Министрді журналистің өліміне қатысы бар деп айыптаған Гүлнәр Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Алматыда ORDA.kz ақпараттық порталының бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ақпарат 1 желтоқсан күні таңертең әлеуметтік желіде тарады.
«Кеңседегі әріптестеріміздің байланысқа шықпағанына бір сағатқа жуықтады, олардан телефонын тартып алған болар деп ойлаймыз. Редакцияда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, төңіректе қара түсті киім киген ер адамдар жүр, белгісіз көліктер тұр», – деп жазды басылым Telegram-парақшасына тінту басталған сәтте. Ақпаратты қалалық Полиция департаменті растады.
Полицияның мәліметінше, іс «бірнеше рет әдейі жалған ақпарат тарату» бабы бойынша тіркелген. Тергеу аясында дүйсенбі күні таңертең журналистің үйі мен редакция кеңсесінде тінту жүргізілген.
Редакция өкілдері ORDA кеңсесінде тергеу басталғаннан кейін әріптестерімен байланыс үзілгенін хабарлады. Олардың сөзінше, қызметкерлердің телефонын тәркілеген болуы мүмкін. Ғимарат маңында қара киімдегі бірнеше адам жүрген, ал кеңсе алдында нөмірсіз көліктер тұрған.
Полиция департаменті бұл істердің бірнеше арыз негізінде қозғалғанын айтты. Тергеу нұсқасы бойынша, 2024 жылы жарық көрген бір материалда құқық қорғау қызметкерінің пара алғаны туралы жалған ақпарат жарияланған. Ресми нұсқа бойынша, мұндай факт болмаған, ал жарияланған мәлімет қоғамда қате түсінік қалыптастырған және аталған қызметкердің беделіне нұқсан келтірген.
Тағы бір жарияланымда мүлік дауына қатысты залал көлемі мен себептері «бұрмаланған» деп танылған. Сонымен бірге, полиция бұрынғы жылдары шыққан кейбір материал бойынша да арыз түскенін және олардың шынайылығы тексеріліп жатқанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта азаматша Б.-ның тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу іс-шаралары жүріп жатыр. Электронды құрылғылар мен материалдар алынып, жарияланған ақпараттардың қайдан алынғаны мен қалай дайындалғаны тексерілуде. Барлық іс заң аясында жүргізіледі», – делінген Полиция департаментінің ресми хабарламасында.
Гүлнәр Бажкенова жуырда бұрынғы министр Мұрат Нұртілеуді шетелде қаза тапқан журналист Айдос Садықовтың өліміне қатысы бар деп айыптаған болатын. Осы мәлімдемеден кейін тергеудің күшейгені әлеуметтік желіде қызу талқыланып отыр.
Құқық қорғаушылар мен журналистік ұйымдар бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, тергеудің әділ және ашық жүргізілуі қажеттігін айтты. Олар «жалған ақпарат тарату» бабын қолдану кезінде сөз бостандығының шектелу қаупі бар екенін ескертті.
Сонымен қатар, медиа сарапшылар журналистердің кәсіби жауапкершілігі мен ақпаратты тексерудің маңызын атап өтті. «Мұндай істер қоғамдағы ақпарат сапасына да, БАҚ пен билік арасындағы сенімге де тікелей әсер етеді», – дейді сарапшылар.
ТЕРГЕУ ПРОЦЕДУРАЛАРЫ ТОЛЫҚ АШЫҚ ЖҮРГІЗІЛСІН
Сөз еркіндігін қорғаумен айналысатын «Әділ сөз» халықаралық қоры Orda.kz сайты мен оның бас редакторы Гүлнәр Бажкенова төңірегіндегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
Ұйым өз үндеуінде «тараптардың процессуалдық құқығы мен қылмыстық-процессуалдық кодекстің сақталуы қажет екеніне назар аударды» деп хабарлады.
«Тергеу процедураларын толық ашық жүргізуге, журналистердің кәсіби құқығын құрметтеуге және сөз бостандығына қысым ретінде бағалануы мүмкін кез келген әрекеттерге бармауға шақырамыз», – делінген ұйымның ресми мәлімдемесінде. Мәлімдеме «Әділ сөз» қорының ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланды.
ЖУРНАЛИСТЕР КӘСІБИ МІНДЕТІН КЕДЕРГІСІЗ АТҚАРАТЫН МҮМКІНДІККЕ ИЕ БОЛУЫ ТИІС
Құқықтық медиа орталығы Orda.kz редакциясына таң алагеуімнен тінту жүргізілуін айыптайды.
“Тінту бірнеше сағатқа созылды. Алматыдағы редакцияда құқық қорғауоргандарының өкілдері сейфті бұзып, қызметкерлерге бөлінген жалақы ақшасын алып кетті. Компьютерлер мен кейбір құжат да тәркіленді.
Сол күні Астанадағы шеф-редактор Дмитрий Кимді де кеңседе тергеп, кейін полиция бөліміне алып кеткен.
Оқиға кезінде СОБР қызметкерлері адвокат пен басылымның заңгерін ғимаратқа кіргізбеген. Қорғаушылардың ресми құжаттары көрсетілгенімен, ішке кіруге рұқсат берілмеген.
Кешке қарай тергеу соты Гүлнар Бажкенованы екі ай мерзімге үй қамаққа алу туралы шешім шығарды. Нәтижесінде Orda.kz редакциясының жұмысы толық тоқтап, журналистер кәсіби міндеттерін атқара алмай отыр.
Құқықтық медиа-орталық бұл жағдайды процедуралық нормалардың өрескел бұзылуы және журналистерге психологиялық қысым деп таниды. Бұл Қазақстанның медиа кеңістігінде ішкі цензураны күшейтіп, үрей тудырады. Журналистер кәсіби міндетін кедергісіз атқаратын мүмкіндікке ие болуы тиіс. Сол арқылы сөз бостандығына жәнк ақпаратқа қол жеткізу еркіне ие болады” делінген орталықтың Телеграм арнасындағы мәлімдемесінде.
ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТУ БАБЫН ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКСТЕН АЛЫП ТАСТАУ КЕРЕК
«Қазақстан журналистер одағы» Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың ұсталуына байланысты мәлімдеме жасап, құқық қорғау органдарын кінәсіздік презумпциясын сақтауға және істі объективті әрі бейтарап түрде тексеруге шақырды. Ұйым қылмыстық кодекстегі 274-бапты («Көрінеу жалған ақпарат тарату») алып тастап, норманы азаматтық-құқықтық қатынастар саласына ауыстыру керек екенін атап өтті. Одақтың айтуынша, беделге нұқсан келтірілді деп санайтын тұлғалар мен ұйымдар құқықтарын қылмыстық емес, азаматтық тәртіппен қорғауы тиіс, себебі бұл бап журналистер мен белсенділерді қылмыстық жауапкершілікке тартудың әмбебап құралына айналған. Бас редактор Бажкенова 2 айға үйқамаққа алынғаны, ал редакция қызметкерлерінен жауап алынғаны хабарланды. Тінту кезінде Алматыдағы кеңседен құрылғылар тәркіленген, ал редакция адвокаттары процессуалдық нормалардың сақталмағанын, құзырлы органдар тінту туралы қаулыны көрсетпегенін мәлімдеді.
2025 жылғы шілдеде Гүлнәр Бажкенова өзіне тиесілі медианы билікке жақын тұлғалар рейдерлік жолмен тартып алмақ болғанын айтып, Қазақстан мен АҚШ соттарына арызданғанын хабарлаған.
Бұған дейін Orda.kz басылымы дереккөздерге сүйеніп, Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ҰҚК қызметкерлері ұсталды деп хабарлаған, ал Нұртілеу көпшілік алдына шыққаннан кейін Бажкенова өз сөзінің дәлелі барын, бірақ «жеңілгенін» жазған. Алайда қозғалған қылмыстық істердің бұл оқиғамен байланысы жөнінде ресми ақпарат берілген жоқ.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Ресми органдар барлық деректің заң шеңберінде тексерілетінін мәлімдеді, ал ORDA редакциясы өз тарапынан «журналистер кәсіби қызметі үшін қудаланбауға тиіс» деген ұстанымын білдірді.
Бегім КӨКТҮРІК
Парақшамызға жазылыңыз
