуе кемесінің мемлекеттік және тіркеу тану белгісі UP-MI874).

Анықтама:
“Қазавиақұтқару” АҚ 2021 жылғы 1 қазанда Қазақстанның авиациялық әкімшілігі берген 2024 жылғы 1 қазанға дейінгі № KAZ-02/027 Авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәліктің негізінде қызмет етеді екен.

Әуе компаниясы 33 тікұшақ пайдаланады:

Ми-8 – 9 бірлік;

Ми-171 – 2 бірлік;

Ка-32 – 2 бірлік;

ЕО-145 – 16 бірлік;

Н-145 – 2 бірлік;

Н-130 – 2 бірлік).

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Ми-8 типті тікұшағын пайдаланатын әуе компаниялардың қызметіне жоспардан тыс инспекциялық тексерулер жүргізетіні туралы хабарлады. Тексерулер нәтижесі бойынша жүйелі бұзушылықтар анықталған жағдайда ұшу қауіпсіздігінің барлық мәселелері шешілгенге дейін тиісті сертификаттар мен куәліктер тоқтатылады.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі