////

“Мұндағы ең мықты мектепте директормын”: Занзибардағы қазақстандық мұғалім

123 рет қаралды

Фото: Асылбектің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасынан

Stat.gov.kz сайтында ұсынылған ақпаратқа сәйкес, 5 жылда елімізден тұрақты немесе уақытша тұруға қоныс аударғандар саны 114 317 адам екен. Олардың арасында отбасымен бірге Занзибарға қоныс аударған Утегенов Асылбек те бар. Отандастарымыздың шет мемлекетке көшуіне не себеп болды? Ондағы өмірі қалай өтіп жатыр?

Өзімнің және отбасымның ағылшын тілі деңгейін дамытудың жолын іздедім

Асылбек мырза 2022 жылдың жазында отбасымен бірге Занзибарға қоныс аударды. Занзибар – Үнді мұхитындағы арал, Африканың шығыс жағалауынан 36 км жерде орналасқан. Асылбек мырзаның айтуынша, мұнда көшудегі мақсаты – өзінің және отбасының ағылшын тілі деңгейін дамыту.

“Ағылшын тілі мұғалімі ретінде тілді дамыту мақсатында жан-жаққа резюмемді жібердім. Келген ұсыныстардың арасында қазақ мектептерінен түскен, шарттары мен айлығы қолайлы ұсыныстар да болды. Бірақ біз тәуекел етіп, шетелге кеткенді жөн көрдік”, – дейді Асылбек мырза.

Кейіпкеріміздің  айтуынша, Занзибарды таңдаудағы тағы бір себептердің бірі – ол мекеннің әдемілігі.

“Занзибар біз үшін Мальдив аралдарынан да әдемі көрінді. Шынында да солай екен. Бұнда жұмыс жасау да, демалу да өте қызық”,- дейді Асылбек.

Біздің шетелге көшуге иммунитетіміз бар

Асылбек мырзаның айтуынша, жас кезінде де, отбасы құрғаннан кейін де шетелдік тәжірибеге ашық болған.

“Англияда оқып жүріп, ағылшын тілімді біраз жетілдіріп алдым. Бұл мен үшін, ағылшын тілі мұғалімі ретінде үлкен артықшылық болды. Себебі тек кітаптан алынған біліммен бөлісу әрқашан жағымды нәтижелерге әкеле бермейді”, – дейді Асылбек мырза.

“Отбасы құрғаннан кейін де аяғым сыртқа тартып тұратын. Осыған дейін мен келісімшартпен 1 жыл Ресейде, Якутск қаласында жұмыс істедім. Сол себепті шетелге көшуге иммунитетіміз болды деп айта аламын. Бірақ Ресей мен Африка – екі бөлек мемлекет, екеуін салыстыруға келмейді. Екеуінің де жағымды және жағымсыз тұстары бар. Біз әр нәрсенің жақсы жағын іздеуге тырысамыз”, – деп кейіпкеріміз әңгімесін жалғады.

Қарапайым мұғалімнен директор қызметіне дейін

Асылбек мырзаның айтуынша, жұмысқа қарапайым ұстаз болып орналасқанымен, қазір мектеп директоры қызметін атқаруда. “Шет мемлекетте жүріп, осыншалық аз уақыттың ішінде бұндай дәрежеге қалай жеттіңіз?” деген сұраққа былай жауап берді:

“Алғашқыда Занзибардағы ең мықты деген мектепке мұғалім болып орналастым. Ең мықты болғанына қарамастан, мұндағы білім сапасы төмен көрінді. Екі аптаның ішінде көзге түсіп, директордың орынбасары қызметіне дейін жеттім. Бір жылда жақсы жүйе орнатып, мектептің әлсіз тұстарын азайтып, сапа мен оқушы санын арттырдым. Оңай болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде олай емес. Басшы болғалы күн сайын адамдар ағылшын тілінде мәселесін айтып келіп жатады. Осы уақыт ішінде өзімді неге жоғары бағалау керек екенімді түсіндім”.

Бізден басқа қазақ жоқ

Отандасымыздың айтуы бойынша, Занзибарда өздерінен басқа қазақты кездестіру оңай емес. Занзибарға виза алу да қиындау болса керек.

“Занзибарда және жалпы Танзанияда қазақтар жоқ. Болса да аз және көбіне көрші қала мен елдерде. Бұл елге виза алу қиын, бірақ ай сайын 15–20 адам келіп тұрады. Мені біліп, зерттеп келетін таныс мұғалімдер, іс адамдары мен медиа өкілдері бар. Біз оларға өзімізше көпір болып алдық. Олармен бірге уақыт өткізіп, инстаграм парақшамда бөлісіп отырамын”, – дейді.

Фото: Асылбектің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасынан

Бұндағы жағдайдың қиын екенін көре тұра, байқамағандай жүру қиын

Асылбек мырзаның Instagram парақшасын шолып отырып, оның тек жұмыс жасап қана қойай, қайырымдылықты да қатар алып жүретінін байқадық. Онысын өз парақшасында бөлісіп тұратындықтан, оқырмандары да ілесіп, атсалысып жатады екен. Тұрақты түрде жасап тұратын игі ісі жайлы өзі былай дейді:

“Негізі мен жұмысбасты, шаруасы көп адаммын. Бірақ айналамдағылардың жағдайы қиын екенін көргесін, байқамағандай жүре беру қиынға соқты. Бұнда қайырымдылық қоры бар, мен солармен бірге қызмет жасаймын. Біз бірігіп аш адамдарға тамақ, сусыздарға құдық болып, киімдер мен оқу құралдары секілді заттарды да сыйлап жүрміз. Инстаграм арқылы таныстарымның арасынан жылына 400–500 қой құрбан шалып, 300–400 ас қорабын таратып, ауызашар іс-шараларын өткізіп тұрамыз. Бірақ мен инстаграмдағы оқырмандарымды маған көмектесіп, атсалысуға мәжбүрлемеймін. Бірінші әркім өз елін ойлағаны да дұрыс. Өз жанұясынан бастап, кейін көршісі, ауылы, еліне көмектесіп, одан қалып жатса, бізге жіберулеріне болады”, – дейді Асылбек мырза. Сондай-ақ кейіпкеріміз теледидар, проектор деген секілді техниканы да сыйға тартып тұрады екен.

“Жақсылық жасау арқылы біз адамдарға жақсы көмек пен мотивация береміз. Біздің жақсылығымызбен шабыттанған жандар болашақта балаларын қайырымдылыққа баулып, “Бар балам, пайдаң тисін” деп біздің қатарымызға қосатын болады. Мен үшін қарапайым қазақ баласы ретінде істеп жүргенім – үлкен жетістік”, – деп сөзін аяқтады кейіпкеріміз.

Біреудің жетіміне жәрдем етсең, сенің де жетіміңе жәрдем етер деген түйінмен әңгімемізді аяқтадық.

Асылбек мырза Занзибарға қарапайым мұғалім болып барып, еңбегінің арқасында директор қызметіне дейін жеткен отандасымыз. Еңбегі мен тәжірибесінен бөлек, қайырымды істерінің арқасында Қазақ атын жағымды жағынан танытып жүрген жандардың бірі. Осы мақаланы ұсыну арқылы оқырмандарымыздың бойында еңбек пен талпынысқа, жақсылық жасауға деген шабыттың оянуына кішкене болсын түрткі бола алдық деген үміттеміз.

Ақбота Абаева, 

СДУ студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Дропперлік = қылмыс!

Фото: fingramota.kz Бүгіннен бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік ресми түрде енгізілді – яғни банк шоттарына,