//

Гүлбану Әзімханқызы: Менопауза туралы айту ұят емес

110 рет қаралды

“Мінбер” сайты мен OY-DETOX ресурсы жасаған өзара меморандум аясында кезекті материалымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 Бұл эпизодта біз көп жағдайда жабық қалатын, бірақ әрбір әйелдің өмірінде маңызды рөл атқаратын кезең — менопауза мен ерте климакс туралы сөйлесеміз. Қонағымыз — акушер-гинеколог, ҚазҰУ аға оқытушысы Гүлбану Әзімханқызы.

Бұл эпизод OY-DETOX подкасының «Денсаулық» айдары аясында шықты және  шығарылымның толық нұсқасын OY-DETOX подкастының YouTube арнасынан көріп, подкаст платформалары арқылы тыңдай аласыздар.

Менопауза деген не және ол қай жаста басталады?

Менопауза — әйелдерде аналық бездің қызметі тоқтайтын кезең. Аналық без дегеніміз әйел организміндегі екі кішкентай без. Сол бездердің негізгі қызметі гормон бөлу. Ол  эстроген мен прогестерон және тағы да басқа көптеген гормондар бөледі. Ал аналық бездердегі эстрогеннің бөлінуі тоқтаған кезде менопауза басталады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының классификациясы бойынша, менопауза әдетте 45 пен 55 жас аралығында басталады.

Біріншіден, бұл тұқым қуалаушылыққа байланысты. Яғни анаңыз немесе әжеңізде етеккір қашан тоқтаса, сізде де шамамен сол жаста тоқтауы мүмкін. Екіншіден, өмір салтына байланысты: егер өміріңізде көп стресс болса, ұйқы мен демалыс аз болса, дұрыс тамақтанбасаңыз — менопауза ертерек келуі мүмкін.

Қазір соңғы жылдары менопауза «жасарып» келеді. Яғни кейде 40 жасқа дейін етеккірдің тоқтауы байқалады.

Бұл  аналық бездің ерте жетіспеушілігі немесе ерте сөнуі деп аталады.

Ал 40–45 жас аралығында басталса — ерте менопауза, 45–54 жас аралығында болса — уақытылы менопауза, ал 55 жастан кейін тоқтаса — кеш менопауза деп аталады.

Менопаузаның белгілері мен қауіптері

Етеккірдің ұзақтығының қысқаруы немесе ұзаруы, етеккір аралығында қан келуі — мұның бәрі ағзадағы өзгерістің кішкентай «қоңырауы».

Көп әйелдер өз денсаулығына атүсті қарайды. Егер етеккіріңіздің арасы ұзарса, немесе бұрын 6 күн болған етеккіріңіз 3-4 күнге қысқарса, не тым көп қан кетсе — міндетті түрде гинекологқа бару керек.

30 жастан кейін осындай белгілер байқалса, гормоналды жүйені тексеріп тұру қажет.

Эстрогеннің азаюы ағзаға қалай әсер етеді?

Аналық безден бөлінетін негізгі гормон — эстроген. Эстроген әйелді әйел ететін гормон. Ол шаштан бастап башпайға дейін әсер етеді: жастықты, тері мен сүйек саулығын, эмоциялық тепе-теңдікті, ақыл мен концентрацияны сақтайды.

Жасөспірім шақта эстроген деңгейінің көтерілуінен мінез-құлық өзгереді. Ал менопауза кезінде, керісінше, эстроген төмендеп, соңында мүлдем бөлінбейді. Нәтижесінде ағза «сөне» бастайды: тері құрғайды, көңіл-күй өзгереді, ұйқы бұзылады, есте сақтау мен концентрация төмендейді.

Сондықтан эстрогеннің азаюына байланысты асқынулардың алдын алу үшін менопаузаға дайындалу маңызды.

Ең алдымен, жыл сайын гинекологқа барып, профилактикалық тексеруден өту қажет. Себебі менопауза тек етеккірдің тоқтауы емес. Етеккір тоқтағанға дейінгі 5–7 жыл ішінде ағзада эстроген деңгейі біртіндеп төмендейді. Дәл осы кезең ең маңызды дайындық уақыты.

Эстроген деңгейі жайлап төмендей бастағанда, оны ең бірінші сезетін – жүрек-қан тамыр жүйесі мен ми. Иә, алдымен көңіл күй өзгереді: ашушаңдық, тез ренжу пайда болады. Бұл адамның бастапқы психологиялық жағдайына да байланысты: біреулер депрессияға түседі, енді біреулерде мазасыздық, жүйкелік қозғыштық пайда болады.

Интеллектуалды жұмыс істейтін әйелдерде концентрация төмендеп, ұмытшақтық байқала бастайды. Көп жағдайда біз бұған жеңіл қараймыз: «Ой, менде витамин жетіспейтін шығар» деп қоя саламыз. Бірақ бұл ағзаның сізге жіберген ескерту сигналы болуы мүмкін.

Климакс пен менопауза – бір нәрсе ме?

Бірақ медицинада климактериялық синдром деген термин бар. Бұл – эстрогеннің жетіспеушілігінен пайда болатын белгілердің жиынтығы.

Көп әйел климакс дегенде ең алдымен «приливы» — ыстық лептің кенет келуін айтады. Бұл кезде кенет ыстық басып, соңынан терлеу басталады. Бұл процесті бақылау мүмкін емес — өзі келеді, өзі кетеді. Нәтижесінде ұйқы бұзылады, әйел ашушаң болады, көңіл күй төмендейді. Жұмыс істейтін әйелдерде кондиционердің пультін «тартып алу» әдеті пайда болады — бір кезде ыстықтайды, бір кезде суықтайды.

Мұндай белгілер болса, міндетті түрде гинекологқа қаралу керек. Сонымен қатар неврологиялық және жүрек-қан тамыр жүйесіне де назар аудару қажет, себебі кей әйелдерде артериалды қысым не көтеріліп, не түсіп кетеді. Инфаркт пен инсульт қаупі де осы кезеңде артады.

Тағы бір маңызды нәрсе — остеопороз. Эстроген азайғанда сүйек жасушалары әлсірейді, сүйек борпылдақ, «шоколад сияқты кеуекті» болып қалады. Бұл өте қауіпті, себебі сүйек сынған жағдайда жазылуы қиын болады. Мұны тек кальций немесе D дәруменімен қалпына келтіру мүмкін емес, себебі эстроген жетіспегенде сүйек жасайтын (остеобласт) жасушалар азайып, ал бұзатын (остеокласт) жасушалар көбейеді. Сондықтан мұндайда кешенді ем қажет.

Менопаузаны кейінге шегеруге бола ма?

Менопаузаны мүлдем тоқтату мүмкін емес, бірақ оны кейінге шегеріп, өмір сапасын жақсартуға болады.

Бұған гормон алмастыру терапиясы (ГАT) көмектеседі. Эстроген мен прогестерон тапшылығы сырттан дәрі түрінде, крем немесе гель арқылы толтырылады. Бұл терапия әйелдің денсаулығын, көңіл күйін және еңбек қабілетін сақтауға мүмкіндік береді.

Бірақ ГАТ әркімге бірдей келе бермейді.

  • Қарсы көрсетілімдер: тромбозға бейімділік, онкологиялық аурулар, инсульт немесе инфаркт.
  • Салыстырмалы қарсы көрсетілімдер: тұрақсыз қан қысымы.

Сондықтан терапияны тек дәрігердің кеңесімен бастау керек. Қажет жағдайда психологтың көмегі де маңызды, себебі бұл кезең тек физиологиялық емес, эмоциялық өзгерістермен де жүреді.

Minber сайты үшін арнайы дайындаған Әйнел Әмірхан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Желаяқтар қос қола иеленді

Бахрейннің Манамада қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жеңіл атлетика додасында 3000 метрге жүгіру сайысында

Азиаданың сегізінші алтыны

Қазақстандық жеңіл атлет Максим Сажнев Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында алтын медаль

Азиададан тағы екі алтын түсті

Бахрейннің Манамада қаласында жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары қыза түсті. Бүгінгі жарыс күні де алтынмен басталды. Таеквондода

«Қайрат» ел чемпионы атанды

Футболдан ел чемпионатының соңғы турында “Астана” мен “Қайрат” Алматыда кездесті. Соңғы ойын нағыз чемпиондық матч болды.