Бұл жігітті кездейсоқ кезіктіріп қалдым. Руха­ни орталықта орналасқан ауылдық әкімдікке қарай кетіп барады. Кешкісін тағы көрдім. Ақылы қызмет арқылы жұмысқа орналасқан екен. Бірнеше күн өткен соң өзім барып таныстым.

«Есімім – Нұргелді», – деп қысқа қайырды. Сөздің емес, істің адамы екенін байқадым. Адымын шағындап алғанымен, мол шаруаны тындырып жүрген Нұргелді Қанатқалиев көп жанға үлгі. ІІ топ мүгедегі бол­са да, қоғамнан тыс қалып көрген емес. Түрлі жерде жұмыс істеген Нұргелдімен әңгімелесіп, айтқанын жазып алған едік. Қажет деп тапсаңыз оқып көріңіз, өкінбейсіз!

ЕЛ ҚАТАРЛЫ ЖҰМЫС ІСТЕП КЕЛЕМІН 

– 1993 жылы Мәстексай ауылында дүниеге келдім. Төрт жасымда жүре алмай қалдым. Аяғым сыр беріп, ауруханаға жаттым. Төсек тартып жатып қалған кезім де болды. Әкемнің есімі – Қанатқали Нұрғалиев. Анам дүниеден ерте озды. Отбасын­да бес баламыз. Мен – ең кішісімін. Алдымда үш ағам, бір әпкем бар. Сегіз жыл Мәстексай ауылында оқып, бір жыл аудан орталығында білім алдым. Тоғыз жыл бойы үйден оқыдым. Мектепке барған жоқпын. 2011 жылы денсаулығым жақсарып, аяғымды басып, жүре алатын жағдайға жеттім.

Негізгі мектепті тәмамдаған соң, Орал гуманитарлық колледжіне «Бастауыш сыныптағы информати­ка пәнінің мұғалімі» деген мамандыққа оқуға түстім. 2014 жылы аталмыш оқу орнын ойдағыдай аяқтадым. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен сол жылы қазан айында №4 қалалық емханаға бағдарламашы болып жұмысқа тұрдым. Алты ай бойы сол жер­де жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Одан кейін Әділет департаментінде төрт ай қызмет атқардым. Қалалық әкімдікте бақылау пунктінде жұмыс істедім. Жалпы түсінгенім, қандай жағдай болмасын адамның рухы мұқалмауы керек екен. Сонда ғана өзіңді кез кел­ген қиындықтан алып шыға аласың. Өз басым жұмыс таңдамаймын. Қолымнан келетін жұмысты істей беремін, – деп бастады әңгімесін Нұргелді Қанатқалиев.

МЕМЛЕКЕТТЕН ҚОЛДАУ МОЛ

– 2019 жылы шілде айында әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың кезегі бойынша үй берілді. 2010 жылы кезекке тұрған болатынмын. Араға тоғыз жыл салып өзіме үй берді. Қуанышымда шек болған жоқ. Салқын су, ыссы су – бәрі келіп тұр. Барлық жағдай жасалған. Ба­спаналы болу – нағыз бақыт. Үйің болса алаңсыз жұмыс істей аласың. Тегін дәрі-дәрмектерімізді уақтылы аламыз. Жәрдемақымызды уақтылы береді. Мүгедектерге арналған такси де бар. Бес күн бойы таңертең және кешке мүгедектерге арналған тегін таксидің қызметін қолданамын. Қандай жеңілдіктер қарастырылған, соның бәрін толықтай алып отырмын.

СЫНАҚҚА СЫНЫП КЕТПЕУ КЕРЕК

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді ата-ба­бамыз. Денсаулығың бар кезде қадіріне жете білу керек. Тоғыз жыл бойы үйде жатқан кезімде өмірім осын­дай болады, аяққа тұрып кетемін, басқалар сияқты жұмыс істеймін деп мүлдем ойлаған жоқпын. Өзімді қайрап, жігерімді жанып, жүріп кетуге бар күшімді салдым. Нәтижесінде оқуға түсіп, қос мамандықтың иесі атандым. Өмірде берілген сынаққа сынып кетпеу керек. Бастысы, өзіңді жеңе білсең, мүмкіндіктердің есігі әрі қарай өзі-ақ ашыла береді. «Менің қолымнан келмейді», «Басқа салғанға көнеміз ғой, басқа не істей аламыз» деген ойға бас қатырмау керек. Ең бірінші жасап көр, сол кезде өзіңнің потенциалыңды анықтайсың. Байқап көрмей беріле салуға болмайды. Өмір дегеннің өзі – күрес. Күресіп жүріп жетілесің, күресіп жүріп өмір ағынына ілесесің, – дейді Нұргелді Қанатқалиев бізге айтқан әңгімесінде.

Түйін

Өз басым мотивациялық кітаптар оқып, мотивация ала алмай жүрген жандарға таңырқап қараймын. Қоғамда мотивация алатын жандар көз алдымызда жүр емес пе? Саналы ақылмен түсінген жанға Нұргелді Қанатқалиев сынды рухы мықты жас жігіттің өмір сынағына төтеп беруінің өзі үлкен жігер сыйлайды. Арамызда Нұргелді сияқты қамкөңіл жандар ғұмыр кешіп жатыр. Олар – қоғамның бір бөлшегі, тең құқылы азамат­тар. Әркез қолдау білдіріп жүрейік. Қоғамның дамуына олардың да қосып жатқан үлесі мол екенін естен шығармайық.

 

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысы,

Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі