////

«Қазақ мектебін талап еткені үшін азаматтарды соттап жатса, бұл – масқара!»

84 рет қаралды
фото: Threads/@rakhimberlinturar

Қазақ мектебін талап ету қылмыс па? Дархан Ардақұлының ісі қоғамды дүрліктірді

Алматыда жаңа ашылған №215 мектептің аралас тілде оқытуына қарсы шыққан белсенді, математика пәнінің мұғалімі Дархан Ардақұлы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Белсенді әлеуметтік желідегі жазбасында, оған «рұқсатсыз митингіге шақырды» деген айып тағылғанын хабарлады. Ардақұлы бұл айыппен келіспейтінін, тек өзінің азаматтық ұстанымын білдіргенін алға тартады.

«Мені 15 күнге соттап жіберді. 488-баптың 7-тармағы бойынша «мектепке барамыз» деген сөзімді митингіге шақыру деп таныды. №215 мектеп қазақ тілінде ашылуын талап етемін. Ешнәрсеге өкінбеймін. 7-қыркүйекке дейін абақтыдамын, ешқандай әрекет жасай алмаймын. Ары қарай халқыма тапсырдым: 1-қыркүйекке дейін қазақ мектебі болып ашылуын талап етіңіздер, әйтпесе кеш болады», – деп жазған ол өзінің Facebook парақшасында. Дархан Ардақұлының үндеуі қоғамда үлкен талқы тудырды. Бір топ азамат оны қолдап, қазақ тіліндегі мектептердің басымдығын талап етсе, енді бір бөлігі заңдық шектеулерді бұзбау қажеттігін алға тартып жатыр.

Ата-аналардың айтуынша, бұл мектеп орналасқан «Комфорт» тұрғын үй кешенінің қазақ балалары білім ошағына қабылданбай жатыр. «Біздің учаскеге жатпайсыздар» деген уәж айтылған. Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың наразылығын күшейте түскен.

Қаладағы Розыбакиев көшесі 254/3 мекен жайында ашылған жаңа мектептің дәл жанында таза орыс тілінде сабақ беретін тағы бір мектеп бар. Соған қарамастан №215 мектептің де аралас мектеп ретінде жұмыс істейтіні ата-аналарға түсініксіздеу. Өйткені осы ауданда қазақтілді мектепке деген сұраныс басым екені айтылып отыр. Алматы қалалық білім басқармасы мектептің тілін ата-аналардың сұранысына қарай анықтайтынын, түпкілікті шешім алдағы аптада қабылданатынын мәлімдеді.

Ресми дерек бойынша, Алматыда қазір 215 мемлекеттік мектеп бар:

  • оның 77-сі – қазақ тілінде;
  • 57-сі – орыс тілінде;
  • 78-і – аралас;
  • 3-еуі – ұйғыр тілінде білім береді. Осы мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғамда қазақтілді мектептердің жетіспеушілігі жөніндегі пікірталасты күшейтті.

Facebook қолданушысы Эльмар Хусаинов бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, билік тарапынан жіберілген қателік деп бағалады.

«За последние два дня мы получили очень нехорошие новости про арест математика Darkhan Ardaquly из-за его требования открыть новую построенную в Бостандыкском районе школу #215 на государственном казахском языке. Алматы қаласының әкімдігі, Алматы қаласының прокуратурасы, Алматы қаласының Полиция департаменті, Арыстанғани Заппаров, Almaty Qalasy Sottar A’kimshisi, Алматинский Городской Суд совершили очередную ошибку, привлекая к административной ответственности и изолируя активиста Дархана Ардакулы специально перед началом учебного года…», – делінген жазбада.

Хусаиновтың айтуынша, әкімдік пен сот органдарының әрекеті «қазақтілді мектепке сұранысы басым аудан тұрғындарының талабына құлақ аспаудың нақ көрінісі». Ол №215 мектепті аралас форматта ашу шешімін «қоғамға түсіндірмей, кулуарлық жолмен қабылданған» деп сынады.

Белсенді сондай-ақ, бұл қадамның саяси салдары болатынын атап өтті:

«…считаю этот арест большой ошибкой, который непременно ляжет клеймом на акима Дархана Сатыбалды как ватного акима, не способного отстаивать национальные интересы».

Сонымен қатар, Эльмар Хусаинов кең ауқымды пікірін бөлісіп, Қазақстандағы орта білім саласында орыс мектептерінің басымдығы елдің «постколониалдық кезеңдегі ең ауыр мәселелерінің бірі» екенін атап өтті. Оның ойынша, орыс мектептері «қоғамды қазақтілді және орыстілді болып бөлетін, ал болашақта әлеуметтік теңсіздікке апаратын фактор» болып отыр.

Хусаиновтың жазбасында Қазақстандағы білім саясатына қатысты мынадай ұсыныстар бар:

  • орыс мектептерін және балабақшаларын жою, білім беруді негізінен қазақ тілінде жүргізу;
  • ата-аналарға қазақ тілінде баласын оқыту үшін әдістемелік көмек көрсету;
  • мәдени орта мен топонимиканы біртіндеп дерусификациялау;
  • қазақ тілін жастар арасында міндет ретінде емес, «стиль» ретінде дәріптеу.

«Егер бұл үдерістерді бүгіннен бастамасақ, 15–20 жылдан кейін қоғамда жаңа тілдік сегрегация пайда болуы мүмкін. Ал егер кешенді шешімдер қабылданса, Қазақстан шын мәнінде біртұтас ел болып қалыптасады», – деп қорытындылады сөзін Facebook қолданушысы.

Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Алматыдағы №215 жаңа мектептің аралас тілде ашылуына байланысты үндеу жазба жариялап, белсенді Дархан Ардақұлының қамалуын сынға алды.

««Мектепке барайық» деген сөз үшін қамауға алса, ондай сөзді мен де айтқанмын үш жыл бұрын. Сол кезде депутаттар мен ұлт зиялыларын шақырып, №93 мектепті аралас болудан сақтап қалғанбыз. Ал енді қазақ мектебін талап еткені үшін азаматтарды соттап жатса, бұл – масқара!» – деді депутат.

Қазыбек Исаға Алматы қаласы Бостандық ауданынан ата-аналар ресми хат жолдап, жаңа мектептің бастапқыда қазақ тілінде болады деп уәде етілгенін, алайда соңғы сәтте «аралас мектеп» етуге тырысқанын жеткізген.

«Бұл ауданда 38, 125 және 73 сияқты орыс және аралас мектептер жетеді. Ал қазақ мектебі жетіспейді. Неге жаңа мектеп қазақша болмайды?» деген ата-аналардың талабын депутат қолдады. Депутаттың айтуынша, Дархан Ардақұлы әкімге ата-аналардың талабын жеткізуге барған соң, ертесіне 15 тәулікке қамалған. «Соттың «мектепке барайық» дегенді «митингіге шақырды» деп бағалауы – кеңестік кезеңдегі әділетсіздіктен де асып түскен шешім. Бұл – Ішкі істер министрлігінің, әкімдіктің жауапсыздығының көрінісі», – деді ол.

Қазыбек Иса Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа сауал жолдап, мәселені мемлекеттік деңгейде қарауды талап етті. Оның сөзінше, ұлттық тәрбие ұлттық тілден басталады, сондықтан жаңа мектептердің тек қазақ тілінде ашылуы – мемлекеттің де, қоғамның да мүддесі.

«Қазақ балалары қиянат көре беруді тоқтату қажет. Кеңес заманынан қалған аралас мектеп жүйесін тоқтатпай, ұлттық мектепті көбейтпей, мемлекетіміздің болашағы берік болмайды», – деп түйіндеді депутат.

«Таң-Шолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы да Алматыдағы №215 мектеп төңірегіндегі дауға байланысты өз пікірін білдірген. Ол ең алдымен жаңа мектептің басында тек қазақ тілінде ашылады деп жоспарланғанын, алайда оқу жылы басталар алдында қала басшылығы оны аралас мектепке айналдыруға тырысқанын айтады. Бұл жағдай ата-аналардың ашу-ызасын тудырған, себебі дәл сол маңайда №73, №38, №125 сияқты бірнеше орыс тілді мектептер бар, ал қазақ мектептеріне сұраныс жоғары. Автор қазақ мектебін талап еткен мұғалім Дархан Ардақұлының 15 тәулікке қамалуын биліктің асыра сілтеуі деп бағалайды. Сондай-ақ, осы мәселе жөнінде әлеуметтік желіде жазба қалдырған бір депутаттың үндеуі көп өтпей өшірілгенін мысалға келтіріп, «мұның артында қандай пәрмен тұр?» деген күмәнді ой тастайды. Нұрлыбек Саматұлы Алматы қаласы білім басқармасының басшысы ата-аналардың сұранысына сүйеніп шешім қабылдаймыз десе де, ата-аналардың басым бөлігі қазақ мектебін талап етіп отырғанын алға тартады. Оның сөзінше, Алматыдағы ресми деректерге қарасақ, қазақ мектептерінің саны орыс және аралас мектептерден әлдеқайда аз. Сондықтан шенеуніктер халықтың тілдік сұранысын ескерудің орнына, керісінше елді тығырыққа тіреп отыр деген тұжырым жасайды.

Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар